Белгілі сатирик, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеев өзінің «Азамат. Журналист. Сатирик» атты мақаласында Жүсіп Алтайбаев туралы былай деп жазады: «...Осы ұзақ жолда Жүсіп өзін қаламды қалт-құлт етіп зорға ұстап жүрген қалбағай журналист емес, азуы алты қарыс, адуынды журналист ретінде танытқан. Жалтақтыққа жаны қас, жарамсақтану қолынан келмейтін ол «менмін» деген талай-талай «тарландарды» тәубеге келтіріп, сабасына түсірген».
Мақтауға «сараңдау» профессор Темірбек Қожакеев келтірген Алтайбаев мінезі оның бүгінгі ұрпаққа қалдырған барлық шығармаларына тән қасиет.
Қоғам мен дәуірді саяси-экономикалық тұрпатқа бөліп социализм, капитализм деп айдар таққанымызбен, сол уақытта өмір сүрген халықтар да өздерінің адами мінез-қасиеттерімен қазіргі уақыттан алшақ жатқан жоқ. Бүкіл ақпарат құралдары жарыса жазып жатқан қоғамдық дерттің үлкені сыбайлас жемқорлық кеңес заманында да болған. Мәселен, Жүсіп Алтайбаевтың «Жылушыл Жылысбаев» атты фельетоны кеңес қоғамында орын алған жемқорлықты сол уақыттағы адамдар мінез-құлқы арқылы жеріне жеткізе суреттейді.
Бір өкініштісі, осындай фельетондар қазір мүлдем аз. «Жеп қойды, ішіп қойды» деген айғай бар, бірақ соны дөп басып көрсетіп жатқан ешкім жоқ. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары «ұйқыдағы» елді «маса» болып оятса, кеңестік дәуірде «ара» болып ар-ожданға араша түсті. Кеңестік Қазақстанға қажет болған «Араның» Тәуелсіз Қазақстан қоғамына да керек екендігін уақыт дәлелдеп отыр.
Жазушы-сатирик Ж.Алтайбаев шығармашылығының ең тұшымды, елеулі дүниелері 1981 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан фельетондар, сықақтар, әңгімелер мен повестерін қамтитын «Нақ-нақ» жинағына топтастырылған десек, сатирик жазушы осындағы «Ішкі жағдай, сыртқы жағдай» атты фельетонында қазақ ұғымына, тұрмысына тән мынадай мәселелерді көтереді.
« – Мен ! – Экономист Егеубаев қолын көтерді. – Неліктен екенін өзі біледі, үнем жағына келгенде басбух жолдас сипай қамшылап өте шықты. Мұнысы дұрыс емес, жолдастар. Мен айтсам, бізде айғырға, қошқарға, сауын сиырға деген жем қисапсыз көп жұмсалып жүр. Доғару керек мұны. Көктің көлінде айғырды жылан жайлап бара жатқан жоқ. Бие сауып мына үйдің іргесіндегі рудникке қымыз неге сатпаймыз?! Ал осы колхозда үш мыңдай ешкі бар екен. Содан үш грамм түбіт жиналды ма? Ол қайда кетіп жатыр?...
«Түбіт» дегенді есіткенде залда отырғандар түбіттей үрпиісе қалды. Неге десеңіз, «Екпін» колхозы колхоз болғалы бұл сөздің ауызға алынып, құлаққа шалынып отырғаны осы...» Осы мысалдағы бие сауып, түбіт түту кеңес заманының жоспарлы экономикасына қаншалықты пайда әкелетіндігінде емес, ең бастысы сатириктің оқырман назарын халықтың тұрмыс-тіршілігіне, ата-бабадан қалған шаруашылық түрлеріне аударту ниеті байқалатындай.
Асылдың сынығы, ескінің көзін көрген, сонау 1911 жылы Арқадағы Ағадыр байтағында дүниеге келген қазақтың қаршадай баласы ұлы тәркілеу басталғанда 17 жаста екен. Даланың дегдар қасиеті мен абыз қариялардың дана сөздерін бойына сіңіріп өскен бозбала Жүсіп жасы егде тартып коммунистік идеологияның кәріне мінген шағында да астарлап болса да айтарын ақырын жеткізіп отырған қаламгер. Мәселен, «Ақымақ» деп аталатын фельетоны былай деп басталады:
«– Осы, Құдай бар ма, Меке? – дейді Тәйтік қарсы алдында отырған Медет молдаға.
– Астағыпралла! – Молда оң қолымен көкірегін баса қалды. – Күпір болдың, Тәйтік, айтпады деме...
– Сіз мені түсініңіз, молдеке. Күпір-сүпіріңді қоя тұр, – дейді Тәйтік шарт жүгіне қалып. – «Қайырбайға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы» дегендей, мен қысылып, жанымнан шошып кеп отырмын. Дозағыңа итермелемей тұра тұр!
– Жаныңнан шошысаң, Хақ Тағаланың барлығына шәк келтірмегін, – деп молда басын қақшаң еткізді. – Алланы бір, пайғамбарды хақ деп білу – парыз».
Өмір бойы істегені ұрлық, айтқаны өтірік, алдау-арбаумен, ішкілікке салынып, тәубасын ұмытқан, қала шетіндегі татар мешітіне барып түнде от салып кеткен Тәйтік сияқты азғын адамды Медет молданың алдына әкеліп обал-сауап, ар таразысына салуы кеңестік дәуір қаламгерлері шығармашылығында кездесе бермейтін эпизод. Кейіпкерлеріне Қисықбасов, Ірімесов, Майжемесов, Шайпаубике, Арбакешова, Айнымалиев сияқты бейнесіне, мінезіне, қарекетіне сай есім-атауларды дөп басып қоятын шебер сатирик осы жолы Молданы Медет, ішкіш, арамзаға Тәйтік деп ат қоюының өзі қаламгердің ішкі дүниесін, жан-жүрегінің қаншалықты таза, иманды екендігін танытса керек. Кеңестік дәуірдегі қай шығарманы оқысаңыз да молданы дүмше, аңқау елді алдайтын арамза кейпінде оқып-таныған ұрпақ үшін Алтайбаев қаламынан туған «Ақымақ» фельетоны біраз нәрсені аңғартып өткендей. Сатира – өмір айнасы. Әркім одан өзінің бейнесін, болмысын, әрекетін көреді. «Бетің түзу болмаса, өкпелеме айнаға», – демекші, Жүсіп Алтайбаевтың сатиралық шығармалары өмірдің өзін қаз-қалпында көрсетуімен құнды. Бұл туралы Ж.Алтайбаевтың әріптес ізбасары ғалым, зерттеуші Т.Қожакеев жан-жақты айтып өтеді.
«Журналист-сатирик туындыларын оқып отырып, оның сатиралық творчествосының бірсыпыра белгілерін аңғаруға болады. Ең алдымен, автор фельетондарын үнемі дерлік шартты етіп жазады. Фактілердің болған жері, мерзімі дәл көрсетілмейді, кінәлі адамдар аты-жөні ойдан қойылады.
Бірақ фельетондарда өмірден, жеке адамдар тірлігінен жинақталып, қорытындалып алынған іс-қылықтар сөз етіледі. Көз көріп, құлақ естіп жүрген өмір шындығы қозғалады. Ел оларды оқығанда-ақ «мынау пәлен жерде болған оқиға сияқты екен», «мынау біздің Түгенбаевтың дәл өзі екен» деп, ұқсас фактілерді айтып, ұқсас адамдарды атап жатады. Көп «сабаздар» «осы мені айтып отырған жоқ па?» деп, селк етіп, секем алып, іш жиып қалады. Аяғын аңдап басып, жөнімен жүруге мәжбүр болады. Демек, шартты фельетондардың да әшкереушілік, тәрбиелік мәні зор».
Әдеби, публицистикалық мұраларды зерттеу барысында шығарманың өміршеңдік мұраты деген пайымдауды ауызға жиі алып жатамыз. Белгілі бір қоғам проблемасының да шектеулі уақыты бар. Бір кездері өте зәру болған мәселелердің уақыт өте келе күн тәртібінен түсіп, өзінің маңыздылығын жоғалтуы хақ. Әрине, ондай мәселелер тек ақпараттық мағлұмат ретінде ғылыми қолданыс кәдесіне жарауы мүмкін. Ал біз сөз етіп отырған шығарманың өміршеңдік мұраты оның тағылымдық, тәрбиелік мәнінде жатса керек. Жазушы-сатирик Жүсіп Алтайбаев мұраларын зерделей отырып көз жеткізген басты мәселенің бірі осы болды. Ж.Алтайбаев шығармашылығы хақында белгілі ғалым Т.Қожакеев санамалап көрсеткен мына жағдаяттар кешегіні ғана емес, бүгінгі һәм ертеңгі ұрпақ зердесіне де ой саларлық дүниелер болып табылады.
«Ж.Алтайбаевтың сатиралық шығармалары келелі, салмақты мәселелерді қозғайды, көптің көңіліндегі проблемаларды көтереді. Мысалы, ел ішіндегі бақталастық («Онда не тұр?»), кейбір заң орындарындағы ымырашылдық, тамыр-таныстық («Келіңіздер, танысалық», «Құнан дауы»), тәжірибе алмасуға келуді мейрамға айналдыру («Желке неге қышиды?»), елуде еңбегіміз еленбеді, алпыста атаусыз қалдық, шапан жамылмадық, орден тағынбадық деп өкпелеу («Көсеге құрмет»), жиылыс-мәжілістерді өткізудегі бос дауырық, көзбояу («Сіздерді сендіремін»), адам қанаты жылқы парқын білместік («Еске алынды»), дүмше ғалымдық («Диссертация»), тіл құралдарын қолданудағы парықсыздық («Шын сырым»), қулар арасындағы құраншылдық, діншілдік («Байтал түгіл бас қайғы», «Мүтәуалли»)».
