09 Қараша, 2016

Ернар Мыңтаев: Классикалық музыканы келешек ұрпаққа үйретуіміз керек

577 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартетінің алғашқы құрамы 1988 жылы Алматы қаласының Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінен қанат қақты. Бүгінгі шығармашылық ұжымда орындаушылардың төртінші буыны қызмет етуде. Талай халықаралық байқаулардың лауреаты атанған квартет Франция, Англия, Австрия, Италия секілді мемлекеттердің беделді концерт залдарында өнер көрсеткен. Әлемге танымал квартет гастрольдік сапар қарсаңында Астана қаласында қызу дайындық жүргізуде. Осы мүмкіндікті пайдаланып Астана әкімдігінің мемлекеттік академиялық филормониясының Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартетінің жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаевпен сұхбаттасудың сәті түсті. – Көпшілік арасында классикалық туындылар элитаға арналған деген түсінік бар. Кейде классикалық шығармалар ойналғанда қалғып-шұлғып отыратындар да кездеседі. Шынымен-ақ сіздер орындайтын дүниелер талғамы биік жандарға арналған ба? – Қазақ сияқты табиғатынан таза дарынды ұлтқа кез келген өнер тастай батып, судай сіңеді. Мен бұл жерде Америка ашып отырған жоқпын. Шындық осы. Элиталық өнер, мен оны түсінбеймін деушілер - құлықсыздар. Тыңдап отырып ұйықтап қаламын деушілер – тынығушылар. Осының аражігін ажыратып алғанымыз дұрыс. Мысалы, медицинада «музыка-терапия» деген бар. Бұл классикалық музыкамен емдеу тәсілі. Жүйкені тынықтырады. Көңіл күйді көтереді. Жан дүниені тазартады. Осылайша күйзеліске түскен бейбақты депрессиядан алып шығады. Сондықтан, тыңдап отырып ұйықтап қалу да – табиғи қажеттілік. Осы тұрғыда менің айтқым келетіні: классикалық музыкадан қорықпау керек. Опера, мейлі симфония, мейлі камералық музыка болсын! Сіздердікі камералық музыка, квартетік жанр екен. Осыны түсіндіре кетсеңіз? – Квартеттік жанр классикада өте күрделі жанр саналады. Төрт тағдыр бір қазыққа байланады. Бұл жолда жансебілдік керек-ақ. Бір - біріңді көзбен түсініп, оймен жетелеу, ноталарды дөп басып, шарықтау шегіне жеткенде үндестіктен ажырамау шеберлікті қажет етеді. Өйткені, бүкіл жан - дүниеңмен берілмесең ештеңе шығара алмайсың. Осы орайда біз классикалық музыкадан дәріс оқуды насихаттауды қолға алдық. Соңғы кездері университеттерге, мектептерге шығып концерт-лекциялар жүргізіп жүрміз. Тақырыбы: «Классикалық музыка қасымызда». Балаларға «Классикалық музыка тыңдап отырып ұйықтап қаламын демеңіздер, барыңыздар, көріңіздер» деп кеңесімізді береміз. Бір келгенде ұйықтап қаларсың, екінші келгенде тағы да ұйқы басар. Үшінші жолы тынығып, демалып шығасың. Төртінші келген кезіңде ол сені бір тұңғиық әлемге тарта жөнеледі. Жаныңызға жылу ұялатады. Одан кейін өзіңіз сол ләззатты іздеп отыратын күйге түсесіз деп жастарды Моцарттың, өзіміздің ұлттық күйлердің кереметіне тәнті етуге тырысып жатырмыз. Нәтижесі де бар. Ауылдың жап-жас балалары музыка әуеніне елітіп бізді сахнадан түсірмей, келесі концерт қашан болады деп сұрап жатады. – Ғазиза Жұбанова атындағы шекті аспаптар квартеті тыңдармандарын қаншалықты бағалап жүр? Әңгімені осы төңіректе өрбітсек? – Біздің өнер – ол классикалық өнер. Концерттік залдарда, сахналарда жақсы акустикамен, орындаушы мен тыңдаушының үнқатысуы негізінде өрбиді. Өмірден өткен мықты-мықты әлемдік композиторлардың шығармаларын тыңдарманның жүрегіне жеткізе білуге құштарлық болмаған жерде өнердің құны түседі. Біз осыны қатты қадағалаймыз. Кәсіби шеберлік болмаған жерде бәрі бекер. Тыңдарман біз үшін – темірқазық. Еңбегімізді бағалайтын да солар. Оларды арзан дүниемен алдауға болар, бірақ жүрек қалауын тап басып беру қиынның қиыны. Біз шетелде жүргенде елдегі көрермендеріміздің азайып кеткенін сезіндік. Өйткені, арагідік елге келіп есептік концерттер бергенде тыңдармандарымыз өте аз келетін. Қазір шүкір дейтін жағдайға келдік. Астанада халықты соншалықты көп жинай алмасақ та, Алматыдағы концертімізде зал лық толып қуантып отырады. Бұл екі қаламен ғана шектелмей, шалғайдағы елді мекендерге де ат басын бұрып қоямыз кейде. – Ереке, кейбір әншілердің той-томалақты кәсіп етіп, ән мен күйдің қадірін түсіріп жүргені жасырын емес. Елімізде бай-манаптар көп, классиканы элиталық өнер деп бағалайтындары да бар. Осы тұрғыда сіздерге «құда түсіп», той-томалақтарына шақырып жататын шенеуніктер болып тұра ма? Ондай жерлерге барып көрдіңіздер ме? – Студент кезімізде оның бәрінен өттік. Тойдың көрігін қыздырған кездеріміз де болған. Оның несін жасырайын. Студенттік кездегі тұрмыстық, әлеуметтік мәселелер, жастық албырттық та өз дегенін жасатты. Қазір есейіп етек-жеңімізді жинағасын, классикалық өнердің қыр-сырын меңгергесін ондайлардан іргемізді аулақ салдық. Арзанқол дүние үшін асыл өнердің қадірін кетіргіміз келмейді. Әйтпесе, шақырту түсіп жатады. Өздеріңіз көріп жүрген де боларсыздар, ресторандарда кейбір квартеттерді бұрышқа отырғызып қойып, у-шу болып жататындар бар. Сонда ақша үшін жанын салған музыканттардың өнеріне құлақ түріп тыңдап жатқан бір жан болсашы. Бұл өнерге жасалып отырған қиянат емес пе? Мұндай мүсәпір өнерпаздарда бұдан кейін не қадір-қасиет қалады?! Өздерін кәсіби тұрғыдан жоғары санайтын музыканттар ондайға ешқашан бармайды. Біз ғана емес,өнерге деген адалдығын сақтап жүрген басқа да көптеген әріптестерімді білемін. – Сіз жетекшілік ететін квартет бір кездері Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында өнер көрсетіп, ол кісінің ризашылығына бөленді. Шетелге де көп шығып, еліміздің абыройын аспандатып жүресіздер. Ал енді еліміздегі классикалық музыканың даму деңгейіне көңілдеріңіз тола ма? – Өз басым еліміздің өркендеу барысын шет елдермен салыстырып бағалауға зауқым жоқ. Әр елдің өз ұстанымы, менталитеті болады. Мен білетін бір шындық бар. Қазақстанда классикалық музыканың дамуы көрсеткіші жоғары. Мұны жоққа шығармауымыз керек. Бұл – Президентіміздің қолдауының арқасы. Мысалы, жақын көршілеріміз Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдердің классика шеберлері күнкөріс деңгейінен аса алмай жүр. Бізде аумағы ат шаптырым опера театры жұмыс жасап жатыр. Қаншама классикалық ұжымдар шет елдерге ұшып барып жатады. Біз Астанаға алғаш келген жылдары біздің шағын репертуарларымыздан Президент хабардар болып отыратын. Бұл біздің ұжымға күш-қуат беретін. Сонда байқағаным, ол кісіге қатты ұнайтыны –қазақтың ұлттық әндерінің квартетке өңделіп жазылған түрлері. Сонымен қатар, классикалық аспаптармен жеткізілетін әуезді әндерді зейін қоя тыңдауы да бір ғанибет. Біздің Елбасының ой-өрісі, дүние танымы, музыкаға деген талғамы өте биік тұр. Мұны мақтанышпен айта аламын. – Сіздер әлемдік классиканы нақышына келтіре орындауға бар күштеріңізді салып жүрсіздер. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: өзіміздің ұлттық аспаптарда орындалатын дауылпаз күйлерді шекті аспаптарға салғанда бояуы оңып, өңі қашып кетпей ме? – Мұндай қауіп, әрине, бар. Шекті аспаптарға бояуы қанық, қазақы танымы бөлекше, иірімдері сан қилы күйлерді салғанда ұлттық құндылықтарды жойып алмауға тырысамыз. Алайда, көңілден бірден шыға қоймайды. Қазақтың әр күйі солай. Менің өзім қазақ, қаным қазақ болғандықтан білемін ғой бала кезден тыңдап өскен күйлердің иірімдерін. Квартет орындап жатқанда бәрі маған сезіліп тұрады. Сондықтан, көп еңбектенуге, иін қандыруға тура келеді. Сосын көбіне күйді түпнұсқа түрінде тыңдауға ден қоямыз. Құлаққа сіңіруге тырысамыз. Күйдің шығу тарихын зерттеп, домбырашылардан, қобызшылардан сыр тартып, күйдің қандай жағдайда туғанын, онымен автордың не айтқысы келгенін айқындаймыз. Соңғы уақытта бұл тығырықтан шығу жолдарын қарастырып жатырмыз. Түрлі кедергілердің алдын алу үшін дыбыс жазатын әлемдік деңгейдегі швейцариялық «Divox» компаниясымен шарт жасасып, былтыр Мәскеуде қазақы шығармаларды, әсіресе күйлерді, Қорқыттың, Құрманғазының, Тәттімбеттің, Сүйiнбай, Төлеген Момбеков, Әбдiмомын Желдібаев, Әлқуат Қазақбаев сынды өзіміздің композиторлардың дүниелерін квартетке өңдеп жаздырдық. Сондай-ақ, қазақстандық классикалық композиторлар Ғазиза Жұбанова, жас буын Арман Жайымның да шығармаларына тапсырыс бердік. Айтайын дегенім, сол Швейцарияның азаматы алдымен біздің квартетпен ойнаған нұсқасын көріп, кейін домбырамен шертілген оригиналын тыңдады. Сол кезде ол кісінің таң қалғанын көрсеңіз! «Ернар, осы күйлер өңделген таспа оригинал болуы керек» деп өзі ұсыныс тастады. Сондықтан, бірінші шыққан нұсқасы оригинал сияқты. Біздің мақсат – өзіміздің ұлттық күйлерді әлемге таныстыру. Иә, қазақ күйі домбыра, қобыз арқылы жаһанға шығып жатады. Алайда, біздің ұлттық дәстүрлі өнер ол жақта әрдайым жүре бермейді. Айтулы бір шараларда, мәдениет күндері аясында ғана насихатталады. Ал біздің жүрген ортада классикалық шығармалар орындалатын болғандықтан, батыс тыңдармандарына өз шекті аспаптарымен жеткізуге мүмкіндік мол. – Олай болса, шетелдік тыңдармандардың қазақ музыкасына деген ықыластары қай деңгейде? Алатын әсерлері жайлы да айта кетсеңіз? – Шынын айту керек, батысты қызықтыру қиын. Әйтсе де қазақ әуендері оларға таңсық. Сайын даланың тылсым көріністері, тебіреністері, кеңдігі, төскейіндегі еркіндігі, азаттығы, бұлқынған сағыныштары есіп жатады күйлерімізде. Олар соны сезетіндей көрінеді маған. Қазақтың сазды әуендері виолончель, скрипкаға түскенде түрленіп-ақ кетеді. Бізді шет елдегі тыңдармандарымыз асыға күтеді. Өйткені, олардың шығармаларын біз нақышына келтіре орындағанда өзгеше естілетін болса керек. Сондай-ақ, репертуарымыздан халқымыздың күйлерін түсірген емеспіз. Әсіресе, шетелдіктер «Жұмыр қылыш», «Адай», «Ерке сылқым» күйлерін орындаған кезде дүркірете қол соғып, ерекше әсерге бөленеді. Ғазиза Жұбанованың екі квартетін де жүрген жерімізде жалықпай орындаймыз. – Балалық шаққа бір саяхаттап көрсек, Ереке. Ауылдан шыққан қара бала виолончель аспабына қалай құштар болды? – Ауылда ата-әжемнің қолында өскен баламын. Мектеп жасына жеткен кезімде мені әке-шешем Алматыға оқуға алып келіп, Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебіне берді. Алғашында анам мені домбыра класына жаздырды. Бірде анамның құрбысы Зария Әлиакбарқызы Садуақасова менің салалы саусақтарыма қызығып, бұл баланы виолончельге беру керек, өзі қазақ баласы ғой, домбыра бұдан ешқайда қашпайды деп кеңес беріпті. Ол кісі скрипкадан сабақ беретін. Өте керемет, жан-жақты ұстаз еді. Және де анамды: «Бұл виолончель деген аспап өте танымал, музыканың кез келген саласына сіңісті, қоңыр үнді келеді, егер мықты виолончельші болса жеке солист болып та ойнай алады, бар салада ойнауға қабілетті» деп қайрай түсіпті. «КСРО-ға белгілі, атақ-даңқы асқақтап тұрған Сапиолла Молдағалиұлы Жәкеев деген ұстазға берсең, ол бұл баладан мықты музыкант шығарады» деп және шегелеп жіберіпті. Әрине, осыдан кейін көп өтпей Сапиолла ұстаздың алдына бардық. Ол кісі менің бүкіл болмысыма көз жүгіртіп, саусақтарымды салалап, қабілет-қарымымды зерделеп өз класына қабылдап еді. Ол кісінің көп шапағатын көрдім. Тәлімін алдым. Мейіріміне бөлендім. Таланыма қарай мықты ұстазға жолыққаныма шүкірлік етемін. Сол арқылы өнердің ұлылығын сезіндім. Кейін консерваторияда Қазақстанның халық артисі Жамбыл Баспаевтың алдын көрдім. Ақыл-кеңесіне құлақ астым. Квартетпен бастаған кезде де білікті, әлемдік деңгейдегі, әсіресе, мәскеулік Валентин Александрович Берлинский, Еуропада Райнер Шмидт, т.б азулы профессорлармен тығыз қарым-қатынаста болдым. – Сіз «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқыдыңыз. Көп нәрсені көңілге түйгеніңіз даусыз. Біздің білетініміз, дарынды жастарды Еуропада өздеріне алып қалуға тырысу үрдісі бар. Сізге сондай ұсыныстар түспеді ме? – Шетелде қалып қоюға «Болашақ» бағдарламасымен оқымай жатып-ақ неше түрлі ұсыныстар болды. Қазір де бар. Әрине, шет елде музыканттардың айлығы да жоғары, өмір сүру деңгейі де биік. Бірақ, туған жер мені өзіне тартып тұрады. Қазақтың әр төбесі мен белесі маған қымбат. Сәл алыстасам кәдімгідей сағынамын. Жеткенше асығамын. Анамнан, туған-туыс бауырларымнан алшақта жүріп тойынғаным кімге керек. Алдымда асқақ армандарым бар. Соған жету жолында кейбір кедергілерді елемеуге тырысамын. Содан кейін елге қызмет ету деген ұлы мақсатты қайда қоямыз? Білгенімізді, көңілге түйгенімізді, әлем тамсана көз тіккен классикалық музыканы келешек ұрпаққа үйретпесек қазақтығымыз қайсы? Атам марқұм «Итте тезегін жеп күнін көреді» деп отыратын. Сондай болғым келмейді. Бұл менің, бәлкім, қазақы тәрбиені көріп өскендігімнен болар. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК, журналист