Бүгінде Қазақстан экономикасына инвестиция салуға Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азияның іскер топтары да ынта танытуда. Бүгін Қазақстан астанасында басталатын Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумына барша мұсылман әлемінің іскер топтарының келуі соның бір айғағы. Осы келелі жиынның маңызы мен еліміздің инвестициялық саясаты туралы Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет ИСЕКЕШЕВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Әсет Өрентайұлы, 7-9 маусым күндері Астанада «Ислам Давосы» атанып кеткен Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы өтеді. Бұл оқиғаның ерекшелігі қандай? Оның саяси салмағы басым ба, әлде, экономикалық маңыздылығы зор ма?
– БИЭФ – үлкен экономикалық алаң. Оны форумның аты-ақ айтып тұр. Осы алаңда 50-ден астам елдің өкілдері сауда-саттықты дамытудың келешегі, инвестиция тарту, ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін талқылап, бизнес-үрдістерді басқару тұрғысында тәжірибе алмасады. Бір сөзбен айтқанда, онда әлемдік экономика үшін өзекті барлық мәселе қозғалатын болады.
– Қазақстан Үкіметі форумды өткізуден қандай нәтиже күтіп отыр?
– Мұндай маңызды іс-шара мемлекеттің халықаралық беделін көтеріп қана қоймай, елдің ішкі әлеуетіне де өзге жұрттың назарын аударта алады. Сондықтан бұл форум біз үшін Қазақстан экономикасының әлеуеті мен инвестициялық ахуалын көрсете білудің, жаңа байланыстар қалыптастырып, елімізге қосымша шет ел инвестициясын тартудың үлкен мүмкіндігі. Бұл – әлемнің бүкіл қаржы жүйесі дағдарыстан кейін қайта қалпына келе бастаған қазіргі кезеңде өте қажетті шара. Шет ел капиталының ағыны да бұрынғы қалпына келе бастады. Содан барып, барлық елдерде, әсіресе, қиын жағдайға ұшыраған аймақтарда шет ел инвестициясына деген бәсекелестік басталды.
Оның үстіне БИЭФ біз үшін – Таяу Шығыс, Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен сауда-экономикалық серіктестікті дамытудың тың мүмкіндігі. Осы бастаманың, әсіресе, жаңа азық-түлік рыноктарын ашуда келешегі зор.
БИЭФ мәжілісінің аясында инвестициялық жобалар көрмесі ашылады. Оған түрлі саладан сомасы 10 миллиард АҚШ доллары болатын 120 жоба қойылады. Біз келешегі бар инвесторларға туризм, ауыл шаруашылығы, металлургия, химия өнеркәсібі және ағаш өңдеу салаларынан жобалар ұсынуға дайынбыз. Тоқ етерін айтқанда инвесторларға көрсете алатын, қызықтыра алатын дүниелер бізде баршылық. Сондықтан бұл форум Қазақстанға шет ел инвестициясының ағынын күшейтеді деп сенемін.
Форумға қатысу үшін Астанаға 2000-нан астам шет ел бизнесінің өкілдері келді. Олардың арасында әлемдік деңгейдегі экономистер, қаржыгерлер бар. Демек, БИЭФ-тің бұл жолғы отырысы кейбір елдердің экономикалық дамудағы озық тәжірибесімен танысуымызға жол ашады деген сенім де бар. Мәселен, бізді Түркия мен БАӘ-нің туризмді дамытудағы тәжірибесі, Малайзияның еркін экономикалық аймақ құру арқылы ақпараттық технологияларды дамыту тәжірибесі қызықтырады.
– Қазақстан экономикасының қай қыры 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумына қатысушыларды қызықтырады деп ойлайсыз?
– Сөз жоқ, ескі заманда қалыптасқан экономикалық бағытты өзгерту жолындағы Қазақстанның жетістігі мен саяси тұрақтылығы форум меймандарын қызықтырады. Өздеріңіз білесіздер, инвесторлармен жұмыс істеу – Елбасы тапсырмасымен әзірленіп, өткен жылы бастау алған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы басты міндеттердің бірі. Бағдарлама бойынша экспортқа бағытталған құнды өнім шығаратын өндіріс орындарын құру үшін экономиканың нақты секторына тікелей инвестиция тартуға басымдық беріледі. Үкімет те бұл шаруа үшін барлық жағдайды жасап отыр. Қазақстандағы инвестициялық климат өте қолайлы деп айтуға әбден болады. Оны халықаралық сарапшылар да растап отыр. Инвестициялар тартудың бізде мынадай мүмкіндіктері бар:
біріншіден, біздің жерімізде табиғи және минералды шикізат ресурстары мол. Ғалымдардың зерттеулеріне сенсек, біздің еліміз олардың қорының көптігі жағынан әлемде алтыншы орында тұр;
екіншіден, Қазақстанның географиялық тиімді орналасуы. Осы арқылы инвесторлардың шамамен жарты миллиардтық тұтынушылар рыногына (Орталық Азия, ҚХР және Ресейге) еркін шыға алады. Бұған қоса Қазақстан, Беларусь және Ресей арасында құрылған Кедендік одақ аясында 170 миллион тұрғыны бар нақты рынок ашылып отыр. Бұл да Қазақстанда шаруасын дөңгелетіп жүрген немесе елімізге келуге ынта білдіріп отырған инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік.
Үшінші артықшылығымыз, қолайлы инвестициялық заңнамалармен қамтамасыз етіліп, инвестицияны қолдау іс-шараларына ұйытқы бола алатын, саяси және экономикалық тұрақтылыққа негізделген еліміздегі бизнес-климаттың қолайлы ахуалы.
Осы ретте елімізде ислам қаржыландыруы туралы арнайы заң қабылданғанын да айта кетсек артық болмас.
Сонымен бірге, еліміздегі бизнес-климатты жақсарту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет жүйелі шаралар мен қаржылық қолдау бағдарламасын әзірледі. Бұл жерде әңгіме шағын және орта кәсіпкерлікті, үлкен бизнесті, экспортерлер мен инвесторларды қолдауға бағытталған «Өнімділік-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» және жаңадан басталған басқа да бағдарламалар туралы болып отыр. Бұл құжаттарда экспортерлер мен инвесторларға сервистік қолдау көрсетуден бастап қаржылық және фискалды қолдау көрсетуге дейінгі түрлі ынталандыру амалдары қарастырылған.
– Әсет Өрентайұлы, жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында келешегі бар салалардың анықталғанын білеміз. Бұл секторларда да қалаған бағыттар, нақты өнімдер бар шығар. Осы тұрғыда инвесторларға қай шаруаға қаржы салуға кеңес берер едіңіз?
– Иә, Президенттің жаңа индустрияландыру бағдарламасының аясында бірнеше бағыттарға басымдық беріліп отыр. Ол шикізаттан өнім шығаратын өндіріске айналуды көздейтін дәстүрлі салалар – мұнай-газ секторы, тау-кен металлургия кешені, атом және химия өнеркәсібі.
Екінші буын: мәшине жасау, құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарын өндіру және дәрі-дәрмек өндірісі. Тағы бір бағыт өнімі экспортқа бағытталған өндіріс, сонымен қатар, халықты жұмыспен қамтуды қарастыратын өндіріс, яғни, үлкен әлеуметтік тиімділігі бар салалар. Бұл жерде әңгіме агробағдарлама, жеңіл өнеркәсіп, туризм жайында болып отыр.
Дәл осы салалардағы жобалар бірінші кезекте мемлекеттен қолдау табады. Осы күнде 469 жобаның ішінен индустрияландыру картасына кірген жобалар тізбегі жасалып қойды. Бұл бір есептен инвестиция салуға тиімді және бизнестік мүмкіндігі бар жобалар туралы отандық және шетелдік компанияларға арналған ақпараттық база іспетті. Картаға үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының талаптарына жауап бере алатын, Қазақстан экономикасы үшін маңызды жобалардың барлығы кірді. Оның ішінде тек алпауыт ойыншылар үшін ғана емес, сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жол ашып, олардың белсенділігін арттыруға қатысты жобаларға да көбірек көңіл бөлінген.
Біз республикалық та, аймақтық та ауқымдағы инфрақұрылымдық нысандарды іске асыру жобасын бастап кеттік. Осы орайда ұзындығы 3 мың километрге созылатын «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автомагистралін ерекше атап өту керек.
Индустрияландыру картасы бойынша инвесторлармен жұмыс басталып та кетті. Ол әсіресе еуропалықтармен белсенді сипатта өрбуде. Франция, Германия, Австрия, Ресей, сол секілді Қытай және Кореямен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бізге ислам елдерімен серіктестікті арттыра түсудің маңызы зор. Түркия және БАӘ-мен байланыс жолға қойылған. Кувейт, Катар, Малайзия және басқа да елдермен серіктестік құрудың болашағы зор деп білемін.
Қайталап айтайын, экономиканың келешегі бар салаларындағы жобаларды іске асырушы шетелдік инвесторларға біз толық инвестициялық қолдау топтамасын ұсына аламыз. Олар – негізгі капиталға қатысу, заемдық қаржыландыруды қарастыру, лизинг, СЭЗ мүмкіндігін пайдалану, инвестициялық преференциялармен қамтамасыз ету, сараптамалық қамту, экспорттық қолдау және басқа да шаралар.
Тұтастай алғанда, Үкімет жыл басынан бері осымен үшінші рет үлкен экономикалық форум өткізгелі отыр. Астана экономикалық форумы, ЕҚДБ отырысы өтті. Енді міне – БИЭФ. Бұл шаралар 10 мыңдай шетелдік мейман, сарапшылар, әлемдік бизнес-қоғамдастықтың өкілдерін қамтиды. Осы іс-шаралардың барлығы Қазақстанға келетін инвестициялық ағынға серпін беруі тиіс.
Астана экономикалық форумында көтерілген барлық жаңа бастамалар Ислам әлемінің қазіргі әлеуметтік-экономикалық үрдісіне оң әсер ететініне сенім зор.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.