27 Мамыр, 2016

Батыр ауылын қорлау қашан тыйылады?

351 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазір жасым 68-де. Астана қаласында тұрамын. Осы жасқа дейін ақпарат құралдарына жүгініп көрмеппін. Бір жайт ойдан кетпей, мазалай берген соң осы хатты жазуға тура келді. Бұл мәселе анамды да тірі кезінде үнемі толғантумен болған еді. Енді ойласам, жалғыз ағасының алдында борышын орындай алмағаны анамның жанына қатты батқан екен. Ол кісінің жоғары лауазымды шенеуніктер атына жазған кейбір хаттарының көшірмелері әлі күнге сақтаулы. Енді негізгі мәселеге көшейін. Анамыз Зейнеп Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовтің артында қалған жалғыз қарын­дасы еді. Ол кісі 2013 жылы 90 жа­сында дүниеден озды. Екеуі де Қостанай облысының Әу­лие­­көл ауданы орталығынан 7 шақырымдағы Қояндыағаш деп аталатын ауылда дүниеге келген. Ата-анадан жастай айырылған ағасы Сұлтан 1939 жылы әскерге шақырылғанда қарындасы 16 жас­та сол ауылда жалғыз қалыпты. Сұлтан Баймағанбетовтің 1943 жылы Ленинград түбіндегі кескілескен шайқаста жаудың дзотын кеудесімен жауып ерлік­пен қаза тапқанын бүкіл ел біледі. Әңгіме ол кісінің тағдыры туралы емес, батырдың туған ауыл­ы жөнінде болып отыр. Сол бір ауыр жылдарда қазақ ауылдарында қалған бала-шаға, әйелдер мен қарттар, мүгедектер майдан үшін деп ұйқысыз-күлкісіз жанкештілікпен еңбек етті. Ал 50-ші жылдары ауылдықтар өз қаражатына ауыл ортасына батыр ұлдарына ескерткіш орнат­ты. Өкінішке қарай, 60-жыл­дары тың игеру кезінде колхоздар біріктіріліп, совхоздар ашылғанда, аудан басшылығы Қояндыағаш ауылын 2-3 колхозбен қосып, совхозға айналдырып, директорлыққа Чувилин деген бір кісіні тағайындады. Осы кезден бастап қазақ ауылының жағдайы нашарлап, ақыры не керек, мүлде құрып тынды. Батыр ескерткіші бұзылды, электр жүйесі кесілді, жүмыс істейтін жастағыларды жан-жаққа көшуге мәжбүр етті, әділетсіздікке көнбеген ауыл ақсақалдары наразылықпен ақыр соңына дейін отырды. Бұл да ештеңе емес еді, қорлықтың зоры бері келе басталды. Ерте замандарда өмір сүрген Байқұлақ батыр ауылын, беріде шыққан Сұлтан батыр ауылын зиратымен қоса Семиозерное, Аманқарағай поселкелерінің күл-қоқыс төге­тін орнына айналдырды. Сөй­тіп, күні бүгінге дейін аудан орта­лығынан 7 шақырым жердегі Сұлтан Баймағамбетов туған Қояндыағаш ауылының орны күл-қоқыс төгетін орын болып тұр. Жарайды, ол кезде басқа заман болды, Сұлтанның қарындасының, ауыл тұрғындарының шағымына назар аудармады, немқұрайдылық танытты, кейбір себептермен түсін­гісі келмеді делік. Ал қазір ше? Ел егемендігін алып, тәуел­сіз мемлекет болған кезде аудан әкімдігі, жергілікті басшылар қайда қарап отыр? Егер кеуделерінде ұлттық намыс болса, сол кеткен өрескел қателіктерді дұрыстау керек емес пе? Ел үшін, бейбіт өмір үшін жанын пида еткен батырларымыздың даңқын асырып, олардың туып-өскен жерлерін сақтай білмеу – азамат деген атқа сын. Осыны түсініп, аудан басшылығы бір шара қолданар деген үмітпен де осы хатты жазып отырмын. Ғауезхан ҚАДЫРБАЕВ,