19 Тамыз, 2011

Әкім басшы, кәсіпкер қосшы...

428 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Спорт – саламатты елдің салтанат­ты ұраны. Облысқа Қанат Бозымбаев әкім болып тағайындалғалы бері өңір­дегі дене шынықтыру және спорт сала­сы бұрын­ғыдан да өсіп, өркендей түсті. Спортпен шұ­ғылданатындар саны да көбейген. Об­лыстық дене шынықтыру және спорт бас­қармасының мәліметі бойынша, бүгінде олардың саны 158 мың­­ға жуықтап қалған. Бұқаралық спорт­­қа көңіл бөлу көрсеткіші де жаман емес. Ауылдарда 59 спорт  ала­ңы жөн­деліп, қалпына келтіріліпті. «Жол карта­сы» бағдарламасы шеңберінде 94,7 млн. теңгеге 5 спорт нысанына күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізілген. Облыс аудандары мен Тараз қала­сын­да заман талабына сай арнайы төсе­ніш­пен қапталған және жан-жағы биік шар­бақ­пен қоршалған шағын футбол алаң­дары көптеп пайдалануға берілуде. Бұрын облыста оның бірде-біреуі жоқ болатын. Тараз бокс мектебі – ел боксының өркендеуіне елеулі үлес қосып отырған ең басты өңірлердің бірі болғандықтан, облыста және оның орталығында был­ғары қолғап шеберлерінің шыңдалуына ерекше мән берілетіні сөзсіз. Сондық­тан болар, облыс әкімі бірер жылдың ішінде жиырмаға жуық бокс залының ашылуына тікелей өзі ұйытқы болды. Жамбылдық спортшылар мен жан­күйер­лердің биылғы басты қуаныш­тарының бірі  Тараз қаласындағы «Бәй­терек» шағын ауданынан бой көтеретін Спорт сарайы құрылысының басталуы болды десек қателеспейміз. Бүгінде ондағы құрылыс жұмысын «Құлагер» компаниясы қарқынды жүргізіп жатыр. Аталмыш спорт сарайында жалпы дене шынықтыру және атлетика дайындығы, спорттық-балдық би, спорт ойындары: бокс, волейбол, баскетбол, мини-футбол, теннис, спорттық бассейн сияқты тағы басқа көптеген спорт түрлері болады. Әр спорт түрінің өз жаттығу залы қарастырылған. Құдай қаласа, заман талабына сай сәулетпен салынып жатқан спорт сарайының құрылыс жұ­мысы 2013 жылы аяқталып, ол өңір­дегі спорттық оқу-жаттығу жұмыстарының сапасын арттырып, облыс спортшы­ларын әлемдік додаларда жаңа қыры­нан таныта бастайды деп күтілуде. Облыстағы спорттық іс-шараларға демеуші болып, игілікті істі ұйымдас­тырудың басы-қасында жүрген азаматтар да баршылық. Соның  бірі – Әлім­бек Жұ­мабаев. Ол 2007 жылдан бері еркін күрестен республикалық турнир өткізіп, оның барлық қаржысын өзі көтеріп келеді. Көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері Д.А.Қонаев жүлдесі­не арналған бұл турнир республикалық жылдық жа­рыс жоспарына енгізілген. Бұл жарысқа Астана, Алматы қалалары мен еліміздің барлық облыстарының балғын балуан­дары қатысады. «Жас өспей ме, көкейің­ді теспей ме» деген, турнир рейтингі мен беделі балуандар жеңісінің арқасында ә дегеннен-ақ өсе түсті. Мысалы, 2008 жылы 1992-1994 жылы туған жасөспірім балуандар ара­сында өткізілген турнир - халықаралық «Азия балалары» ойын­да­ры­на іріктеу жарысы ретінде таңдалды. Таңдау дұрыс болыпты. Төрт жылда бір рет өткізілетін халықаралық «Азия бала­лары» ойындарына Жамбыл облысы­нан 4 оқушы-балуан ел құрама коман­да­сы сапында қатысып, Мейіржан Әшіров – бірінші, Түгелжан Шіленов – екінші жә­не Ерназар Тоқсанбаев  үшін­ші орынды олжалап оралды. Қуаныштысы сол, кәсіпкер-меценат Әлімбек Әсембекұлының бастамасы­мен ұйымдастырылған Д.А.Қонаевтың жүл­де­сі­не арналған республикалық жа­рыс­тың жеңімпаздары мен жүлде­гер­лері ұлттық команда сапында тұрақты белдесе бастады. Олар ел командасы сапында Азия, әлем біріншіліктеріне де қатысып қайтты. Мысалы, Мұхамед­жан Сейсенбаев 2008 жылы Ташкент қа­ла­сында өт­кен Азия біріншілігінің қола жүлдесін қан­жығасына байласа, ал 2010 жылы Тайланд астанасы Бангког қаласында өткен Азия чем­пио­на­тын­да Бақтияр Сұл­тан­беков күміс жүл­деге ие болды. Биыл Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия бірін­шілігінің тағы бір күміс жүлдесін жас балуан Мейіржан Әшіров алып келді. Сондай-ақ, Бухаресте өткен жастар арасындағы әлем біріншілігіне қатысқан Нұрсұлтан Найзабеков те күміс жүлдемен оралды. Айта берсек, облыс әкімі басшы, кә­сіпкерлер қосшы болып ұйымдас­тарған турнирдің бергенінен әлі берері көп. Мұның бәрі мемлекетіміздің, оның ішінде облыстың дене шынықтыру мен спорт саласына қосылған қомақты үлес болып табылары сөзсіз. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.