19 Сәуір, 2011

Тәрбиені ұтымды үйлестірген ұтады

629 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кеңес дәуірінде жоғары оқу орны санаулы мамандықтар бо­йынша білім беретін. Тәрбие жұ­мысы негізінен факультет де­канаттарына жүктелетін. Оқу ісін атқару кафедралар еншісіне тиген. Казір де осы үрдіс сақталып келеді. Сонымен, бұрын факультет ма­мандықтар саны бойынша ба­рынша ықшам еді. Демек, сту­дент­тер құрамы біркелкі бола­тын. Бұл белгілі дәрежеде тәр­бие жұмысының бірыңғайлы­ғына мүмкіндік беретін. Бүгінгі жағдай заманға қарай өзгерді. Бір факультеттің өзінде оннан аса әртүрлі мамандықтар бар. Осыған байланысты студенттер құрамы да сан алуан. Мұның бәрі тәрбие жұмысына ауырлық етуде. Казір осы жұмысты факультет деканаттары тиімді де сапалы атқарып жатыр деп айту қиын. Бірақ, бұрыннан қалып­тас­қан жүйеге сәйкес жоғары мектепте ол әлі сол күйінде қа­лып отыр. Тәрбие жөніндегі жүйеде кафедра меңгерушісі жоқ. Бір есеп­тен бұл оның оқу ісімен кеңінен айналысуына жағдай жасау үшін ойластырылған шығар деп те топ­шылауға болады. Әрине, бұл жү­йе­де кафедра жетекшісі шығар­ма­шылық жұмыс атқаруға жоғары мүмкіншілікке ие. Әрине, білім мен тәрбие ұштас дейміз. Ендеше, осының дұрысы мен бұрысын, оңы мен терісін талдап көрелік. Жоғары мектепте бес жыл кафедра басқардым. Кейін он үш жыл үзіліссіз факультет деканы, сосын бес жыл оқу ісі жөніндегі проректоры қызметтерін атқар­дым. Бұл маған осы мәселенің ішіне үңіліп, оны әр қырынан зер­делеуге мүмкіндік берді деп ой­лаймын. Ұзақ мерзімде жи­нақ­таған тәжірибемді саралай келе, студентті тәрбиелеу мен оған сапалы білім беруді бір қолға, бір құрылымға өткізу қажеттігін тү­сіндім. Ол құрылым – білім мен тәрбиені қатар алып жүретін кафедра болуы керек секілді. Біз бұл жерде факультет де­ка­нын студенттерден қашық­та­ту­дан аулақпыз. Керісінше, студентке кафедра меңгерушісін ба­рынша жақындату мақсатын­да­мыз. Өйткені, бүгін кафедра студенттен біршама алшақ тұр. Яғ­ни, талапкерге берер тәрбие әлеуеті толығынан пайда­ла­ныл­май отыр. Шынтуайтында, жо­ға­ры мектепте кафедра мең­геру­шісі – студентке барлығынан жақын тұрған басшы. Солай бола тұра, өкінішке орай, жастар тәрбиесіне ол өз мүмкіншілігін сарқа беріп, молынан сіңіре алмай келеді. Жасыратыны жоқ, факультет басшысы жұмысбасты. Бұрын да солай болған. Өйткені, оқу орны деңгейінде, тіпті, жалпы қо­ғамда болып жататын жиын­дар мен іс-шараларға ол міндетті түрде атсалысады, қатысады. Сондықтан, факультет деканы тәрбие жұмыстарын негізінен өзінің орынбасарына жүктейді. Ал, бұл жұмыста жүргендер көп жағдайда барып кел, алып келге ыңғайлы жас оқытушылар. Бұл куә болып жүргеніміздей, тәр­бие жұмысының сапасына кері әсерін тигізбей жатқан жоқ. Кафедра меңгерушілері болса, әдетте тәжірибесі бар білікті ұстаздар. Сондықтан, олар студентпен сөйлесу жолдарын жетік біледі, оны іскерлікпен жүзеге асыра алады. Және оқушылардың мұң-мұқтажын да терең түсінеді. Сонымен қатар, тәлімгер оқыту­шы­лар осы кафедрада болған­дық­тан, олар әркез бөлім жетекшісі маңынан табылады. Демек, студенттер де, олардың ұстаздары да бір кафедра аумағында. Көзін тауып, жолын ұтымды таңдай білсе, бұл жағдай, сөз жоқ, тәрбие жұмысын жақсартуға мүмкін­ші­лік береді. Өйткені, кафедра мең­геру­шісінен артық ешкім де ма­мандық ерекшеліктері мен студент тәрбиесін ұтымды үйлестіре алмайды. Кафедра меңгерушісі тәрбие жұмыстарына тәлім­гер­лермен қатар, өзге оқытушы­лар­ды да жоғары дәрежеде жұ­мыл­дыру жолдарын біледі. Өткен оқу жылдарында жүр­гіз­ген тәжірибеміз осы айтқан­дар­ды толығынан дәлелдеді. Енді сол нәтижелерден мысал келтірейік. Біздің кафедра «Мелиорация, жер­ді баптау және қорғау» деп ата­лады. «Су ресурстары және суды қолдану» мамандықтары бойынша білім алушы 96 студентке дәріс береді. Қыркүйек айында осы сту­дент­тердің оқу тәртібі ойдағыдай болған жоқ. Қазан айының басы­нан біз оларды өз ықпалымызға алдық. Әрбір топ көлемінде білім алушылармен пікірлестік. Олар­дың жартысына жуығымен жеке сөйлестік те. Алдымен білім алу­шыларға мамандық ерекшеліктерін, өңір үшін бұл мамандықтың басты рөл атқаратынын жете тү­сін­дірдік. Сонымен қатар, ата-ана­лар мақсаты мен арманы да өз алдына үлкен әңгіме болып жат­ты. Осының барлығы студент­тер­дің азаматтық борышы мен сезімін жетілдіріп, ұштауға себеп бол­ды деп ойлаймыз. Бұл әңгіме­лер­де студенттердің жеке жауапкершілігін көтеру басты мақсат болғанын айтқанымыз жөн. Біздің көздегеніміз олардың оқуын, тәр­ті­бін жақсарту еді. Нәтижесінде студенттердің сабаққа келуі қыр­кү­йекпен салыстырғанда, қазан айында 16, қарашада 20, жел­тоқ­сан­да 16 пайызға жоғары болды. Бұдан тәрбие жұмысын әр білім алушымен тиянақты атқарса, дәрісті себепсіз жіберуді жоюға болатынын байқадық. Біз өз жұ­мы­сымызда студенттердің ата-ана­ларын шақырып, не хабар­ласып, ығыр еткен жоқпыз. Бар салмақты студенттің өз сана-сезіміне, оның жеке жауапкершілігіне аударғанды жөн көрдік. Бұл біздің ойымызша, студенттердің адами, азаматтық бол­мысын шынықтырып қана қой­май, олардың өзінше шешім қа­был­дауына, алдағы қызығы мен қиын­дығы мол үлкен өмірге әжеп­тәуір дайындықпен келуіне шама­лы болса да ықпал етті. «Аздың ашпын, көптің тоқ­пын» дегеніне сенбе дейді халық даналығы. Осы ұғым біз әңгі­ме­леп жатқан мәселеге бай­ла­ныс­ты айтылғандай. Өйткені, факультет деканының қарамағында студенттер «көп», ал кафедра жетекшісі жанында олар «аз». Сол себепті бұрынғыға қараған­да, мына ізденіс кезінде студент кафедра меңгерушісінен, оқыту­шы­лардан тәрбие тағылым­да­рын барынша молынан алады. Кейде кафедра меңгерушісінің атқаратын тәрбие жұмысы факультет деканына қа­ра­ғанда үш-бес есе жоғары болып кетуі де мүм­кін. Бұл, әрине, ариф­ме­ти­ка­лық есептеуге жүгінгенде. Жо­ғарыда айтылған басқа артық­шы­лықтарды ескерсек, бұл н­ә­тиже еселенуі де ғажап емес. «Малды тапқанға баққыз» – дейді атамыз қазақ. Осы қағи­да­ның басты мағынасы – әр іске жаны ашитын азаматтарға сеніп тапсыру. Болашақ студентпен ал­ғашқы байланыс кафедрада бо­лады. Кафедра мүшелері оқуға түсушілермен алдын-ала кәсіби бағдар жұмыстарын атқарды. Біз ұсынып жатқан жүйе қол­дауға ие болса, кафедра жо­ғары мектептегі өзінің бұрыннан күт­кен биік орнын табады. Ол кезде кафедра меңгерушісі ұжымда не­гізгі тұлға дәрежесіне кө­теріледі. Жүктелетін міндеттердің