Қалай келдік бұл жерге,
Қалай жеттік бұл күнге,
Қазақ елі жұмаққа мекен деуге мүмкін бе?!
Қазақ елі тозақтың шегі деуге бола ма,
Сөйле, сөйле, ендеше,
қызыл тілім, іркілме!
Ата жауды қашырған,
Баба даңқын асырған,
Қас дұшпаным бас ұрған
күндер өтті басымнан,
Қарсы алдымнан жел тұрып,
қалдым қазір ентігіп,
Асамын деп келгенде жиырмасыншы ғасырдан.
Не жетеді жалғанда дүния сырын білгенге,
Жұлдыздарға көз тіктім сүттей жарық түндерде.
Шымылдығым құрулы, туырлығым түрулі,
Өткен күннен белгі боп жетті біздің күндерге.
Өткен күннен белгі көп, ана тілім – қазынам,
Сені жұтсам балдайын, сырқатымнан жазылам.
Жақсы сөзді сондықтан жатпай-тұрмай іздеймін,
Бал арасы секілді өмірімнің жазынан.
Сырт айналып бір күнде дос-жарандар ұғысқан,
Күндер жетті суысқан, қайыр кетті туыстан,
Ұмыт қалып өсиет, жиылды да қасірет,
Сүтпен сіңген қасиет шығып кетті уыстан.
Әке тілін ұл алмай, шеше тілін қыз алмай,
Баламызбен тілдестік өзге тілде қызармай,
Енді отырмыз өзіміз тастай қылып қатырған
Көбе-қарды сөге алмай, қалың мұзды бұза алмай.
Жолбарыстай қайратты, арыстандай айбатты
Ерлерімді ездер кеп абақтыға айдатты.
Арып-ашқан халыққа нәр беретін жан қалмай,
Піскен сүттің бетінен қалқып алды қаймақты.
Енді көрсем ең алып бәйтеректер сыр тұнған,
Бұтақтары тоналып, тамырлары қырқылған,
Күнім туды десем де, жалбаңдаған жымысқы ой
«Аман жүр деп бұл неге?» – абалайды
сыртымнан.
Жалған сырын білсе де, көкірегінде мың арман,
Өзін ұқпай жүрсе де, өзгелерді ұға алған,
Көрген өмір азабын бала мінез қазағым
Жыланды да үйге енген айран құйып шығарған.
Сөйтіп жүріп қазақтың маңдайынан күн туды,
Одақ деген олақтың тар астары жыртылды.
Көрсете алмай қарсылық жатқан шалғын жаншылып
Бойын тіктеп, қайтадан тіршілікке ұмтылды.
Қайта көктеп, көгеріп, жапырақ жайып тіліміз,
Тереземіз теңеліп, көкке жетті үніміз,
Жалпақ жатқан жалғанды көктей өткен тіріміз,
Көп халықтың піріміз, аз халықтың біріміз.
Билеп-төстеп жүргеннің сыпырылды пердесі,
Дөңгеленген жерде осы тоқтамасын ел көші.
Қайта айналып қазығын оралғанда қазынам,
Шашу болып шашылды қазағымның теңгесі.
Тәуелсіздік Алматының алмасы емес топ еткен,
Мата да емес артылған соң кесіп берген етектен.
Тар жол, тайғақ асуларда жүрген ізін мұз еткен,
Жалғызаяқ талай соқпақ жолаушыны жүдеткен,
Тәуелсіздік бабамыздың аңсап өткен мұраты,
Қатал қыста, сары аязда табанынан сыз өткен.
Тәуелсіздік – тамаша сөз жарып шыққан жүректен.
Есім хан мен Қасым ханның ескі, қасқа жолдары,
Абылай мен Кене ханның жер қайысқан қолдары.
Шәкәрімнің торығуы,
Құрманғазы арманы,
Махамбеттің бұлқынуы жаралы аңдай тордағы,
Мұның бәрі үлкен іске дайындықтай алдағы,
Тәуелсіздік асуының батпан-батпан салмағы,
Тәуелсіздік – еркін елдің тастай берік қорғаны!
Таудай талап, қайрат қылған кісі болса тырбанар,
Тәуелсіздік – қайнар көзі жаңа ашылған жылғалар.
Елдің жүзі тәуелсіздік сәулесімен нұрланар,
Көздің жасы қарияның жанарынан сырғанар,
Желі үдеген Желтоқсанда айбар берген тұлғалар,
Бір жұтым су, іздеп келген кісі болса, бір қанар,
Тәуелсіздік!
Бұл мәңгілік тақырып қой жырланар!
Ақылбек ШАЯХМЕТ.