«Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес казинолар мен ойын автоматтары залдарын Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы жағалауларында және Ақмола облысының Щучье каласында орналастыру қаралған болатын. Алайда, «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, жасырын ойын мекемелерін басқа жерлерде орналастыруға заңмен тыйым салынғанына қарамастан, мұндай талапты белден басушылар қатары сирер емес. Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті өткен жылы облыс орталығында осындай жасырын ойын бизнесін ұйымдастырып, ақша табудың жеңіл жолын кәсіп еткен алты «кәсіпкерсымақтың» жолын кескен. Олардың үстерінен қозғалған қылмыстық іс аяқталып, ақша десе, заңды да, арды да ұмытып кететін мұндай ашкөздер тиісті жазаларын алды. Е.Тен деген азаматша ешқандай лицензиясы болмаса да, 2010 жылғы маусым-қараша айларының аралығында Ақтөбе қаласында ғимаратты жалға алып, ойын бизнесін ұйымдастыруға байланысты заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан. Заңсыз табысқа құныққан ол Алматыдан жеткізілген бес ойын аппаратын іске қосып, «Шіркін ақша, жолда жатса» деп әрекет еткен. Ол №2 Ақтөбе қалалық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөліміне сәйкес қылмысқа кінәлі деп табылып, заңыз ойын бизнесін ұйымдастырудан түскен 836 мың теңге табысын, заттай айғақ ретінде алынған 461 мың теңгені мемлекетке кірістей отырып, үш айда тапқан еңбекақысы 90 мың теңге көлемінде айып төлеуге мәжбүр болды.
Мұндай жазадан «Тринти» кафесінің ғимаратында он үш ойын автоматын орнатып, сонау Алматыдан арнайы келіп, күреп ақша тауып жатқан жерінен тұтылған А. Маминова да құтыла алмады. «Жалғандық жарға жығады» деген осы. Сот шешімімен ол заңсыз ойын бизнесінен тапқан 840 мың теңге табысы мен заттай айғақ ретінде алынған 131 мың теңгесін мемлекетке кірістеп, 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 589 мың теңге айып төлеп құтылды.
Бәрінен де Е.Цой деген азамат құлашын кеңге сермеп үлгеріпті. Лицензиясы болмаса да, қонақ үйдің бірінші қабатын жалға алған алаяқ онда екі рулеткалы ойын, 9 покер үстелін, 2 электронды рулетка және 30 ойын аппаратын орнатып, ақтөбелік аңқауларды айға қаратып келген. №2 Ақтөбе қалалық сотының үкімімен ойын бизнесінен түскен 1 млн. 765 мың теңге мен заттай айғақ ретінде алынған 6 млн. 747 мың теңге және 11,5 мың АҚШ доллары мемлекетке кірістеліп, оған 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 589 мың теңге айып салынды. Сөйтіп, жасырын жолмен пайда таппақ болған ойы жүзеге аспай, тапқан-таянғанын түгел құсуына тура келді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.