Кеше Үкімет үйінде Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруға арналған баспасөз-мәслихатын өткізді.
Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр көлік-логистика әлеуетін, құрылыс саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бойынша Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі министрліктің жоспарлары туралы айтты.
Р.Склярдың айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2017 жылы 4,4 мың шақырым жолда жұмыс жүргізіледі, оған 100 мың адам тартылады. Жыл соңына дейін 600 км жол пайдалануға беріледі.
Биыл Бейнеу – Ақтау, Алматы – Талдықорған, сондай-ақ, Астана – Павлодар автожолдарының жекелеген учаскелері іске қосылса, Орал – Каменка, Ақтөбе – Атырау, Қордай асуын айналып өтетін жолдар толық аяқталады.
Республикалық бюджет қаржысына ұзақтығы 1 мың шақырымнан асатын жаңа 8 жобаны бастау көзделіп отыр. Бұлар – Бейнеу – Ақжігіт, Қостанай – Денисов, Щучье – Зеренді, Осинов асуы, Таскескен – Бақты, Үшарал – Достық, Астананы айналып өтетін Оңтүстік – Батыс, Қалбатау – Майқапшағай жобалары. 2020 жылға дейін 6 мың шақырым жолда ақылы жүйе енгізілсе, оның ішінде 2017 жылы 700 шақырым жол ақылы болады. Жоспар бойынша ақылы жолдардан 2020 жылға дейін жыл сайын 30 млрд теңге жиналып отыратын болады.
2017 жылы республикалық бюджет есебінен Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Дүниежүзілік банк займдары есебінен Алматы – Қорғас жол учаскелерінде ақы қабылдайтын жүйелер орнату көзделіп отыр. Жүйелер биылғы қараша айынан бастап сынақтан өткізіле бастайды.
Автожолдар бойындағы жүргіншілерге қызмет көрсететін инфрақұрылымдар сапасына ерекше көңіл бөлінетін болады. Қазіргі уақытта республикалық маңыздағы жолдардың бойында әртүрлі қызмет көрсететін 2 мыңнан астам нысан бар. Олар көбіне ірі елді мекендердің маңына жақын орналасқан. Р.Склярдың айтуы бойынша, мұндай нысандардың әзірге тек бестен бір бөлігі ғана 2015 жылы қабылданған ұлттық стандарттарға сәйкес келеді.
Вице-министр сөз арасында жергілікті автожол желілерінің 34 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда екендігіне тоқталып өтті. Ал мұндай жолдар қатары Батыс Қазақстан облысында 72 пайызды, Ақтөбе облысында – 52, Атырау облысында – 51, Солтүстік Қазақстан облысында 45 пайызды құрайды екен. Жергілікті жолдар бойынша жылына орташа алғанда шамамен 2 мың шақырым жол жөнделеді. Бұл республикалық желімен салыстырғанда 3 есе төмен. Осыған байланысты вице-министр әкімдерге өз аймақтарындағы облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың жағдайын жақсарту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.
«Барлық ресурстарды тұрғын үй құрылысы саласына шоғырландыру үшін бірыңғай «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Оның аясында осы уақытқа дейін 1,5 млн баспана салынып, іске қосылды. 2017 жылы мұндай тағы 100 мың баспана салу жоспарланып отыр», деді сөзінің соңында Р.Скляр.
Министрліктің Инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы Сапарбек Тұяқбаев инвестиция тарту саласының қазіргі жай-күйі мен келешектегі құрылымы мәселелеріне тоқталды және инвесторларды тарту жөніндегі жаңа тәсілдерді енгізу бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді. Оның айтуынша, 2016 жылдың 9 айында тікелей инвестициялар көлемі осының алдындағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,5 есе өсіп, 12,3 млрд долларды құрады.
Биылғы жылғы маусым айының аяғына дейін Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, еліміздің Инвестицияларды тарту жөніндегі ұлттық стратегиясы әзірленбек. Онда мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, дипломатиялық өкілдіктер үшін инвестиция тартудың индикаторлары енгізілетін болады.
С.Тұяқбаев ақпан айының соңына дейін инвестиция жөніндегі «Кazakh Invest» ұлттық компаниясының құрылатынын хабарлады. Бұл жаңа компания ел Үкіметі атынан ірі инвесторлар және халықаралық трансұлттық корпорациялармен «бірыңғай келіссөз жүргізуші» ретінде іс-қимыл жасайтын болады. Ол өз қызметіне сәйкес шетелдік өкілдіктер мен филиалдардың ауқымды желісімен қамтылады. Компания инвесторларға қажетті қызметтерді атқарумен шұғылданады. Қажетті ақпараттармен танысудың әуре-сарсаңын жеңілдететін болады. «Бір терезе» қағидаты бойынша инвестициялық жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетіп, туындаған мәселені жергілікті жерде шешу, АЭА мен инфрақұрылымды дамытуды басқару ісімен шұғылданады.
Инвестиция комитеті төрағасының айтуынша, биыл сәуірде ЭЫДҰ-ның Инвестиция жөніндегі комитетіне кіру жұмыстары аяқталатын болады.
С.Тұяқбаев Президенттің трансұлттық компанияларды тартуға қатысты айтқан сынынан қорытынды шығарылатындығын, Мемлекет басшысының инвесторлармен келісімдерін жүзеге асыру және оны мониторингілеу шаралары күшейтілетіндігін, қазіргі күні шетелдік инвесторлардың 200-ден астам бастамасы бойынша жұмыстар жүргізілуде екенін айтып өтті. Бұдан бөлек, салалық мемлекеттік органдармен, облыс әкімдіктерімен және ұлттық компаниялармен бірге әлеуетті инвесторларға ұсынылатын жобалар әзірленуде.
«Бүгінде министрлік инвесторларды қолдау үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін бірыңғай электронды ақпараттық жүйені енгізуде. Жобаларды жүзеге асыру үшін виза алу, келіссөздер жүргізу сияқты жұмыстар да осы жүйеде көрсетілетін болады», деді ол. «Бұл жүйе қашаннан бастап толық жұмыс істейді?» деген сауалымызға қазір жұмыс орталық органдар деңгейінде қолға алынғандығын, енді өңірлерде өріс ала бастайтындығын, сәуір айында аяқталып, одан әрі толық мәнінде қолданысқа енетіндігін айтты.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»