01 Маусым, 2011

Бұл бізде бар

434 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бірақ соны бәріміз білеміз бе? Елордадағы нейрохирургия ор­та­лығының ашылғанына би­ыл тура үш жыл. Осы уақыт­тан бері орталық халыққа алдыңғы қатарлы медициналық техноло­гия­ны пай­да­ла­нып, жоға­ры са­палы нейро­хирургия­лық көмек көрсету үс­тінде. Бұл жерде тек операциялар ғана емес, нейрохирургия саласын­дағы ғылы­ми зерттеулер де жаса­лады, сондай-ақ, орталықтың  ғы­лы­ми-әдіс­темелік қызметінің ая­сында ней­рохирургия саласын­дағы ма­ман­­дарды қайта даярлау үшін шетелдерге оқыту  жолға қойылған. Біз бүгінгі әңгімемізде осы орталықта жасалатын түрлі ба­ғыт­­тағы операциялар туралы айт­пақ­пыз. Жалпы, бас сүйекке, ми та­мырларына, өңеш, жұтқыншақ, безге жасалатын операциялар ең бір күрделі оталардың қатарында екені даусыз. Батыс Еуропа елдерінде микроскоппен жасалатын операция­лар­дың құны қазіргі кезде  125-130 мың АҚШ доллары шамасында екенін ескерсек, біздің елде бұл он есеге дейін арзан. Жоғарыдағы орталықта нейрохирургия саласын­дағы операциялар­дың түгелге жуығы жасалады. Мәселен, ересек адамдар мен ба­ла­лардағы ми және жұлын ақау­лары, ісіктер, бас сүйек-ми жара­қатының зардаптары, әртүрлі тектегі сумилық (гидроцефалия), бас сүйек пен ми дамуындағы кемістік, омыртқадағы кінәрат, пери­фериялық жүйкедегі жарақат, ауру туындататын синдромдар, т.б. Сон­дықтан өз медицинамыздағы жетістікті көрмеу немесе білгір дәрі­герлерге сенім білдірмеу енді артта қалуы  тиіс деп ойлаймыз. Өйткені шет елдерде қымбат операция жасатып, күтінбей іле-шала елге оралғаннан гөрі, өз еліміздегі бардың бағасын білу әлдеқайда дұ­рыс болар. «Күтінбей» деуіміз­дің де мәні бар. Білікті дәрігер­лердің ай­туынша, көптеген операциялардан кейін міндетті түрде күтім қажет болғандықтан, науқас­тар ар­найы бөлімдерде біраз уақыт емделуі қа­жет. Ал, елімізден шет елдерге бар­ған науқастар көбінше операциядан кейін ары кеткенде бірер апта аял­дап елге қайтады. Өйткені көп уақыт жататын қаржысы жоқ, қаржысын опера­цияға жұмсап жіберген. Мұн­дай жағдайлар өте жиі кездеседі. Қазіргі кезде орталықта арнайы микрокатетер мен микроспираль­дың, сондай-ақ, арнайы медици­налық биожелімнің көмегімен адам санының тамырлары арқылы жал­пы қан айналым жү­йесінен ми тамыр­ларындағы ақау­ларды сылып тастау арнайы опе­рацияның бір түріне жатады. Бұл көп уақытты алмайды және аурудың денсаулығы тез арада түзеліп кетеді екен. Одан кейінгі бір бағыт – транс­сфеноидальды хирургия деп атала­ды. Бұл мұрын арқылы жасалатын ота. Бастағы ісікті бұрын бас­сүйекті тесу (трепанация) арқылы сылып тас­тайтын.  Ендігі әдіс сү­йекті тескен соң орын алатын қолайсыз­дықтар мен қиындықтарға жол бермейді. Бұл операция ар­қылы бас­тағы без ісігін, бассүйекте түзілген обыр­ды (рак), ангиофиброма, менингиома, краниофарингеома сияқ­ты бір­қатар ісіктерді жою­ға болады. Отаның осы түрі орталық­та 2009 жылы енгізілген екен. Содан бері 25 адамға жасалыпты. Оған 14,5 миллион теңге шығын кеткен. Ендігі бір бағыт – нейронавигация. Бұл арқылы ми құрылым­дарында терең орналасқан ісіктерді дәл анықтап, миға зақым келмейтіндей етіп ота жасауға болады. Қазіргі кезде орталықта жасалатын опера­ция­лардың үштен біріне осы әдіс қолданылады екен. Бұл 2009 жылы енгізілген, содан бері 150 адамға жа­салған. Ми құрылым­да­рының ма­ңыз­ды жерлеріне дендеп орна­ла­сып алған, яғни, ота жасау бары­сында мидың кез-келген бө­лігін жарақат­тап алу қаупі өте жо­ғары ісіктерге бұрын елімізде операция жасалға­ны­мен, дәл ней­ронави­га­ция­лық әдіс сияқты сәтті бола бермегенін ескерсек, орталық­тағы ней­ронавигация бө­лім­дері еліміздегі әлгіндей нау­қасқа шалдық­қан кез келген жанға көмек көрсетуге әзір. Төртінші бағыт эндоскопиялық