05 Қараша, 2016

Ділмарлық дәстүрі

885 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
soyleuсөйлеу мәдениетімізден жойылып бара жатқан жоқ па? Қазақтың сөйлеу мәдениетін, соған байланысты ойлау жүйесін кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде талдап жазып еді. Бертінде Зейнолла Қабдолов сияқты сөз ұстасы «Сөз өнері» кітабында да біздің сөйлеу мәдениетіміздің деңгейін, тіпті, қалай сөйлеу керектігін, сөйлеу мәдениеттің үлкен шыңы екенін көрсетіп берді. Бұл мәселеде Мұхтар Әуезов, Мархабат Томанов, Белгібай Шалабаев, Мәулен Балақаев секілді тіл-әдебиет ғалымдары да айтарлықтай еңбек етті. Хош, сонымен... Біз бүгін қалай сөйлеп жүрміз. Сөйлеу дегенде – той немесе туған күнде толқып тілек айту емес, мінбеден айғайлап аттандау да емес, кәдімгі сөйлеу мәдениеті. Ежелгі кітаптарды парақтап отыр­саңыз, сондағы батырлар мен билер түгілі, қарапайым қазақтың ауызынан ақ маржан төгілгенін көресіз. Қиыннан қиыстырып сөйлеген ділмарлық, тастың тамырын толқытып жіберердей отты сөз, барлығы да осы қазақтікі. Аяз би мен Жиренше шешеннің ұтымды да терең сөздері қазақтың сөйлеу мәдениетін қалыптастырған. Қара сөздің қаймағын қалқып алып, қажеттісін халыққа ұсынған сөз зергерлері бізде болды, әлі де бар. Арғысы мұқым елге мәлім, бергісін айтар болсақ марқұм жазушы Асқар Сүлейменов алдына жан салмаған әйгілі ділмар болған деседі. Кестелеп, көркемдеп, бабын келістіріп сөйлегенде Асқар­дың алдына ешкімнің де түсе алмайтындығын замандастары жиі еске алады. Зиялы қауым көп ретте бүгінгі күннің шешеніне абыз жазушыларымыздың бірі Әбіш Кекілбаевты жатқызады. Ол негізсіз де емес, сол алып ағаның минуттап емес, сағаттап сөйлегенін талай көргенбіз. Ол бір жай көбік сөз емес. Әрбір сөзін лекция, даналық дәрісі деп ұғарлық күрделі дүние. Бұл – көпсөзділік, мылжыңдыққа жатпайды, бұл – ұлттық мәдениет. Бүгінде ежелден бастау алған дәстүр үзілген сыңайлы. Қазір көп адамдарды кітап оқымайды, рухани сауаты төмен, көркемдік көкжиегі тар деп кінәлап жатамыз. Оқу яки оқымау әркімнің өз еркі, өзінің ішкі мәдениетіне байланыс­ты шаруа. Әңгіме сол мәдениетті адамның өз болмысына сіңіріп, деңгейін көтеруіне байланысты. Бір ғана қарапайым мысал. Қазір біз көп ретте «келе жатырық», «бара жатырық» деп сөйлей беретін болдық. «Жатырған» дегені тағы бар. Бұл енді «келе жатырмыз», «бара жатырмыз» деген сөз ғой. Және солай сөйлеуге халықтың да еті өліп кеткен. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін көбі осылай сөйлейді десем, қателеспеймін, сірә. Бұл да біздің сөйлеу мәдениетіне деген салғырттығымыздан болса керек-ті. Әлде бұл салғырттық емес, деңгейдің төмендігі де шығар. Зады, біз жоғарыда мысалға алған «келе жатырмыз», «бара жатырмыз» деген сөздерді дұрыс түсініп қарасақ, оның да шатқаяқтап тұрғанын, логикаға сай келмейтінін аңдаған болар едік. Ол негізі «барады», «келеді» деген етістік қана болуы тиіс шығар. Әлбетте, жоғары әрі таза талғаммен жазылған әдеби кітаптарда «келе жатырмыз», «бара жатырмыз» деген сөз кездеспейді. Ежелден тіл тазалығын сақтауды басты парызы деп есептеген және өзін де сол мәселеге жауапты деп санаған әрбір жазушы күмәнді сөздерді, орашолақ тіркестерді қолданбаған. Қарапайым болса да сауаты жоғары халық та сөйлеу мәдениетіне ерекше ден қойған... Бір ғана бұл сөз емес. «Болып­ты», «келіпті» деген сөздерді де біз «бопты», «кепті» деп қысқартып, қиып айтатын болдық. «Болыпты» деген сөздің «Бол» деген түбіріне «Боп» деген қайдағы бір түбір сөзді қосып, екеуінің басын біріктіріп, ешбір ережеге, тіл заңдылығына бағынбайтын басқа бір басбұзар сөз жасадық. «Келіпті» деген сөз де тап сондай жайды басынан өткеріп тұр. Сөз бен сөйлем бұрма­ланып, айтылу және жазылу мәнері өзгерген жағдайда ұлттың үні де өзгереді. Бүгін өзгерген үн ертең-ақ көмекейге кептеліп, одан әрі жұтылып кетуі де бек мүмкін. Қазақ тілі – дүниедегі ең шұрайлы, кестелі тілдің бірі деп жатамыз. Қазақтың халық ауыз әдебиетінде түрлі қайталанбас образдар бар. (Қожанасыр, Алдар Көсе, Ер Төстік, Алпамыс, Ер Тарғын және тағы басқалары). Солардың сөйлеу мәнері мен мәдениетіне дейін бөлек. Ертегілер, батырлық жырлар мен халықтық дастандар, аңыз-әфсаналардың әрқайсысының тұрқы бөлек, тұрпаты бөлекше. Қазақ әдебиетінің ғылымы алғаш рет ірге көтергеннен бері ауыз әдебиетіндегі барлық бейнелердің тілдік ерекшеліктері зерттеліп келеді, бірақ әлі тынған істен кезек күткен шаруа көп болып тұр. Мұхтар Әуезовтің атақты «Абай жолы» роман-эпопеясы қа­зақ атын бүкіл әлемге танытқан кесек шығарма. Көркемдігін айтпа­ғанда, тілдік ерекшелігінің өзі талай-талай көлемді ғылыми мақа­лалар мен іргелі ғылыми зерт­­теулерге арқау болатын-ақ шығар­ма. Әуезовтің бір ғана сол шығар­масындағы тілдің байлығы орыстың ұлы ақыны Пушкиннің барлық жазбаларындағы тілдік ерекшеліктен жоғары тұр дейді зерттеуші ғалымдар. Және тіл бай­лығының мүмкіндігін кең көлемде көрсетуде, оның інжу-маржанын насихаттауда арғы-бергі дәуірде аз шығарма жазыл­ған жоқ. Ұрпақтың, бүгінгі жас­тардың ендігі мақсаты – соларды шашау шығармай сақтап, тілдік ерекшеліктің қалыбын бұзбай арғы ұрпаққа жеткізу ғана болмақ. Бір ауыз сөз үшін майдандасып, бір ауыз аталы сөзге тоқтаған халқымыз үшін сөзден асқан қасиет жоқ. Сөздің бұрмаланбағаны ұлттың да ұлылығын көрсетсе керек... Хамит ЕСАМАН Жамбыл облысы