20 Тамыз, 2011

Бейбітжан ТҰЯҚПАЕВ: Тұрғын үй азаматтардың тұрмыс сапасының айнасы

302 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Міне, барыс бейнелі болашағына нық қадам басып келе жатқан Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын қарсы алғалы отыр. Тарих үшін қас-қағым сәттей болып саналатын осынау жылдары Қазақ елі ғасырларға пара-пар әлеуметтік-экономикалық даму кезеңін өт­керді. Жас егемен еліміздің берік экономикалық тұғырын жасау мақ­сатында бірқатар тарихи мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылды және асырылып та жатыр. Осы орайда ел экономикасының жаңа сипатын жасайтын 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновация­лық даму және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын (ТКШ) жаңғырту бағ­дар­ла­маларын ерекше атап өткен жөн. Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй қоры бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсті. Астана қаласының өзінде соңғы кезеңде жылына 1 миллион 300 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп келе­д­і. Азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуде Астана қала­сын­да кең өріс алған пәтерлерді мемлекеттік жалға беру үрдісі де астана­лық­тардың тұрмыс жағдайын жақсартудың ұтымды тетігі болып табылады. Осыған байланысты Астана қаласындағы табысы төмен азаматтардың арендалық пәтерлермен қамтамасыз етілу жағдайын, ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы мен жылжымайтын мүлік рыногындағы ахуалды білу мақсатында «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК директоры Бейбітжан ТҰЯҚПАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Бейбітжан Шипатайұлы, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен елімізде құрылыс индустриясы, оның ішінде тұрғын үй құрылысы қарқынды даму сатысына шықты. Осы орайда, тұрғын үй құрылысы саласындағы ахуалды қалай бағалайсыз? – Адамның тұрмыс деңгейінің сапасын айқындайтын негізгі жетістіктердің бірі – қолайлы баспана болып табылады. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жол­дауында «Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлы­лы­ғы­ның деңгейі» деп атап көрсеткен болатын. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы ел Үкіметінің алдына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау, сумен, жылумен, электр және газбен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту, жалпы, тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құру міндетін қойды. Елімізде әлеуметтік-экономикалық қай­та құрулар барысында жан-жақты дамыған тұрғын үй рыногы қалыптасты. Тұрғын­дар­дың экономикалық белсенділігі артуда. Тек соңғы он жыл ішінде ғана тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге өсті. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде тек Астана қа­ла­сының өзінде ғана 5612 адам қол­жетімді пәтерлермен қамтамасыз етілді. Үстіміздегі жылдың өткен 7 айында елордада барлық қаржыландыру көздері бойынша жалпы ауданы 844 369 шаршы метр тұрғын үй немесе 7713 пәтер пайдалануға берілді. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы биылғы жылы да қарқынды жалғасын табатын бо­ла­ды. Қазақстан Республикасының 2020 жыл­ға дейінгі даму стратегиясында табысы төмен азаматтарды қолжетімді тұрғын үй­мен қамтамасыз ету мақсатындағы әлеу­мет­тік шаралар ерекше көрініс тапқан. – «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК-ға жүктелген басты міндеттердің бірі мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінетін пәтерлерді азамат­тарға жалға беру тетігін реттеу болып табылады. Арендалық тұрғын үй сек­торы – еліміздегі тұрғын үй қорының жаңа үлгісі. Қазақстанда арендалық тұр­ғын үй секторы қалай қалыптасуда? – Бәрімізге белгілі, Мемлекет басшысы елімізде арендалық тұрғын үй саласын