15 Сәуір, 2011

Еркіндік таңының ері

969 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Мәдениет министрлігі 2009 жылы «Үздік драмалық шығармаларға» бәйге жариялап, онда оза шауып жүлде алған Д.Исабековтің «Шың басындағы шын­дық» атты екі актілі драмасын көптен бері күтіп жүрген болатынбыз. Қазақ кеңес әдебиетінің классигі С.Мұ­қа­нов­тың кезінде қалың оқырманға кеңінен танымал болған «Балуан Шолақ» повесі негізінде жазылған бұл пьесаны енді, міне, М.Әуезов атындағы театр өз сах­насына қойып отыр. Оқиғасы тартымды көркем тілмен жазылған көлемді прозалық шығарманы сахна заңдылықтарына сай өңдеп, екі жарым сағаттық ықшам пьесаға ай­нал­дыру драматургтен жоғары шеберлікті талап етері белгілі десек, жаңа сахналық туынды мен түпнұсқа ара­сын­дағы айырма­шы­лық­тар мен ал­шақ­тықтар да спекта­кль­ді көр­ген­нен кейін ай­қын­дала түсе­ді. «Нұрмағамбет Бай­мырзаұлы, менің атым, Бар елге мағлұм болған асыл затым» Немесе: «Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Оң қолым отқа күйіп болдым молақ»,  деп өзі әнге қосқан, тарихи тұлғаның келбетін сахнадан көрумен бірге, жүлде алған шығарманың сахналық нұсқасы қай деңгейде шыққанына назар аудару болатын. Драматург пьеса желісіне С.Мұқанов повесінің шұрайлы беттері «Балуан Шолақ», «Адам барымтасы», «Көкшенің кеудесінде», «Сынасу» секілді т.б. тарау­ларды таңдап алған екен. Оқиға да Қызылжар жәрмеңкесіне келген барша жұрттың ауыздарының суы құрып айтатын түйе балуан Қордабайдың жауырынын жер иіскеткен жас бағлан Нұрмағамбеттің жұлдызды шағы, өзі аттас паң Нұрмағамбеттен бата алуы, озбыр Долгоносовтың қызы Татьянаны алып қашып барып, шың басында өткізген үш күндік ғұмыры суреттеледі. Пьесадағы оқиға желісін сахна заң­дылығына ыңғайлап ширата түскен драматург өз тарапынан сахнаға толық­ты­рулар енгізген. Жарияланған бәйге та­қырыбына («Тәуелсіздік толғауы») сай, халқымыздың асқақ арман-тілектері, еркіндік сүйгіш дала перзентінің ерлігі сахналық шығармада бір арнаға түсі­ріліп, күрескер, һәм көзі ашық, көкірегі ояу тұлға етіп көрсетілген. Пьесадағы оқиға Балуан мен ол іңкәр болған әйелдер (жары Балқаш, ғашығы Ғалия, тұтқын қыз Татьяна), Балуанның азаттық үшін күрес жолы (жер үшін, халқының тыныштығы, ар-намыс тазалығы) секілді бірнеше желілер бойынша өріліп, жиынтықтала келіп, сахнаға арналған шығарманың негізгі бағыты мен ой-идеясын айқындаған. Спектакльді сахналаған – театрдың бас режиссері және көркемдік жетекшісі Е.Обаев. Қызу оқиға желісіне құрылған шығарманы сахналау барысында режиссер автордың негізгі ой-идеясын ашуға, басты кейіпкер өмірінің жауапты бір ке­зеңін, халқының болашағын өз тағды­рымен тығыз байланыстырған кездегі жауапты сәтін ашып беруге күш салған. Сах­на алаңын ұйымдастыруда режис­сер­дің қоюшы-суретші Е.Тұяқовпен бірлесіп, жемісті жұмыс істегені байқалады. Ортадағы айналмалы дөңгелектің орны­мен іске қосылуы соның бір жарқын айғағы іспетті. Оқиға өтетін Қызылжар жәрмеңкесін, ояз үйінің ішкі және сырт­қы жасауы, шың басындағы алаңқай мен табиғаттың көрікті келбетін суретші нанымды бере білген. Кейіпкерлердің киім үлгісінде ХІХ ғасыр аяғындағы Қазақстандағы қазақ, орыс, татар, т.