Парламент • 18 Мамыр, 2017

Рухани келісімде өмір сүріп үйренейік

463 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі бастамаларының қайсысы болсын әлемдік қоғамдастық тарапынан барынша қолдау тауып келеді. Мемлекет басшысының, әсіресе, жаһандық қауіпсіздік, терроризм және діни экстремизммен күрес тұрғысындағы игі бастамаларының жөні бөлек. Осы орайда, Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 3 жыл сайын өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мән-маңызын айрықша атап өтуіміз керек. Дінаралық келісім мен татулық әлем халқының бейбіт өмір сүруіне кепіл болатынын ескере сөйлесек, бұл съездің қаншалықты маңызды екені ұғынықты бола түседі. Съезд қазіргі таңда үлкен беделге ие. Ол алуан түрлі дін өкілдерінің басын қосып, әлем халықтарының бейбіт өмір сүруі жолында ынтымақтастық пен бірліктің өзектілігін және оны іске асырудың қажеттілігін паш ететін беделді үнқатысу алаңына айналып үлгерді. Бұл өз кезегінде қоғамдық келісім мен дінаралық татулықтың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан еліміздің, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың әлем алдындағы жоғары беделін көрсетеді.

Рухани келісімде өмір сүріп үйренейік

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және басшылығымен 2003 жылдан бастап әр үш жыл сайын Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі тұрақты өткізіліп келеді. Бұл – адамзаттың жаңа мыңжылдығының конфессияаралық үнқатысумен кеңесіп, кездесулер жүйесін құруға жол ашқан ХХІ ғасырдағы аса ауқымды халықаралық шара.
 Астанада бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндері көшбасшылары съезі Хатшылығының ХVI отырысы өткелі отыр. Онда VI съезді өткізу мәселесі қаралмақшы. Алда – VI съезд! Иә, сонау 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Ас­танада өткен Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының І съезінен бергі уақыт­та дүние тынысы алқынып, жүрек соғы­сы да жиі­леп, адам баласының Жаратқан бер­ген тір­шілік үшін күресінің жанталасы күшей­ме­се, бәсеңсімеген сыңайлы. Бұған бүгінгі әлем куә!
 Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елінің астана­сын­да көне тарих бұрын-соңды естіп те, көріп те білмеген әлемдік маңызы бар деңгейдегі түрлі діндер көшбасшыларының форумын өткізуі, бұл енді жалпы адамзат баласының өзара түсінушілік және бірін бірі құрметтеуі, бірінің уәжін бірі төзімділікпен тыңдай білуі арқылы бейбітқатар өмір сүру үшін бір қадам болса да ілгері бастыруға деген ұмтылысынан туындаған бастамасы еді. 
Әлі есімізде Елбасы 2003 жылдың ақпан айының 13-інде мұсылман, христиан және еврей ұйымдары бас қосқан діндер және мәдениеттер мен халықтардың жақындасып, түсінісуіне тарихи жол ашқан бейбітшілік пен келісім мәселесіне арналған халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде түрлі конфессия өкілдеріне Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы өз ойын ортаға салған-ды. Қазақстан Президентінің осы cъезд өткізу жөніндегі ниетін Ватиканға жасаған сапары барысында католик шіркеуінің өкілдері әбден құптап, қолдаған болатын. 
Елбасының сарабдал ой-ниетінің түпкі мақсаты сан ғасырлар бойы шешімі табылмай, қордаланып келе жатқан жалпыадамзаттық мүдделерді шешу жолдарын әлемдік және дәстүрлі діндерден іздеп табу және де жаңа ғасырдағы адамзат тағдырының шешуші ке­зеңінде халықаралық конфессияаралық инс­ти­туттың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету еді.
Елбасының осы ізгі де иманды ниетінің жүзеге асып отырғандығына енді айдай әлем 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астанада өткен І съезге әлем көз тігіп, бар назарын аударған-ды. Өйткені, жалпы тіршілік пен адамзат жаралғалы түрлі діндер өкілдерінің мұндай басқосуы мүлдем болмаған-ды және ешкімнің де ойына кіріп шықпаған ұлы оқиға болатын. Міне, сол кезден 2015 жылды қоса алғанда Астанада 5 съезд ұйымдастырылды. Оған қатысушылар қатары да қалыңдай түсті. Кезекті съезд 2018 жылы осы шара үшін арнайы салынған Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін болады. 
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астанада өткізіліп келе жатқан съездерді қоса алғандағы әрбір шарасын өркениеттің киелі қазақ жеріндегі тоғысуы мен табысуы деп бағалаймыз. Сол арқылы Елбасымыз әлемдегі барлық діндер сабырлылық пен төзімділікке, күш қолданбау мен келісімге негізделгендігін дәйім алға тартумен де, айтумен де келеді. Және де түрлі бір қауіпті белгісіздік жағдайында дағдарып тұрған Жер шарындағы бүгінгі бейбітшілік пен тұрақтылық мүдделерін діндер мен мәде­ниеттердің өзара қарым-қатынастары арқылы жақындастырып, бітістіруге байланысты Елбасының тағы бір маңызды ұстанымы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» терең мәнді еңбегінде де анық айтылады. 
«Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек, – дейді Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында – Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз. Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі». 
Міне, Елбасының осы бір пайымын зерделер болсақ, әр үш жыл сайын Астанада өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес бірдей съезі мен конфессияаралық үнқатысуды ұлғайта түсудің басқа да шараларының нәтижесінде «өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылған революциялардың» алдын алу және соларды болдырмас үшін жаһандық рухани дипломатияның маңызды бір буыны дүниеге келді. Бұл буынды әлемде орын алып отырған қарулы қақтығыстар мен түрлі дау-жанжалдарды тоқтатуға және жаһандық саясаттағы өзара сенімді қалпына келтіру үшін пайдалану жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімі мен үмітін «Егер адамдар бір-бірімен бейбітшілікте және рухани келісімде өмір сүріп үйренбесе, ешқандай прогресс болмайды», деген бір ауыз сөзімен түйіндей отырып, осы бір ғаламдық ойды жаһан жадында тағы да бір жаңғыртқымыз келді. 
Ей, дүние сабаңа түс! Ей, адамзат сабыр... сабыр!..

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, 
Парламент Сенатының депутаты