Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов ТМД Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылар миссиясы делегациясын қабылдады.
Палата Төрағасы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы байқаушылар миссиясының мүшелерін жылы шыраймен қарсы алып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау үдерісіне байқаушы ретінде қатысып отырғандарына ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде аталған миссияның өкілі – Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің ТМД істері жөніндегі комитетінің мүшесі Вадим Густов Қазақстандағы сайлау науқанының ұйымдастырылуы туралы оң көзқарасын жеткізе келіп, Мәжіліс Төрағасына Парламент Сенатының депутаттарын сайлауға әзірлікті зерделеп, бір ай ішінде дайындалған сарапшы топтың есебін табыс етті. «Қазақстанда сайлау жүйесі жолға қойылған», – деп атап өтті В.Густов.
Мәжіліс Төрағасы биыл көктемде болған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық барысы мен өткізілгені жөнінде ТМД байқаушылар миссиясының шығарған қорытындысында әділ бағаланғаны үшін ризашылығын жеткізді.
Кездесу барысында парламенттік сайлау үдерісі саяси тұрақты жағдайда, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық бір қалыпты деңгейде өтіп жатқаны әңгіме болды. Ал сайлау туралы заңнама сайлау үдерісінің ашық түрде өтуін қамтамасыз етеді.
Орал Мұхамеджанов Мәжілістің қызметі жөнінде айта келіп, әлемдік қаржы дағдарысының ықпалын азайтып, ел экономикасының тұрақтылығын сақтауда Парламенттің үлкен рөл атқарғанын тілге тиек етті. Осы орайда дағдарыстың алдын алу бағытында экономикалық қатынастарды, салық салу мен әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін жақсартуды көздейтін заңдар топтамасы дер кезінде қабылданғанын атап өтті. Энергия көздерін үнемдеуге және су ресурстарын тиімді пайдалануға негіз болатын заңдар өмірге келді, деді Мәжіліс Төрағасы. Бүгінгі таңда Мәжіліс депутаттары Қазақстанның 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету мәселесіне басымдық беріп отыр.
Кездесуде парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың жолдары, ТМД ПАА шеңберінде негізінен саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа бағытталған өзара ықпалдастықты арттыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, тараптар Қазақстанның сыртқы саясаты, көрші елдермен қарым-қатынасы туралы ойларымен бөлісті. Айталық, еліміздің стратегиялық әріптесі – Ресей Федерациясымен арадағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыс тұрақты дамып келеді. Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 20 пайыздай үлесін Ресей құрап отыр. 2010 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 17,4 млрд. АҚШ долларына тең болды (экспорт – 5,4 млрд. АҚШ доллары, импорт 12 млрд. АҚШ доллары). Бұл жерде Кеден одағы шеңберіндегі сауда айналымы бойынша 2010 жылдың екінші жарты жылдығындағы мәлімет есепке алынған. Ал 2011 жылдың бірінші жарты жылдығында қос мемлекет арасындағы сауда айналымы 11,2 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44,5 пайызға өсіп отыр.
Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы қарым-қатынас та оң үрдіспен дамуда. 2010 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 589,9 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт 424,2 млн. доллар, импорт 165,7 млн. доллар. Үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында сауда айналымы 300 млн. 821 мың АҚШ доллары көлемінде болды.
Мәжіліс Төрағасы меймандарға Ресей мен Қырғыз Республикасында алдағы уақытта болатын президенттік және парламенттік сайлаулардың табысты өтуіне тілектестігін білдірді.
«Егемен-ақпарат».