Бүгін Астанада басталатын І Спорттық форумның аясында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Президент Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен республикалық «Қазақстан барысы» жарысының өтетіні белгілі. Жақында біз осы жобаның авторы, соны ұйымдастырушылардың бірі КТК телеарнасының бас директоры Арман ШОРАЕВПЕН кездесіп, әңгімелескен болатынбыз.
– Әр нәрсенің мақсаты, маңызы бар емес пе. Осы жобаның мақсатын айтсаңыз.
– Бұл жоба біздің ұлттық күресімізді дамытуға, қазақ күресін бүкіл халық қызыға тамашалап, оны негізгі спорт түріне, ал спорттың өзін әлеуметтік мәселеге айналдыруға арналған. Оның екінші мақсаты – қазақ күресі арқылы халық денсаулығын көтеру, саламатты өмір салтын насихаттау. Қазір қарап отырсақ, жас жігіттердің көбі әскер қатарына алынбай жатыр. Себебі, денсаулығы жарамсыз, әскер қатарына келмейді. Сондықтан бұл жоба тек жарыс өткізу, қазақ күресін насихаттау ғана емес, әлеуметтік жоба болып табылады. Біз осы жоба арқылы халық арасында ішімдік, есірткі тұтыну сияқты адам денсаулығына зиян нәрселерге қарсы үгіт-насихат жүргізгіміз келеді. Жарыс 20 тамыз күні 16.00-де «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Кіру тегін.
– Бас жүлдеге қомақты сома тігіп отыр екенсіздер. Жарыстың демеушісі кім болды?
– Демеушісі – Қызылорда облысының іскер азаматтары. Осы жерде облыс әкімінің өзі мұрындық болып отырғанын айту керек. Сол үшін әкім Болат Қуандықовқа, оның екі орынбасары Мадияр Алдоңғаров пен Рзақұл Нұртаевқа алғысымызды білдіреміз. Рзақұл Нұртаевтың өзі жай жанашыр емес, ол қазақ күресінен Азия федерациясының президенті. Сондай-ақ осы жарысты өткізуге қолұшын берген Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаев, Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, бұрынғы Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов, министрліктің спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Дүниежүзілік және республикалық қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев пен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыпқа және басқа да азаматтарға алғысымызды білдіргіміз келеді. Бұл идея осыдан бір жыл бұрын қолдауға ие болған. Сол кезден бастап қазақ күресінен жарыс өткізуге іске кірісіп, қазір нәтижесін көріп отырмыз. Яғни, біз жер-жерде осы жарысқа қатысу үшін іріктеу сындарын өткіздік. Оған 700 мың балуан қатысты. Қазір соның ішінде тек мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан 64 балуан іріктеліп отыр. Олар Астана төрінде төселген кілемде белдесетін болады. Онда бас жүлде 150 мың АҚШ доллары болса, жеңімпаз балуанның бапкеріне 50 мың АҚШ доллары беріледі. Ал екінші орын алғанға 30 мың, бапкеріне 10 мың, үшінші орын иеленгенге 10 мың, бапкеріне 5 мың АҚШ доллары тапсырылады.
– Өткен жолы біздің газетке берген сұхбатыңызда салмақтардың мөлшерін айтып едіңіз. Қазір сол салмақтар өзгерді ме?
– Иә, өзгерді. Өзгергенде қандай. Біз әуелі 74 кг. салмақтан бастап балуандар жарысқа қатыса алады деп едік қой, соның бәрі артта қалды. Енді балуандардың салмағы 100 килодан артық болса, жарысқа қатысады. Бұл жерде 125, 135, 140 кило салмақтағы балуандар болады. Оларды Қажымұқан бабамыздың ізбасарлары, халқымыздың бүгінгі батырлары деп айтсақ болады. Қазір солар ресми жарыстарда, болмаса күнделікті тіршілікте көрінбей жүр. Халық оларды шынын айтқанда, білмейді де. Сол себепті біз ертең өскелең ұрпақтың соларға қарап өсуі үшін осындай үлкен жарыстарды өткізуді мақсат етіп отырмыз. Ендігі жұмыс – төрешілерде. Ал олардың құрамы сақадай-сай. Жарысты лайықты өткізуге, техникалық мәселелерді дайындауда барлық жұмыстар істелінген.
– Жарыс жыл сайын өте ме?
– Иә, жыл сайын жазда өткізіп тұрамыз. Оған шетел балуандары қатыстырылмайды. Тек өзіміздің балуандар ғана қатысады. Биыл бұл жарысқа Олимпиаданың күміс жүлдегері Георгий Цурцумия қатысқалы отыр. Одан басқа осыдан бес-алты жыл бұрын болған, қазір спорттан кетіп, бапкерлікпен айналысып жүрген азаматтар да қатысады. Сонымен бірге әлем, Азия чемпиондары, халықаралық турнирлер мен жарыстардың жеңімпаздары, самбо, дзюдо күресінің балуандары да белдеседі. Жалпы, біз осындай жарыстар өткізу арқылы қазақ күресін балуандарға кәсіп қылуды мақсат етіп отырмыз. Бұрында балуанның жеңіп алған бас бәйгесі ауыл-аймақтарды айлап-жылдап асырауға немесе өзінің байлығын еселеуге жағдай жасаған. Сол кездегі балуандардың табыс көзі кәсіп болған. Сондықтан қазір біз де балуандардың қазақ күресін кәсіп етуі керек деп ойлаймыз. Соған қарап жас балалар балуан, ел намысын қорғайтын азамат болсам екен деп өссе дейміз. Бүгінде Жапонияда сумо, басқа елдерде өздерінің ұлттық күрестерін дәріптеп жатқандарын білесіздер. Мысалы, Моңғолияда балуандардың беделі өте зор. Олардың күресіне халық көптеп жиналады, тіпті ине шаншар орын қалмайды. Бас жүлдеге тағайындайтын сыйақысы да қомақты. Бізге де осындай жолмен жүру керек. 20 тамыз күні Астанада өтетін «Қазақстан барысы» жарысын халық зор ықыласпен тамашаласа дегім келеді. Бұл жарысты КТК, ОРТ-Еуразия, Астана телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.