05 Мамыр, 2011

Бітімі бөлек ойлар бар

618 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елге танымал қайраткер, қаламы қарымды сенатор Қуаныш Сұлтанов «Егемен Қазақстанға» биылғы 12 сәуір күні «Ұлттық сана ұраншысы» атты мақала жариялап, көзіқарақты миллион­даған оқырманға «тосын сый» жасады. Мұндай рухани «тосын­ сый­ға» таңдандық та, қуандық та, тұшына оқыдық та. Өйткені, Қ.Сұлтановтың үнемі баспасөз бетінде көлбеңдей бермейтіні, тек елдің саяси өміріндегі ұрымтал тұстарда ғана өзінің азаматтық, қайраткерлік үнін шығарып, туған жұртымен ой бөлісетіні ежелден мәлім ғой. Сондықтан осы маңызды мақалаға үн қатпай, бұйығып жатуды жөн көрмей, азын-аулақ ойларымызды ортаға салуды ұйғардық. Әрі бүкіл мазмұнына талдау жасаудан гөрі тек үш түйінді мәселеге ғана тоқталғанды жөн көрдік. * * * ЖЕМҚОРЛЫҚ АТТЫ ЖЕГІ ҚҰРТ Жемқорлық та, сірә, жезөк­ше­лік сияқты адамзат жарал­ған­нан кейін дереу пайда болған күнә әрі қылмыс. Біз «жезөк­ше­лік» деген сөзді тегіннен тегін қосып отырғанымыз жоқ. Егер алдыңғы күнәһарлық істе әйел тәнін де, жанын да сатса, екіншісінде па­ра­қор, жемқор ар-ожданын сата­ды. Сондықтан ол, қайталап ай­та­мыз, әрі күнә, әрі қылмыс. Әрине, жемқорлықпен күрес­пе­ген қоғам да, билеуші де кем­де-кем. Жемқорлық үшін талай­лар­ды атты, асты, басын шапты, сан жылға абақтыға қамады. Тіпті Кеңес өкіметінің кезінде де жемқорлыққа қарсы арналған өлім жазасының болғаны белгілі. Рас болса, И.Сталин бірде: «Билік басында тұрғанда, орыс­тың арағы мен жемқорлығына күшім жетпеді», деген екен. Сөз жоқ, жемқорлық ұлт талға­май­ды, алай­да осының өзінен қылышынан қан тамған Сталин жеңе алмаған жемқорлықтың кез келген қоғам және мемлекет үшін қаншалық­ты қатерлі екені көрініп тұр. Міне, сол әлеуметтік дерт елі­міздің тәуелсіздігі жыл­дарын­да мемлекеттің саяси-әлеуметтік мәселелерден «қолы босамаған­дық­тан», өршіп, асқынып кетті. Кеңестік дәуірдегі там-тұм жем­қорлық жағдайларына «жылап көріскендей» жағдайға келіп отырмыз. Бірақ өкініштісі сол, жеті басты «жалмауыздың» әлі саябыр табар түрі жоқ. Бұл жө­нінде Қ.Сұлтанов мақаласында былай деп қинала жазады: «Әйт­песе, Президент жемқорлықты жою туралы күніге айтады, қа­таң да сөйлейді, ақылға шақы­рып та айтады, бірақ жемқорлар шай­лықпайды. Міндетті түрде мәж­бүрлеп, ұстап, байлап, түр­меге жапқанда ғана тосылады. Жемқорлық адамдардың, яғни қо­­ғамның санасында отыр. Ол пай­­да­күнемдіктен, біреуді өзіне тәуел­ді ету арқылы, өзінің «маңы­зын» көтергісі келген мансап­қор­лықтан, ұлтына, мемлекетіне ж­а­нашыр­лығы жоқ, жеке басының пай­да­сын күйттеу санасынан шы­ға­ды. Міне, осыны жою керек. Оны тек ұлттық сана, өз мемлекетін сүю сезімі ғана жоя алады. Сол арқылы өркениет өріне өрме­леуге болатындығын сезінгенде ғана болады». Қарапайым болса да, қарымды ойлар. АНА ТІЛІҢ АРЫҢ БҰЛ... Ал Қ.Сұлтанов айтқандай, «ұлт­­тық сана, мемлекетін сүю сезімі» бар азаматтардың туған тілін де құрметтейтінін айту артық. Бұл жөнінде ой толғаған қайрат­кер аға­мыздың мына пайым­дау­лары мейлінше қысқа да нұсқа: «Қазақтарға өз ана тілін әрі таби­ғатынан, әрі ұлт­тық санасынан білуі – міндет. Сол арқылы мемлекет халқының тұ­тас­тығын, бірлігін, ынтымағын қамта­ма­сыз етуі керек. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы сон­дай-ақ қазақтар тек ана тілімен шектеліп қалсын деген жоқ. Керісінше, қазақ балаларының ана тілін жақсы меңгеруімен қатар, орыс, ағылшын тілдерін де еркін меңгеруі қажет деп бағыттайды. Бұл да ұлт­тың мүддесі. Ұлттың санасының өс­кен­дігін көрсететін межелер». Ра­сын­да да тіл туралы неге үнемі тек Елбасы сөйлеуі тиіс?! Әркімнің сана­сы, намысы, қала берді ар-ожданы қайда? Демек, тіл тағдыры қыл ұшында тұрса, оған тек ресми билік қана емес, бүкіл қазақ ұлты кінәлі. Мәселен, неге тілді қорғау мен оның тазалығын сақтау – түбі бір түр­кі ұлттары мен латыш, эстон­дар­да көздің қарашы­ғын­дай қор­ғалып, басты назарда ұсталады?!. ӨЗ ОРНЫҢДЫ ҚҰРМЕТТЕ! Нағыз мемлекеттік қызметкер қашанда өзгелерге үлгі көрсетіп, тек жақсы қырынан танылуы тиіс. Жақ­сы мемлекеттік қызметкер дегеніміз – туған тілін жетік мең­гер­ген, пара­қорлықтан аулақ азамат немесе азаматша. Алайда жас мем­леке­тіміздің сорына қа­рай осы­ны терең түсінетін адам­дар он­ша көп емес. «Өкінішке орай, – дейді әрі қарай Қ.Сұл­танов мақа­ла­сында, – нақты атқарушы орын­дарда – облыс ор­та­­лықтарындағы, қала­лар­да­ғы, ау­дандардағы мемлекеттік қызмет мекемелерінде өз міндеттерін орын­дауда жауапкершілік жеткіліксіз. Қызметкерлер тарапынан менмендік, немқұ­рай­лылық, са­лақ­тық мінездер көп көрінеді. Шеттен келген, орыс тілін білмейтін қазақтар біз­дің кейбір менменсіген, қа­зақ­ша сөйле­гі­сі келмейтін шенеуніктерден тауы шағылып, жал­пы Қазақ­стан сондай «меңіреу жартас» деген пікір туғызатын мы­салдар аз емес. Олар шара­сыз­дықтарынан Пре­зидентке, Парламентке, Үкі­мет­ке ша­ғымда­нып, арыз жазуға мәж­бүр болады. Мұ­ны біздің мемлекеттік қызмет­керлердің өз мемлекетін, тәуел­сіз­дігін сыйламаушы­лығы деп түсіну керек. Яғни, бұл да мешеу шенеуніктер бойында әлі ұлт­тық сана­ның кемістігін көрсетеді. Егер әр қызметкер өз орнында өз міндетін таза әрі жауапкершілікпен атқарса, ешкім де ешқайда шағым жазбас еді». Иә, шағым жазбас еді! Амал не, қазір оған қол жеткізу қиын болып тұр. Әр адамның санасында саңылау бол­маса, ешқандай тәр­тіп­тік ке­ңес­­тің де толымды нәти­жеге қол жеткізе алмасы айдан анық. Демек, мемлекеттік қызмет­кер­лерге, әсіресе, жас кадрларға оң ықпал ететін тәртіптік кеңестен өзге де ру­хани және әкімшілік тетіктер ойлап табылса, артық болмас еді. Оны келешектің еншісіне қал­дыралық. Осының бәрін түйіндей келіп, Қ.Сұлтановтың мақаласынан елі­міз­дің бүгінгісіне қанағаттану, ер­теңінен үміттену сезімі айқын та­ны­лады. Бүгінгі қазақ қоғамының алға басуына аяқтұсау болып отыр­ған заңды және жасанды кедергілерді көре отырып, ол оның уақытша құбылыстар екеніне кә­міл сенеді. Яғни, бүгіннен ертеңгі күннің нұрлы болары күмәнсіз. Сондықтан қайраткердің жасанды жасампаздықтан ада, аспаннан қара бұлт төндіріп, сарыуайымға шақырудан аулақ, тек ақиқаттың тең ортасымен жүрген мақала­сы­ның көп көңілінен шыққанына әрі шығарына сеніміміз мол. Махамбет ИХСАНҒАЛИ, Батыс Қазақстан облыстық тіл­дерді дамыту басқармасының бастығы.