Қарағанды өңірінің ежелгі бір шұрайлы төскейі Жаңаарқа екені белгілі. Осы жаққа сапарға шыққан сайын түрлі-түрлі түрленістерге көз үйренген. Күннен-күнге жаңарулары көп. Солай болғанымен айтпасқа амал не, сүйсінтерлігімен қатар, күйініштілері де бар. Күйініштісі не? Ол өзіміз байқап, аңғарып жүрген, ауыл еңбеккерлері өкініш-өкпесі зілдей мынадай жәйт дер едік. Тілге тиек етпегіміз де сол.
Сарыарқа мен Бетпақдала аралығындағы бұл ұлан-байтақ өңірдің ілгері замандағы кескін-келбеті анау бір жылдары аңғарылып қалатын. Бір-біріне жалғасқан бел-белестердің сауырындағы дөңгеленіп көкке көмкерілген сайын жазира, сылдырай аққан тұнық өзендер мен бұралған сансыз бұлақтар байырғы бейнесін елестетерліктей-тін. Шөбі шүйгін, суы кәусар өлке әсіресе, мал жарықтыққа жерұйықтай болғандығы қалай ұмытылсын. Әзірге қаймағы сақталған кей тұстарынан кездесіп қалар орындар сондай. Бірақ сирек ұшырасады, өрісі тарылып, селдіреп барады. Айналадағы тіршілік атаулының табиғатпен тамырлас тағдыры болжаусыз күйге ұшырап отыруы сырдың басы деуімізге болады.
Айтты-айтпады, қазір дала көркінің, жер реңінің кереғар өзгерісі көп. Кеше ғана түгі қалың топырақ ертеңінде жұтаң. Бар жануар сүйсініп жайылар қараотты шетсіз-шексіз алқаптар алашұбарланып, әредік қана ұшырасуға айналады. Күнкөрісі мал қамына байланысты жан қайтсін. Көнтерлілікпен қолда барды талғажау етуге мәжбүр. Әйтпегенде ата-баба әдетінше жылқы ма, қой ма, қай-қайсысын да шұбыртып, дәулет көзіне жайнатуға әркім-ақ құштар.
Бұған дейін өлкенің ең бір шалғыны мол, жайылымы кең қиыры Ақтүбектен Түгіскен, Қызылжар, Сарысуға ұласып жататын болушы еді. Бұл күнде басқа тұстарды былай қойғанда, кезінде құты түпсіздей көрінетін осы атырапты тану қиын. Үйреншікті сәні түліктерден гөрі енді көзге жиі шалынатыны дәу-дәу жүк көліктері. Өздері төтелеп салып алған қым-қиғаш дала жолдарымен ерсілі-қарсылы жүйткіп, айналаны шаңдатып, топырақты бұрқыратып жөңкіледі де жатады. Бұлардың күндіз-түнгі жорығы не десеңіз, қаулап ашылып жатқан кен көздері байлығын тасымалдауға байланысты аптыққан қимыл.
Қош, одан әріде әр тұстан менмұндалаған кеніштер көріне бастайды. Жал-жал жоталары жалғаса созылып жайлау-жайылымдарға, шабындықтарға емініп, ендеп кіріп алған. Жер-су көтерілген шаң-тозаңға көмілген. Көмірі қазылып, мысы аршылған төңірек адам түгілі мал жолай алмайтындай астан-кестен. Бұл да аздай Атасудан Жезқазғанға қарай тартылған жерасты құбыры орнындағы орлар екі дүниені әдейі бөлген шекарадай мал-жанды не әрі, не бері аттатпайды. Әрине, әркімнің шаруа қамы бөлек. Кен игерушілерге бұйырған қазынаны қайткенде алып қалу керек. Қалай алынып жатыр, қоршаған ортаға салдары қандай болады?! Байлық буы бас айналдырып тұрғанда ол ойландыра қойып жүр ме? Жергілікті жұрт соған мазаланады. Жауабы жоқ сауал болып тұруына қиналады.
