15 Сәуір, 2011

Тексерудің де тексеруі бар

557 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Азаматтардың конституциялық құқын қорғау барысында оның сақталуын заңға сәйкес қамтамасыз ету кешенді шараларды қажет етеді. Бұл орайда елімізде заңдылықты сақтаудың бірегей негізін қалайтын құзырлы орган – Бас прокуратура өзге құқық қорғау салаларына үлгілі қызмет түрін көрсетіп келеді. Ал соның ішінде Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті атына сай осы атқарылған жұмыс түрлеріне сараптама жасайды. Аталған комитет төрағасы М.Ахметжанов прокуратура қызметкерлерінің басты назары, ең алдымен адам құқын қорғау мәселесіне баса аударылатынын тілге тиек етті. Соның бірі  кәсіпкерлердің құқын қорғау болып табылады дейді ол. Прокуратура органдары та­ра­пынан кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау аясында бірқатар кешенді жұмыстар атқарылғаны белгілі. Әсіресе, Мемлекет бас­шысының бизнесті тексеруге мораторий жариялағанына орай жүргізілген жұмыстар өз ал­дына бір төбе.   Әркімге өзінің кі­ріс­терін заң­дастырып алуға мүмкіндік беріліп, кешірім жа­рияланды. Талай адам кәсіп­терін заңдастырып алды. Ал қазіргі таңда мем­ле­кеттің елдегі кәсіпкерлікті жан­дандыра тү­суге мүдделі екендігін үсті­міздегі жылдың қаңтар айында «Қазақстан Республика­сындағы мемлекеттік бақылау мен қада­ғалау туралы» Заң қабыл­дан­ғаны дәлелдей түседі. Бұл заңда кәсіпкерлікті тексеру ба­ры­сын неғұрлым ашық бо­луын қам­тамасыз ететін жаңа­лықтар көп. Мәселен,  мұнда тексеру ша­ра­ларын тіркеу, мүдделері бар үшінші жақты тексеріске тарту, тағайындау тәртібі бұзылған жағ­­дайда тексеріске рұқсат бермеу және т.б. секілді қосымша мүмкіндіктер қарастырылған.   Бар­лық мемлекеттік органдар өздерінің тексерістері жөнінде Бас прокуратураның сайтында жариялауы және оларды тә­уе­келдер байқауы жүйесі негізінде жоспарлауға көшу барысы бизнесті қорғаудың маңызды түрі болып табылады. Алайда, осы­ған қарамастан Елбасының бірнеше мәрте атап өткеніндей, мемлекеттік органдар тарапы­нан кәсіпкерлік қызметті негізсіз тексеру көріністері бай­қалып қалады. Міне, сондықтан да бар­­лық органдардың, оның ішінде прокуратура да жеке бизнесті тексеру барысын оң­тай­ландыру мен реттеуге ба­рынша атса­лысуға тиіс, дейді Ахметжанов. Әрине, бұл орайда прокуратура органдары елдегі заң­ды­лықтың сақталуын қадаға­лай­тын болғандықтан кәсіпкерлер­дің құқын қорғау мәселесіне аса мән береді. «Прокуратура тура­лы» Заңның 4-бабына сай олардың негізгі бағыты арнайы есеп жүргізу, соның ішінде кә­сіп­керлік қызметіне заңсыз ара­ласуды уақытылы анықтау мен  оның жолын кесуге мүм­кіндік беретін мемлекеттік ба­қылау органдарымен жүзеге асы­рылатын барлық шаруашы­лық субъектілері қызметі тексерістерін есепке алу болып та­былады.   Тексерісті белгілеу ту­ра­лы актілерді міндетті түрде тіркеу институты жеке меншік пен кәсіпкерлік қызмет еркін­дігінің конституциялық құқын қорғау­ды тікелей қамтамасыз ету деген сөз. Өйткені, заң­дылық – жеке кәсіпкерлікке бақы­лау жасаудың негізделген негізгі қағидаттардың бірі. Жыл сайын мемлекеттің бақылаушы орган­дары жарты миллионға жуық тексеріс өткізсе, оның 2/3 жеке бизнесті қарауға жатады. Осы тексерістер көрсеткен­дей, заң бұзушылықтар көбіне санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, салық органдары, әкім­діктер және ішкі істер ор­гандары тарапынан жиі қай­та­ланатын көрінеді. Мәселен, өт­кен жылы прокуратура орган­дары 2850 заңсыз тексерісті анықтаса, үстіміздегі жылдың І тоқсанында 209 заң бұзушылық­ты анықтап отыр. Сол сияқты биылғы жылдың І тоқсанында  628 тексерісті тіркеуден бас тартылған. Салыстыру үшін айта кетсек, өткен жылдың осы кезеңінде 497 тексеріс тіркелмеген болатын.  