Мұхаммед-Омар Паншаев – дүңген ұлтының өкілі. «КСРО Суретшілер одағының мүшесі» деген билетті жас кезінде-ақ қолына ұстаған талант иесі Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылында 1957 жылы дүниеге келген. Ол 1972-1976 жылдары Чуйков атындағы Бішкек мемлекеттік көркемсурет училищесінде оқыды. 1976 жылы Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтына түсіп, оны Ресей халық суретшісі В. Г. Цыплаковтың класы бойынша 1982 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.
Мұхаммед-Омар Бішкекте оқып жүрген кезінен бастап-ақ республикалық, халықаралық көрмелерге өз шығармаларын ұсына бастады. Бүгінде оның жүзден астам туындылары ТМД мен Еуропа, Қытай және Араб елдерінің музейлері мен галереяларында талғампаз қауым назарын өзіне аударуда. Ол бүгінде ғажап полотноларды өмірге әкелумен бірге жамбылдық талапты жеткіншектерді сурет салу өнеріне баулумен де шұғылданады. Яғни 1989 жылдан бері Тараз қалалық көркемсурет мектебінің директоры болып абыроймен қызмет етуде.
Суретші Мұхаммед-Омар Паншаев өнерінің «екінші тынысы» Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ашылды. Ой бостандығы, шығармашылық еркіндік, «жабық тақырыптар» тізімінің жойылуы оны шығармашылық тың ізденістерге құлшындырды. Әсіресе, дүңген ұлтының халық болып қалыптасу тарихына үңіліп, оны өзінше өрнектеуге ден қойды. Аңыздағы араб жігіті мен қытай қызынан дүниеге келген ұрпақтан тараған ұл-қыздар, бүгінде, Қытай мен Қазақстанда ормандай халық болып отыр. Бұл тарихи әфсана оның «Араб сериясы» және «Иран сериясы» деп аталатын суреттерінде шынайы көрініс тапқан. Туған халқының төл тарихына байланысты осы тақырыпты ол, мысалы, Кеңес өкіметінің тұсында батылы барып жаза алмас еді. Бұл қазір ғана мүмкін болып отыр.
Дүңген суретшісіне Қазақ елінің тәуелсіздігі сыйлаған тағы бір бақыт – алыс-жақын шет елдерге бару, көрме ұйымдастыру бұрынғыдай қиын болмайтын болды. Қазір кез келген талантты жан үшін Шығыстың да, Батыстың да «есігі» ашық. Суреттерін сатып алушылар мен көрмесін ұйымдастыруға ықылас білдірушілер төл қаласы Тараздан бастап Астана, Алматы, Мәскеу, Бейжін, тіпті, Тунис, Сауд Арабиясы, Иран елдерінен де табылды. Өткен жылы оның «Шығыс ырғақтары» атты жеке көрмесі Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы музейде табыспен өтті. Суретшінің «Дүнген сюитасы» атты портреттер сериясын толқымай, тебіренбей көру мүмкін емес. Туған жердің ғажайып көріністері, бір атаның баласындай болып біте қайнасып кеткен ауыл тұрғындарының шынайы келбеттері және еңбекқор дүңген халқының ықылым замандардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүрі суретші көзінен өткенде, жұрт байқай бермейтін жаңа қырынан айшықталады.
Мұхаммед-Омар Паншаев өткен жылы «Президент Нұрсұлтан Назарбаев дүңген тойында» деген еңбек жазып бітірді.
– Мұха, бұл еңбек қалай дүниеге келді? – дегенбіз біз бірде кездескенде.
– Сурет мынадай оқиғадан туды. 90-шы жылдардың басында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласының іргесіндегі біздің ауылда болып, дүңген отбасындағы отау құрған жастарға бата берді. Оны фотоқұжат арқылы дәлелдеп те бере аламын. Бірақ фотоқұжатқа қарағанда ғажайып сурет өнерінің жөні бөлек қой. Сондықтан қолыма еріксіз қылқалам алуыма тура келді, дейді ол.
Мұхаммед-Омар Паншаевтың айтуынша, Елбасы Жамбыл облысына жолы түскен сайын еңбекқор дүңген ауылына соғып тұрады екен. Мысалы, өткен жылғы сапарында көпбалалы отбасының жағдайымен танысып қайтыпты.
Дүңген халқының бір бөлегі сонау ХІХ ғасырда Қытайдан Тянь-Шань тауы арқылы қашып, қазақ халқынан жансауға сұрай келген. Қонақжай қазақ халқы қуғын көрген дүнгендерді жатсынбай Жалпақтөбе деген жерге орналастырыпты. Содан Тараз қаласының іргесіндегі ауылды орыс ағайындар «Дунгановка» деп атап кеткен. Бүгінде Жамбыл облысында дүңген ұлтының 30 мыңнан астам диаспорасы шоғырланған. Олар өздерінің ана тілі мен салт-дәстүрлерін ұмытпау үшін «Вынхуа» деп аталатын этномәдени бірлестік ұйымдастырған. Жас дүнген қыз-жігіттерінің «Гуонлен» атты бірлестігі бар.
– Тәуелсіздік жылдары біздің ауыл бұрынғыдан өсіп, өркендеп кетті. Ал діні бір, яғни, мұсылман қазақ пен дүнген тамыр-танысқа, құда-жекжатқа айналды, – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мәскеу бейнелеу өнері академиясының профессоры және академигі Мұхаммед-Омар Паншаев.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылы.
-----------------------------------------
Суретте: Мұхаммед-Омар Паншаевтың «Араб сериясы» тақырыбына кіретін картинасының бірі.