«Тауына қарай бұланы» дегендей, бұл жақ қашанда малды болған. Шүкір, қазір де солай. Жер ыңғайы, дәстүрлі кәсіп соған итермелеп келеді. Үйір-үйір жылқы, отар-отар қой өсірушілер аз емес. Бүгінде Жаңаарқа ауданында 150 мың қой мен ешкі, 55 мың ірі қара, 29,5 мың жылқы бар деп есептелсе, осының басым бөлігі аталған аймақ үлесінде. Мүмкіндікке қарай қарасын көбейте беруге де ұмтылушылар жеткілікті. Алайда, түлікке корек табиғи жайылым мен шабындықты жылдан-жылға тарылтқан кеніштер қыспағы қаймықтырып, қинайды біразын. Жақында жылқысының еті мен қымызы бал татитын, қойының құйрығы қазандай, салмағы тайыншадай атақты Түгіскенде болғанымызда ауылдағылардың тағы бір абыржуына тап болып қалдық. Бұрынғы Жәйрем мен Қаражал кеніштерінің, одан соң тап іргеге келіп тірелген, яғни небәрі 20 және 30 шақырымдағы «Жомарт», «Қамысмола» кен көздерінің мал өсіруге кедергісі аздай, маңайдан тағы бір кен көзі табылыпты. Ол да өндірілмек көрінеді. Солай бола қалғанда қалыпқы шаруашылық үрдісі одан бетер бұзылатындығына қатер үлкен. Сондықтан «Жеңіс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Н. Исабековтің жағдайды тиісті орындарға жайғанынан басқа амалы да жоқ. Асыл тұқымды осы қой шаруашылығында 18 мың қой, 1200 жылқы өсіріледі. Ал жеке меншіктегі мал саны одан үш есе көп. Осынша мал енді өрістен тарылып отыр. Мұнымен қоса «Шұбаркөл», «Жаман Айбаттан» соң іргелес Ералиев селолық округі аумағында ашылған «Жалын» көмір кенішінің төңірегіндегі жердің жайылымға жарамсыз етілу қаупі де жұртты алаңдатуда. Әсіресе, өз аяғымен алысқа жайылатын, шөп, су талғайтын жылқы малына өріс тарылмақ. Су демекші, «Таза су» бағдарламасы бойынша Түгіскенге 2004 және 2005 жылдары қатарынан екі рет республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе де осы күнге дейін аталған ауыл ауыз суға аса зәру.
Айта кетпеске болмайды, біз қазба байлығын пайдаланушылардың әңгімемізге арқау мәселеге деген жауапкершілігін, табиғатты қорғауға деген ынта-ықыласын тиісті орындардан білмекке тырысып баққанымызбен мардымды жауап ести алмадық. Білу үшін жазбаша хат түсірілуі керек екен, оған қайтарылатын мәліметтерді жинақтауға сатыланған рұхсат алуы тағы бар. Ал ауыл шаруашылығы саласына жауапты дейтін жандардың ауызба-ауыз әңгімеде «солайы солай ғой» дегенімен, мәселені көтеруге бара алмайтыны байқалады. Ел іші еңбеккерлері мүддесіне жанашырлық, қала берді, қызметтік міндет тұрғысынан талапшылдық осындайда көрінуге тиіс емес пе!
Қарап тұрсаңыз, табиғаттың өзі осы өлкені мал бағылсын, оның асылы жылқы мен қой өсірілсін деп жаратқан секілді. Әйтсе де заман заңдылығы өндірісті қоса дамытуға ойыстырды. Уақыт ағымынан асып кету қиын. Кен де керек-ақ болар. Дегенмен, онсыз да соңғы уақытта қарашірігі азайып, сұр топырақты, сортаң, шөлейт жерлер жиілей бастаған өлкенің ақырғы шұрайлы да шырайлы қойнау-қыртыстарын қопарып, пайдаға асырғысыз, жарамсыз қылу жөн бе?! Аршылған жерді қалпына келтіру жөніндегі уағдаластық көп ретте сақталмай, ашық қалған кеніштерден жел тұрса көтерілер қара шаң, қалың тозаң былай да өсімталдығы әлсіз өсімдіктер дүниесін басып, тұншықтыра беретіндігі өкінішті. Тым болмаса соны қалқалауға, бөгесін болатындай жан-жағынан жасыл желек қорғанын жасаудың қолға алынбауына налиды ел іші.
