Отандық кино күні және «Almaty youth awards» жобалары аясында Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Аманат» көркем фильмінің студент жастарға арналған тегін көрсетілімі өтті.
Фильмнің көтерген жүгі жеңіл емес, өткен тарихтың толқындарын бүгінгі ұрпақтың мекен еткен жағалауына жеткізу барысындағы шығармашылық ұжымның еңбегі ерен. Осыдан да болар, бабалар аманатын арқалаған қазақтың біртуар ұлы Ермұқан Бекмахановтың ғұмырын арқау еткен отандық киноның мұхит асып «Оскар» сыйлығына ұсынылып жатқан жайы бар.
«Аманат» фильмінің бітім-болмысы, талғам-тынысы жайында фильмнің режиссёрі Сатыбалды Нарымбет былай деді:
– Киноның атауына түсіндірме берер болсақ, «Аманат», айтып тұрғанымыздай, «ұрпаққа қалдырылған мұра және баға жетпес қазына». Киноның көздегені – келер ұрпақ, бүгінгі жастар санасына шынайы тарихтың болмысын боямасыз жеткізу. «Аманатты» түсіру туралы ой маған «Мұстафа Шоқай» фильмінен соң келді. Актёрлер құрамын қашаннан көзіне қарап таңдайтын әдетім бар. Себебі, көз – адам жанының айнасы! Әсіресе, хан Кененің образын олқы етпей орынды ойнап шығар актёр таңдауда біраз әбігерлендім. Сөйтіп, жүргенде көзінде терең-тұңғиық мұңы, оның арғы жағында қайсарлық қайнап жатқан бір жанды ақыры таптым.
«Аманаттың» басты кейіпкерлерін сомдау танымал актёр Берік Айтжанов (Ермұхан Бекмаханов) пен актриса Қарлығаш Мұхамеджановаға (Бекмахановтың жары Халима рөлінде) бұйырған. Ал фильмнің ажарын ашып, жандана түсуіне түрткі болған С.Нарымбетовтің жанарына қарап жаңылмай таңдаған – Кенесары Қасымовы, батырдың бейнесін бойынан өткізіп, баптап жеткізіп берген – талантты актёр Санжар Мәдиев болатын.
Кино шеберлерімен өнер туындысын қызу талқылаған жас көрермендер басқосудан көңілдері толып қайтты.
Қымбат-Ай ТОЙЛЫБАЙ
АЛМАТЫ