б. секілді ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан қоғамның этнографиялық келбетін ашатын ізденіс іздері аңғарылады. Осы ортадан паң Нұрмағанбет, цирк дирек­торы, ояздар мен олардың әйелдері, қарапайым халықтың әлеуметтік қай топқа жататын белгілері анық көрініс берген. Жазушы С.Мұқановтың сипатта­масы бойынша тігілген киім үлгісі Бал­уан Шолақтың сырт келбетіне жарасып-ақ тұр. Бірақ, екінші бөлімде Балуанның ояз үйіне келгендегі киген киімі мұндай әсер бере қоймайды. Режиссер жекелеген сахналық суреттер арасындағы оқиға өтетін орындар­дың алмасуын оңды үйлестіріп, драмату­гиялық әрекет арасын үзбей жалғасты­рып бере алған. Бірінші суреттегі жәр­меңке өтетін алаңқайдағы сахналық жалпы көңіл-күйдің кілті, Балуанның әйелі Балқаш пен бір көргеннен ғашық болған Ғалиясымен ара-қатынасын, үшінші суретте ояз бастығы Долгоносов­тың үйіндегі, жоғары мәртебелі қонақтар арасындағы әңгіме-дүкен, демалыс сәттерін, Татьянаны алып қашу мен шың төбесіне шығып кеткен кездерін орнық­ты түрде байланыстырған. Пьесада шұбалаңқы тұстар да бар­шы­лық еді. Мұндай жерлерді режиссер сахнада мизансценалық құрылымдармен орынды ауыстыра білген. Ал режиссерлік тұрғыда толық иі қанбаған тұстар қайталауларға немесе сахналық мағы­насыздыққа алып келген. Спектакль ба­сында жаршының Нұрмағамбет Баймыр­заұлы жеңіске жетті деп хабарлап бол­ғаннан кейін паң Нұрмағамбеттің қайта­лап сұрап жатуы ма деп қаласың. Режиссер пьесаның кейбір тұстарын қыс­қар­тып, кей тұстарына бүгінгі күннің заманауи үнін берерлік (конъюктура) қо­сым­шалар енгізген. Бұл қысқартулар кей тұста сахналық әрекетке ширақтық әкел­се, кей тұста «буынсыз жерге пышақ ұр­ған­дай» сахналық оқиғаның жүйелі да­муы­на кедергі келтірген. Ол шы­ғар­мада да, пьесада да басынан аяғына дейін ай­тылатын Татьяна атының «Тә­нейжан» бо­лып өзгертілуіне байланысты диалог­тар­дың спектакльде болмауы. Осыдан ке­ліп көрермен қойылымның басындағы Татьянаның атын екінші актіде Балуан­ның «Тәнейжан» деп еркелете атауының се­бебін тү­сін­бей қалады. Пьесаға мұндай қыс­қартулар жа­са­ған режиссер сол кесілген жерлердін қиюын келістіріп жіберіп отыруға тиіс. Немесе бірінші актінің аяғында қашқындар тауда жүр­генде Ақылбай атып түсірген қыр­ғауыл­дың етін отқа қақтап жейтін жері бар. Міне, осы көріністен кейін Татьяна Балуанға «...Мен сені Мерген деп атағым келеді. Кеше төбемізден ұшып бара жатқан қырғауылды қарамай-ақ атып түсірдің ғой», дейді де спектакльдің соңына дейін бас қаһарманды Мерген деп атайды. Спектакльдің бірінші бө­лімі­нің аяғында Балуанның емес, Ақыл­бай­дың мергендігін сахнадан анық ба­қылаған көрермен Татьянаның бұл сөзі­нің жалғандығына мүлдем сенімсіздікпен қарап, жан-тәнімен қарсылық білдіреді. Мұндай автор мәтініне батыл ре­дак­циялық қысқар­ту-қайшылаулар сах­на­дағы қойылым ре­жиссурасынан тың­ғы­лықты жұмыс жа­сау­ды, әрбір фактіні салмақтап, саралап барып көрерменге ұсынуды талап етеді. Спектакльді музыкамен көркемдеудегі кәсіби біліктілік қойылымның сәтті шығуын қамтамасыз ететін себептің бірі. Бұл міндетті орындауға жас талантты композитор Е.