Иә, ауылдағы шаруаның бейнеті, түйткіл мәселесі аздай, қазба байлықты ештеңеге алаңдамай асап қалуға асығушылық бір бүйірден қадалған тікенек болып тұр. Тек минералды шикізатты бас-көзсіз өндіруге негізделген экономика құрылымының болашағы күмәнді екендігі талай-талай айтылып та жүр. Шетелдік инвесторлармен кездесуде Елбасы бұл мәселеге айрықша көңіл аударғаны мәлім. Биылғы Жолдауда мал шаруашылығы өнімдерін жеткілікті өндіру жөнінде тапсырма да берілді.
Жер қазынасы шексіз еместігі, көмірі болсын, мұнайы болсын, мысы болсын бір кезде таусылатыны анық. Ал ұқыпты пайдаланса келешек ұрпақ қажетіне де пайдасы тиері хақ. Сондықтан бірқатар елдердің табиғи ресурстарды сақтау үшін олардың көздерін ұзақ мерзімге жауып тастағандары аян. Басқасын былай қойғанда, мал шаруашылығына қолайлы өңірлерді қорғауға сондай тәсіл неге қолданбасқа, жайылымдар мен шабындықтарды сақтау туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданса тіптен жақсы болар еді дегенге саяды жергілікті тұрғындар пікірі.
Ауылдың мал бағар жағдайы болса тұрмысы жаман болмайтынын, еңсесі биік отырарын білеміз. Қазіргі күні де жұмысы жоқ мыңдаған ауыл тұрғындары қолдағы азын-аулақ малдың арқасында күндерін көруде. Орта және шағын бизнесті өркендетуге нағыз тың орта сонда жатыр. Өкінішке қарай, басқасына қоса, сөзімізде тұспалданғандай, кедергілер етектен тартуы сол мүмкіндікке тұсау салуда. Соның салдарынан өзге емес, сыртқа алақан жаюға болмайтын ең қажет дүние – азық-түлікке де сұраншақ болып отыруымыздың ұяттығын айтып жатып қайтеміз.
Ал ауылда тұрып мал ұстамағанның күні күйкі. « Таяқтың екі ұшы бар» демекші, түлік тұяғын түлетуге ыңғайлы жерлерді малшы қауым несібесінен жырудың арты ауыр болары ақиқат. Ештен кеш жақсы деген. Айналып келгенде осынау жәйт тереңірек ойландыратын уақыт келді деген үмітте ауыл жұрты. Тілек те осы. Кен де керек шығар, ал мал ше?.. дейді олар.
Ұлтымыздың уызы – ауыл болса, ауыл уызы мал ғой. Аялы панасы, асырайтын анасы – дала. Ондағы жайқалған жайылым, шалқыған шабындық. Тамыр-тағдыры соған келіп тіреледі. Ал оның қазіргі ахуалы «Алыстан ойламаған, жақыннан уайым табады» деген сөзді ойға оралтады. Соның шындығын кезінде көзбен көрдік емес пе. Тың игеру науқанында оңды-солды жыртылған жерлердің біраз бөлігі не егін салуға, не мал жайылымына жарамай, арамшөп қаулап қалғандығы әлі де көз алдыда. Енді даланы дүбірлеткен өндіріс орынды-орынсыз килігіп, мал шаруашылығы тірегін тықсыруы мынадай. Жер асты байлығы – кеннен жер үсті байлығы – малдың несі кем?
Ауыл адамдарына осы жағы түсініксіз. Тіршілік корегінің нәрі – жайылымдардың тарылып бара жатуының ешкімді алаңдатпайтыны жандарына батады.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы.