03 Маусым, 2011

Ұлытау өңіріндегі өрісті үрдіс ұлт рухын жаңғыртып отыр

565 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Қазақ жері қандай кең, қандай байтақ! Төрткүл дүниедегі бар құр­­лықтың 1,8 пайызынан аста­мын алып жатыр. Осыны бізден бұ­рын сақ ханшайымы Тұмар ха­ным білгендей. Білгені сол, «Басқа елдің қа­жеті жоқ... көгілдір күм­безді ас­па­ны бар, бетегелі боз да­ла­мызды біз ешкімге бермейміз!» депті қас­қайып тұрып. Сақтың та­ғы бір қы­зы Зарина жерінің, елі­нің бостан­ды­ғын қанша сүйкімді болса да, сүйіктісінен жоғары қойыпты. Сол сақ қыздары аңсаған, «Құ­дай қаласа барлық қазақтың басын қосып, Абылай хан дәуірін қайта орнатуымыз керек. Аллатағала бізге жар болғай!» деп Кенесары хан армандаған дәуір, қасиетті де қа­дір­лі, еш нәрсеге теңгермейтін тәуел­сіздік қазір қолымызға көк ту болып оралды. Бұл теңдессіз бақ, өлшеусіз бақыт. Бақ пен бақытты бағалай білу – қасиет. Қадіріне жет­пеу – қасірет. Осын­дай ойды қоз­­ғауға не себеп болды дегенге келер бол­сақ, жақында ұлт рухын кө­те­ре­тін, халқымыздың абы­ройын асы­ра­тын бір айтулы іске куә бол­дық. Ол Ұлы­тау өңірін­де, Жез­қаз­ған қа­ла­сында жүзеге асты. Оны ұйым­­­дас­тырған «Нұр Отан» ха­лық­­тық-де­мо­кратия­лық пар­тия­сы мен Жез­қаз­ған қа­ла­сы әкім­дігі еді. Абылай хан­ға еңселі ес­керткіш қо­йып, ғы­лыми-практи­калық конференция өткізді. Жезқаз­ғанға жол тарт­қанда Жаңаарқа ау­дан орта­лы­ғы Атасу кентіне тізгін тарт­қаны­мызда, бір кездері ай­тыста та­ны­мал болған, қазір ау­дан­дық мәс­лихаттың хат­шы­сы қыз­метінде жүрген Д.Жұ­ма­сейітов та­ғы­лымды әңгіме­лер­ді ал­ға тартты. Өзі де аң­қыл­даған азамат екен. Жа­ңа­арқаға келген сапа­рында белгілі ақын Кә­кім­бек Са­лықов жа­ңаар­қа­лық әнші­лер­ді тың­дай оты­рып, «Көкшенің әні Жа­ңаарқаға ауыпты, балапандай бау­лып, қыран ұшырып жатырсың­дар. Енді осы үрдістен айы­рылып қал­маң­дар», деген аға­лық сөзін мақ­та­ныш­пен ай­тып, одан кейін өмір бойы қазақ­тың жоғын іздеп, тап­қанын алты томда жинақтап кет­кен Ақаңның – Ақ­селеу Сейдімбектің басына бастап барды. Мына жал­ған­ның жал­ған екенін танытқан шын зиялы, «Көк­те­гі күн­­ге, жердегі еліме мейірім қан­бады» деп сұр тасқа жа­зылған қыс­қа да нұсқа өз сөзін өзі жа­мы­лып, бір төбенің үстінде үнсіз жатыр екен. Өркен (Кенжебек) деген ініміз суырылып шығып, құран ба­ғыш­­та­ғанда ала­қан жайып, бет сипадық. Бір замандары атына заты сай Жезқазған қаласының қазіргі келбеті қораштау көрінді. Атақты мыс зауы­тының ішін қайдам, сыр­ты ал­қам-салқам, ғимараттардың терезесі шұрық тесік, жамау-жас­қау. Мы­на көрініс көзге түскенде қы­зы­ғын көріп жатқандар немкеттілік та­ныт­­пай, уақытша жүрміз демей, жұ­мыртқадай жұтынды­рып қой­са қай­тер еді, дейді екен­сің. Оның үс­тіне қаланың кіреберісіне