Елгезеков тартылған. Сазгер қойылымның музыкалық партитура­сында жоғары бюджетті Голливуд кино­фильмдерінің саунд тректеріне тән ауқым­ды дыбыстардан тұратын музы­каны молынан қолдана отырып, спек­такль­дің үнін барынша қатты шығаруға тырысқандығын көрдік. Оқиғаның ды­быстық сүйемелдеулері сәтті десек те, театр залы дыбыстық долби құрылғылар жүйесі бар кино залы емес қой... Ояз үйіне барғанда домбырасын апа­рып ән салмай-ақ қойсын, бірақ таудағы өтетін сахналарда Балуанның шынайы шығармашылық келбетін көрсетуге әбден болар еді деген ойдамыз. Б.Ерзакович, З.Қоспақов секілді музыка зерттеушілері Кененнен, т.б. жазып алып атын атап, түсін түстеп кеткен Балуан Шолақ­тың 25 төл әні бар. Өмірін сыршыл әнімен әрлеген жанның туындылары жайына қалып, Балуан Шолаққа арнал­ған спектакльде Біржан мен Ақанның әндері жиі қолданылуын түсіне алмадық. Спектакль басында Біржан салдың «Айтбай» әні шынтуайтына келгенде, мәтін­дік мазмұны жағынан жәрмеңкені ашып-жабатындай немесе ояздың үйіне барып рояльге қосылып айтатындай нендей сыры бар? Композитор М.Төлебаев кезінде бұл әнді өзінің «Біржан-Сара» опера­сында Қоянды жәрмеңкесінде Бір­жанның өзін сахнаға шыққандағы таныс­тыру ариясы ретінде қолданған болатын. Режиссер бұл спектакльде де Балуанды аталмыш опера­дағы әнді (арияны), сол операдағы мәтінімен дайын күйінде шы­ғара салған. Калай болғанда да біз Ба­луанды талантты композитор әрі тамаша дауысы бар әнші ретінде көргіміз келгені анық. Спектакльдегі басты кейіпкер – Бал­уан орындаған әндердің басым бөлігі фонограммаға жазылған әндер. Тау бөк­терінде кең тыныспен жаңғырып ән айту шынында да көңіл сарайын айқара аша­тын тамаша сәт емес пе?! Театрда «сен тұр, мен атайын» дейтіндей тамаша актерлер құрамы бола тұрып, олардың қо­лынан ән айту өнері келетініне ешқандай күмән жоқ кезде режиссердің мұндай ше­шімге баруын, әрине, біз түсіне алмадық. Спектакльдің есте қалар тұсының біріне Балуан Шолақтың ояздың үйіне бар­ған көрінісін жатқызамыз. Режиссер­дің бұл көріністе де біздің ойымызша «өте батыл» шешімге баруы көңілге онша қона бермейді. Айтайын дегеніміз, тарихи шындықтың көр­кемдік шындықпен аражігіндегі Балуанның шы­найы келбетіне басы ар­тық дүниені жапсыра беру­дің де реті жоқ секілді. Біріншіден, өзде­рін асқан мәдениетті, ал қазақтарды жабайы санап отырған ояздар үстіне смокинг киіп, олар­дың өз­дерін оқытар­лық­тай сау­ат­ты, мәдениетті, жо­ға­ры білімді, еуропаша музыкалық сауаты бар, ешбір міні жоқ Балуан Шолақтың келгені баршаға ерекше әсер етті. Біз Балуан Шолақпен емес, С.Мұқановтың «Аққан жұлдызы­нан» университетті алтын медальмен тә­мам­дап келген құдды Шоқан Уәлиха­нов­тың өзімен жүздескендей бо­ламыз. Иә, сахнада бар бітім-болмысы, іс-әрекеті Шоқан дерсің. Режиссер «әң­гімемді бас­таған екенмін, аяғына дейін жеткізейін» деген сияқты. Осы сахнада Балуан қақ­пағы ашық тұрған рояльге келіп отыра қалып, құдды опера әншілері секілді күшті баритон дауысымен (фонограмма) өзін-өзі сүйемелдеп әндете жө­нелгенде таңданысымызда тағы да шек болмады. Ал пьесадағы Балуанның бейнесі, оның оязбен арадағы әңгімесінен Балуан Шолақтың қарапайымдылығын, әлі де болса үлкен саясаттың ойыншысы бол­маған сәтіндегі сөз саптауларын көреміз. Ашу-ызамен ашына айтқан әрбір сөзінен халқына, еліне көмектессем деген шы­найы ниетін көреміз. Режиссер бұл сахналарда Махамбеттің «Хан емессің, қасқырсың...» деп Баймағамбет сұлтанға айтқанындай, Балуанға да шындықты ояздың бетіне ашу-ызамен осқылап тұрып айтқызады. Балуанның пьесада­ғы: «...