Ал бас тарту құ­қығы бұл тек кәсіпкерлердің мүдделерін қорғаудың тиімді құ­ралы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдар жүйесін­дегі жемқорлық көріністерінің алдын алу мен жоюдың тиімді шарасы болып табылады. Сол сияқты бақылаушы органдардың жоспарлы тексерістері біршама ретке келтірілді. Бұл орайда жеке кәсіпкерлікті жоспарлы тексерістің бәрі мемлекеттік бақылаушы органдар құ­қықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі өкілетті органға жіберген жыл сайынғы жоспарлар негізінде жүргізілетін болады.  Бас прокуратура 25 жел­тоқсанға дейін тексерістердің барлық жиынтық жоспарларын  өзінің сайтына орналастырады. Бұл жоспарлы тексерістерді белгілеу мен өткізу барысын ашық ете түседі. Жаңа заң бойынша мемлекеттік органдар тексеру қағаздарын бекітеді, соған сай тексерушілер жоспарлы тексеріс кезінде тіркелген актімен қоса оны кәсіпкерлерге көрсетеді. Тексеру қағазында заңмен көрсетіл­гендей жеке кәсіпкерлік субъек­тілері қызметіне қойылатын та­лап­тардың толық жауабы қамты­лады. Сол сияқты барлық органға анықталған заң бұзушылықтар мен қабылданған шараларды қам­тыған тексерістің ведом­ство­лық есебі енгізілген міндетті ведом­стволық статистикалық есеп жүр­гізу белгіленіп отыр. Міне, осы статистикаға байланысты тәуе­кел­дерді бағалау ведом­ство­лық жүйесі жүргізіліп, соның негізінде тексерістің кезекті жос­пар­лары түзіледі. Заңсыз тексерістерді болдыр­мауға қарсы әрекеттерді күшей­тумен қатар прокуратура орган­дары мұндай теріс фактілерге жол берген адамдарға әкімшілік әсер ету жөніндегі өз өкілет­тілік­терін толық пайдалана алады. Мәселен, өткен жылы аталған комитеттің және оның аймақтық басқарма­ларының қадағалау қыз­ме­тінің нәтижесінде заң бұзу­шылықты жою жөнінде 448 ұсы­ныс беріліп, соның негізінде 617 лауазымды қызмет атқарушы тиісті тәртіптік жауапқа тартылды.  Әрине, жоға­рыдағы шаралардың бәрі заң­сыздықтарды түбегейлі жоюға жеткіліксіз, сондықтан ең алды­мен, кәсіпкерлердің өздері бұл жағдайда құқықтық сауатты болуға тиіс. Ол өзінің құқы мен міндетін және тексерушінің өкі­леттігін бес саусақтай білуі қа­жет. Бұл тұрғыда да біз кәсіп­керлермен көптеген жұмыстар ат­қарып жа­тырмыз және құқық қорғау органдарының  үйлестіру кеңе­сін­де барлық қылмыстық қудалау органдарында қылмыс­тар туралы арыздар мен хабар­ламаларды электронды тіркеуді енгізудің барысы туралы мәселе қарадық,  дейді төраға. Осы мәсе­лемен тікелей айналысқан Құ­қық­тық статистика және арнайы есепке алу комитеті    қылмыстық қудалау ор­ган­дарындағы есепке алу-тіркеу тәртібінің жай-күйіне талдау жасаған болатын. Оның бары­сында кейбір құқық қорғау органдарында  арыз-шағым­дар­ды  қарау мерзімін  созып жіберу фак­тілері байқалды. Электронды тіркеуді енгізу бірінші кезекте 2010-2020 жыл­дарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының  қылмыс­тық сот өндірісінде адамдардың құқығын қорғау жөніндегі та­лап­тарына сәйкес қолға алынды. Азаматтардың арыз-шағымда­рын қарауға байланысты қыл­мыстық процесс кезеңінде заң бұзушылық жиі орын алатынын талдау көрсетіп берді. Ал ол азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органдарға және жалпы заңға деген сенімін азай­татыны анық. Міне, осы орайда арыздарды электронды тіркеу, оларды қарауды жеделдету құ­қық қорғау органдарының жұ­мы­сының ашықтығын қам­та­ма­сыз ететін және олардың өз­дері қа­былдаған процессуалдық шешімдеріне деген жауапкершіліктерін арттыратын болады. Осы­ған байланысты, есепке алу-тіркеу тәртібін жақсарту мақса­тын­да  комитет ішкі істер орган­да­рында  арыз-шағым­дар­ды элек­­тронды тіркеу жүйесін енгізді. Бұл жүйе алдымен сынақ ретінде Астана, Алматы қала­ларының және облыс орталық­тарының ішкі істер органда­рында басталды. 2010 жылдың екінші жартыжылдығына жасал­ған талдау осы шаралардың ар­қа­сында оңды өзгерістер болға­нын байқатты. Арыз-шағым­дар­дың негізінде қозғалған қыл­мыстық істер саны едәуір артты. Ол Ақмола облысында – 30,1 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 28,3 пайызға жетті. 2009 жылдың осындай кезеңі­мен салыстырғанда тіркеуден кейінгі 3 тәулік ішінде қаралған арыз-шағымдар 5,4 пайызға өс­кен. Ал 2011 жылдың 1 қаң­тарынан бастап қылмыстар ту­ралы арыз-шағымдар мен хабар­ламаларды электронды тіркеу   еліміздің барлық ішкі істер ор­гандарында енгізілді. Сондай-ақ, осындай элек­трон­ды тіркеу сынақ ретінде 2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Астана, Алматы қалала­рының және Қарағанды қаласы­ның қаржы полициясы орган­дарына да енгізілген болатын. Бұл ретте осы қанатқақты жоба­ны жүзеге асырудағы негізгі міндеттің бірі кәсіпкерлерді қаржы полициясы және басқа да бақылаушы органдардың сұрау­ла­ры мен тапсырмалары бо­йынша жүргізілетін  заңсыз тек­серудің жолын кесу болып та­былады. Арыздарды элек­трон­ды тіркеу мен есепке алу бағ­дарламалары біріктірілді. Енді органдардың тексеру жүргізу туралы тапсырма беруі тек тергеуалды тексеру шеңберінде ғана мүмкін болмақ. Бұл та­лаптың орындалмауын бүгінгі күні тексеру алдында анықтауға мүмкіндік бар. Жоғарыда айтқа­нымыздай, тексеру арыздарды есепке алу кітапшасында  болмаса комитет  оны тіркеуден бас тартады. Арыздардың тіркелгені тура­лы мәліметтердің арқасында про­куратура органдары бүгінде қаржы полициясы қызмет­кер­лері тарапынан болатын негізсіз қимылдарды жүргізуді барынша азайтып, мұндай заң бұзушы­лық­тардың алдын алу жөнінде уақытылы шаралар қолдануда. Өткен жылы комитет бақылау­шы мемлекеттік органдардың 2265 заңсыз және негізсіз тексерулерін болдырмады, бұл өткен жылдарғы көрсеткіштерден екі есе көп. Сонымен қатар, комитет арыздарды қабылдау мен қарау­ға бақылауды қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабыл­дады. Мәселен, Қылмыс­тық-іс жүргізу кодексінің 183-бабына сәйкес, құқық қор­ғау органына жүгінген арыз иесіне 14 таңбалы нөмір беріліп, арызы қабыл­данғаны туралы талон тапсы­рылуға тиіс. Бола­шақта арыз иесі өз шағымының одан арғы тағ­дыры және ол бойынша қабыл­данған шешім жөнінде Интернет, CALL-орта­лы­ғы немесе кәдімгі SMS-ха­бар­лама арқылы біліп отырады. Александр ТАСБОЛАТОВ.