тривентрикулостомия деп аталады. Қарынша жүйесіне жіңішке шарайнамен (эндоскоппен) жасалатын тө­мен инвазивті ота. Бұл көбінесе әртүрлі тектегі сумилыққа (гидроцефалия) жаса­лады. Негізінде кәдімгі сау адамдарда жұлындағы сұйықтық ми цис­терна­сына құйылу арқылы сіңіріліп оты­рады. Ал, суми­лыққа ұшыраған дімкәс­терде бұл сұйық­­тық мидың қарын­шасына жиналады екен. Жо­ғарыдағы операция  арқылы ми қа­рын­шасын­дағы жұлын сұйық­тығ­ын ми цис­тернасына айдау орын­далады. Бұл бұрынғы жасалып жүрген шунт­тық отадан әлдеқайда арзан әрі са­палы. Мысалы 2009 жылдан бері осы операция 26 адамға жасалған және оған 8 миллион теңге кеткен. Сонда әр адамға 308 мыңнан түскен деп есептесек, ал шунттық опера­цияның құны әр адамға 1 миллион теңгеге жуық, яғни, үш есеге дейін қымбат. Орталықта ғылыми-тәжіри­бе­лік бөлім жұмыс істейді. Осы бө­лімнің негізгі қызметі диагности­каның ең жаңа әрі белгілі әдістері мен орта­лық жүйке жүйесіндегі ісіктерді емдеуді клиникалық тәжірибеде қолдануды жолға қою болып табы­лады. Осы күні бұл бөлім нейро­онкологиялық аурулар мен орталық жүйке жүйесіндегі басқа да ауру түрлерінің емдеу әдістері мен қандай хирур­гиялық құралдарды қол­дану керектігін, қа­лай ота жасауға бола­ты­нын анық­тап, клиникалық тәжіри­беге да­йын­дауда. Соның ішінде менингиома, 3-ші жүйкедегі невринома, гипофиз ісігі, мидың нейро­экто­дермальды ісігі сияқты бірқатар ауруларды емдеу табысты жүргіз­і­луде. Бұл орайда осы ауруларға микрохирургиялық техникамен ота жасаудың өзіндік  жеңілдіктері мен оң нәтижелері бар екен. Орталық қызметкерлері тура­лы айтар болсақ, оларды негізінен осында қайта даярлайды, яғни, шетелдерге оқуға жібереді және орта­лықта шетелдік білгір ғалымдар  мен дәрігерлердің шеберлік сынып­тарын ұйымдас­ты­рып, кәсіби­лік­терін шыңдап отырады. Нейрохирургия – медицина­да­ғы жаңа бағыт. Еуропадағы заманауи нейрохирургия жиырма­сын­­шы ғасырдың екінші жарты­сынан, дәлірек айтсақ Екінші дүниежү­зілік соғыс аяқталған соң бастау алады. Оған дейін ней­ро­хирургия­ның мәселелері неврологтар мен жалпы хирург­тардың айтуы бо­йын­ша ғана белгілі болып жүрген. Тек 1949 жы­лы Парижде өткен невролог­тар­дың конгресінде чилилік Альфонсо Асенджио есімді азамат нейро­хирургтердің бір тобын жинап, саланы халық­аралық дәре­жеге көтерудің, ней­рохи­рургия­ны ме­дици­наның бір бағыты ретінде мойындатудың мәселесін кө­теріп­ті.  Содан кейін сең қоз­ғал­­ғандай болады. Арада біраз жыл өткенде медиктердің Лиссабон конгресінде неврология мен нейрохирургия ажыратылып, екін­шісі бөлек сала ретінде мо­йын­далады. Сосын барып сала­ның өз конгрестері мен жиын­дары өт­кізіле бастайды. Мұны айтып отырған себебіміз, нейро­хирур­гия­ның жеке сала немесе бағыт ретінде мойындалғанына енді жарты ғасыр болғанымен, әлем­нің дамы­ған елдерінде осы салада атқа­рылып жатқан жұ­мыс­тар өз деңгейінде. Соның ішінде біздің елімізде де тәуел­сіздік алған соң нейрохирургияға жете көңіл бөлініп, оған бөлек отау тігіп берді. Яғни, осыдан үш жыл бұрын ашылған орталық ең алдымен тәуелсіздіктің жемісі. Р.S. Осы күндері  елордадағы «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында» Нейрохирургиялық қоғамдастықтардың Дүниежүзілік федерациясының, Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақ  нейрохирургтары Ассоциациясының қатысуымен халық­ара­лық конференция өтуде. Соның ішінде Нейрохирургиялық қоғам­дастықтардың Дүниежүзілік федерациясының президенті, профессор Питер Блэк пен аталған федерацияның білім беру комитетінің төрағасы Йоко Като және Мәскеудегі Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми зерттеу институтының дирек­торы, академик Александр Коновалов бар. Аталған азаматтар конференциядан тыс шеберлік сыныптарын өткізіп, лекциялар оқуда. Айгүл СЕЙІЛОВА.