Қазақстан • 04 Мамыр, 2017

Әр азаматқа айқын бағдар

188 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мен шет ел азаматы болсам да жуықта Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақаласын оқып, ерекше әсерге бөлендім. Себебі, онда ғылым мен технологияның қарыштап дамуы қарсаңында, әсіресе, жаhандану заманында Қазақ елін, Қазақстанның әрбір азаматын болашаққа бастайтын нақтылы сара жол көрсетіліпті.

Әр азаматқа айқын бағдар

Қазақстан Республикасы жеке шаңырағын көтеріп, тәуел­сіз ел болған ширек ғасырда әлеу­еті артып, айбары асып, әлем­дік кеңістікте  толағай табыстарға қол жеткізді. Осы уақытта экономикалық қуаты  ке­мелденіп, ел іргесі бекіп, ха­­лық­аралық қауымдастықта ай­рықша бет-беделі өсті. Әсі­ресе, БҰҰ Қауіпсіздік ке­ңе­сінің тұрақты емес мүшесі болуы ғажайып қадам. Әрине, бұл жетістіктер, Нұрсұлтан Әбішұлы атап айтқандай, «тарих тұрғысынан қас-қағым сәт болса да,  Қазақстан үшін ғасырға бергісіз кезең». Елбасы осы қол жеткен табыстарды әрі қарай нығайтумен қатар, Қазақстанның Үшінші жаңғыру  бағдарламасын ұсын­ғаны тарихи маңызы зор оқиға. 

Әлемдегі ең да­мыған 30 елдің қа­та­рына қосылу мақ­са­ты аясында іске асып жатқан  саяси жә­не экономикалық реформаларды жүзеге асыру үшін, ең бастысы, рухани жаңғыру немесе бұқаралық сананың өзгеруі аса маңызды мәселе. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық ма­қаласы тікелей осы салаға ба­ғыт­талғаны толғағы жеткен қо­ғам талабына дөп келеді.  

Бұл бағдарламада бә­се­­­ке­­лестік қабілетін арттыру, адам­ның өмірлік қағи­да­­лар­ын өз­герту, ұлттық біре­гей­лік­ті сақ­тау, елдің эво­лю­ци­я­лық тұ­рақ­ты дамуын қол­дау, са­наның ашық­ты­ғына мүм­кін­дік жасау қатарлы әр­­бір қазақстандықтың санасын жаңғыртуға бағытталған мақ­сат­тар атап көрсетіліпті. Осы ба­ғыт-бағдарларды  тұтас ұлт үшін де,  кез келген қазақ  азаматы үшін де айпарадай  анық  бір ме­жеге бет түзеп, соған жетуге талпынудың жолы деп ұғуға болады. Шындығында,  Елбасының «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ескерткеніндей, бұл іске әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы керек. Мысалы, ысырапшылдық пен астамшылыққа жол бермеу, жершілдік, жең ұшынан жал­ғасқан тамыр-таныс­тық­тан аулақ болу, заман талабына сәй­кес­пейтін кейбір ес­к­і­лікті дағдылар мен әдеттерден арылу, керісінше, табиғат ор­та­сын қорғау, ұстам­ды­лық, қа­нағатшылдық пен қа­ра­пай­ымдылық, үнем­шіл­дікке бей­імделу, ұлттың салт-дәстүрін қас­­терлеу, озық білім, ғылымға ұмтылу – әр азаматтың қолынан келетін іс. Осы істерді жүзеге асыруда, әсіресе, көзі ашық, көкірегі ояу білімді жастарға жүктелетін міндет ауыр әрі олардың қосатын үлесі де  қомақты болса екен деп тілеймін.  

Ұлттық, мемлекеттік тіл – қазақ тілін жетік меңгерумен қатар, жаhандану заманында  сананың ашықтығының кепілі бо­лып отырған ағылшын тілін жап­пай үйреніп, кәсіби байланыс құралы ретінде пайдалана білу – қазіргі жастарға қой­ы­латын үлкен талап.

бағ­дар­ла­ма­ның жо­ғарыда атал­ған бас­ты мақ­саттарын жү­зе­ге асыру үшін таяу жылдары қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тілінде шы­ға­ру, заманауи қазақстан мә­де­­ниетін өркендетуге бағыт­тал­­ған  бірнеше жобаны ұсын­ға­ны Қазақстан халқының ұлт­­тық бірегейлігінің негізін қа­­лау ­ісінде  аса маңызды екені сөзсіз.


Бәкей Ағыпарұлы,

Моңғолия Аграрлық ғылымдар академиясының вице-президенті,

Моңғолия Ғылым академиясының академигі, 

экономика ғылымдарының докторы 


Соңғы жаңалықтар