07 Маусым, 2011

Біз – патриоттар планетасынанбыз!

765 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Көктемгі дала жұмыстарын енді аяқтап, демін бір алып отырған ди­қандар тілегіндей болып, Қос­та­най­да ақ жауын құйсын-ай келіп. Бірақ табиғаттың осы құбылмалы мінезі Қазақстан патриоттарының «Менің Қазақстаным!» форумына көлденең тұра алмады. Жылы жаңбыр жүзде­рін жуып тұрған жастар «Қазақстан, алға, биікке самға!», «Менің Отаным – Қазақстан!», «Біз біріксек, алынбайтын асу жоқ!» деп ұрандатады. Рәміздер күніне орай осымен төртінші рет өткізіліп отырған Патриоттар форумы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тұспа-тұс келді. 1991 жылы туған жастар биыл жиырмаға толды. Алаңға келіп тұрған да негізінен тәу­ел­сіздігімізбен құрдас қыз-жі­гіт­тер болатын. Форум қонақ­тар­дың А.Байтұрсынов атын­да­ғы Қостанай мемлекеттік уни­вер­ситеті алдындағы ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Бай­тұр­сынов ескерткішіне гүл шоқ­тарын қоюдан бастау алды. Бұл заңды еді. Хал­қы­ның қа­мын, елінің бостан­ды­ғын, еркіндігін ойлап, «ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп алысқа көз тігіп, ой орманында отыр­ған Ахаң бейнесі еліміз патрио­тизмі­нің нағыз символы тәрізді. Қазақ­стан Патриоттары форумына Қазақстанның Мемлекеттік Ел­таңбасының авторлары Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мә­лібеков, Қазақстанның Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбеков келді. – Елімізде Рәміздер күнінің қабылдануы – біз үшін үлкен бай­лық. Жастар, сіздер елдің тарихын терең білулеріңіз керек. Ахаң ұстанған идеяларға адал болыңыздар, – деді Қазақ­стан Гербі авторларының бірі Шота Уәлиханов. Ол осы ескерткіш алдында өзінің толқып тұрға­нын да жиналғандардан жа­сыр­ған жоқ. Жаңа ғасыр та­балды­ры­ғын аттағанда белгілі мү­сін­ші марқұм Төлеген Дос­ма­ған­бе­тов екеуі ғалым, кү­рескер, қай­раткер Ахаң бейнесін сом­да­ған осы ескерткішті жасап шық­қан еді. Ол бүгінгі ұрпа­ғына рухани нұр шашып тұрған тәрізді. Ахаң атын алып отырған Қостанай мемлекеттік университеті ұжымы жастардың осы шарасында белсенділік таныт­ты. Ректор Асқар Наметов бас­та­масымен еліміз рәміздерінің авторлары білім ордасына ша­қы­рылып, оларға құрмет көр­се­тілді. Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков қаланың зиялы қауым өкілдерімен рия­сыз әңгіме-дүкен құрды. Тәу­ел­сіз елімізді асқақтатып тұ­ра­тын мемлекеттік рәміздердің өмірге жолдама алуы оп-оңай болған жоқ. Ол Парламентте бекітілгенше қысталаң жолдардан өтті. Кеште рәміз автор­лары осы айтыла бермейтін жайды зиялы қауым өкіл­де­рінің сұрауына байланысты сырдай етіп айтып берді. – Жобаны депутаттар алды­на алып келгенде киіз үй (ша­ңы­рақты айтады) қалайша Герб­­те бейнелеуге болады, оны қалай елі­міздің символы етіп аламыз деген келеңсіз пікірлерді де естідік. Сол кезде Нұрсұлтан Әбіш­ұлы келді жанымызға. «Не істеді­ңіз?» деп сұрады. «Тұл­­пардың мүйізіндегі алма­лы-салмалы сақиналарды тү­сін­­діріп жатыр­мын», дедім. «Тұлпардың мүйі­зі не істеді сендерге? Мүйіздегі жеті сақи­на қазақтың жеті ата­сын білу, ата-бабаны құрметтеу ұғымын