19 Шілде, 2011

Әділдік салтанат құрады

380 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазір билік, заң туралы әңгіме қозғала қалса көпшілік әділдіктің ауылы алыстап кеткендігін нали отырып айтады. Халық айтса қалт айтпайды дегендей, бұған да негіз бар екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Өйткені, билікке деген сенімсіздікті тудыруға себепкерлер­дің билік өкілдерінің арасынан табылатындығы жанға батады. Жә­­не олардың бір қарын майды ші­рітіп жатқаны әшкереленіп жат­са да, кейде жабулы қазан жа­булы күйінде қала береді. Мә­селен, қолында билігі бар мемлекеттік қызметкерлердің теріс әре­кеті сал­дарынан қаншама адам жазық­ты болуда. Ал солардың ақ-қара­сын ақыр аяғында сот орын­дары анықтамаса жазықсыз жандар тағдыры не болар еді? Олар­дың жазықты емес екендігін білетін отбасы, туысқандары, дос-жа­ран­дары билік туралы не ойлар еді? Осы мәселелерге сай Жоғарғы Сотта өткен брифингте ресми өкіл О. Петерс ізгілендіруге байланысты нақты мысалдар келтірді. Ол Зырьян аудандық сотының үкімімен 1949 жылы туған азамат О.Омаровты 15 жылға бас бостан­дығынан айырып, мүлкін тәркілеп, жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өткеру кесілгендігін тілге тиек етті. Омаров ұйымдасқан топ құрамымен есірткі заттарын заңсыз сатып алу, тасымалдау және пайда­ланғаны үшін кінәлі болған. Алайда, сотталушы мен адвокат өз өтінішінде айыптың дәлелден­бе­ген­дігін, өйткені есірткі затын қылмыстық тергеу қызметкер­ле­рі­нің өздері салып жібергенін, сон­дықтан Жоғарғы Соттан олар жазық­сыз жанды бас бостанды­ғынан нақақ айырмау туралы өтін­ген. Бәрі қайта тексеріледі. Айтқан­дай-ақ, сотталушының әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатуға жатқызы­лады. Жоғарғы Соттың араласуы арқасында әділдік салтанат құрып, өтініш қанағаттандырылып, Ома­ров­ты шұғыл түрде қамаудан босату туралы шешім шығарылады. Міне, осыдан кейін ғана жапа шеккен адамдар бір терең тыныстайды. Әйтпегенде не үшін екені белгісіз қайран азамат бірнеше жылды ар­қалап, қалған өмірін тар қапаста өт­кізер ме еді? Біздің елімізде шіріген құмалақтар қаншалықты көп болса да, бәрібір, осылайша әділ заң мен тура билер барда адалдық алда тұратынына көпшілік көз жеткізді. Дәл осы тақылеттес тағы бір мысал бар, деді одан әрі ресми өкіл. Солтүстік Қазақстандағы Шал ақын аудандық сотының үкімімен А.Картавская 1 жылға сынақ мерзімімен шартты түрде сотталған. Неге десеңіз, Картавская алдау жолы­мен 635 039 теңгені ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған. (Оны кім кінә­лі қылғаны, жалпы адамдарды жазық­сыз кінәлі ететін құқық қор­ғау органдарының іс-әрекеті тура­лы келесі мақалада толық баян­дамақпыз). Содан Жоғарғы Соттың қадаға­лау сот алқасына берген өтінішінде сотталған сот үкімімен келіспей, қызы қайтыс болғаннан кейін екі немересі жетім қалғанын, екеуіне мемлекет жәрдемақы тағайында­ғанын, бір немересін Лукошко­лар­дың отбасы асырап алып, жәр­демақының балаға тиесілі бөлігін ерікті түрде өзіне қалдыр­ғанын, жәрдемақыны екінші немересінің асырауына жұмсаға­нын, ақшаны заңсыз иемдену ниеті болмағанын көрсете келіп, үкімді өзгертуді, қылмыстық істі қысқартуды сұраған. Ақыр аяғында Жоғарғы Соттың қадаға­лау сот алқасы өтініш уәждерін, іс материал­дарын зерттеп, Кар­тавскаяның әрекеттерінде қыл­мыс құрамы болмауына байла­нысты Шал ақын аудандық сот үкімі күшін жойып, қылмыстық істі қысқарту туралы қаулы қабы­лдады. Міне, осылайша тағы да әділдік салтанат құрды. Александр ТАСБОЛАТОВ.