27 Мамыр, 2016

Қалдық су қатері

234 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
РиддерТаяуда «Казцинк» ЖШС-нің Риддер тау-кен байыту кешені фабрикаларының бірінде төтенше оқиға орын алды. Фабрикаға қарасты өндірістік қалдықтар жиналған Таловский қоймасындағы сорғы стансасының қабылдау арнасына көп мөлшерде су келіп жатқаны анықталып, соның салдарынан оның жартысы Филипповка өзеніне құйыла бастаған. Кешікпей төтенше оқиғаның себептерін анықтау шаралары басталды. «Казцинк» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, бастапқыда қолданыстағы су қабылдау коллекторы мен су қабылдау құдығының жұмысында қандай да бір кінәрат байқала қоймады. Таловский қоймасындағы су деңгейінің жоғарылығына байланысты апаттың көзін анықтау мүмкін болмағандықтан, мамандар жедел түрде тоған деңгейін төмендетті, байыту фабрикасының құрылғылары тоқтатылды. Апатты жою жөніндегі арнайы штаб құрылып, ластанған судың бас­тауын іздеу жұмыстары ұйым­дастырылды. Қабылданған ша­ралардың нәтижесінде, Талов­ский қоймасынан құйылған судың көздері анықталды. Қойма­дағы су мен қалдықтардың астың­ғы қа­батында қалған суды қабыл­дау құдығының құрылымы бұ­зыл­­­ғандықтан, қалдыққа толы қой­ыртпақ қойманың коллек­торы ар­қылы сусіңгіш каналды толтырып, Филлиповка өзеніне құйылғаны белгілі болды. Мамандардың айтуынша, бұл 1980-1990 жылдары гер­метикаланған ескі құдыққа жатады. Компанияның мәліметінше, қазір барлық қажетті шаралар атқарылуда. Қазаншұңқыр іспетті қойма ортасындағы тесікті бітеуге қиыршық тас, құммен бірге 40 тонна цемент жұмсалды. Ескі коллектордың сыртқа шығатын бөлігі тас материалдарымен бекі­тілді. Оған 10 мың текше метр­ге жуық қиыршық құм төселді. Тәу­лік бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде, қалдық судың ағыны тоқтатылды. Байыту фабрикасы қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін іске қосылды. Ал тау-кен байыту кешенінің қалған бөлімшелері, оның ішінде кеніштер штаттық кестеге сай жұмыс істеп жатыр. – Қоймада қышқыл жоқ. Цианид – 1, мырыш – 10-15, қор­ғасын – 1, мыс – 4, марганец 7-8 шекті концентрация мөлшерінде. Негізгі бөлігі таудың дисперсті қоймалжыңы. Оның 50 пайызы кремнит, 30 пайызы темір, қалғандары 20 пайызды құрайды, – деді компанияның бас экологы Қазтай Такеев. Сонымен бірге, «Казцинк» компаниясы нормадан жоғары қалдықтар үшін кел­тірілген шығынды мемлекеттік ор­гандардың бекітілген заңнамаға сәйкес анықтауы бойынша толы­ғымен өтейтін болады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласы PS: оқиға орнынан түсірілген бейнежазбаны газетіміздің сайтынан көре аласыздар.