Мына бір ойма таз кім өзі, сөзді қайта-қайта бөле береді ғой» немесе (Долгоносовқа) «Қайтамын десе жібере салыңызшы, сізбен оңаша сөйлесіп алай­ын», болмаса «...Ә-ә, солай ма? Ақ­мола уезінің оязы ма? Онда кешіріңіз! Құда қаласа, ауылыңызға қонақ болып барып қалармыз», деген сөздерінен біз аңғалдығы басым, «батыр аңқау, ер кө­дек» тұлғаның іс-әрекетін анық көреміз. Ал қойылымда Балуан бұл сахнада ояз үйінің алдына мың сан қолымен өзі бас болып келіп, әскерін иіріп қойып, жауын жерге тығып жіберердей батырып тұрып батыл сөйлейтін қолбасы болып көрінеді. Бас кейіпкердің бейнесін идеализациялау, болмаған ерліктерін қоса көрсету бар екендігін мойындауымыз керек. Спектакль жас ұрпақ санасына зор мақтаныш сезімін оятумен бірге, тарихи тұлғаның келбетін танып-білуде, өзге де пікір қалыптастыруы мүмкін екендігін естен шығармағанымыз абзал. Балуан Шолақ рөліне Е.Біләлов,    Б.Айт­­жанов және Е.Дайыров тағайын­дал­ған екен. Алғашқы екі кеште осы кезекпен өнер көрсеткен орындаушылар құрамында Е.Біләловтің Балуаны өзіндік қырларымен ерекшеленіп көрі­не алды. Актердің орындаушылық шеберлігіне сахнада алынбас қамал жоқтай. Ол «атаңның емес, адамның баласы бол» деген қағидатты ұстанған, елі мен жерінің шынайы жанашыры, күрескер, махаббат үшін жанын пида ететін дала ұлының толымды бейнесін сомдады. Хал­қы­ның «нағыз қазақ жігіті осын­дай!» деп мақтана аларлықтай сегіз қырлы ұлының келбеті Татьянамен өте­тін таудағы сахналарда әр қырынан кө­рінді. Ол қуана да, мұңая да біледі және осы көңіл-күй сезіміне психологиялық тұрғыда тез ауысады. Актердің Балуа­нын Ғалияға деген асыл да асқақ сезімін жоғары ұстап өткен жан ретінде та­ны­дық. Рас, Балуанның батырлық, күрес­кер­лік келбетін көрсетер, тіпті кейбір өзді-өзді болып оңаша қалатын сах­наларында да орындаушының дауысы ылғи қатты динамикалық күшпен естілуі адамды жалықтырып жіберетіндей. Бұл кемшілік спектакльдегі басқа актер­лердің де сөйлеу мәнеріне тән. Сон­дықтан, табиғатында жәй, өте жәй, тіпті сыбырлап сөйлеу де актердің сахнадағы бейнелеу құралының өте маңызды компоненттері екендігін естен шығармаған жөн. Осы рөлді екінші кеште сомдаған Б.Айтжанов бойынан да даланың білекті де жүректі нар жігітіне тән батырлық, биіктік, сөзіне берік мәрттікті көре ал­дық. Салмақтылықпен, сабырлы да қызу­қандылықпен орындалар бейнеден елі­нің амандығын, ша­ңырағының бақы­тын армандаған ел еркесін көрдік. Актердің сырт келбеті, дауыс диа­пазонының мол мүмкіндігі бар, әлі де болса толық ашылатын қыр­лары көп екендігіне сендік. Дегенмен, біз тамашалаған актер­лердің орындаушылық мүм­кін­дік­терін әлі де толық пай­да­лануға болар еді деген ойдамыз. Татьянаның рөлін екі кеште де орындаған жас актриса С.Бакаева сахнада пәк сезімді, мейірімді жан­ның бейнесін жасады. Жас актриса өзі құ­рал­пы жас қыздың әке-шешелері «жабайы» деп таныған Балуанмен әр түрлі ситуациялар арқылы тіл табысып, қимас досқа айналуын нанымды бере білді. Ақ патшаның қазақ жеріндегі көзі мен құлағы болған ояздар: Долгоносовты – актерлер А.