04 Маусым, 2011

Елдік пен елтаңба – егіз ұғым

357 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы мемлекеттік гербінің авторы Жандарбек МӘЛІБЕКҰЛЫМЕН әңгіме – Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығына орай сізбен сәулетші, елтаңбаның авторы ретінде кезекті әңгімелесудің жө­ні келіп тұр. Және елтаң­баға конкурс жарияланған 1992 жылы Өзбекстанда тұр­ғаныңызды да білеміз. Менің сұрайын дегенім – көмек­ші­леріңізбен ел­таң­баны қанша уақытта жа­садыңыздар? – Елтаңбаны жасау үшін еліміздің тарихын, дәстүрін зерт­тедім. Оған бір айдай уақыт кетті. Біздің мәдениетіміз өте терең ғой. Сақ дәуірінен кейін киіз үйдің тарихының өзі 3 000 жылға кетеді. Сонымен бірге, Қазақ елі, міне, тәуелсіздік ал­ды, қайта отау тікті деген мә­селені көтеру керек болды.  Шаңырақ, кереге, босағаны бөліп қарауға болмайды. Осы үш дүниені Ел­таңбаға пайда­лануды жөн көр­дім. Одан кейін тұлпарлар мен басқа да хал­қымыздың қасиетті дүниелерін орналастырдым. – Конкурсқа көп адам қа­тыс­қанын білеміз. Сіз тапсыр­ған елтаңба жобасының нөмірі нешінші болды? – Алматыға келгенде маған 178-ші нөмірлі түбіртек берілді. Содан кейін Ташкентке қайтып кеттім. Сөйтіп, бір жарым айдан соң Алматыдан: «Біз сіздің жұмысыңызды көрдік. Келіңіз», деп хабарласты. Алматыға келсем, әр аптаның ортасында мемлекеттік комиссияның мүшелері елтаңбаның жобаларын талқы­лай­ды екен. Оған екі-үш рет Елбасының өзі де қатысыпты. Комиссияның төрағасы – Салық Зиманов. 1992 жылғы 4 мау­сым­да Жоғарғы Кеңестің ХІІ сес­сия­сы өтетін болды да, онда ел­таң­ба жобалары талқыланатын бо­лып шешілді. Осы сессияға Шым­кенттен жүк көлікке тиеп, диа­метрі 2 метрлік елтаңба жобасын әкелдім. Сессияда жобам талқы­ланып болған соң, ол ілініп қой­ылатын болды. Бірақ, сессия кезінде біраз тартыс жүрді. Депутаттар жұлдызға, қошқар мүйіз­ге қарсы шығып, бұл жұлдыз Кеңес Одағының белгісі ғой деген уәждерін көлденең тартты. Сонда  Елбасы депутаттарға: «Жұл­дыз – КСРО-ның белгісі емес, оның дінге де қатысы жоқ. Әр адамның, әр елдің өзінің жұлдызы болады. Біз – жас мемлекетпіз. Біздің де жұлдызымыз жарқырап жүрсін», деп депу­таттарды елтаңбаны қабылдауға шақырды. – Конкурсқа неше жұмыс ұсынылды? – Ресми түрде 245. Одан да көп болуы мүмкін. – Сіз жалауға да ұсыныс жасадыңыз емес пе? – Жалау екі түсті болса екен деп ұсыныс жасағанмын. Көк түс – аспан, сары түс – Сары­арқа деген мағына беретін. Оған орнамент те жасалды. Кейін жалау туралы көп тартыс болды. Сол кезде Нұрекеңнің өзі туы­мыздың бір түсті болуы тиістігін қадап айтты. Сонда Шәкен Нияз­бековтің бір түсті, орта­сын­да күн мен қыран, шетінде өр­нектер бейнеленген жалауы көңілден шықты. Ол ту бүгінде елтаңба сияқты халқымыздың сүйіспеншілігіне бөленіп отыр. – Елтаңбаның авторы ретінде қандайда бір награда ал­дыңыз ба? – «Құрмет» орденін алдым. Қазір Астанадағы Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ-да сәулет кафе­дра­сында профессор болып істеймін. – Сәулет өнеріне бай­ла­нысты қандай ұсыныс­та­ры­ңыз бар? – Бізге ұлттық архитек­ту­раны дамыту керек. Оны дамыту үшін тарихты терең біліп, көп зерттеу керек. – Астананың архитектура­сы ұнай ма? – Оның таңғалдыратын бір себебі бар. Біздің Елбасы төзім­ділікті, бірлікті ойлайтын болған соң, Астананың архитектурасы да соған  сай жасалып отыр. Ал «Бәйтерек» монументін ұлттық архитектураның бір белгісі деп ойлаймын. Бізге осындай ұлт­тық сәулет өнерлері арқылы елімізді бүкіл дүние жүзіне таныта беру керек. – Тәуелсіздіктің 20 жылды­ғына арнап қандай да бір жоба жасап жатырсыз ба? –  Түркі академиясы орталы­ғы­ның жобасын дайындап қой­дым. Содан кейін Астананың өз қақпасы болса деп босаға жо­ба­сын дайындадым. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН, Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20