27 Мамыр, 2016

Үкімет есебі таныстырылды

312 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Парламент (2) ҮлкеніҮкімет Сенатта 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті таныстырды. Қаржы министр­лігінің, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің және Ұлттық банктің басшылары баяндама жасады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.  Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов таныстырды. Оның баяндамасын­да айтылғандай, 2015 жылы рес­пуб­ликалық бюджеттің кірістері 6 137 миллиард теңгеге, немесе жос­пар­дағыдан 105,7 пайызға жетті. Шы­ғыстар 163 миллиард теңге бо­лып, жоспардың 99,8 пайызын құрады. Үкімет үшін әлеуметтік сала басымдыққа ие болып табылады. Б.Сұлтанов атап өткендей, бюджетті контрциклдік ұлғайту бірінші кезекте  әлеуметтік шығыстарды ұлғай­туға бағытталған, оның бюджет құрылымындағы үлесі 39,4 пайызға ұлғайып, 2,8 триллион теңгені құрады. Зейнетақы төлемдерінің көлемі 9 пайызға көтерілді. Қаржы министрлігінің мәлі­меттері бойынша, өткен жылы рес­публикалық бюджет тапшы­лығының төмендеуі байқалды, ол 912 миллиард теңге немесе Ішкі жалпы өнімнің 2,2 пайызын құрады. Тапшылық ішкі және сыртқы қарыз алу есебінен қаржыландырылды. Сондай-ақ, баяндамашы Қазақ­станның мемлекеттік қарызының көлеміне қатысты мәліметтер келтір­ді. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағ­дай бойынша мемлекеттік қарыз 9 022 миллиард теңге (26,6 миллиард АҚШ доллары) болды, немесе Ішкі жалпы өнімнің 21,6 пайы­зын құрады. Б.Сұлтановтың айтуын­ша, қарыз ауыртпалығы бұрын­ғы­ша қауіпсіз шекте қалып отыр. Кіріс­ке қатысты алғанда қарызға қыз­мет көрсету 15 пайыз шегіндегі дең­гейде 10 пайыздан төменді құрайды. Республикалық бюджеттің атқа­рылуын бақылау жөніндегі Есеп ко­митетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин өзінің баяндамасында жалпы Үкіметте бюджеттің жос­пар­дағы көрсеткіштері атқа­рыл­ға­нын атап өтті. Сонымен бірге, рес­­пуб­ликалық бюджеттің игеріл­ме­ген қаржысы 7,8 миллиард теңгені құрайды. Артық қарыз алудан 2015 жыл­дың соңында 264,4 миллиард теңге бюджет қаржысының қал­дық­тары қалыптасты, ол 2014 жылғы көлемнен (3 миллиард теңге) елеу­лі түрде (90 есе) артып кетті. Одан басқа, Үкіметтің қарыздың 8,2 триллион теңгеге белгіленген ли­миті 465,7 миллиард теңгеге көтерілді. Есеп комитетінің бағалауы бойынша, бюджет қаржысының тиімсіз пайдаланылған қаржысы 459,2 миллиард теңгені құрады. Өткен жылы бірқатар мемле­кеттік бағдарламаларға аудит жүргізілді. Атап айтқанда, «Сала­матты Қазақстан» және «Ақпаратты Қазақстан-2020» бағдарламаларын іске асыру барысында қаржы тәртіп бұзушылықтары анықталды. Мемлекеттік органдарда және олардың мекемелерінде 474,6 мил­лиард теңге қаржы тәртіп бұзу­шы­лықтары анықталды, оның ішінде 2015 жылғы республикалық бюджет қаржысы 142,3 миллиард теңге болды. Мақсатты трансферттер бойынша қаржы тәртіп бұзушылықтары 410,5 миллиард теңге болды, оның 97 пайызы немесе 399,4 млрд. теңгесі дамуға арналған мақсатты трансферт қаржысы болып отыр. 2015 жылы 153 республикалық инвестициялық жобалардың 96-ын аяқтау жоспарланды, іс жү­зінде 81-і аяқталды. Мерзімінің сақ­талмауының негізгі себептері жоба­лық шешімдерге өзгерістер енгі­зу, конкурстық рәсімдер нәти­же­лерін бекерге шығару, келесі мерзім­дердің шығыс сомаларын тоқтату немесе алмастыру болды. Республикалық инвестициялық жобаларды іске асыруда орталық мемлекеттік органдар жалпы сомасы 149,6 млрд. теңгеге, оның ішінде 2015 жылғы республикалық бюджеттің қаржысын пайдалануда 10,6 миллиард теңгеге тәртіп бұзды. Ұлттық банк төрағасының орын­басары Алпысбай Ахметов қаржы-несие саясатының аса ма­ңызды мәселелері туралы сенатор­ларды хабардар етті. Оның айтуынша, қаржы нарығындағы жағ­дай тұрақты. Сыртқы қолайлы әсер­лердің аясында теңге бағамы биыл­ғы 4 айда 3,6 пайызға нығайды. АҚШ доллары сұраныстан ұсыныстың басымдығы сақталып отыр. Ұлттық валютаның жылдам нығаюына тәуекелді шектеу мақ­сатында Ұлттық банк шетелдік валютаны сатып алушы ретінде де көрінді. Қаңтар – сәуірде Ұлттық банктің сатып алуы 2,5 миллиард теңгеге жетті. 2016 жылғы ақпанда шетелдік валюта нарығында 10 жылда алғаш рет тұрғындар сатып алудан гөрі көбірек сатты. Наурыз бен сәуірде осы көрініс жалғасты. Қорытындысында үш айда халық 763,3 миллион доллар сатты. 2016 жылғы сәуірдің соңында инфляция жылға шаққанда 16,3 пайызды құрады. Ұлттық банктің болжамы бойынша, жылдың соңында инфляция деңгейі нысаналы деңгейдің 6-8 пайызының жоғарғы шегіне таяу болады. Банк депозиттерінің долларға айналу деңгейі де төмендеп келеді. Шетелдік валютадағы депо­зиттердің үлесі 2016 жылғы қаң­тарда 69,9 пайыздан 2016 жылғы 60,4 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрі­ніс экономиканы несиелеуді кеңей­туге алғышарттар жасайды. Ұлттық банктің жалпы халық­аралық резервтері жыл басынан бері 1,7 миллиард АҚШ долларына немесе 59 пайызға ұлғайды және сәуірдің аяғында 29,5 миллиард долларды құрады. Ұлттық қордың активтері сәуірдің аяғында 1,9 миллиард долларға немесе 3,1 пайызға, 65,4 миллиард долларға өсті. Нәтижесінде еліміздің халықаралық резервтері жыл басынан бері 3,6 миллиард долларға немесе 3,9 пайызға ұлғайып, жалпы алғанда 95,0 миллиардқа жетті. Макроэкономикалық трендтер­дің тұрақсыздығы аясында Ұлттық банк салмақты ақша-несие саясатын ұстануға ниетті. Баяндамашылар Парламенттің жоғарғы палатасының депутат­та­рының сауалдарына жауап берді. Шараны қорытындылай келіп, Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев өткен талқы­лау­дың маңыздылығын, бюджеттің қатаң атқарылуы қажеттігі мен атқа­ру тәртібін арттыру қажеттігін атап өтті. Төрағаның орынбаса­ры 2015 жылғы бюджетті атқару қоры­тындылары Сенат комитеттерінде одан әрі табысты қаралатынына, ал айтылған ұсыныстар мемлекеттік органдар жұмысында ескерілетініне сенім білдірді.