да­мы­ту мәселесіне үнемі басымдық беріп келеді. Қазіргі кезде Қазақстандағы арен­да­лық тұрғын үй секторы бұл қызмет түрін көрсететін негізгі үш бағытта айқындалады. Бұл – біріншіден, жеке меншік тұрғын үй рыногы. Ол стихиялық сұраныспен реттеледі және алыпсатарлық сипат алған. Себебі, пәтерге деген сұраныс өте жоғары. Мәсе­лен, бүгінде Астана және Алматы қала­ларын­да жеке меншік сектор жалға беретін пәтерлердің бір айлық ақысы орта есеппен 70 мың теңгеден айналады. Арендалық тұрғын үй секторының екінші ойыншысы – негізіне­н «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ тарапы­нан көрсетілетін мемлекет-жеке меншік серіктестігі болып табылады. Бұл серіктестік негізінен жұмсалған қаржыны қайтару мақсатында коммерциялық бағытты ұстана­ды. Сондықтан оның пәтерлерді жалға беру бағасы да жоғары. Мәселен, бұл пәтерлер­дің бір айлық жалға беру құны 90 мың теңгеден айналады. Арендалық тұрғын үймен жабдықтаудың бұл түрі табысы шектеулі тұрғындардың басым бөлігі үшін тиімсіз. Бұл қызмет түрін көп ретте табысы жоғары ұлттық компаниялардың қызмет­кер­лері немесе орта қол кәсіпкерлер ғана пайдаланады. Арендалық тұрғын үй сек­торы­ның жалпыға тиімді үшінші ойын­шы­сы – коммуналдық кәсіпорын сипатында қыз­мет көрсететін мемлекет болып табы­ла­ды. Мемлекет тарапынан көр­сетілетін арен­далық тұр­ғын үй қызметі тиімді әрі қол­жетім­ді. Мәселен, Астана қа­ла­сында жалға берілетін арендалық пәтерлердің ақы­сы айына 14500 теңгеден ай­на­лады. Әсіресе, бюджеттік сала қызметкерлері үшін қол­жетімді пәтерге ие болу­дың тиімді тетігі осы. Шетелдерде арендалық пәтерлер жалпы тұрғын үй қорының 40 пайызын қамти­ды. Ал Қазақстанда бұл сектор қалалардағы жалпы тұр­ғын үй қорының 2-3 пайы­зын ғана құрайды. Міне, инвестиция салу­дың игерілмей жатқан үлкен бір саласы. Бұл рынок жергілікті дәрежедегі муници­пал­дық органдармен реттеледі. Кез келген мемлекетте табыс көзінің аз болуына байла­нысты жеке меншік пәтерге ие бола алмай­тын адам­дар баршылық. Бұл топқа негізінен жас отбасылар, жас мамандар, бюджеттік сала қызметкерлері және тағы басқалар жатады. – Енді қаламыздағы жалға берілетін пәтерлер қоры және олардың берілу тәртібі туралы айтып өтсеңіз. – Астана қаласының әкімдігі елорданың ерекшеліктерін ескере келіп, бас қаланың беделін арттыру, мұндағы мәдениет, өнер саласының элиталарын қалыптастыру, ден­сау­лық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын жоғары кәсіби білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында 2005 жылы арнаулы қаулымен мемлекеттік ком­му­налдық тұрғын үй қорын басқару үшін «Астана қаласы тұрғын үй басқармасы» мем­лекеттік мекемесінің шаруашылық жүр­гізу құқығы бар органы ретінде «Қалалық жылжымайтын мүлік» мемлекеттік комму­нал­дық кәсіпорнын құрды. Кәсіпорын мемлекеттік арендалық тұрғын үйді басқарушы субъект ретінде, Астана қаласының мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорын бас­қарудың тиімділігін жетілдіру мақсатында мемлекеттік коммуналдық қордан бөлінетін пәтерлерді жалға беру және арендалық ақыларды жинау қызметімен айналысады. Мемлекет басшысының тікелей тапсыр­ма­сымен арендалық тұрғын үй секторын да­мыту мақсатында Астана қаласының әкім­дігі 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 6083 пәтер сатып алды. Бұл пәтерлер кезекте тұрған аз қамтамасыз етілген азамат­тар­ды, мемлекеттік қызметкерлерді, бюджеттік ұйымдардың еңбеккерлерін сонымен бірге, орталық мемлекеттік органдардың қызмет­кер­лерін арендалық пәтерлермен қамтама­сыз етуге арналған. Бұл пәтерлер мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорын  құрайды. Қазіргі кезде кәсіпорынның коммунал­дық тұрғын үй қорында 2050 арендалық пә­тер бар. Оның ішінде 1006 пәтер Үкіметтің арнаулы қаулысымен орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, 120 пәтер бұрын мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде тұрып келген Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің және басқа орган­дар­дың қызметкерлеріне берілді. Осы комму­налдық тұрғын үй қорынан 105 пәтер Ұлы Отан және ауған соғысына қатысушыларға, әлеуметтік жағынан аз қорғалған азамат­тар­ға  берілсе, коммуналдық тұрғын үй қорына бөлінген арендалық пәтерлер бюджеттік салада қызмет істейтін дәрігерлерге, мұғалім­дерге, мәдениет және спорт саласының ең­беккерлеріне берілді. Бұл тұрғын үй қорын бөлуде әлеуметтік әділеттік қағидаттары сақталған. Арендалық тұрғын үй секторын қалыпты жағдайда ұстау және бұл саланың жұмысын одан әрі дамыту мақсатында кәсіпорын белгіленген тәртіпке сай жүйелі де тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. – Бейбітжан Шипатайұлы, қалалық жыл­­жымайтын мүлік нысандарына бай­ла­ныс­ты операциялар мен сарап­тамалар қалай жүр­гізіледі? – Мемлекеттік мүлікті басқару ережелеріне сәйкес кәсіпорын  өзінің нақты тә­жі­рибе жүзіндегі қызме­тін­де бірқатар оң жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, кә­сіп­орын елордамыздың инф­ра­құрылымын жақсарту жұ­мыстарына айтарлықтай үлес қосты.  Бірқатар жылдар бо­йы кәсіпорын мемлекет мүд­де­сі үшін жер телімдерін босату және ыңғайлау міндетімен шұғылданып келеді. Астана қаласының маңызды құрылыс нысан­дарын салуға және инженерлік инфрақұры­лымын дамыту мақсатындағы құрылыс ны­санд­арын жүргізуге қаланың бас жоспары шеңберінде бірқатар кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Мәселен, «Абу Даби Плаза» көп функциялы кешенін, Қорғал­жын тас жолы бойындағы 300 орындық ма­мандандырылған кәсіби-техникалық лицей­дің ғимаратын, Күмісбеков атындағы көше бойындағы кәріздік насос стансасының құ­рылысын жүргізу үшін жер телімдерін босату міндеттерін жүзеге асырды. Сонымен бірге, Астана қаласының мәдени-әлеуметтік құрылымына көрік беретін классикалық опера және балет театры­ның ғимаратын, «Хэйлибери-Астана» мек­тебінің құрылысын, 350 орындық көп профилді қалалық балалар ауруханасының, бір ауысымда 250 адамға қызмет көрсететін диаг­ностикалық емханасының, Есіл өзені­нің сол жағалауындағы 250 орындық жұқ­па­лы аурулар ауруханасының және басқа әлеуметтік нысандар мен денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысын жүргізуге жер телімдерін дайындап, олардың пайдалану құжаттарын жасады. Сол сияқты елорданың инфрақұрылымын дамыту мақсатында көшелер мен көлік жолдарын қайта құру жұмыстарын жүргізуде инженерлік құры­лыс жұмыстарын атқару үшін мүмкіндіктер туғызды. Жалпы алғанда, мемлекет мүддесі үшін маңызды құрылыс нысандарын салуға жер телімдерін босату және дайындауда 2010 жылы 5,7 миллиард теңгенің жұмысы атқарылды. Ал 2011 жылы мемлекет мүд­де­сі үшін жер телімдерін босату және дайын­дау шеңберінде атқарылатын жұмыс 6,5 миллиард теңгені құрайды деп жоспарлануда. Астана қаласының сәулет және құрылыс саласын одан әрі дамыту мақсатындағы Мемлекет басшысы жүктеген тапсырма­лар­ды орындау үшін кәсіпорын алдында басқа да үлкен міндеттер баршылық. – Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерге сәйкес еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Сіз басқарып отырған мекемеге де бұл ретте үлкен міндеттер жүктелген. Осы маңыз­ды бағдарлама аясында атқаратын жұмыстарыңыз қандай? – Иә, ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы біздің кәсіпорынға жаңа міндеттер мен тың мақсаттар жүктейді. Басты міндет: көп қабатты үйлерге күрделі жөндеу жүргізген кезде жекелеген жұмыс түрлері бойынша кондоминимум нысандарына қызмет көр­сету, кондоминимум нысандарын жөндеу жұ­мыстарын қайтарымды негізде қаржы­лан­дыру тетіктерін жасау. Кәсіпорын бұл ретте көп қабатты үйлердегі пәтер иелерін ортақ мүлікке ұқыптылық көзқарасқа бейімдей отырып, олардың бойында өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға бетбұрыс жасау идеологиясын қалыптастыруды ұстанады. Көп қабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу қарсаңында қалаларда жеке құрылым ретінде тұрғын үй инспек­ция­ларын құру керек. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде бірқатар проблемалар орын алуда. Атап айтқанда, осы жұмысты жүргізу міндеті тапсырылған ау­дандық әкімдіктер үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің техникалық алғы­шарттарын кәсіби негізде ұйымдастыра ал­майды. Бұл жергілікті жерлерде кәсіби тех­никалық кадрлардың жетіспеуінен туындап отыр. Сондықтан көп қабатты үйлерді күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу алдында тұрғын үй инспекциялары жан-жақты тексеруі керек. 2003 жылы «Астана қаласы тұрғын үй департаменті» мекемесінің жанынан біз осын­дай тұрғын үй инспекциясын құрдық. Бұл инспекция осы жылдар ішінде қала­дағы тұрғын үй қорын толық паспорттаудан өткізді. Қазіргі уақытта қаламыздағы әрбір тұрғын үй нысанының пайдалануға берілген жылы, конструкциясы, құрылысқа пай­да­ланылған материалдары, нысанның аума­ғы, оның пайдалануға жарамдылығы анық­талған құжаты бар. Өкінішке орай, мұндай тұрғын үй қорының толық жағдайын көр­сететін құжаттар жасаған тұрғын үй инс­пекциясы Астана қаласынан басқа қала­ларда құрылмаған. Сондықтан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде осындай инспекциялар құрылса, нұр үстіне нұр болмақ. Тағы бір шұғыл шешімді қажет етіп тұрған проблема туралы айтпай кетуге бол­май­ды. Бұл – техникалық инвентаризация құ­жаттарын, сонымен бірге техникалық мұра­ғат­тарды жергілікті атқару орган­дары­на қай­тару мәселесі. Әрбір қаланың өз әкім­шілік аумағындағы барлық нысан­дар­дың саны, тех­никалық жағдайы туралы жан-жақты ақпа­ра­ты болуы керек. Бұл осы нысандар бойынша қайсысына күрделі жөн­деу жүргізу, қайсысын жаңғырту, қай­сы­сының жарамсыз болып қалуына бай­ла­нысты бұзу және басқа ағым­дық жұмыс­тарды жоспарлау үшін ауадай қажет. Міне, осы техникалық мұрағаттардың барлығы елімізде 2007 жылы «Жылжымай­тын мүлік құқығын және олармен жасалатын ауыс-түйістерді тіркеу туралы» заң қабылдан­ғаннан кейін Әділет министрлігінің құзы­рына өтіп кетті. Яғни, жергілікті атқарушы орган­дардың күнделікті жұмысына қажетті мұрағат әділет ведомстволарының санды­ғы­на салын­ды. Осындай ведомствоаралық «жілік­тің май­лы басын өзіне тарту» әрекеті салдарынан Астана қаласында техпаспорттар дайындау ісімен бір ғана аймақтық құрылым айналы­са­тын болды (бұрын Астана қаласында бұл қызмет түрімен 70 шағын бизнес субъектісі және 4 мемлекеттік кәсіп­орын айналысатын). Ол іс жүзінде салын­ған құрылыс нысан­дары­ның техникалық құжаттарын дайындап үл­гере алмайды. Бұл өз кезегінде, тұрғын үй, білім беру, бала­бақша, денсаулық салалары құрылысын­дағы барлық мемлекеттік бағдар­ламаларды іс жүзіне асыруда қолбайлау болуда. Бұл жеке меншік құрылыс және бизнес нысандарын салуда кедергілер туындатып, «жең ұшынан жалғасқан» сыбайластыққа ұрындыруда. Сондықтан техникалық инвентаризация мұрағаттары мен техпаспорттар даярлау міндетін жергілікті атқару органдарына жедел қайтадан беру қажет. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылы­ғын жаңғырту бағдарламасы ұзақ мерзімге арнал­ған ауқымды да кешенді жұмыс. Бұл бағдар­лама шеңберінде біздің кәсіпорынға бірқатар жауапты міндеттер жүктеліп отыр. «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК осыған лайық білімді де білікті кадрлармен жасақталған. Кә­сіп­орынымызда бұл маңыз­ды бағдарламаны жүргізу мақсатында кондоминимум нысан­дарына техникалық және әдістемелік көмек көрсетудің толық мүм­кіндіктері бар. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.