білдіреді. Жәке, дұ­рыс», деді. Солай дау-дамайға бергісіз пікірлерге нүкте қойылды, – деді Мемлекеттік Герб автор­лары­ның бірі Жандарбек Мә­лібеков. №1 Балалар мен жасөс­пі­рімдер спорт мектебінде сол күні Қазақстан боксының жасын­дай жарқырап өткен жарық жұл­дызы, марқұм Бекзат Сат­тар­хановтың ата-анасы Сейілхан Сат­тарханұлы мен Сырлыкүл Шой­бекова жас спортшылармен кездесті. Секең мен Сырлыкүл осы форумға шақыру алғанда ерекше толқыған. Он бес жасы­нан бастап қолына былғары қолғап киген Бекзат 1996 жылы он алты жасында Қостанайда жасөспірімдер арасындағы өт­кен республикалық чемпионатта жеңімпаз болып, өзінің спорт­тағы жеңісті жолдарын осы Тобыл бойынан бастаған екен. Содан төрт жылдан кейін Сидней Олим­пиадасында чемпион бо­лып, еліміздің көк байрағын Австралияға бар назарын ауда­рып, көз тігіп отырған төрткүл дүние алдында желбіретпеп пе еді. Бекзат десе елең етпейтін кім бар. Бекзаттың ата-анасын іздеп келіп суретке түсіп жат­қан­дар да болды. Спорт мектебінің балалары да оларды ынтыға күтіп отырды. – Бекзат елінің нағыз пат­риоты еді, – деді Сейілхан аға жас спортшылармен кездесуде. –  Оны ол ісімен де, сөзімен де дәлелдеп кетті. Өзімен пікірлескен «Хабар» арнасының тілшісіне: «Аға, мен осы жеңісімді қа­сиетті Түркістан қаласының 1500 жылдығына арнайты­ным­ды жазыңызшы!» деген екен. Сондай-ақ республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің редак­ция­сында болғанда ол пікір кі­табына: «Түркістандай қасиетті жерде туғаныма мың да бір рахмет айтамын. Ұлттық рухы мық­ты елдің еңсесі де биік болады. Ел намысы – менің намысым!» деп жазыпты. Жиырма жасында Бекзат ағаларың спортта биік тұ­ғыр­ды бағындырып, осындай жа­лынды сөздер айтып кетті. Сен­дер де спортты серік етің­дер, на­мысты болыңдар, айна­лайындар! – Ұлымыздың табаны тиген жерге жеткенше асықтық. Қос­та­най бүгін маған ерекше ыс­тық. Бекзатым үш олимпиадаға қатысып, чемпион боламын деп айтатын еді. Ол арманына жеткізбей, Алла өзі алып кетті ғой. Тағдырдың ісіне не шара... Мені кейінгі балалардың, Бекзаттың інілерінің жеңістері қуантады. Бір тілегім – оның алғаш жеңісті жолы басталған Қостанайда Бек­затты еске түсіретін жарыстар өтіп жатса деймін, – деді Сырлыкүл Шойбекова. Патриоттар форумына келген делегаттар күнұзаққа Қостанай­да­ғы әсем орындарды, музейлерді аралады. Тарихи-өлкетану музейінде болған «Қостанай облы­сы жастарының «Алтын кітабы» жобасының тұсаукесері еліміз­дің барлық облыстарынан келген белсенді жастардың барлығына да ұнады. Өйткені, бұл Қазақ­стан­да тек Қостанайда ғана қанат қақ­қан жастар жобасы болатын. Жыл сайын күзде оқуда да, өнер­де де, еңбекте, жалпы өмірде үздік табыстарға жеткен, айналасына үлгі болатын жастарды «Алтын кітапқа» тіркеу салтанатты түрде өткізіледі. Олардың арасында ғалым да, студент те, жұмысшы да, ерлікке парапар әрекет етіп, адамдарды ажал тырнағынан алып қалған қарапайым азаматтар, түрлі мамандық иелері бар. Бес-алты жылдың ішінде «Ал­тын кітапқа» есімі алтын әріп­термен ойып жазылған «алтын жас­тардың» саны 117-ге жетті. Олар – еліміздің болашағы, үкіле­ген үміті. – Патриотизм дегеніміз жас­тар­дың нақты ісі болуы керек. Бұл орайда қостанайлық жас­тар­дың, құрбы-құрдастарымыз­дың үлгі алатындай игілікті ша­ралары бар екен. Қызылордада өзім жетекшілік ететін «Самұ­рық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы көп жұмыстар жүргізіп отыр. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйым болып са­наламыз. Жастардың азаматтық белсенділігін арттыру керек, олар көш соңынан ілеспей, көш­ті бастауы керек. Қазақстанның барлық жас­тарының басын қо­сып отыр­ған форумнан алған әсе­ріміз жақсы. Біз қызыл­орда­лық жастар осы форумға өз ұсы­ны­сы­мызды да айта келдік. Рә­міз­дер күні төртінші рет респуб­ли­ка­лық деңгейде аталып отыр. Мұны жылына осылай бір рет қана атап қоймай, жергілікті жер­лерде мемлекеттік рәміз­дер­ді ұлық­тау жұмыстары жыл бойы жалғасын тауып жатса деген тілек бар. Ендігі жылы патриоттар форумы­ның басталғанына бес жыл толады, соған сәйкес келесі 2012 жылды Мемлекеттік рәміздер жылы деп атаса, бұл көптеген іс-шараға мұрындық болар еді, – дейді Қызылорда облысынан келген делегат Жандос Тұс­ма­ған­бетов. Форум тек той тойлауға келгендей кезекті шаралардың орны ғана болмай, ой түюге мүмкіндік бергені қуантты. Жастардың ара­сында сол жастар тәрбиесімен айналысып жүрген ұстаз, философия ғылымдарының докторы, Ақмола облысы делегациясы­ның мүшесі Раушан Көгенова да жүр. – Заманның, уақыттың өзге­руі қоғамда, адамдар арасында түрлі жаңа қарым-қатынастар алып келеді. Сондықтан жастар­дың отансүйгіштік сезімінің селкеу тартпауы үшін оларға тек тәрбие керек. Патриоттық тәр­бие беру ісінің көкейкестілігі де сол. Мұндай форумдар өте керек. Бірақ басқосуларда елі­міз­дің әр шалғайына келген жастар етене араласуы қажет. Әр делегация шоқ-шоқ болып, өздері жүрмеуі тиіс. Келешекте форум шеңберінде жарыс не байқау сияқты делегаттардың араласуы­на мұрындық болатын шара­лар­ды да қамтып отырса жақсы болар еді. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген емес пе қазақ. Патриотизм – ең ал­ды­мен адами қасиетті дамыту деген сөз, жастар алдымен бірін бірін сыйлайтын, бірінің бірі қадіріне жететін, бірін бірі жақ­сы көретін болуы керек. «Отан­ды сүю – иманнан» дегеннің түбі осында жатса керек, дейді Раушан Нұрханқызы. Келесі күні форум жалғасын тапты. Оның жұмысына Мә­де­ниет министрі Мұх­тар Құл-Мұ­хам­мед, Парламент депутаттары, әдебиет, өнердегі белгілі тұлғалар арнайы келіп қатысты. Қа­зақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына ар­нал­ған жалпыұлт­тық шаралар жос­парын жүзеге асы­рып жатқан Қостанай облысы­ның әлеу­мет­тік-экономикалық да­муы ыр­ғақ­ты сипат алған. Эко­номиканың да­муы әлеумет­тік саланың өркендеуіне жол ашып отырады. Мәдениет министрі бастаған мәртебелі қо­нақтар форум салтанатының ал­дында облыс әкімі Сергей Кулагинмен бірге Қостанай қаласын­да­ғы бірнеше әлеуметтік-мәдени нысан­дар­ға бас сұқты. Мұхтар Құл-Мұхаммед алдымен Ы.Ал­тын­­сарин атындағы жасөс­пі­рім­дер кітапханасына келді. Өткен ға­­сыр­дың басында орыс көпе­сі­нің атқорасы болған ол бүгінде балалардың рухани нәр алатын ошағына айналған. Соның бар­лығы да ғимаратқа екі жыл бойы жүргізілген жөндеу жұмыстары­ның арқасында мүм­кін болды. Мұнан кейін министр М.