орна­лас­қандықтан көзге бірден ұрып тұр. Жезқазғанда бұрын Абылай хан­ға арналған ескерткіш болып­ты. Әлгі ескерткішті «қаң­бақ шал» деп атап кетіпті. Сыр-сым­баты бөлек жаралған Сәкен Сей­фуллин­нің де жансыз бейнесі сәніне сай келмегендіктен, алып тастапты. Ақын тұлғасына сай келетіні қа­ша­лып жатыр екен. Есті азаматтар жұрттың сынынан қо­ры­­тын­ды шығарып, Абылай атын­­дағы көше бойындағы жол­барыс жонындай созылып жатқан төбеге хан ескерткішін қонды­рып­ты. Ай­бын­ды Абылайдың тас бейнесін көмкеріп тұрған ақ жамылғы су­сып түскен­де тіл ұшына жыр жампозы Мағ­жан Жұмабаевтың: Бұл Тұран ежелден-ақ Алаш жері, Тұрансыз тарқамаған Алаш шері. Тұранның топырағында тыныштық тапқан, Алаштың арыстаны Абылай ері, – деген өлең жолдары оралды. Ескерткіштің ашылу салтана­тын­да елге танымал азаматтар Абы­лай ту­ралы ағынан жарылды. Бұдан кейін С.Қожамқұлов атын­­дағы Жезқазған қалалық қазақ музы­ка­лық-драма театрында «Абы­лай хан және қазақ рухы» деген тақырыпта ғылыми-практикалық кон­ференция болды. Конферен­ция­ны қала әкімі Берік Әбдіғалиұлы ашып, бұл игілікті іс «Нұр Отан» ха­лықтық-демокра­тия­лық партия­сының бастамасымен іске асып отырғанын атап өтті. Ал «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин болса, өз сөзінде: «Тәуел­сіз­дік­тің 20 жылдығы аясында өткізіліп жатқан іс-шараның басты мақсаты – елдік, егемендік, тәуелсіздік секілді ұлы ұғымды азаматтардың, оның ішінде жас ұрпақтың бойына ба­рын­ша сіңіру. Мерейлі тойды жоғары дәре­жеде атап өте отырып, жеткен жетістіктер мен жеңістеріміздің қа­та­рында тәуелсіздік жол ашқан ма­ңыз­ды оқиғаларды жұртшылыққа та­ныс­тырып отыруымыз қажет. Ондай елеулі оқиғалардың егемен­дік­тің 20 жыл­дығымен қатар келуінің өзінде үлкен мән жатыр десек, артық айт­қан­дық емес. Мысалы, алда атала­тын Абы­лай­дың – 300 жыл­дығы және Әлихан Бөкей­ханов­тың – 145 жылдығы, Жел­тоқсан оқиға­сының – 25 жылдығы, тағы басқа. Бұдан шыға­т­ын ой, біз тәуелсіздікке, кейде айтып жүрген­дей, кездейсоқ ие бола қалға­мыз жоқ. Бұл ұзақ жылдар бойғы ата-баба­лары­мыз­дың жанкешті, табанды кү­ресі нәти­жесінде келген ұлы жеңіс. Мұ­ны­мен қоса, Абылай ханнан, Ке­не­сарыдан бастап, Алаш азаматтары өз өмірлерін құрбан ете отырып, бізге елдік туын ұстатып кеткенін естен шығармауымыз керек. Ұлт ру­хы­на арналған мұндай конферен­ция­ны Жезқазғанда өткізудің өзін­дік себебі бар. Әр қазақ үшін киелі сана­латын Ұлытау бар қазақтың бірлігін бұрын да, қазір де сақтап келеді. Бұл жерде елдік мәселе шешілген. Ендеше, Ұлытау – елдіктің, бірліктің символы. Тәуелсіздік алған жыл­дары мыңдаған нәрестеге Абы­лай есімі беріліп жатты. Сонда олар­дың ата-аналары өз балаларын Абы­лайдай ба­тыр, не басшы болсын деген ны­шанмен ғана емес, ұлт оян­сын, Абы­­лай рухы қазаққа жетсін, тәуел­сіздік тұсында ұрпақтың сана­сы­на дарысын деген ізгі ниетте болды. Елбасы саясатының арқасын­да біз Тәуелсіздіктің 20 жылдық мә­ресіне лайықты келіп жеттік. Осы жыл­дар ішінде мемлекеттің іргета­сы қа­лан­ды. Шекара бекіп, әскер жасақ­талды. Астана салдық, эко­но­мика өрледі. Енді осыны хал­қы­мызға түсіндіріп, ойына терең дары­туға ұмтылуымыз керек», деді. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Абылай ханның мемлекет құру жөніндегі идеяларына те­реңдеп барып, бүгінде мемле­кет­­шіл­­діктің аса қажет екеніне назар аударды. Ассамблея Төр­аға­сы орын­­­басарының өңірде өтіп жат­қан мұндай алқалы жиын­ға қаты­сып, ұлттық рух, соның ба­сында тұрған Абылай бабамыз ту­ра­лы пікір айтуы­ның өзі үлкен жетістік деп білеміз. Оның үстіне Ассамблеяда мемлекет негізін құ­рап отыр­ған ұлт туралы бір ал­қалы жиын өтіп, онда қазақтың ар­ғы-бергі тарихы мен алдағы бо­лашағы сөз болып, ол құжат түрін­де бекіп жатса, нұр үс­ті­не нұр болар еді. Қазақ әдебиетінің классигі Ға­биден Мұстафиннің бір кездері ұлтшылдармен күресіп едік, енді ұлтсыздармен күресуіміз керек дегені есте. Сол секілді Алаш ру­хы деген мәселе көпке дейін жабу­лы қалып келгені өзімізге мә­лім. Қазір осыны қаузап, ал­дың­ғы аға­лары­ның үзіліп қалған ойын жал­ғас­тырып, Алаш идея­сын ұйқылы-ояулардың санасына сәуледей сі­ңір­сем деп шырылдап жүрген көр­некті ғалым, белгілі жазушы Тұр­сын Жұртбай «Мәң­гі­лік билік идея­­сы және Абылай хан» деген тақырыпта баяндама жасады. «Бұл басқосу тек қана бір өңірдің, бір қа­­ланың жақсы атын шығаратын іс емес, Алаш рухымен астасып, бүкіл елге жететін игілікті жұмыс. Абы­лай­ға орнатыл­ған ескерткіш қазақ­тың арғы-бер­гі алыптарына, нақ­ты­лай түссем, біздің мемлекеті­міз­дің негізін қалаған, сол идеяны ал­ғаш кө­тергендерге қойылған белгі деп ұқ­қанымыз жөн», деген ол, мәң­гілік идеяның негізінде ел еңсе­сі­нің биік болуы жатқанын, соның нәти­же­сінде ердің тізесі бүгіл­мей, азат ойдың алда жүргенін айта келіп, одан әрі бүгінгі мәң­гі­лік тура­лы ұғым­дардың көне түр­кі жазу­лары­нан бастау алаты­нына нақты дәлел­дер келтірді. Ол со­нымен бір­ге Мағ­жан жырларын­дағы ұлт ту­ра­лы ой байламдарға бойлап барды. «Хандық дәуірдегі жыраулар поэзиясы» деген тақырыпта Мә­жі­ліс депутаты, қазақ өнерінің қазір­гі шоқтығы биік азамат­тары­ның бірегейі Бекболат Тілеухан Асан Қайғыдан бастап, Махамбетке дейінгі жыраулардың жыр­ларын тө­гіл­те келіп: «Қазақтың көзі де, сөзі де, тіреуі де, санасы да солар бол­ды. Ұлт ұстаздары да солар еді. Оларға халық сенді, сол сенім халық тұтастығын сақ­тап, ұлтты қалыптастырды. