Хромтау – жерасты қазба байлықтарына бай аудан. Бұл өңірдегі хром кенін өндіру облыс қана емес, еліміздің экономикалық дамуына серпін беріп отыр. Алайда, мұнда соңғы жылдары құрылыс материалдарын өндіру де жолға қойыла бастады. Тұрғын үй құрылысында пайдаланылатын қабырғалық кафель (қыш плиталар) шығаратын «Керамика» зауыты кезінде еліміздегі бірден-бір кәсіпорын болатын. Нарықтық бәсекеге төтеп бере алмай бұл зауыт бұдан екі жыл бұрын банкротқа ұшырап, осыншама уақыт тұрып қалып еді. Жақында арадағы екі жылғы үзілістен кейін кәсіпорын өз жұмысын қайта бастады. Бұған зауытты қайта жарақтандыруға мемлекеттің қаржылай қолдау көрсетуі ықпал етті.
Бұл жоба «Даму-Аймақтар-2» аймақтық бағдарламасы бойынша қаржыландырылды. Зауытты қайта жарақтандыруға 222 миллион теңге 10 пайыздық өсіммен бөлінді. «Керамика» акционерлік қоғамы, «ЦентрКредитБанк» және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өзара келісім-шартқа отырған. Осы келісім-шартқа сәйкес несиенің өсімінің 7 пайызын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекет жабады. Кәсіпорын алған несиесін қалған 3 пайыздық өсіммен өзі өтейді.
Мемлекеттің қолдауымен қайта жарақтандырылған зауытқа керамика плиталарын шығаратын италиялық технология орнатылған. Ал, өнім өндіруге қажетті қиыршық тас, саз, құм сияқты шикізаттар осы өңірден молынан табылады. Керамика плиталарына қажетті бояулық шикізаттар Испаниядан жеткізіледі.
Жоба толық қуатында жұмыс істегенде көлемі 20-30 сантиметр болатын 40 түрлі 1 миллион шаршы метр қыш плиталары шығарылады. Әзірге тәулігіне 1,5 мың шаршы метр кафель өндірілуде.
Қайта жарақтандырылған кәсіпорында төрт ауысымда 120 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың басым бөлігі бұрынғы зауытта еңбек еткендер. Тапсырыс болса, өнім өндіру де арта түспек. Зауыт директоры Әділхан Итбаевтың айтуынша, еліміздегі көптеген кәсіпорындармен, мекемелермен өз өнімдерін өткізуге келісім-шарт жасалған. Әзірге олардан тапсырыс түсе қоймапты. Сондықтан әлі ресми ашылмаған, іске қосу-реттеу жұмыстары басталған зауытта әзірге он бес түрлі кафель шығарылғанымен, олар қоймаға жинақталуда көрінеді. Негізінде олар мемлекеттік тапсырыс бойынша зауыт өнімдерін алуы тиіс екен. Бұл алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. Таяу уақытта мұнда өнім өткізу рыногы қалыптасып, зауыт өзінің жобалық қуатына шығатынына сенім мол.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.