Осы жылдың 12 мамырында Алматыда Президент Н.Ә.Назарбаев қаланың активімен алқалы жиын өткізді. Онда шаhардың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашақтағы дамуы туралы келелі әңгіме қозғалды. Оңтүстік астанамыздың дамуының көптеген өзекті мәселелерімен қатар, Елбасы Алматы апортын жаңғырту проблемасын да алға қойды.
Осыдан 25-30 жылдай бұрынғы апортты айтсаңызшы, шіркін! Көлемі тостағандай болып, кейбіреуі 500-600 грамм тартатын. Құжатқа сүйенсек, ертеде 1200 грамдық апорт алмалары да болыпты. Ал оның көздің жауын алатын қызылды-жасылды түрі, тілді үйіретін ерекше дәмі мен жансарайыңды ашатын ғажап иісі керемет еді. Бір сөзбен айтқанда, апорт – алмалардың патшасы болған. Оған тең келетін алма бұрын да, қазір де әлемдік ассортиментте бірде-бір сорт жоқ, оның орнын ешқандай алма сорты толтыра алмайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматының апорты туралы «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында мынандай жолдар бар: «Негізінде әкемнің басты шаруасы мал бағу болатын. Пәлендей білімі болмаса да миуа ағаштарын будандастыруға кәнігі еді. Жұрт біздің баққа келіп керемет өсіп тұрған таңғажайып жемістерді немесе бір жағында кәдімгі апорт алмасы, екінші жағында уылжыған алмұрт пісіп тұрған ағашты тамашалайтын. Әкем өсірген ондай алманы (апорт деп түсіну керек – авт.) кейін еш жерден көрген емеспін. Өзінің сүйікті сортты алмасы – апортты ол келесі көктемге дейін бұзбай сақтайтын еді. Наурыз бен сәуірде оны базарға апарып қымбатырақ сатуға болатын. Шамалғаннан Алматыға дейін 45 шақырым, тонап кетуі мүмкін, өйткені, арбалы атпен жүресің».
Ал Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстандық жол» деген кітабында апорт бір кезде Алматының сәні болған деп сипаттайды. Халықпен кездесулерінде Президент апортты қазақстандықтардың ұлттық мақтанышы, ол экспорттық тауар болуға тиіс деп айтқаны есімізде. Бірақ, соңғы жылдары апорттың азу үдерістері байқалуда. Жемісі уақталып, түрі солғын тартып, дәмі мен иісінен түгелдей дерлік айырылған. Оның себебі неде? Біз осы атағы бүкіл әлемге мәлім болған, ұлттық мақтанышымызға айналған, Алматының символы, Жетісудың төл жемісі апортымызды жоғалтып алған жоқпыз ба? Оны қайтадан жаңғыртуға бола ма? Осындай сауалдар қай-қайсымызды болсын мазалайтыны анық.
Апорттың азып-тозып кетуінің себебі көп. Біз мысалы, оннан астам (дәлірек айтқанда 14) себебін анықтап дәлелдедік. Бұл мақалада барлық себептерін айтатын мүмкіншілік жоқ. Дегенмен, оның кейбір басты себептерін газет оқырмандарына жеткізуді жөн көріп отырмыз.
Сонымен, апорт алмасының азып, қазіргідей күйге түсуінің басты бір себебі – оны жүйесіз көбейтуде жатыр. Өйткені, ұластыруға арналған қалемшелер кез келген ағаштардан алынды. Оның алмасы сапалы, дәмі мен иісі сортқа тән, өнімі көп, жан-жақты тексерілген арнайы аналық ағаштардан алу керек еді. Бұл – жеміс ағаштарын көбейтудің негізгі бір заңы. Бірақ осы жағдайды кезінде ешкім ескеріп жатпады. Ештен кеш жақсы дегендей, енді кешіктірмей, апорт бақтарына мониторинг жасап, аналық ағаштарды белгілеу қажет.
Апортқа телітуші ретінде тек қана жергілікті жабайы алма келеді. Бірақ оның ішінде арнайы түрлерін ажырата білу керек. Жабайы алманың тұқымын даярлау да өз дәрежесінде жүргізілмеді, оның сапасы қадағаланбады. Сондықтан одан өсірілген телітушілер де ойдағыдай болмады, сапасы әртүрлі болды. Ол ол ма, соңғы жылдары телітуші ретінде қытайдың және сібірдің уақ алма ағаштарын қолданды. Олар апортқа сәйкес келмейді, тіпті бір-бірін бөтенсиді. Осыған байланысты Өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтында жабайы алманың бірнеше түрі телітуші ретінде зерттеліп жатыр.