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шы­ғарудың да үлгі­сін көрсетті» деген ол ұлы жы­рау­лардың жырлары­нан сол дәуір­д­егі хандардың ұс­таған бағыт-бағда­рын айқын көру­ге бо­ла­ты­нын, мә­се­лен Бұқар өлеңдерінде Абылай саясаты айқын көрініс тауып жата­тынын алға тартты. Бұқар­дың Абы­лай туралы: «Сен жиырма жас­қа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай тү­ле­дің. Дәулет құсы қонды ба­сы­ңа, Қы­дыр келді қасыңа», деп Шал­киіз, Дулатқа, одан Махамбетке жеткенде оның ереуіл атқа ер салмай, ұлы ар­манға бет бұр­май, Исатай деген ағам бар деп Байма­ғам­бет сұлтан­мен алыспай, Жәң­гір­мен жағалас­пай жүре берсе, ол ба­сы­нан айырылмас еді деді. Шығыстанушы, қытайтанушы Бақыт Еженханұлы «Абылай ханға қатысты жаңадан табылған Қытай мұ­рағат құжаттары» деген тақы­рып­­та жасаған баяндамасында ХVІІ ғасырдың 50 жылдарынан бастап, Абылай Қытаймен қарым-қатынас орнатқанын, сол тұстағы құжат­тар­дың біразы мәнжу, көне қытай, араб, түркі, шағатай тілдерінде екенін еске салып: «Мәнжу деген халық жойылып кеткендіктен, сол тілдегі құжаттардың көбі оқылмай қалған. 2004 жылдан бас­тап біз соған зерттеулер жүр­гіз­­генімізде, қа­заққа қатысты 3500 – 4000 құ­жат­тың бар екенін анықтадық. Оның көбі жоғарыда айтқан тілдерде екен. Осы хат­тар­ға, құжаттарға сараптау жүргіз­ге­ні­мізде Абылай Қытайға тұңғыш дипломаттарын 1757 жы­лы жіберіпті. Қазақ ханы­ның Цинь пат­ша­сына жіберген екі хатының нұс­қасы табылды. Ол хатта Абы­лай ел тұтастығы мен жер тұтас­тығы, көршімен жақсы қарым-қа­ты­нас туралы айтыпты. Цинь пат­ша­сы өзінің жауабында Абы­лайды қазақ ханы деп мо­йын­дап, құттық­тау жолдаған. Біз Абы­лай хатын зерделеп қарасақ, оның түпкі ойы дәстүрлі қытай тіліне аударған кезде өзгеріп кеткен. Яғ­ни, тең дәре­же­дегі қарым-қаты­нас жасау жө­нін­дегі тұжырымды бодан болды дегенге қарай бұр­ма­лап, өз саясат­тарына ыңғайлап жіберген. Шын­ды­ғына келгенде, Абы­лай хан ондай бағыныш­ты­лыққа бармаған. Бұ­ған жолдаған хаттың негізгі нұс­қасындағы то­лық сақ­тал­ған ой да, стиль де, мазмұн да дә­лел бола алады», деген ғалым әр де­ре­гін қо­лын­дағы құ­жат­тармен бұл­тарыс­сыз дәйек­теп отырды. Өлкетанушы Сағындық Қожа­м­­сейітов, Абылай хан мен Ұлытау ту­ралы әңгімелесе, ғалым Серік Ер­ғали ханның дара тұлғасы, Тө­ле бидің ұлылығы, көріпкелдігі бала Абылайдың бойындағы ерек­ше қасиетті ерте танығаны екендігі жайлы ой сабақтады. Саясаттанушы Айдос Сарым өз ойын тереңнен қозғап: «Шыны керек, соңғы кездері тарихты өзі­міз сү­йіп ішетін қымыздай кө­ре­тін болдық. Сапыра берсек, көпі­ре беретін секілді. Шын мәнінде, тарих тұнып тұрған судай мөлдір де тұ­нық болуы керек. Бақыт Ежен­хан­ұлы құ­жат­тар арқылы нақтылаған­дай, біз­дің ата-баба­лары­­мыз тек қана өзінің ауылымен, жерімен шек­телмеген. Өз әлемін жақсы түсінген, білген. Әлемдік деңгейге шығуға сол кездің өзінде шама-шарқынша тырысқан. Атал­ған құжаттардың біразы