Горький атындағы орыс драма теа­трына келді. Жалпы, Қостанай қаласының орталығында өткен ғасырларда салынған тарих куә­геріндей архитектуралық ескі құрылыстар баршылық. Театр со­ның біріне орналасқан бола­тын. 1913 жылы ағаштан салын­ған үй кейін бірнеше рет жаңар­тылған. Алайда Кеңес Одағы жыл­дарынан бері жөндеу жұ­мыс­тарын көрмеген ғимарат бір емес, екі ұжым – драма және қуыр­шақ театрларына тарлық ете бастаған еді. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға өткен жылы ғимарат ине-жіптен шыққандай қайта жөнделді. Архитектор мамандар оны жөндеп қана қойған жоқ, оған қосымша зал да қосты. Енді бүлдір­шіндердің Қуыршақ театры жаңа, арнайы залға ие болды. Министр театрдың сән-салта­натына ризашылығын білдірді. І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры өткен жылы өзінің онжылдық мерейтойын атап өткен еді. Үл­кен жиындар, концерттер өткі­зу­ге лайықталған ғимараттың драма театр ерекшелігіне сәйкес кел­мейтіндігі қатты білінетін. Өткен жылдың күзінен бастап Қостанай қаласында қазақ драма театры жаңа ғимаратының құры­лысы басталды. Еліміз еркін­ді­гінің, тәуелсіздігінің арқасында Серке, Елубай, Қапан сияқты қазақ театр өнерінің іргетасын қалаған алыптардың кіндік қаны тамған өңірде енді Еуропа мен Азия сәулет өнерінің нышан­дарын біріктірген театр үйі бой көтереді. Қазір құрылыс жұмы­сы қызған кез. Амандық болса, күзде облыстық қазақ драма теа­тры жаңа шығармаларын көрер­ме­ніне жаңа ғимаратта ұсына­тын болады. – Қостанай – Ыбырай Ал­тын­сарин сияқты қазақтың ал­ғаш­қы ағартушы ұстазының, Ах­мет Байтұрсынов сияқты ұлты­мыз­дың ұлы қайраткерінің, Мір­жақып Дулатов сияқты ұлы ақыны­ның отаны. Сондықтан Қостанай жерінде міндетті түрде қазақ драма театры болуы керек. Кеңес за­манында бұл жерде қазақ театры атымен болмаған. Арқа­лық қаласында ғана театр бол­ды. Қазір Елбасының тікелей тапсырмасымен Қостанайда тұң­ғыш рет қазақ драма театрының ғимараты салынып жатыр. Сөй­тіп, Ахаңның, Жақаңның ота­нын­да қазақ өнерінің қараша­ңырағы бой көтерейін деп отыр. Біз бұған қуаныштымыз, деді министр. Қазақстан патриоттарының ІV форумының салтанаты өткен Қостанай қаласындағы Спорт сарайы үш жүзден аса делегаттар мен қостанайлықтарға лық тол­ды. Мемлекеттік рәміздер күні тек Қостанайда ғана емес, «Менің Туым!», «Менің Гербім!», «Менің Гимнім!» атты акция Қазақ­стан­ның барлық облыс­тарында өтті. Мемлекеттік рәміздер – халқы­мыздың терең тарихын, өшпес рухын, ұлттық салт-дәстүрлерін, ерекше елдік белгісін білдіретін үлкен құндылықтар. Осыдан 19 жыл бұрын Президент Жарлы­ғымен тәуелсіз Қа­зақ­станның мемлекеттік символ­да­ры бекітілді. Содан бері ол елі­міздің жаңа тарихының жар­қын беттері бо­лып қосылды. Салтанат еліміз­дің Әнұранымен ашылды. Осы шараға келген Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхам­мед жастар алдында сөз сөйледі. – Отан деген Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Герб пен Мемлекеттік Гимннен бастау алады. Олардың қасиетін қадірлеу ар­қы­лы егемен еліміздің отансүй­гіш азаматтары, патриоттары қа­лыптасады. Бүгінгі басқосуға арнайы келген жастардың дені Тәуелсіздік құрдастары. Сіздер елдің болашағысыздар, мемле­кет­тің ертеңісіздер. Тәуелсіз мем­­лекеттің негізін салушы – Елба­сы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бас­шы­лығымен туған еліміздің көр­кейіп, гүлдене беруі үшін қайрат көрсетіп, ерен еңбек үлгісін көрсететін сіздер боласыздар, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Мемлекеттік рәміздер рухани-адамгершілік, қоғамдық-сая­си және философиялық мәнге ие болып келеді. Рәміздер – мем­ле­кет­тің бет-бейнесі. Аса көрнекті көшбасшы Нұрсұлтан Назар­баев­тың дара саясатымен 20 жыл­дың ішінде орасан табыс­тар­ға жеткен елді сырт көз алды­мен осы рәміздері – Туы, Гербі, Гимні арқылы таниды. Мұхтар Құл-Мұхаммед Тәу­ел­сіз мемлекетте Елбасының бастауымен жүзеге асырылған жеткен жетістіктерге тоқталып өтті. Ең алдымен еліміздегі бейбітшілікке, тыныштыққа жетер ештеңе жоқ. Осыдан жиырма жыл бұ­рын, тәуелсіздіктің елең-алаңын­да-ақ Нұрсұлтан Назар­баевтың даналығымен Қазақстан қуатты­лығы жөнінен әлемде төр­тінші орын алатын ракета­лық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тар­тып және жер жү­зіндегі ең ірі ядролық поли­гонның бірін жап­ты. Ал бүгінде біздің ел дүние­жүзіндегі жаппай қырып-жоятын қаруды тоқтату, қысқарту үдері­сінде басты көшбасшы деңгейі­не жетті. Тәуелсіздік алғаннан кейін еркін экономикалық қатынастар­ға қол жеткіздік. Соның арқа­сында экономикамыз дамыды, әлеуметтік тұрмысымыз жақсар­ды. Жақын жылдары әлемдегі алпауыт елдердің өзін бір та­ры­ның қауызына тыға келген қар­жы дағдарысынан Қазақстан қиналмай өтіп келеді. Көптеген дамыған елдерде дағдарыстың салдарынан әлеуметтік шығын­дар қысқартылды, кәсіпорындар жабылды. Ал Қазақстан ағысқа қарсы жүзді. Осы жылдар ішінде елімізде көптеген кәсіп­орын­дар ашылды. Міне, енді Ел­ба­сының бастамасымен үдемелі индус­триялық-инновациялық бағдар­лама жасалып, соның шең­берінде республикада көпте­ген ірі жобалар жүзеге асты. Өткен жылдың өзінде Қостанай облысында осы бағдарлама бой­ынша он жоба өмірге жолдама алды. Ол дегеніңіз – ірі кә­сіп­орындар, құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары, сауын фер­малары! Онда жүздеген адам­дар жұмыс орындарын тапты. Үстіміздегі жылы берілетін жобалар да мұнан аз емес. Ал мұндай дамудың сабағы жетілген ағаштың гүлдейтіні сияқты, әлеуметтік әдемі астары да бола­тынын да айтып өтті Мұхтар Абрарұлы. 2000 жылдан бері Қазақстанда денсаулық сақтау мен білім беру салаларына жұм­салған қаржы он есеге артты. 750 жаңа мектеп, 450 емхана мен аурухана, бес мыңнан астам мектепке дейінгі мекеме мен балабақша ашылды. Ар­қа төрінде аққудай қанат қағып, өсіп келе жатқан ару Астана Тәуелсіз Қазақстанның қуаты мен болаша­ғының символына айналды. – Осы биік мінберден Елба­сы­мыздың «Болашақ» бағдарла­ма­сының түлектеріне айтқан бір ауыз сөзін бүгінгі жиналған отан­сүйгіш патриот жастардың есіне салғым келіп тұр. Нұрсұл­тан Назарбаев: «Бізге ХХІ ға­сырда қалай жұмыс істеу керек екенін білетін адамдар керек. Ішкі және халықаралық үдеріс­терді терең талдай алатын