Бұрын да көз тартарлық Көкшетау соңғы он жылда айрықша түрленіп, гүлденіп келеді. Қаланың басты жасауы заманалық реңктегі ғимараттар десек болады. Бәріміз құрылысшыларға қол соғамыз. Бұл дұрыс. Бірақ, кез келген құрылыс жобалаусыз басталмайтыны да анық қой.
Ғимараттарға тіл бітсе, не дер еді? Мәселен, ең әдемілер санатындағы «Көкшетау» мәдениет сарайы мен Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрын, «Дружба» кинотеатрын, «Торпедо» стадионын, орталық мәдени-демалыс бағын алайық. Қалалықтардың бар қуанышы, шығармашылық шеберлік, жас Біржан мен Ақандардың арман-тілегі осында. Осы бір-екі жылда пайдалануға берілген заманалық «Бурабай» әмбебап спорт кешенінің де рух тасқындатар әпсанасы бар. Немесе, «Қазақтелеком» АҚ әкімшілік ғимаратында 10 мыңнан астам металл-каркас құрылғылар мен кескіндемелер қолданылғаны әжептәуір әңгімеге арқау болатындығы түсінікті. Еліміздегі тұңғыш президенттік 1200 орындық мектеп, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасындағы нысандар, Бурабайдағы республикалық шаңғы базасы, перзантханалар, балалар бақшасы, сауда және ойын-сауық отаулары, медициналық оңалту және қан орталығы, көптеген тұрғын үйлер ел игілігіндегі нысандар. Жуырдағы қала күнінде Көкшетаудағы «Дизайн орталықтың» соңғы 10 жылдағы 100 жобасының таныстырылымы өткізілді. Мұның барлығы қазір қолданыстағы ғимараттар. Ал, болашақтың жоба сызбаларының жөні де, айтар әні де бөлек.
Биылғы Құрылысшылар күнінде республикамыздың құрметті сәулетшісі Бурабай Марамов басқаратын «Дизайн орталық» ЖШС өзінің 10 жылдығын атап өтті. Мұндайда өткенге, атқарылған істерге баға берілетіні бар. Бұл орайда да шығармашылық ұжымның жүзі жарқын дегіміз келеді. Күні кеше серіктестіктің бас инженері, бірнеше медальдің иегері Томила Дудко республикалық кәсіподақтар кеңесінің «Мамандығы бойынша үздік» белгісімен, бір топ қызметкер грамоталармен марапатталды. Ал, Сәуле Тәшкинаның омырауында «ҚР құрметті сәулетшісі» белгісі жарқыраса, жас сәулетшілер Алла Исанина мен Қанат Балкешев Көкшетау қаласының гербі мен эмблемасының авторлары ретінде құрметке бөленген.
Жұртшылық, сондай-ақ, орталықтың тәуелсіз мемлекетіміздің уақыт күттірмес міндеттерін жүзеге асыруға күш салатын қажыр-қайратына ерекше ризашылық білдіруде. Мынаны қараңыз, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберіндегі өңірдегі маңызды нысандардың барлығында дерлік мақала кейіпкерлерінің қолтаңбасы айшықталып көрінеді. Қазақстанның солтүстік аймағында теңдесі жоқ «ЕНКИ» керамикалық кірпіш зауытының, «Көкшетауминералдысулары» ЖШС, атақты «Алтынтау-Көкшетау», «КамАзИнжиниринг», «Өркен-Атансор», «Ақсай Нан» акционерлік қоғамдарының өндірістік нысандары облыс абыройын асырып жатса, мұнда көкшелік жобалаушы мамандардың салмақты үлесі бар. «Дизайн орталық» ғимаратының өзі де әдемі. Қашанда тапсырыс берушілерден арылмайды.
– Бәке, серіктестіктегі 47 қызметкердің жүктемесі көп көрінді, осыншама жұмыстың үдесінен шығу қиын емес пе, деген сұрақ қойдым ұжым басшысына.
Жауап терең болды. Қиындық басқада екен. ЖШС директоры қалыптасу кезеңіндегі ауыртпалықтар мен қазіргі кезеңдегі кедергілерді мысалға алды. Тура бүгінгінің мәселесі. Кадрлар қартайып барады. Құрылыстардың қарқыны баяулауына байланысты кәсіптік институттар жабыла бастады. Бірақ, құрылыссыз қоғам дамымайды. Бұрынғы жобалау институтының инженері Бурабай Марамов елу жасында жеке меншік ұйым құруға бел байлаған. Білікті мамандар базар жағалап, білгенін ұмыта бастаған. Бұрынғыдай бір үлгідегі жобалау деген жоқ, әр нысанның өз ерекшелігі бар. Компьютерлік графика, күрделі бағдарламаларды кеңес кезіндегі мақтаулы мамандардың өзі алып кете алмай жатты. Құрылыс индустриясы тығырыққа тірелгендіктен монолитті құрылғыға негізделген материалдар мен жабдықтар сырттан тасымалданды. Түрлі сипаттағы ғимараттарды осыған сәйкес жобалау көп білімді талап етеді. Келіп жатқан жастардың тәжірибесі жоқ. Сақамыз да, жасымыз да өзін-өзі оқыту мектебінен өттік. Бұл проблема қазір де бар.
– Екіншіден, жобалауға тапсырыс уақыты тым тығыз, – дейді Бурабай Марамұлы. Оның үстіне, тендерді ұтып алғаннан кейін біздің жобамызбен келісу үшін сараптаманың бес-алты түрі жүргізіледі. Уақыттан ұтыламыз. Айып санкциясы ретінде топографиялық, геологиялық, экологиялық, тағы басқа сараптамаларды қоса атқаруға тура келеді. Тапсырыс беруші немесе өкілетті орган бұл міндеттерді арнайы құрылымдарға жүктеуіне болады ғой. Кәсіпкерлікті қолдау дегеніміз осы емес пе?
Иә, жол басы жобалаудан басталады. Жолымыз әманда ашық болғай.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.