Апорт алмасының керемет болуының басты факторы – ол Іле Алатауының ерекше экологиялық жағдайы мен табиғаты. Бұл сортқа қолайлы жағдай – осы таудың теңіз деңгейінен 900-950 метрден 1300-1350 метр аралығындағы кеңістік. Жоңғар Алатауында бұл кеңістік 850-1250 метр аралығында жатыр. Ал апорт бағы бұдан жоғары орналасса, оған қажетті жылу жетіспейді, одан төмен болса, артықтық етеді. Бірақ XX ғасырдың 60-70 жылдарында көпшілік бақтар жоғары айтылған деңгейден тыс орналастырылды (не төмен, не жоғары). Мұндай жерде өскен апорттың сапасы төмендеп, аза бастайды. Оған қоса, осы бақтардан қалемшелер даярланды, оның ұнамсыз қасиеттері келесі ұрпаққа берілді.
Дәлірек айтқанда, апорттың нағыз жері, сорттың экологиялық оптимумы Іле Алатауында – 950-1250 метр, Жоңғар Алатауында – 850-1150 метр аралығы болып есептеледі. Міне, осы кеңістікте апорт жайнап кетеді, өзіне тән қасиетін барынша алға салады. Өкініштісі сол, бұл жерлерде басқа дақылдар (жүгері, бидай, көкөніс, т.б.) егу орын алды, оларға басқа жер де жарап жатар еді. Бүкіл әлемге даңқы жайылған апортты өз жерінен ығыстырып, оның орнына басқа дақылдар еккеніміз дұрыс болмады. Ал соңғы жылдары апорттың таңдаулы жеріне «жаңа қазақтар» мен «жаңа орыстар» өздерінің ғимараттарын салып тастады. Сонда жаңғырған апортты қай жерге егеміз? Қинайтын мәселенің бірі – осы.
Апорт алмасының нашарлауының тағы бір себебі – оның вирус ауруына шалдыққаны. Біздің зерттеулерімізге қарағанда, апорт бірнеше вирус түрімен зақымдалған. Оның ішінде төрт латентті вирус бар. Вирус инфекциясы іштегі құрт сияқты апорт ағашын іштен сорып, өнімін азайтады, алманың сапасын төмендетеді. Сортты сауықтыру үшін вирустан таза көшеттер өсіру керек. Оның технологиясы бүгінгі күнде көп елдерде зерттелген, енді соны іске қосуға болады.
Апорт бақтарының азаюына, оның атағына нұқсан келуіне біздің кейбір ғалымдарымыздың да қосқан «үлесі» аз емес. Олар өз сортттарын шығарумен әуестеніп, соларын итермелеп, одан қалды шетелдік сорттарды насихаттаумен болды. Әрине, жаңа сорт шығару керек, шет елдің жақсы сорттарын өндіріске енгізу қажет. Бірақ өзіміздің басты, тәжді сортымызды назардан тыс қалдырғаны өкінішті-ақ. Ол ғалымдар мен бағбандардың апортқа таққан «кінәсі»: жемісті екі-үш жыл кеш береді, суды көп қажет етеді, өзіне тән сорттық агротехниканы қалайды, интенсивті сорт емес. Тіпті, апорт алмасының үлкендігі де кінә болып тағылды: бір адам алманы жеп тауыса алмайды, қалғанын далаға тастаймыз ба, деушілер де табылды. Кезінде «Күндестің кінәсі көптің» кері болды. Бірақ бұлар апорттың олар насихаттаған сорттарына қарағанда 10-15 жыл артық өмір сүретінін ескермеді, сапасын былай қойғанда, өнім жағынан көп сорттардан асып түсетініне көздерін жеткізбеді. Оның экспорттық тауар болатынын түсінбеді, апорт ұлттық мақтанышымыз деген сезімді аяққа басты. «Көп суару керек, арнайы күтім қажет» деуші керенаулар «керек етсең жақсы зат, еңбек сіңір – бабын тап» деген қағиданы қаперге алмады. Әйтеуір не керек, тоғышар шенеуніктер мен селқос ғалымдар анау-мынау деп, апортты тағынан түсіруге тырысып бақты. Сөйтіп, апортты бүгінгі мүшкіл жағдайына жеткізіп тынды.
Апорттың азып-тозып кетуінің 14 себебінің барлығы дерлік антропогендік факторларға байланысты, яғни біз өзіміз кінәліміз, сондықтан да оны жаңғырту адамның қолында. Уақыт күтпейді. Апорттың азу процесі жыл санап күшеюде. Біз оны бүгін сақтап қалмасақ, ертең кеш болады. Өйткені, аналық ағаштар – сорттың генофоны жыл сайын азайып барады. Апорт мәселесін енді ұзын арқан, кең тұсауға салуға болмайды. Жаңғырған апортты XXI ғасырдың тәжді сортына айналдыру парыз. Міне, сонда біз ел Президентінің тапсырмасын орындаған боламыз.
Апорт мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұл мәселе XX ғасырдың 80- жылдарынан бері қозғалып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев апорт проблемасын сол кезден қазіргі күнге дейін назарынан тыс қалдырған жоқ. Өзім куә болған бір жағдайды айтайын. 1988 жылы Қазақтың жеміс және жүзім ғылыми-зерттеу институтына республика басшылары келгені бар. Ол кезде Н.Ә.Назарбаев Министрлер Кеңесінің Төрағасы болатын, мен осы институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары едім. Нұрсұлтан Әбішұлының бізге қойған бірінші сұрағы осы апорт жөнінде болды: «Біздің мақтан тұтатын апортымыздың тағдыры не болады? Оны қайтадан қалпына келтіретін қандай шаралар істеліп жатыр?» – деген еді (Әрине, ғалымдардың шабан жұмысына қанағаттанбағанын сездірді). Міне, содан бері Президент апортты жаңғырту мәселесін талай рет көтерді. Күні кеше ғана, яғни 12 мамырда Алматыда қала активімен кездескенде Елбасы апорт мәселесін тағы да көтерді.
Былай қарасаң, апорт проблемасы жоғары деңгейде көтеріліп жүр. Бірақ мәселе жақсы басталады да, соңынан бірте-бірте сиырқұйымшақтанып кетеді. Бұған кінәлі тоғышар шенеуніктер мен селқос ғалымдар. Ең барып тұрған скептик ғалымның өзі апорт проблемасының көкейкесті мәселе екенін жоққа шығармайды, бұл мәселемен айналысудың қажеті жоқ деп те айта алмайды. Өкініштісі, басқаларға кедергі жасайды. Тіпті, шенеуніктердің өздері алдына барсаң, апорт мәселесін ынтамен тыңдайды, сенен артық түсінетіндей көрініп, көмектесуге уәде береді, бірақ, уәдесін орындамайды. Өйткені, олар болашақты ойламай, аяқ астында жатқан пайданы іздейді. Сосын, апорт проблемасымен айналысу өз қызмет міндетіне байланысты адамдар немкетті қарады, ал мәселемен айналысқысы келетіндердің мүмкіншілігі болмады. Біріншілерді, өкімет орындары жауапқа тартпады, екіншілерге қамқорлық жасамады.
Сондықтан да, апортты жаңғырту проблемасын шешуді ынталы, мүдделі, жаны ашитын ғалымдарға тапсыру қажет. Осы мәселемен бұрын шұғылданған, оны жақсы білетін, ұлттық патриоттық сезімі бар адамдар қолға алуы тиіс. Бұлай етпесе, одан ештеңе шықпайды.
Соңғы кезде Елбасының тапсырмасына сәйкес тиісті министрліктер апорт проблемасына бет бұра бастады. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі 2009 жылы әр ғылым саласынан іргелі зерттеулерге конкурс жариялады. Біз (Өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институты) бұл конкурсқа апортты жаңғырту проблемасымен қатыстық. Жолымыз болып конкурсты ұтып шықтық. Ғылыми жобамыздың нақты құны 9 млн. теңге болғанымен (жыл сайын), министрлік әлемдік қаржы дағдарысын сылтауратып, 4,5 млн. теңге ғана бөлді. Бүгінде осы қаржыға да қанағат етіп отырмыз. Соған байланысты бағдарламамызды едәуір қысқартуға мәжбүр болдық. Ауыл шаруашылығы министрлігінің «ҚазАгро- Инновация» АҚ президенті, академик С.Кененбаев мырзаның ынта танытуымен биылғы жылы апортты жаңғырту проблемасына 5 млн. теңге қаражат бөлінді. Осындай қаражаттандыру 2012-2014 жылдары да жалғаспақ.
Қазіргі кезде аталмыш проблемада айтарлықтай нәтижелер де бар. Өсімдік қорғау институты мен Биология және биотехнология институты бірігіп жүргізген зерттеулер нәтижесінде микроклондау әдісімен апорттың «жаңа өсімдігі» пробирка да (in vitro) алынды. Өсімдіктер пробиркада тамырланғаннан кейін, олар қолдан жасалған топырақтағы контейнерлерге көшірілді. Қазір олар (контейнерная культура) жылыжайда бейімделуден өтіп жатыр. Өсімдіктер әбден ширағаннан кейін оларды далаға шығарып, кәдімгі топыраққа егеміз. Телітушіге ұластырғаннан соң, оларды көшет қалпында баққа отырғызамыз. Сонымен қатар, Биология және биотехнология институтымен бірігіп, апортпен Сиверс жабайы алмасының әр формасының генетикалық кодын (ДНК) зерттеп жатырмыз. Мұндай зерттеулер телітушіні дұрыс таңдауды қажет етеді.
2011 жылдан бастап апортты жаңғырту мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары Жеміс және жүзім шаруашылығы институтымен бірлесіп жүргізілуде. Енді жоғарыда аталған іргелі және тәжірибелік жұмыстар кеңейтіле және тереңдетіле түседі. Егер қаржыландырылу жеткілікті болса, Алматы апортын жаңғырту жөніндегі Елбасының тапсырмасын ғылыми негізде 4-5 жылда орындауға болады. Істің тәжірибелік жағына келгенде де ғалымдар қол қусырып отырмайды, онда да қыруар еңбек істеуі керек.
Мағжан ИСА, биология ғылымдарының докторы, профессор. Алматы.