Сатирик-жазушы Ж.Алтайбаев дәуірінде көтерілген осы мәселелердің қай-қайсысы болсын күн тәртібінен әлі күнге түскен жоқ. Қайта осы проблемалардың дені өршіп, бұрынғыдан да гөрі шиеленісе, қоюлана түсті. Тарих беттеріне айналған Жүсіп Алтайбаевтың осы шығармаларын қайта жаңғыртып, бүгінгі баспасөз бетінен сөйлетсек талай пенделер өздерін айна қатесіз танырлары даусыз. Жаманнан жирендіріп, жақсылыққа үйрету дегеніңіздің өзі қателікті дер кезінде көрсетуден туындаса керек-ті. Ендеше, сөз жоқ, жоғарыда келтірілген шығарманың тәрбиелік-тағылымдық мақсатынан туындайтын өміршеңдік мұрат дегеніміз осы болмақ.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 2001 жылғы 9 қарашасында Жүсіп Алтайбаевтың 90 жылдық мерейтойына орай жарияланған сатирик Толымбек Әлімбекұлы мақаласының тақырыбын «Нақ-нақ. Ақ мылтық күлкі» деп атаған екен.
Сірә, осы ақ мылтық күлкі біз сөз етіп отырған күрескер күлкінің табиғатын ашатын сияқты. Сатирик Толымбек Әлімбекұлы да бұл туралы өз пікірін былайша өрбітеді: «Жүсіп Алтайбаевтың суретіне қарасаңыз, сықақшының жүзін тану қиын. Күлкі іздесеңіз, таппайсыз. Қаталдау, темірдей тәртіптің кескін-келбетін көресіз де, сықақшының әзілкештігі қайда, ол бар ма деп таңдана үңілесіз. Ал бірақ ол тізген сөйлемдер күлкісімен қатар ұқыпты жиналған жүкті, шашаусыз сап түзеген жауынгерлердің қатарын көз алдыңызға елестетеді». Сатирик Жүсіп Алтайбаев күлкісі қоғамды табалау күлкісі емес, керісінше адамдар бойынан жат мерез қылықтарды адалау, яғни тазалау күлкісі. Қазақ қоғамындағы дертті болдырмау немесе оның алдын алу әрекеті Алтайбаев күлкісінің күрескерлігін, яғни рухани қару болғандығын көрсетеді. Зерттеуші ғалымдар мен сатирик жазушылардың қай-қайсысы болмасын қаламгер Ж.Алтайбаев шығармашылығына үлкен баға беріп, құрмет тұта сөйлеуінде де үлкен сыр жатыр. Әйтпесе қазақ сатирасының сайыпқыраны, әйгілі Қожакеевтің: «Жүсіп жөнінде жазу зор жауапкершілікті қажет етеді», – деуінің өзі Алтайбаев шығармашылығының қаншалықты шымыр, шырайлы екендігіне дәлел болса керек-ті.
Биылғы жыл көрнекті жазушы, дарынды публицист, сатира жанрының сардары атанған Жүсіп Алтайбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Қаламгерлік жолын ХХ ғасырдың отызыншы жылдары бастаған Ж.Алтайбаев өзінің саналы ғұмырын журналистиканың азапты да, ауыр шырғалаң жолына арнады. 1937 жылдардағы саяси-қуғын сүргін, Ұлы Отан соғысының ауыртпашылығы, соғыстан кейінгі жағдай, тың көтеру, социализм құрылысы сияқты халық басынан өткерген сан-қилы, соқтықпалы-соқпақты жылдар шежіресі Ж.Алтайбаев шығармашылығында жан-жақты көрініс тапты. Жазушы-журналист Ж.Алтайбаев ғұмырын үлгі өнеге ретінде насихаттау бүгінгі ұрпақ үшін маңызды, игі шара болып табылады. Өзі дүниеге келіп қанаттанған Қарағанды облысы қаладағы көше мен мектепке немесе кітапханаға Жүсіп Алтайбаев есімін берсе, халқы үшін қызмет етіп, өнегелі өмір сүрген абзал жанға деген туған халқының шынайы құрметі болар еді.
Иә, алты алашқа семсер сөзбен айбын болған Жүсіп Алтайбаев сияқты азаматтарымызды еске алып, есімін ардақтау бүгінгі ұрпақ парызы.
Қойлыбай АСАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қарағанды.