20 Шілде, 2011

Дәрігерлер неге әбігер?

553 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Біздің айтайын дегеніміз, дәрі­ге­рлерді аттестациялау мәселесін­де орын алып отырған кейбір түсініспеушіліктер мен кереғар­лықтар. Денсаулық сақтау министр­лі­гі­нің 6.11.2009 жылғы №661 «Ден­­­саулық сақтау саласында ква­­ли­фи­кациялық емтихан өткізу­дің тәрті­бін бекіту туралы» бұй­рығының еш негізге сүйенбей қарапайым дәрігерден пәленбай (мамандығына қарай 5-10) ғылы­ми мақалалар жазуды та­лап ету, олар сол бұйрықтың талап­та­рына сай республикалық журналдарда және оның 3-5-ін жеке автор ретінде жариялану керек деген жол­дары қатардағы қара­пайым дәрі­герлерге көптеген қиындықтар туғызып отыр. «Қатардағы жай дәрігер қа­шан, қалай осыншама ғылыми ма­қала жазады? Оған барлық дәрі­гердің қабілеті, мүмкіншілігі бар ма? Тіпті, ғы­лыми зерттеу орталық­тарын­да қыз­мет етіп жүрген ғалым-дәрі­гер­лердің өзі осыншама қатаң талапты орындай ала ма? Неге жай дәрі­гер­лердің аттестациясын соншама күрделендіріп жіберді? Мақ­сат не? Министрлікте отыр­ған­дар әлгі бұй­рықты дайын­да­ғанда не ойлады екен? Күн демей, түн демей, жар құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген қарапа­йым қа­тар­дағы ауыл­дың немесе қаланың дәрігерлерін кезекті аттестация кезінде әлгі орын­дал­май­тын қиял-талаптармен сүрі­ндіріп, олардың квалифика­ция­лық катего­рия­ларын шегеруді мақ­сат етті ме екен? Мүм­кін, онсыз да мардым­сыз жалақы алатын дәрі­герлердің категория үшін төленетін қаржы­сы­нан үнемдегісі келді ме? Немесе журналдардың жұмысын жан­данды­рып, дәрежесін, редакция­лар­дың «қалтасын» толтыр­мақ бол­ды ма? Әйтпесе әлгіндей бұй­рық шығару қа­жет пе еді? Жа­райды, дәрігер әупірімдеп жүріп (біреуге пұлын беріп, жалынып жүріп) бірнеше ма­қала дайындады-ақ делік. Енді оны меди­циналық журналдар­дың ре­дак­ция­сына жеткізсе, олар әп- сәтте каль­куляторда есептеп жіберіп, «мы­на ма­қалаңызға мұншама, ал мы­на­ған соншама теңге» деп дәрігер­дің қал­та­сынан әр мақалаға 15-30 мың теңге (мақаланың көлеміне қарай) ақшасын қағып алады. Және ол таяу арада жариялана қоймайды, өйткені онда да ұзын кезек. Бүкіл республика бойынша қанша дәрігер бар екенін есептеп көріңіз, солар­дың бар­лы­ғы ғылыми-практикалық мақала жазса, кезек болмай қайтсін. Тағы бір таңғаларлығы, бұйрық­тағы тізімге кірмеген журналдарда жария­ланған мақалаңыз есепке алын­­бай­ды, ол бос әурешілік. Сон­дықтан дәрігер мақа­ла­сын жария­лайтын жур­нал іздеп сарсаңға түседі. Шын­дыққа келгенде, сондай қиын­дық жай, қа­тардағы әр дәрігерге қажет пе? Енді әлгіндей жолмен жазылған мақалалардың сапасына қараңыз. Оның басым көпшілігі бұрынырақ жа­рық көрген басқа журналдардан, ғылыми топтамалардан, тіпті, базбірі интернеттен көшіріліп алынған шала дүниелер. Ондай жолмен дайын­дал­ған мақалалар ғылымға, практи­каға не жаңалық әкеп қоса­ды? Мұндай мақалалар кімге қа­жет? Сұрақ көп, жауап жоқ. «Сүрінгенге жұдырық» дегендей, қазірдің өзінде мен білетін біраз дәрігерлер аталған бұйрықтың мақала жариялау жөніндегі тала­бын орындай алмай, бұрынғы ква­лификациялық категорияларын қор­­ғай алмай, айлықтан қағылып, са­на­тын жоғалтып, жай сертификатпен сүрініп-қабынып «өлме жа­ным, өл­ме» деп аздаған айлығын қанағат тұтып, әрі қарай еңбек етіп жүр. Ен­ді қайтсін, не амал бар? Ша­ғы­нып кімге барады? Ақылға сала­йық­шы, дәрігердің біліктілігін журналда жариялаған мақала­лары­мен бағалау дұрыс па өзі? Осындай жай тек біздің бір Жамбыл облысында емес, респуб­ли­камыздың барлық өңіріндегі барша дәрігерлердің жүйкесін тоз­­­ды­рып отыр. Сондықтан да республика бойынша аттес­та­ция­лық санаты бар дәрігерлер саны жылдан жылға төмендеп барады. Сондықтан да дә­рі­герлерді аттестациялау мәсе­ле­сін қайта қараған жөн деп са­най­мыз. Оларды жергілікті денсаулық сақтау орган­да­ры­ның құзырына қай­тар­ған дұ­рыс (ерте кезде солай болды емес пе?). Жергілікті мама­н­дар­дың қа­б­іле­тін, біліктілігін, мүм­кінші­лігін олар жақ­сы біледі емес пе? Неге алыс­тағы қарапайым дәрі­гер ат­тес­та­циялық жұмысын ар­қалап, ту сонау Астанаға, Алма­ты­ға, ау­мақтық ме­ди­циналық уни­вер­си­теттер мен академия­лар­ға баруы керек? Бұрынғы аттестациялау тәжі­ри­бесі білім беру саласында сақ­талып қалды емес пе? Мектеп мұ­ғалімдерінің аттестациясы облыс­тық білім беру басқармаларында жүргізіліп, оларға еш қиындық туғызбай отырғаны бәрімізге белгілі. Ендеше, дәрігерлерге неге қолдан қиындықтар туғызып, басын ауыртып жүрміз? Мұрат БЕРДӘЛИЕВ, Қазақстан медицина қызмет­кер­лері қауымдастығының Жамбыл облыстық  филиалының төрағасы. Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор.