Еліміздің Бас прокуратурасы зияткерлік меншік туралы заңнамалардың қолданылуына тексеру жүргізгендігі туралы кеше құзырлы органның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев бірқатар тың ақпараттар таратты. Оның айтуынша, тексеру нәтижесінде 3,5 мыңнан астам заң бұзушылықтар анықталып, оларды жою барысында 50-ден астам прокурорлық қадағалау актілері енгізілген.
Жалпы, авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнама талаптарына сәйкес, авторлардың мүдделерін білдіру үшін авторлық қоғамдық ұйымдар құрылады. Қазіргі таңда, елімізде осындай 7 ұйым жұмыс жасайтын көрінеді. Олар пайдаланушылардан келіп түскен қаражаттарды жинастырады және оларды зияткерлік меншік иелеріне төлеуді жүзеге асырады. Сондай-ақ, бұл қоғамдар жиналған қаражат есебінен өздерінің нақты шығыстарын жауып отырады. Бұл талаптар заңда көрсетілген.
Алайда, тексеру көрсеткендей, іс жүзінде қазіргі қалыптасқан жағдай авторларға олардың зияткерлік еңбек нысандарын пайдаланғаны үшін тиісті сыйақы алуына кепілдік бермей отыр, дейді Ж.Өмірәлиев. Заңнамаларда авторлық қоғамдардың пайдасына ұстап қалатын қаражаттың белгілі бір пайыз шегін көрсететін тікелей нормалар жоқ. Бұл өз кезегінде аталған қоғамдарға келіп түскен ақша қаражаттарын өз қалаулары бойынша жұмсауға мүмкіндік береді. Тергеу көрсеткендей, соңғы екі жылда авторлық қоғамдарға келіп түскен 896,5 млн. теңгеден авторларға небәрі 521,5 млн. теңге ғана төленген, қалған 375 млн. теңгені қоғамдар өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Мәселен, 2010 жылы «Қазақ әндерін орындаушылар» республикалық қоғамдық бірлестігі пайдаланушылардан келіп түскен 9, 1 млн. теңгенің 8, 6 млн. теңгесін қоғам шығыстарына жатқызған. Осыған ұқсас фактілер «Ән авторларының одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі қызметінде де анықталды.
Заңнамалардың жетілдірілмеуі салдарынан меншік иеленушілерге сыйақыларды тіпті төлемеу фактілері де орын алған. Мәселен, «Демеу» «Продюссерлер мен орындаушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігіне фонограммаларды пайдаланғаны үшін пайдаланушылардан 8,4 млн. теңге келіп түскен. Алайда, осы соманың бірде-бір теңгесі құқық иеленушілерге төленбеген.
Авторлық аталған қоғамдарды тиісті зияткерлік меншік иелерін анықтау бойынша қажетті жұмыс жүргізуге ынталандырмайды. Соның салдарынан алынған сыйақылар олардың толық иелігінде қалып отыр. Мәселен, «Қазақстандық авторлық қоғам» республикалық қоғамдық бірлестігіне авторларды іздестіруді – қоғамның сайтына және Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында таратылатын баспа басылымдарында ақпарат орналастыру жолымен ғана жүргізілген. Соның салдарынан, соңғы бес жылда талап етілмеген гонорарлардың жалпы сомасы 63, 5 млн. теңге құраған. Оларды кейін қоғам өз қалауы бойынша жұмсаған.
Тексеруде лицензияланған шарттарды тіркеу туралы заң талаптарын жаппай орындамау фактілері де анықталды. Интернет желісіндегі авторлық құқықты қорғауға талдау жасау да бақылаушы мемлекеттік органдардың тарапынан тиісті жұмыстың ұйымдастырылмағанын көрсетті. Интернет желісінің қазақстандық сегментінде авторлық құқықты бұзуға ашық жол беріліп отыр. Қазақстанда ресми сатуға әлі келіп түспеген фильмдер немесе бағдарламалық қамтамасыз етулер сайттарда өріп жүр. Кейбір сайттардың пираттық контенттері мыңдаған бірліктермен есептеледі.
Осы анықталған заң бұзушылықтардың барлығы бойынша Бас прокуратура Әділет министрлігінің атына ұсыныс енгізді. Заңнамаларға құқық иеленушілердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізуге бастамашы болу ұсынылды. Сондай-ақ ішкі істер органдарымен және басқа да мүдделі органдармен өзара әрекетте Интернет желісінде зияткерлік меншік нысандарын заңсыз таратудың жолын кесу жөніндегі жұмыстарды күшейту ұсынылды дейді ресми өкіл.
Александр ТАСБОЛАТОВ.