Аймақтар • 19 Мамыр, 2017

Өлке шежіресін өрнектеген

475 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Негізінде Екібастұз тарихи-өлкетану музейі Г.Потанин атын­дағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі. Бүгін­де мұндағы жәдігерлер 25000 бірлікті құрайды.

Өлке шежіресін өрнектеген

Мысалы, XVII ғасырдағы Құран, XVIIІ ғасырдағы неміс музыкалық аспабы, XІХ ғасырдағы самаурындар жинағы айрықша назар аудартады. Тай ауылы маңындағы «Өлеңті жазбалары» туралы мәліметтер де көпшілікті бейжай қалдырмайды. Сонымен қатар, тас ежелгі Екібас­тұздың Шідерті даласы, көне тас ғасырындағы Ангренсор, Май­сор тұрақтары, қола дәуірінің Ақби­дайық қонысы, темір дәуі­ріндегі Тасмола мәдениетінің Майкөбе обасы жайында, сондай-ақ көшпенділер тарихына қатысты өңіріміздің археологиялық қазба экспонаттары жинақталған. 
Көне жәдігерлермен қатар му­зейдің үлкен залында Екі­бас­тұз тас көмір орнын ашқан Қо­сым Пішембаевқа ерекше бір бө­лім арналыпты. Келесі бір залда ба­ғалы тастар, тау жы­ныс­тары, Екібас­тұз­дағы көмір қазба­лары­ның үлгілері қойылып­ты. Бұл сонау 1900 жылы Екібастұзға Петер­бургтен келген тау-кен инс­ти­тутының профессоры Е. Фе­доровтың кезінен сақталған екен. Ғалым сол кезде Баянауыл тау жоталарында, Екібастұзда геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тау-кен музейін құрыпты. Қазір музейде 10 зал бар екен. 
Тағы бір назар аударатын бөлім саяси-қуғын сүргінге ұшы­рап Екібастұзда түрмеде отырған сая­си тұтқындардың тағдыр­ларына арналған. Осы жерден сыр­тында «Ц-952» деген жазуы бар белгісіз саяси тұтқынның күн­де­лігін көресіз. Атышулы орыс жазу­шысы А.Солженицынның да осы Екібастұздағы ерекше түрмеде отырғаны белгілі. Кейін бір кіта­бында «мен қазақ халқын құрмет тұтамын, бізге қазақ әйелдері нан әкеліп беретін» деп жазғаны бар. 
– Жыл сайын музейде келуші­лерге арналған әртүрлі тақырып­тағы көрмелер, түрлі шаралар өтіп тұрады. Музейге жылына 10 мыңнан аса адам келеді. Биыл «Музей түні» қаланың мерейтойына арналып «60 жылдың 60 сәті» тақырыбымен театрландырылған экскурсия ұйымдастырылды. 
Екібастұздың тарихи-өлкетану музейін қалыптастыруда Ертіс Ахметов, Хорлан Үсенова, Галина Шерстюк, Жұмаш Сыздықова, Зу­байра Ибраева, Нағима Смаилова сияқты мамандар көп тер төгіпті. Музей қорын төрт мың­нан аса бірегей жәдігерлермен толық­тырған Дариға Тоқаеваның еңбегі тіпті ересен. 
Қазір музей қызметкерлері өлке шежіресін шертер тарихи-  мәдени мұраларды насихаттау мақ­сатында түрлі шаралар өт­кізіп, ауылдарға жылжымалы көр­ме ұйымдастыруда.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ЕКІБАСТҰЗ