мамандар, мемлекеттік мүддені өз мүддесінен биік қоятын патриоттар керек. Кім Қазақстанды сүйсе, сол – патриот. Кім шы­найы құндылықтарды таныса, сол – патриот, ал ол құнды­лықтар – адалдық, ар-ұят, адамгершілік, дәстүрге беріктік, Отан­ға деген махаббат және оның өркендеуіне қызмет ету», деген еді. Қазақ­станды отаным дейтін әр жас Елбасының осы өсиеті үдесінен шығуға тырысады деп ойлай­мын және соған тілектеспін, – деді министр. Көңілдерді шаттыққа толтыр­ған форум салтанатында биыл бірінші рет «Жыл патриоты» құр­мет белгісі бірнеше аталым бой­ынша тапсырылды. Ол ал­дымен Мемлекеттік рәміздер автор­лары Жандарбек Мәлі­беков, Шота Уәлиханов, Шәкен Ниязбековтің кеудесіне та­ғылды. Сонан кейін өмірде ерлік қимыл көрсеткен, ғылымда, оқу­да тамаша табыстарға қол жеткізген жастар ие болды. Олар­­дың арасында Тараз қа­ласын­дағы көп қабатты үйде шыққан өрттен 5 жасар қызды құтқару үстінде құлап, екі қолын бірдей сындырса да баланы аман алып алған 25 жастағы Санжар Боз­дақбаев, Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шал­кө­де ауылында болған өртте 5 жас­тағы баланы аман алып қал­ған 14 жасар Жандос Ілияс, қа­зақ тілін жетік меңгерген, «Қа­зақ­стан» ұлттық телеарнасының бағдарлама жүргізушісі Мая Веронская, туберкулезге қарсы 6 түрлі дәрі-дәрмектің иннова­ция­лық жасалу технологиясын ой­лап тапқан 30 жастағы Дмитрий Хрусталев, Азия ойындарының күміс жүлдегері, боксшы Иван Дичко, тағы басқалар бар. Форум салтанатында Қазақ­стан­ның көк байрағын ұстаған жастар шерулетті, залдан аспан кеңістігі түстес тулар алаңсыз желбіреп тұрды. Халқымыздың жүрегін намыс, жігер кернегенде көңілдегі қуанышы аузынан жа­лын атқан өлең болып шығады. Ал көңіл толқынын өлеңмен жеткізген Елтаңба авторы Шота Уәлихановтың айтары тіпті қа­нат­ты сөзге айналып кеткендей: «Отаным – байтақ дала, Сәулетті, сәнді қала. Отаным – асқар тау, Көгерген бақша бау. Отаным – шексіз теңіз, Байлық пен бақыт егіз. Отаным – сұлу ән, Жайқалған алтын дән. Отаным – болат темір, Қайнаған қызу өмір. Отаным – айтар сөзім, Отаным – менің өзім!» – деп қайырды ағамыз. Осы ой фо­румға қатысқан әркімнің жүре­гінде кеткен тәрізді. Ал қазақ эстрадасының жұлдыздары Ескендір мен Біржан Хасанғалиев­тар, Меруерт Түсіпбаева, Алмас Кішкенбаев, Нұрболат Сейт­мұ­ратов, Ибрагим Ескендір, «Ринго», «Орда» топтары шырқаған патри­тоттық әндер жүректерді баурады. Форум эстрада жұлдыз­дары­ның форум үшін арнайы жа­зыл­ған әнұранды айтуымен аяқ­талды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.   Патриотизмді қалай түсіндіресіз? Гүлдана Нұрпейісова, Қазақстан Патриоттары партиясы орталық аппаратының жетекшісі: – Патриотизм деген  сөзге  еліне, халқына, жеріне деген сүйіс­пен­шілік ұғымдары сыйысып кетеді. Негізі  жұрттың барлығы да жалпы патриотизм ұғымын  түсінетін секілді. Әңгіме  еліміздің, мемлекетіміздің патриоты болуда,  оны қалыптастыруда болып отыр. Мемлекеттік  рәміздерімізді жас ұрпақ  шынайы жүрегімен жатқа білуі керек. Жасыратыны жоқ, бұрындары  еліміздің мемлекеттік рәміздеріне оншалықты  көңіл бөлінбейтінін байқайтынмын. Қазір Әнұран шырқалғанда жас өрендер дереу оң қолын  жүрек тұсына апарып, өздері  оны бірге шырқап тұрады. Қандай ғажайып сәт десеңші! Әркімнің көңілі толқиды, жерге, елге деген жақсы көру сезімі өрекпиді жүректе. Жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу үшін осы форум сияқты шаралар керек. Мемлекеттік  рәміздерге құрмет сезімін насихаттауда осындай форумдардың  маңызы  үлкен.  