Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бүгін өз мәресіне жететін саяси науқан – Сенат депутаттарын сайлау үдерісін бақылауға келген халықаралық байқаушылардың бірқатар өкілдерімен кездесу өткізді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бірінші кезекте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен келген байқаушылар миссиясының басшысы Сергей Лебедев бастаған делегациямен кездесті. Байқаушыларды Сенат депутаттарын сайлау барысымен таныстырған ОСК төрағасы байқаушыларға қазақстандықтардың шақыруын қабыл алғаны үшін алғысын жеткізді. «Тәуелсіз мемлекеттер достастығының миссиясы Қазақстандағы барлық сайлау шараларына қатысып жүрген жалғыз халықаралық ұйым. Осыған байланысты Қазақстанның сайлау заңнамаларына енгізілген өзгерістердің басым бөлігі осы ТМД байқаушыларының ақыл-кеңестеріне негізделген», деді Қ.Тұрғанқұлов. Бұдан кейінгі кезекте ол Орталық сайлау комиссиясының Сенат депутаттарының сайлауын өткізуге сақадай сай екендігіне тоқталды.
«Біз осы уақытта Сенат депутаттарының сайлауын өткізумен айналысатын Орталық сайлау комиссиясының аймақтағы өкілдіктерінен тиісті ақпараттарды алдық. Олар сайлау өткізуге толықтай дайын. Сайлаудың басталатын уақыты да белгіленді. Сайлауды өткізуге қажетті орындар бар және олардың барлығы арнайы талапқа сай жарақталған. Ал сайлауды ұйымдастырушы негізгі орган ретінде біз сайлаумен байланысты шаралардың барлығын қаржыландырып, материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз еттік. Сондай-ақ, әдістемелік материалдар мен плакаттар сияқты қажеттіліктер де толығымен орындалды. Яғни, біздің сайлауға дайындығымыз 100 пайыз», деді ОСК төрағасы.
Өз кезегінде Сенат депутаттарының сайлауын бақылауға шақырғандары үшін Орталық сайлау комиссиясы өкілдеріне алғысын білдірген ТМД байқаушылары миссиясының басшысы С.Лебедев сайлауды бақылаудың маңызды шара екендігін атап көрсетті. «Біздің басты мақсатымыз – сіздермен бірге сайлаудың барынша ашық өтуіне, қазақстандықтардың еркін таңдау жасауларына ықпал ету. Біз үшін Қазақстанның да, ТМД-ға мүше өзге мемлекеттердің де сайлау заңнамаларының жетілдіріліп отыратындығы қуантады. Біз әлемдік қауымдастық мойындаған талаптарға жақындап қалдық. Кей жағдайда тіпті бірқатар мемлекеттердің алдына шығып отырмыз. Ең бастысы, біз алға жылжып келеміз», деді С.Лебедев.
Оның сөзіне қарағанда, ТМД миссиясының өкілдері елімізде 11 тамыздан бастап жұмыс істеуде. Миссия құрамына ТМД-ның 9 мемлекетінен 60 адам кірген. «ТМД-ға мүше 11 мемлекеттен тек Молдова мен Әзербайжан елдерінің өкілдері ғана келе алмай қалды. Миссия құрамында дипломаттар мен қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, Орталық сайлау комиссияларының мүшелері бар. Миссия өкілдерінің барлығы сайлау шараларынан көпжылдық мол тәжірибелері бар азаматтар», деді миссия басшысы.
Бұдан кейін Қуандық Тұрғанқұлов Ресей Федерациясы мен Украинаның БАҚ өкілдерімен кездесті. Мәселен, Орталық сайлау комиссиясы төрағасымен жүздесуге Ресейдің «Итар-Тасс», РИА «Новости», «Герой нашего времени», «Деловые медиа» секілді агенттіктер мен басылымдардың, ««verkhoturov.info», ia-centr.ru» сынды сайттардың өкілдері, ал Украинадан «Урядовий курьер», «Голос Украины», «2000», «День» басылымдары мен «Украинформ» ақпараттық-сараптамалық агенттігінің өкілдері келіпті.
Жиын барысында Қ.Тұрғанқұлов жиналғандарға Қазақстан Парламентінің екі палатадан, Сенат және Мәжілістен тұратындығын айта келе, Парламент Сенатының құрылымы мен ерекшелігіне кеңірек тоқталып өтті. «Біз үшін Сенат депутаттарының сайлауы өте маңызды шара. Сенат 47 депутаттан тұрады. 32 депутатты Қазақстанның мәслихаты сайлайды. 15 депутатты Қазақстан Президенті тағайындайды. Олардың өкілеттілік мерзімі 6 жыл», деді ОСК төрағасы. Ол сондай-ақ, Қазақстанда бүгінде 3 мың 335 депутат бар екенін айта келе, 47 депутаттың орны түрлі себептермен бос тұрғандықтан, ертеңгі жиынға 3 мың 228 депутат қатысады деген ойымен бөлісті. «Сенат депутаттығынан үміткерлер сайлаушылардың 50 пайыздан астам даусын жинағанда ғана жеңіске жеткен болып есептеледі. Сенат депутаттарының сайлау науқаны өте белсенді өтіп жатыр. Мысалы, сайлау науқаны басталғалы республика бойынша 98 үміткер тіркелді. Бұл өткен сайлаудағы көрсеткіштен 10 адамға көп», деді Қ.Тұрғанқұлов.
Ол өз сөзінде сайлауда, әсіресе, «Нұр Отан» партиясының өкілдері ерекше белсенділік танытқанын атап өтті. «Сенат депутаттығына кандидаттардың арасында «Патриоттар партиясы», «Ауыл», «Руханият», «Ақ жол» сияқты 4 партияның өкілі бар. Жалпы алғанда, Сенат депутаттарының сайлауына 39 кандидат тіркелген. Қалған үміткерлер заңда көрсетілген талаптардың үдесіне шыға алмады», деді ОСК төрағасы.
Кездесу соңында шетелдік журналистер Қазақстандағы сайлау үдерісіне, Орталық сайлау комиссиясының жұмысына, биылғы жылғы Сенат депутаттығына ең көп үміткер тіркелген өңірлерге, депутаттыққа үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстарына бөлінетін қаржы-қаражаттың мөлшеріне қатысты өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.
Бұл күні Қуандық Тұрғанқұлов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің Бас хатшысы Михаил Кротовпен де кездесу өткізді. Жиын барысында ОСК төрағасы Парламенттік Ассамблея атынан келген делегация өкілдерін Сенат депутаттарының сайлауына дайындық барысымен таныстырды.
Ал Бас хатшының айтуынша, Қазақстанда Сенат депутаттары сайлауының барысын бақылау үшін байқаушыларға барлық мүмкіндіктер жасалған. «Сайлаудың қалай өтетінін сайлау күні көре жатармыз. Әзірге сайлауға дайындық толықтай заң аясында, барлық талаптарға сай өтіп жатыр. Бүгін біз Қазақстанның 4 аймағындағы жағдайға мониторинг жүргіздік. Жалпы алғанда 7 аймақты қамтысақ деген ойдамыз. Осыған орай, біздің миссия өкілдері республиканың өзге аймақтарын аралауда», деді М. Кротов.
Сонымен, бүгін жұмыс күнінің соңына қарай сайлаудың алғашқы қорытындылары жарияланады. Ал 22 тамыз күні сайлаудың толық қорытындысы шығарылмақ.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.