01 Маусым, 2011

Дерек пен дәйек

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
32 000 000 000 Облыстың өнеркәсіп орындары өндірген өнім көлемінің құны осынша теңгеге жетіп отыр Облыстық статистика депар­та­ментінің деректері бойынша биыл өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсімі – 6,5, бөлшек тауар айна­лы­мы – 10,3, негізгі капиталға са­лын­ған инвестиция – 34,3 пай­ыз­ды құраған. Жалпы алаңы 7857 шаршы метр тұрғын үй бой көтерген. Шағын, қосалқы кәсіп­орындарды, үй шаруашылығы сек­торын қоса есептегенде өнер­кәсіп саласы бойынша 32 миллиард теңгенің өнімдері шыға­рыл­ған. Бұл – өткен жылға қарағанда 6,5 пайызға көп. Өнеркәсіп өндірісі құрылы­мы­ның 69,5 пайызы өңдеу кәсіп­орнына тиесілі. Бұл саладағы өн­дірілген өнім көлемі 22,2 миллиард теңге. Мәшине жасау сала­сын­да да ілгерілеушілік байқа­ла­ды. Бүгінге дейін нақты көлем индексі 141 пайызды құрап, жүк ва­гон­дарының өндірісі 4,9 пайызға өскен. Ал ауыл шаруашы­лы­ғы­ның жалпы өнім көлемі 17,7 миллиард теңге болған. Осы мерзім ішінде негізгі капиталға 6,7 миллиард теңге инвестиция құйылған. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.   3 203 Бұл – Маңғыстау облысы бойынша 2011 жылы ашылатын жаңа жұмыс орындарының саны Қазақстан Республикасында­ғы үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында өткен жылы облыста жаңадан 1 193 жұмыс орны ашылып, серпінді тоғыз жоба жүзеге асырылған-ды. Биылғы мерекелі жылы ол жобалар қата­ры өсіп, 12-ге жеткелі отыр. Олар­дың жалпы сметалық құны 82,2 млрд. теңгені құрайды. Қар­жы­ны игеруге атсалысатын азаматтар үшін жаңадан ашылатын жұмыс орындары саны 3 203-ке жетеді. Тағы бір атап айтарлығы – серпінді жобалар аймағымызға ғана емес, еліміз үшін ерекше маңызға ие. Жақында өңірлік үйлестіру кеңесінде аталмыш жобалар тағы да бір пысықталып, олардың жүзеге асу барысы жіті назарда болатындығы айтылды. Жоламан БОШАЛАҚ, Ақтау.     3 000 Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, биыл өңірде осыншама бүлдіршін  балабақша табалдырығын аттайды Бұл  Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданған мемлекеттік «Балапан» бағдарламасына сай қолға алынуда. Бұл іс кеншілер қаласы Екібастұзда да жақсы бастамамен  жүргізілуде. Бүгінгі күні үйде  кезегін күтіп отырған көпте­ген бүлдіршіндер жаңадан ашыл­ған балабақшалардан орын алуда. Сөйтіп, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында облыста жаңа 19  балабақша және мектептер жанынан 26 шағын ор­та­лық ашылатын болады. Елімізде өмірге келген «Балапан» бағ­дар­ламасының шапағаты кеншілер қаласына да жетті. Қалалық оқу бөлімінің хабарынша, бүгінгі күні кеншілер қаласының 88,8 пай­ызға жуық бүлдіршін бала­бақ­шаға барады.  Бұл күндері жеке меншік ба­ла­бақша ашу, бұрынғы ғимарат­тар­ды қайтарып алу мәселелері  қарастырылуда. Жалпы, кеншілер қаласында 1 601 бала кезекте тұр. Сондықтан биыл қалалық әкімдік 330 орындық тағы бір жаңа балабақша мен №35 мектептің жанынан шағын орталық ашуды жоспарлаған. Фарида БЫҚАЙ, Екібастұз.