20 Тамыз, 2011

Форумға қатысушылардың лебізі

402 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионы: – Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырып отырған бұл шара өте құптарлық бастама. Бүгінде егемен ел болғанымызға 20 жыл толды. Бұл біздің ел болып, бір белесті бағындырып, жаңаша қырымыздан танылуы­мыз­дың жолы іспеттес. Соның дәлелі ретінде ұйымдас­тырылып отырған Спорт форумының мақсаты – спорт саласына жаңадан келіп жатқан теорияларды, иннова­ция­лық технологияларды тәжірибеге енгізу, оларды ежелгі спорт түрлерімен сабақтастыра отырып, одан әрі дамыту. Себебі, ХХІ ғасыр жаңа технологиялар ғасыры екені баршаға мәлім. Оны өскелең ұрпақ ұлттық дәс­түрімізбен бірге байланыстырып отыруды әдетке айнал­дыруы шарт. Дамушы ел ретінде спортқа да ерекше серпін беріп, оны түрлі жағдайда құбылтып, сол арқылы тәуелсіз еліміздің жетістігін көрсете білу – баршамызға міндет. Спорт – ежелден келе жатқан, тамырын тереңге жайған сала. Бүгінде қанатын кеңге жайып, өзінің сан қырлы тармақтарын әлемге паш етуде. Алдағы уақытта да, шырағы сөнбей, одан әрі дами түсетіні еш шүбәсіз. 2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасында біздің спорт­шыларымыздың басымдық танытқаны, биылғы жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарындағы Қазақстан спортшы­ларының ең биік сатыдан көрінуі арқылы еліміз әлемге танылып жатыр. Бұл – қуанарлық жәйт. Елбасының бас­тамасымен көптеген спорт нысандары ашылуда. Демек, оның болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Бұл ретте біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Яғни, сол архитектура жағынан дамыған елдердегі ірі нысандармен иық те­ңес­тіре алатын спортқа арналған нысандарымыз, халық­аралық аренадан ойып тұрып орын алатын спорт сарай­ларына лайықты бапкерлер мен жаттықтырушылар, са­па­лы спортшылар дайындауымыз қажет. Ұстаздан шәкірт озады демекші, біздің соңымыздан өзіміз сияқты Олимпиада чемпиондарының көптеп шығатынына сенімім мол. Руслан Сәмиев, Ақтөбе облысы, Темір ауданы №3 орта мектебінің дене тәрбиесі мұғалімі, спорт нұсқаушысы: – Биыл тұңғыш рет өткізіліп жатқан Спорт форумының маңызы орасан зор. Форумға жан-жақ­тан қатысушылар келіп жатыр. Спорттың дамуы туралы үлкен мәселелер қозғалды. «Ел Қай­раты» респуб­ликалық, ауылдық дене тәрбиесі-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігі құрылып жатыр. Осы арқылы үлкен жетістіктерге жетеміз деп үміттенеміз. Билік тарапынан қолдау болып жатса, ауыл спорты көтерілуі тиіс. Еліміздің спорт деңгейі, құдайға шүкір, жоғары қарқын­мен дамып келеді. Ауылдағы жастарды спортқа тарту арқылы көрсеткіштерімізді бұдан да жақсар­тамыз деген ойымыз бар. Ауыл спортын көтеру барысында спорт құралдары алынып, спорт алаңдары мен жат­тығу кешендері талапқа сай салынатын болса, ауыл­дағы балалар үшін үлкен талпыныс болар еді. Еліміз бойынша үлкен спортты қаржылан­дыру мәселелері дұрыс жолға қойылған, ал ауылдың спортында қара­жат жетіспеушілігі байқалады. Бірақ, осы жолы өт­кізілген форумнан кейін бұл олқылықтардың да орны толар. Майра Исаева, Қарағанды облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім бастығы: – Қарағанды облысы бойынша бүгінгі таңда 40-қа жуық балалар спорт мектебі, облыстық интернаттар, жоғары деңгейлі спорт кешендері бар. Осы­лар­дың бәрінде 24 644 оқушы спорттық тәрбие алады. Соны­мен қатар, 1500-ден астам бала «Қазақ­мыс»ҰК» АҚ-тың демеушілігімен ашылған жеке мектеп­тер­де білім алуда. Бюджеттің жыл сайынғы көбеюіне байланыс­ты спорт мектептеріндегі сайыстар саны да артып келеді. Соңғы 5 жыл ішінде спорттық іс-шаралардың көрсет­кіштері едәуір деңгейге көтерілді. Әлемдік жеңім­паздар, Азия жеңімпаздары бізден шығып жа­тыр. Бұл  – еліміз үшін үлкен мақтаныш. Спорт мектебіне жыл сайын келетін балалардың сандарынан-ақ олардың спортқа деген қызығу­шылықтарын анық байқаймыз. Барлық мектептерде спорттың 63 түрінен, ал оның ішінде 37 олимпиадалық ойын түр­лері­нен балалар сабақ алады. Облыстық спорт мектептеріндегі балалардың бар­лығы тегін оқиды. Ең бастысы, олардың спортқа деген ынталары болса жеткілікті, қалған жағдайдың бәрін өзіміз және демеушілер тарапынан қанағаттан­дыруға тырысамыз. Көптеген облыстар өзге облыстардың талантты жас­тарын өздеріне қаражат көздерімен шақырып жата­ды. Ал бізде олай емес. Барлық таланттар түгелдей өзіміздің облысымыздан шыққандар.