01 Маусым, 2011

«Фукусима-1» стансасындағы жарылыс

805 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
11 наурыздағы жер сілкінісінен зардап шеккен Жапонияның «Фукусима-1» АЭС-інің төртінші энергоблогында тағы да күшті жарылыс болды.  АЭС-тің операторы болып табылатын ТЕРСО ком­па­ния­сының мәліметтері бойынша, жарылыс радиоактивті қал­дық­тар­ды жинаумен айналысып жатқан қашық­тықтан басқа­ры­латын бульдозердің жанында болған. Мамандар мәшине жерге көміл­ген газ баллонына соғылған деген жорамал айтып отыр. Жары­лыс станса аумағына ешқандай зардап әкелмеген көрінеді.  Каддафидің тағдыры не болмақ? Муамар Каддафи елден кете ме, әл­де жоқ па деген сауал төңірегіндегі әң­гіме соңғы кездері барынша өршіп тұр. Ливия басшысы өзінің елден кетуі тура­лы мәселені талқылауға дайын деген сыбыс халықаралық коалицияның елдің бірқатар нысандарына, соның ішінде Кадда­фидің ре­зиденциясына да әуеден соққы жасауы аясында туындап отыр. Екінші жағынан, қалай дегенде де мемлекет басшысының көзін жою – әлем қауымдастығы, әсіресе, араб әлемі көзқарасы тұр­ғысынан алғанда нақ бір жақсы жағдай емес. Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка тәрізді БРИКС елдері де НАТО-ның әлемдік тәртіп сақшысы болу идеясын қолдап отырған жоқ. Германияда энергия тапшылығы туындай ма? Атом электр стансаларынан бас тартуына бай­ланысты Германияға не энергия тұтынуды қыс­қарту­ға, не Ресей энергия көздеріне деген тәуел­ділікті арттыруға тура келеді. Атом энергетикасы жөніндегі сарапшы, Atominfo жоба­сы­ның жетекшісі Александр Уваров Германияда қалыптас­қан жағдайға байланысты осындай пікір білдіріп отыр. Өйткені, АЭС-тер өндіретін электр қуаттарының 20 пайыз­дан астамын баламалы энергия көздері көмегімен алмас­тыру өте қиын. Ресейлік сарапшының айтуынша, тағы бір нұсқа бар. Ол Балтық АЭС-і іске қосылғаннан кейін Гер­манияның электр қуаттарын осы стансадан сатып алу мүмкіндігі.  Иран канцлер ұшағын өткізбей қойды Иран үкіметі Германия канцлері Ангела Меркель отырған ұшақтың өз аумағы арқылы ұшып өтуіне рұқсат бермей қойған. MIGnews агенттігінің хабарлауынша, ұшақ бірнеше сағат бойы Түркияның үс­тінде ұшып жүрген. Ұшқыштар жанармай жетпей қалуынан қауіптеніп Түркияға қонбақ болған кезде ғана ақыры рұқсат берілген. ГФР канцлері отырған ұшақ Түркиядан Үнді­станға бара жатқан көрінеді. Неміс баспа­сөзі Иран осы арқылы Германияны Иранның ядролық бағ­дарламасына қарсы санк­ция­ға қатысқаны үшін жазаламақ болды дегенді айтып отыр.   Бейбіт халықты атуға жол берілмейді Ауғанстан президенті Хамид Карзай бұдан былай НАТО-ның бейбіт тұрғындардың үйлеріне авиа­соқ­қы жасауына жол бермейтінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы мұндай мәлімдемені 28 мамыр күні НАТО әскерлерінің әуеден соққы беру арқылы елдің оңтүс­ті­гіндегі Хельманд провинциясында бірнеше әйел мен бала­лар­ды өлтіруінен кейін жасап отыр. НАТО-ның ресми өкілі Сансет Белински Х.Карзайдың мәлімдемесінен кейін НАТО-ның өз стратегиясын қайта қарайтынын хабар­лаған. Бірақ ол өз такти­ка­сының тез арада өзгере қоятындығы туралы ештеңе айт­па­ған. Жалпы, соңғы кездері бейбіт тұрғындардың оққа ұшуы тым жиілеп барады. Отанын сатты деп айыптамақ «Біртұтас Грузия демократиялық қозғалы­сы­ның» жетекшісі Нино Бурджанадзе Грузия президенті Михаил Саакашвилиге, ішкі істер министрі Вано Мерабишлиге және басқа да бірқатар шенеуніктерге «салдыр-салақтық немесе отанды сатты» деген айыптар тақпақ. Мұндай жағдай Грузия ішкі істер министрлігінің қару­лы топқа қатысты деген күдікпен Кинцвиси монас­тырында 24 адам ұсталды деген мәлімдемесінен кейін орын алып отыр. ІІМ-нің мәліметіне сәйкес, топқа бүгінде Ресейде тұратын, Грузияның бұрынғы ішкі істер министрі Темур Хачишвили жетекшілік еткен. Бурджанадзенің айтуынша, Грузия билігі осындай ақпаратты ұстана отырып, елдің тәуелсіздігі мен егемендігіне қауіп төндіріп отыр.  Үндістандағы автобус апаты Үндістанның солтүстік-шығы­сын­да орналасқан Ассам штатында автобус суға кетіп қалған. Оның салонында үйлену тойына бара жатқан қонақтар болған екен. Қараңғы кеште орын алған апат салдарынан кем дегенде 37 адам қаза тапқан көрінеді. Куә­гер­лердің айтуынша, қайғылы жағдайдың орын алуына тәуліктің қараңғы мезгілінде жолдың бұралаң екенін ескертетін жол белгісін байқамай қалған жүргізуші кінәлі. Жергілікті тұрғындардың күш-жігерінің арқасында автобус ішінде тірі қалған 6 адамды құтқарып қалудың сәті түсіпті.  Қиярдан туған  қарбалас Еуропада «қияр» дүрбелеңі барған сайын қарқын ала түсуде. Оқиға Германияда асқазан-ішек инфекциясының бұрқ ете қалуына байланысты басталып отыр. Испаниядан әке­лін­ген қиярды тамаққа пайдалану салдарынан елде 10 адам қайтыс болып, 1200 адам ауыр науқас белгілерімен ауру­ханаларға түскен көрінеді. Соған орай Ресейдің Еуропамен шекаралас өңірлерінде де қауіпсіздік шаралары қол­ға алы­ну­да. Атап айтқанда, 30 мамырдан бастап Ресей Испания мен Германиядан көкөніс әкелуге тыйым салып отыр.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.