қалмақ тілінде жазылғаны айтылды. Бұл не деген сөз? Бүкіл мемлекеттік дипло­матиялық инс­ти­туттардың сол кезде де бол­ға­нын көрсетеді», деді. Белгілі журналистер Көл­бай Адыр­бекұлы мен Берік Уәли ұлы тұлға туралы ой тербеп, өңір өн­дірісіне Қаныш Сәтбаев қос­қан ай­ту­лы үлестер туралы мысал­дармен сөйледі. Конференциядан кейін табан тиген жер: «Орыстарға Кремль қан­дай қадірменді болса, менің­ше Қазақ елі үшін Ұлытау да сонша­лық­ты қастерлі» деп Қ.Сәт­баев айт­қандай, Жезді кенті бол­ды. Өт­кен ғасырдың ортасында ұлы ға­лым ашқан мырыш осы жерде өн­ді­рілгені тарихтан белгілі. Жез­ді­нің аты сол тұста төрт­күл дүниеге танылған. Қазіргі көрінісі көңілге мұң ұялатады. Кезінде екінің бірі­нің қолы жете қоймаған бес қа­батты үйлерді жау жайпап кеткен секілді. 13 мың халықтан 6 мыңы қалыпты. Көңілге медеу болатыны, келген жұрт барып көретін кент орта­лығындағы Кенесары ханның ескерткіші мен кешегі КСРО аума­ғын­дағы екеудің бірі саналатын Жезді тау-кен және балқыту ісі та­рихы мұражайы дер едік. Хан Кене ескерткішінің Ұлытау өңі­рі­не ор­на­тылуының себебі, 1840 жыл­дары Кішітауда ақкиізге кө­теріп, оны хан сайлады деген дерек бар. Ал мұ­ражайды кезінде ау­дан кө­ле­мінде айтарлықтай лауа­зымды қыз­мет атқарған Мә­кен Төре­гел­дин шыр-пыры шығып жүріп ұйым­­дас­тырыпты. Мұра­жай­да сақ­тар­дың мыс қорыту пешінен бастап, ХІХ ғасырда ағыл­шындар әкелген отар­ба­ға дейін бар. Жалпы, мұражай туралы алда­ғы уақытта кеңінен толғап, жазуға болатын секілді. «Таңбалы тас» сая­ба­ғының ашылуы рәсімінде сөз алған аудан әкімі Әнуар Омаров бұл жұмыстың басталуы мен аяқ­талуы туралы жан-жақты баяндап берді. «Таң­ба­лы тастың» айнала­сы­на тоғыз балбал тастардың кө­шірмесі қойы­лып­ты. Әлкей Мар­ғұ­лан өзінің жаз­баларында осын­дай 3 мыңға жуық балбал тастар­дың болғаны­нын айтқан екен. Таң­балы тас ту­ралы академик Манаш Қозы­баев­тың пікірін еске түсірер болсақ, ғалым сондай таңбалы тастар қа­зақтың конституциясы еді деген пікір қал­дырыпты. Төрт метрден аса­тын ең­селі тасқа қазақ жұртының ал­пыс­тан аса таңбасы қашалыпты. Аудан орталығының қақ төрі­не «Хан ордасы» аталатын алып кешен салынып жатыр екен. Ұлы­тау­дың бір саласы саналатын Қызем­шек­тің бөктерінен Асан Қайғыға тұрғызы­лып жатқан ескерткіш ең­селі кө­рінді. Адам бейнесіндегі Ұлы­тау об­разы, таудан шығып тұр­ған рух десе болғандай. Ақ мәр­мәрдің үс­тінде тұрған ақ киімді, ақ сақалды абыз қарт құшағын ашып, алақанын жайып, бата беріп тұр. Мен Ұлытауға әкім болып келгенге дейін біраз сөздің тиегін ағыттым. Енді сол сөзді іске асы­ру­ға жан салып жатырмын, дейді алғашында Ұлытауда, қазір Жезқаз­ған қаласында әкім болып жүр­ген Берік Әбдіғалиұлы. Ол Ұлы­тау­ға бара салып «Ұлытау – қазақ­тың хан ордасы» деген атқа сай болсын деген ізгі-ниетпен көп­те­ген жұмыс­тар­ға ұйытқы бо­лыпты. Ең бас­тысы, туризм орта­лығына ай­нал­дыруды қолға алғанына, ол өзі­нің нәтижесін бере бастағанына көз жеткіздік. Эко­но­ми­камен қа­тар, ха­лықтың ру­хын көтеретін дү­ниелер­ге ерекше мән беріпті. Ең алдымен жас ұрпақты отан­шыл­дық­қа тәр­бие­­леу үшін, өздері мақ­тан тұтатын ұлы тұлғалардың атын жаңғыр­тып­ты. Мысалы, «Жоң­ғар­ға бодан бо­ла­мыз ба, әлде қасық қа­нымыз қалғанымызша соғыса­мыз ба?» деген Қарақұм құрыл­тайы­на биыл 300 жыл толады екен. Сол құ­рылтайды басқарған Тәуке хан­ның есімі Қоскөл ауылындағы орта мектепке беріліпті. Тағы бір ай­тарымыз, тарихта «Бұланты шай­­­қасы» деген атпен қалған қал­мақтарға жойқын қарсылық Қар­сақбай мен Байқоңыр жерінде бол­ғаны мәлім. Өкінішке қарай, бұл да жиі айтыла бермейді. Сол шай­қасқа Әбілқайыр хан қол­басшы болған ғой. Осындай жағ­дайлар ескеріле келіп, Байқоңыр ауы­лын­да­ғы білім ұясына Әбіл­қайыр хан­ның, Мибұлақтағы мектепке Қа­сым хан­ның, ал Алғабас­тағы мектепке Хақназар ханның аты берілсе деген ұсыныс жоғарыға жол­да­нып­ты. Мұнымен қатар, Ұлы­таудың тағы бір ауылы Қорғасын кентіндегі білім ұясына Кейкі батыр­дың есімін беру ұйғары­лып­ты. Бұлар­дың бәрі Тәуел­сіз­дігі­міз­дің 20 жыл­­дығы қарсаңында қолдау тауып жатса, құба-құп бо­лары анық. Енді Жезқазғандағы оң істерге келетін болсақ, қаланы дамыту­дың 20 тармақтан тұратын бағ­дар­­ла­ма­сы жасалыпты. Ұлытау­да білім мекемелеріне хандар мен батыр­лардың есімін беру үрдісі қолға алынса, Жезқазғанда Алаш арыс­тарының аты жаңғыра бас­тапт­ы. Мысалы, Ш.Уәлиханов, Ә.Бөкей­хановтан бас­тап, М.Дулатов, М.Шо­қай, М.Жұ­мабаев, А.Бай­­­тұрсынов, М.Әуезов, Б.Мо­мыш­ұлы, Д.Қо­наев, Қ.Рыс­құл­беков ат­тарын мектепке беру жө­нін­де тиісті орын­дарға өтініш түсі­рі­ліпті. Сол секілді генерал Сабыр Ра­химовқа және Кеңес ауған соғы­сын­да көр­сеткен жеңісі үшін КСРО Ба­тыры, одан кейінгі қа­һар­мандығына орай Ресей Ба­ты­ры атағын алған жал­­ғыз қазақ Қайыргелді Май­дановқа қа­ла­дан көше аттары беріліпті. Жел­тоқсан да жаңғырыпты. Алда­ғы уақытта Жақсыгелді Сейіловтей композитор да ескерусіз қал­май­тын көрінеді. «Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу –адам­шы­лық ісі», деп А.Байтұрсынов айт­қандай, ұлт руханиятының жа­на­шы­ры болып жүрген әкімнің қа­сында жазушы А.Қаражігітұлы, қо­бызшы Б.Сәді­ба­қасов, әнші Қ.Әбеуов, мұра­тану­шы Б.Байжанатов, өзге де аза­мат­тар­дың құл­шынып жүргені кө­ңіл­ге медеу ұя­латты. Сонымен түсініп-түй­сіне алсақ, Ұлытау өңірінде ұлтқа бет бұ­рып, тастағы тарих жаң­ғы­рып, жаныңа жылу, ойыңа от сала­тын алып ескерткіштер бой кө­тере бас­тапты. Бұл ақжолтай іс өзге­лер­ге сабақ болса , қане. Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген Еркін Қуатайұлы.