Бұл жастарды ғана емес, барша қазақстандықтарды  рухани өсіреді. Біздің жеріміз бай. Ал рухани бай адам – еліміздің байлығы.  Міне, патриотизм! *** Бақытжан  Ертаев, Халық Қаһарманы: – Патриотизмнен Отанды бөліп қарауға болмайды. Екеуі – егіз ұғым. Ал ер бала Отан үшін туады.  Біздің  тарихымыздың өзі патриотизммен басталған тарих. Патриот адам ең алдымен өз Отанының тарихын білуі керек. Өткенге  көз жүгіртсек, Қабанбай, Наурызбай  сияқты қазақ даласындағы  көптеген  батыр бабаларымыз осы ұлтарақтай   жер үшін жан қиюға дайын болған.  Олар  осы ұлан байтақ жерді ұрпақтарының алақанына салып кетті.  Қазір  Қазақстан  жер көлемі жағынан әлемде  тоғызыншы, Азияда үшінші орын алады. Аристотель: «Ой, жастар бұзылып кетті!» деген екен. Жоқ, жастар  бұзылып кеткен жоқ, олар өз заманына сәйкес өмір сүріп жатыр.  Тек аға ұрпақ тарапынан тәрбие, жастар идеологиясы болуы керек. Біз ауылдағы ақсақалдардың  тәрбиесін көрдік. Батыр Бауыржанға қарап өстік, олар біздің адастырмас  темірқазығымыз болды.  Қазіргі жас балаларға «Отан  үшін оқимыз, Отан үшін еңбек етеміз!» деп ант қабылдатса, жастар идеологиясы дегеніміз осылай қалыптасар еді. *** Ғарифолла Есім, ғалым, Парламент Сенатының депутаты: – Патриотизмнің негізін  саясаттан іздемеу керек, ол – тарихи, мәдени ұғым.  Әр адам шыққан тегін, халқының өмір салтын, дүниетанымын бойына сіңіріп өмір сүруі, қазіргі заманның ағымына  ілесіп, ізгілікті түсініктерді бойына жинап,  ертеңгі күннің кәдесіне  асатындай  ізгілікті іс жасауы керек. Өткен күн, бүгін және болашақ – уақыт кеңістігінің үш өлшемі.  Адам тек өткен тарихты  аңсай берсе, ол  патриотизм болмайды, келешекті қиялдап тағы өмір сүре алмайды. Ал өткенді білмей, келешекті ойламай тап  қазіргі уақытта  тағы да патриот бола алмайды. Рәміз – тарихты, бүгінді, болашақты, яғни уақыт кеңістігінің үш өлшемін біріктіру деген сөз. Болған, болып жатқан, болатын істің мағынасын  символ дейміз.  Тәуелсіз еліміздің  Туы, Елтаңбасы, Әнұраны сол символдың мағынасын береді. Өйткені, рәміздер болмаса ел болмайды.  Кеңес Одағы кезінде  еліміздің толыққанды рәміздері болған жоқ.  Сондықтан тәуелсіз еліміздің рәміздерін құрметтеу керек. Патриотизм дегеніміз осыдан шығады.  Жастардың адал сезімін тәрбиелеу керек,  еліміз рәміздерін  жас ұрпақтың қанына сіңдіру керек. Патриотизм деген осы.   «Мен ерлік жасаған жоқпын, азаматтық парызымды ғана орындадым» – дейді қызылағаштық Қазбек Сепсуев Қостанайдағы республикалық Патриоттар форумына алғашқылардың бірі болып Алматыдан Қазбек Сепсуев жеткен еді. Ол өткен жылы осы облыстың Қызылағаш ауылындағы жойқын су тасқынында 180 ауылдасын қауіпсіз жерге шығарып, аман алып қалған болатын. – Қазбек, бір сәтте қырықтан аса адамның өмірін жалмаған су тасқыны кезінде ерлікке пара-пар қимыл көрсеткеніңе дүйім жұрт риза болып, атыңнан айналып отырды. Жүз сексенге жуық ауылдасыңды су тасқынынан қалай құтқардың? – Ең өкініштісі, ауылға жойқын су түн ор­т­а­сында келді. Апат күндіз орын алғанда, жағдай жеңілдеу болар ма еді. Көмір, отын тасып күн көріп жүрген жүк мәшинеме адамдарды тол­ты­рып, мінгізіп алдым да ауылдың сыртына он алты шақырым­дай жерге апарып түсіріп тастадым. Олар Тал­ды­қор­ғанға дейін жеткізіп таста деген болатын, мен оларды тоқтаттым. «Осында қалыңыздар, мен ауыл­дан хабар алайын», дедім. Сөйтіп қайтып келсем, апаттың боларына ауыл­дастардың көзі анық жет­кен, абыр-сабыр, асып-сасқан, айқай-шу кү­шей­ген. Мен өз отбасымдағы шешемді, қарындасымды, апайымды және көр­ші­лерді, әйтеуір мәшиненің қорабына сыйғанынша мінгізіп алып, ауылдың сыртындағы биік жерге тағы апарып тастадым. Бірінші рейстегідей алысқа апаруға уақыттың тарлығын да түсіндім. Сонымен, алты рет қатынап үлгердім. Осылай ауылдастарды жанталасып тасып жүргенде ауылды жойқын күшпен келіп ұрған тасқын су да келді, мен өзім зорға шығып үлгердім. Минуттар ғана тағдырымды шешті... – Сен ауылдастарыңның ажалына араша бола білген ісіңді бүгін ерлік деп бағалайсың ба? – Мен ерлік жасаған жоқпын. Мен ауыл­дас­та­рым­ның алдындағы азаматтық, балалық, бауыр­лық парызымды ғана орындадым. Апат туралы алдын ала ескертілгенде, бір адамды да ажалға бер­мес едік. Көптеген азаматтар тасқын судың кейінгі зардабы туралы кеңірек ойлай алмай қал­ды. Қайтейік, тағдырдың ісі солай болды. Менде сол сәтте тезірек адамдарды қауіпсіз жерге шы­ға­ру­дан басқа ой болған жоқ. Ауылға қайтып кіргенше, көшеде абдырап шулап жүрген ауылдастарды тезірек мәшинеге мінгізгенше асықтым. Егер ту­ған-туыстарымды ғана ауылдың сыртына шы­ға­рып, жанар-жағар майды шығынсынып, ауылға қай­та бармай қойғанымда, менің азаматтығым, жігіттігім қайсы? Ауылдастардың бетіне қалай қарар едім? Апат келіп, өлім мен өмір айқасып жат­қанда ер-азамат мұнан басқа не істеуі керек еді? Өзімнің өміріме қауіп барлығын мен ойлап үл­гергенім жоқ ол кезде. Ерлікті ешкім жоспар­ла­майды. Оған жүрегіңмен дайын болуың керек. Мені Төтенше жағдайлар министрлігінің медалімен марапаттады. Бірақ мен үшін басты награда – аман қалған ауылдастарымның ақ батасы. – Өзің патриотизмді қалай түсіндірер едің? – Еліміздің әр азаматы патриот болуы керек деп ойлаймын. Осы елде тұрып жатқан кім болса да мемлекетке адал болуы керек. Мемлекеттік тілді білуі керек. Бұл – патриотизм. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын бірлікте болуымыз керек. Бұл – патриотизм. Өзің өскен ауылды, қаланы, елді сүю керек. Осының барлығы да патриотизм. Орыс мектебін бітірдім. Бірақ мемлекеттік тілде жақсы сөйлеймін. Оның сыртында ана тілімді – чешен тілін, дәстүрін жақсы білемін. Патриотизмнің баламасы – жақсы көру деген шығар. – Қазбек, Патриоттар форумы көңіліңнен шықты ма? – Мен, біріншіден, мұндай алқалы жиынға алғаш қатысуым. Сондықтан ұсыныс айтудан тыңдауым басым болды. Форумның өткізілуінің өзі насихат қой. Соған ризамын. – Рахмет. Өзің де, елің де, ауылың да аман болсын деп тілейміз.