Боранбай мен А.Сұрапбаев, Троицкийді Д.Ақмолда сомдады. А.Боранбайдың орындауында Көк­ше­тау оязы еңселі, тік мінезіне қоса оқиғаға ойлана қарайтын, бір саусағын ішіне бүккен, өз есебі бар жан болып шыққан. Алайда актердің тенор дауысы мен ойын жаңылтпаштай тез айтуы көрерменнің қабылдауына кедергі келтірді. Сырт келбеті келісті, дауысының да салмағы бар актер А.Сұрапбаевтың осы рөлдегі Долгоносовы да нанымды орындалған. Актер Д.Ақмолданың ояз Троицкийі әрбір қадамын аңдап басатын, өте әккі саясаткер және қазақ халқына отаршыл пиғылмен қарайтын жан болып шыққан. Бас көтерер тұлға көрінсе, бірден бас салып көзін құртуға бейім, итжеккенге айдауды кеңінен қолданатын қатал, сонымен бірге өзінің дәрежесінің өсуін қадағалайтын карьерист жан. Орыс халқының өкілдері негізінен өктем, бұйыра сөйлеп қалған жандар. Қазақ атына айтылатын намысқа тиер сөздер олардың аузынан шығып жат­қаны­мен, оған қарсы берілетін Балуан Шолақ тарапынан жауаптың өз дең­гейінде болуы көрермендердің ризашы­лығын туғызса, сол ортадан да Татьяна, Михаил секілді Балуанның жақтастары мен жанашырларының табылуы халық­тар арасындағы өзара түсіністік пен ын­тымаққа жетелер ойларымен есте қалады. Елизаветаны Д.Жүсіп пен Екатери­наны Н.Қарабалина ойнады. Екі түрлі қарама-қайшы мінез-құлықтарымен сахнадан көрінген бұл бейнелер арқылы біз көрікті, заманына сай әрекет еткен, қазақ даласындағы күйеулері ұстанған саясат­тың желісін өзіндік ерекшеліктерімен толықтыра түскен отаршыл елдің өкілдерін көрдік. Н.Қарабалина ойнаған Екатерина өз күйеуінің дәрежесін, салмағын жақсы сезінген, оның жасаған қадамдарына сын көзбен қарайтын, жөні келгенде ақыл қосып отыратын, қажет болса мемлекеттік істерге де араласып кететін, күйеуіне сөзі өтетін әйелдердің бірі ретінде көрін­ген. Яғни, актриса ақ патшаның декабристерге, олардың туған-туыстары мен балаларына жасаған қуғын-сүргінінен тә­лім алып өскен, көп тыңдап, аз сөй­лейтін, тереңнен ойлап, салмақпен бай­ып­тайтын ақылдылығымен бірге жүйелі есепке жүгінген жанды сомдайды. Қойылымда Балуанның серігі Ақыл­байды (А.Сейтметов), Балхашты –    (К.Шаях­метова), ояз шабарманы Сүтем­генді (Т.Сағынтаев), паң Нұрмағамбетті (А.Бектемір), Михаилді (Қ.Мамыт­қа­лиев), цирк директоры, т.б. рөлдерді орын­даушылар құрамы сахнада өзіндік ерек­шеліктерімен дараланып көріне алды. Сөз соңында айтарымыз, бұл қызық­ты шығарма республикадағы басқа да режиссерлер трактовкаларында сан қырынан әлі де талай рет сахнаға қойы­лары анық. Оған шығармамен танысу барысында анық көзіміз жетті. Өйткені, Тәуелсіздіктің жиырма жылдығымен үн­де­се­тін бұл қойылымның тақырыбы, айт­пақ ой-идеясы кезінде ұлт тағдыры­на, ел мен жеріне байланысты айта алмай тұн­шыққан небір қымбат ойлары­мызды еркін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл қойылым сол бір кезеңде кеткен есемізді қайтаруға, әлі де болса белгісіз се­бептермен толық ашыла қоймаған өткен тарихымыз бен өр кеуделі тұлға­лары­мыз келбетін танудағы кезекті қа­дам­ның бірі. Бүгінгі заман жастарының санасын бір серпілтіп өте­тін, осынау жаңа қойылым көрерменнің көзайы­мына айналатынына сенгіміз келеді. Амангелді МҰҚАН, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты.