Еліміз шекарасына жақын маңдағы елдердегі соғыс қимылдарының жүргізіліп жатуы алаңдатпай қоймайды. Бұл, өз кезегінде, қандай да болсын қауіп-қатерлердің алдын алуға қажетті шаралардың жан-жақты пысықталуын талап етеді. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде айтарлықтай оңды өзгерістердің жүруі осы жағдаймен де үндесіп жатыр.
Әскери оқу-жаттығулардың жиі өткізіліп тұруы еліміз әскер түрлері мен тектерінің барлық жеке құрамының кез келген жағдайға дайын болуын ұштай түседі. Алысқа бармай-ақ, өткен жылдың 9 желтоқсанындағы кешенді тактикалық-саптық жаттығуларды өткізу шеңберінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірілуін ерекше атап кетуге болады. Дабыл бойынша Қорғаныс министрлігі Орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің, өңірлік әскерлері, жалпы Қарулы Күштердің барлық әскери түрлері мен тектерінің жеке құрамдары көтерілді.
Жалпы, жыл сайын әскерлер өздерінің дайындығын осылайша шыңдап келеді. Ол оқу-жаттығуларда құрлық әскерлері бөлімшелерінің құрылу аудандарына шығуы, барлық авиациялық техникада қозғалтқыштардың іске қосылуы, Әскери-теңіз күштерінде кемелердің аудандарға шоғырлануы сияқты тактикалық іс-қимылдар жан-жақты пысықталады. Сол оқу-жаттығулар барысы көрсетіп жүргендей, қазіргі таңда ел әскерінің даярлығы жоғары деңгейде.
Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев бұл ретте былай деген еді: «Бүгін еліміздің Қарулы Күштерінің біртұтас жүйесін құрайтын заманауи, саны жағынан жинақы, жақсы жабдықталған және ұрысқа қабілетті Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштері құрылды». Айтса айтқандай, еліміздің қазіргі Қарулы Күштері кез келген сыртқы агресссияға жауап бере алатындай дәрежеде десек, қателеспейміз.
Еліміз оқу-жаттығуларды өткізіп қана қоймай, сонымен қатар, әскери техникаларды сатып алу, инфрақұрылымдарды жөнге келтіру және әскери қызметкерлердің әлеуметтік мәселелері сияқты өзекті жайттарды да ретімен шешіп келеді. Жақында Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов Ақтауға арнайы барды. Онда министр Әскери-теңіз күштері кемелерінің орналасуына қажетті пирстің салтанатты ашылуына қатысты. Бұл әскери пирстің қажеттігі сонда, Каспий теңізінің қазақстандық секторында орын алуы ықтимал деген қауіп-қатерлерге қарсы дер кезінде және ұтымды әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, материалдық-техникалық жарақтандырудың барлық түрлерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, кемелердің шоғырлану аудандарына шығуын жедел әрі оңтайлы шешуге оң ықпал етеді. «Жеткілікті инфрақұрылымы бар жеке пирстің құрылуы Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кемелерін техникалық әзірлікте ұстау, қойылған тапсырмаларды шешу кезінде қысқа мерзімде олардың жауынгерлік қабілеттілігін сақтау және қалпына келтіру үшін аса маңызды жағдай болып табылады», деді қорғаныс ведомствосының басшысы.
Бұдан басқа, «KADEX-2016» IV халықаралық көрмесінде «Вертолеты России» АҚ, «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ және «Авиаремонтный завод №405» АҚ арасында қол қойылған соң Қазақстанда тікұшақ техникаларына қызмет көрсету өз нәтижесін бере бастағанын орнымен айта кету керек. Сонымен қатар, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың құрамына кіретін қазақстандық «Гидроприбор» ҒЗИ» алғаш рет Әскери-теңіз күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне мобильді сүңгуір кешенін жеткізіп беруді қолға алғандығын да атап көрсеткен жөн. Бұл кешен әскери-теңіз күштері бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мен қабілеттілігін арттыруы тиіс.
Қазақстанның Қарулы Күштерінде «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ-тың мамандары әзірлеген қуаттылығы орташа «Қарағай» радиостансасы мен «Ақтерек» радиорелелік стансасы сынақтан сәтті өткен болатын. «Казахстан Аселсан Инжиниринг» ЖШС «Армия-2016» халықаралық әскери-техникалық көрмесінде түнде көздеу құрылғысын, тепловизиялық жүйе, тұрақтандырылған алыстан басқарылатын әскери модуль сияқты өнімдерін жария еткен-тін. Және де қазақстандық «Казахстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы доңғалақты «Арлан» бронды машинасын көпшілік назарына ұсынды. Сол сияқты «Zhasampaz» консорциумы көпшілік назарына «Тыныс» АҚ зауытының бронды кеудешелерін, қазақстандық әскери бас киім мен киім-кешегін көрсетті. Қазіргі кезде Қазақстан зауыттарында кеме жасау ісі жолға қойылған. Қазақстан әскерилеріне арналған құрал-жабдықтар мен техника түрлерін сырттан сатып алу да оңды шешім деп білемін. Өйткені, әскердің барынша ұтқыр қимылдауы, дер кезінде әрекет ете алуы көбінесе әскери техникалар мен құрал-жабдықтардың жетілгендігінде екені даусыз.
Осылайша, Қазақстан Қарулы Күштері жылдан-жылға өзінің кәсіби дайындығын арттырып келеді. Әсіресе, әскери кадрларын әлемнің үздік оқу орындарында және отандық білім ошақтарында оқыту жолға қойылған. Әскери саладағы кәсіпорындар санын көбейтіп отырғандығын жоғарыда айттық. Олай болса, өткен жылы қазақстандық әскерилер бір саты болса да алға қадам басты. Отанды қорғау оңай іс еместігін қаперге алсақ, бұл жетістіктердің барлығы мемлекеттің мызғымастығын және айбынын паш етеді.
Қайрат ЖАҢАБЕРГЕНОВ,
запастағы полковник, Ауған соғысының ардагері