салма­ғы артады. Кейбір кафедра меңгерушісі білім беру сапасын мен ұйым­дас­тырайын, ал факультет де­ка­ны тәрбие ісімен өзі айналыса бер­сін деуі мүмкін. Бұл тәрбие жұ­мысының маңыздылығын тү­бе­гейлі сезінбеуден, оған жөнді мән бермеуден, тәрбиені оқу ісінен бөлек қарауға мүмкін еместігін жете түсінбегендіктен бо­ла­ды. Мұны мен қолдай алмай­мын. Мұндай жағдайда тәрбие мен оқытудың туа бітті бірлігі алшақтап кетеді. Оны әр күні байқап та жүрміз. Кейде оқытушылар нашар оқитын студентке: «Сен оқысаң да өзің үшін, оқымасаң да өзің үшін» – деп кейіс білдіріп, осыным дұрыс дейтініміз бар. Шынына келгенде, студент ал­ды­мен елдің ертеңгі тұтқа ұс­та­ры ретінде белгілі бір маман­дық­қа даярла­на­ды. Ол отан келешегіне ла­йық­ты үлес қосуға міндетті. Мұ­ны ой-санасына құ­йып ұғын­ды­ру міндетіне жатады. Біз осыны мойындайық-мо­йы­ндамайық, бәрібір жоғары мект­епте білім мен тәрбиеде кафедрадан өзге ықпал ететін құ­рылым жоқ. Сондықтан кафедра дәрежесін, әлеуетін, оның оқу орнында алатын орнын, мәрте­бе­сін өсіріп, ерекшелеуіміз қа­жет. Осы құрылымның тиімді қыз­мет атқаруына барлық жағ­дай­лар жасалуы керек. Бүгінгі күні жоғары мектеп атына айтылатын қолайсыз әңгі­менің бары белгілі. Ол – студент пен оқытушы арасындағы жа­ғым­сыз қарым-қатынасқа келіп тіреледі. Біздің ойымызша, осы­ның түп-түбірі кейбір студент­тер­дің сабаққа жөнді қатыспай, соның салдарынан білімдерінің нашар болуында жатыр. Дәріске уақты­лы келмеу – жалқау­лық­тан. Ал осы жалқаулықтан құ­лан-­ таза айы­ғу жолы мен емі кафедра мең­геру­шісінің жұмы­сына бай­ла­нысты екенін жо­ға­ры­да айттық. Иә, кафедра ықпалды болса, студенттің барлығы сабаққа тү­гел қатысады. Нәтижесі – бі­лім­нің жоғары деңгейі. Жеткілікті білімі бар студент оқытушыға баға сұрап бармайды. Бұған қоса студенттің сабақтан қалмай, ба­рын салып, білімге ұмтылып жүр­­генін байқаған оқытушы аты­­на кір келтіретін іске бар­майды. Қазір оқытушы оқушысын ба­­қы­лап, оның қабілетін анық­тап, соған байланысты оқу-тәр­бие жұ­мысын жүргізу ерекшеліктерін белгілейді. Есесіне студенттер де оқытушыларын сы­нап отыр. Сон­дағысы ұстазы­ның ойын, білім дәрежесін, пи­ғылын, ниетін білу. Осыны ол оқытушының сөйлеген әрбір сө­зі­нен, іс-қимылынан, жү­ріс-тұ­рысынан, түр-тұрпатынан бай­­қайды. Егер оқытушы ойының таза екеніне, ұстазының білім беру ісіне барша күш-жігерін, білімі мен ықыласын сарқа пай­даланып жатқанына көзі жетсе, оқушы жү­регінде оған деген сенім орнайды. Сонда ғана ол өз тағдырын оқы­ту­шы қолына тап­сырады. Осыдан соң студент үгіт­ті қажет етпейді. Сабаққа белсенді қатысады. Өне­ге мен білім кө­шіне мол құл­шы­ныспен ілеседі. Бүгін айтылып жүрген оқу-тәрбие жұмысы деген ұғым, біз­діңше, аса маңызды үдеріске тү­бе­гейлі сипат бере алмай тұрған­дай. Өйткені, оқыту мен тәрбие ұштастырылмаған. Бізге жүктел­ген міндет студенттерге тәлімді тәр­бие беру және соған сай білім үйрету. Тәрбиесі нашарға білім жөнді қонбайды. Мұндай жағ­дай­да кафедраны студенттер тәр­бие­сіне тарту керек. Сонда білім биікке көтеріліп, тәрбие тағы­лым­ды болады деп санай­мыз. Серікбай ҚОШҚАРОВ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор.