Өткен сенбі, 3 қыркүйек күні Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы болды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Отырыс ұйымның құрылғанына 20 жыл толатын мерейтойы қарсаңында өтіп отырғандықтан, оған деген қызығушылық үлкен болды және осы жылдарда қол жеткізілген табыстар мен алдағы перспективалар туралы көп айтылды. Отырыс жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтан басқа Армения Президенті С.Саргсян, Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведев, Түркіменстан Президенті Г.Бердымұхамедов, Украина Президенті В.Янукович, Қырғызстанның өтпелі кезеңінің Президенті Р.Отунбаева, Молдавия парламентінің төрағасы – Президенттің міндетін атқарушы М.Лупу, Белоруссия Премьер-министрі М.Мясникович, Өзбекстан Премьер-министрі Ш.Мирзиеев, ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы С.Лебедев қатысты. Тәжікстан Республикасы Президентінің «Кохи Сомон» атты мемлекеттік резиденциясында болған отырыс жұмысын осы елдің Президенті, ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің қазіргі төрағасы Эмомали Рахмон жүргізіп отырды.
Алдымен Мемлекет басшылары бірлескен суретке түсті. Одан әрі ТМД-ға мүше елдер мемлекет басшыларының шағын құрамдағы кездесуі басталды. Оны ашқан Эмомали Рахмон осыдан 20 жыл бұрын әлемнің саяси картасында бірнеше тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Олар біздің елдеріміз еді, мен сіздерді алдымен бәріміздің тәуелсіздік алуымызға 20 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын, деп бастады өзінің сөзін. Сонымен қатар, ол біз биыл өзара интеграциялық байланыстарымыз бен ықпалдастығымыздың ұйытқысы болған Достастығымыздың 20 жылдығын да тойлағалы отырмыз, біз ұйымның алдағы уақыттарда да біздің елдеріміздің өзара байланысын тереңдетудегі рөлі арта түсер деген үміттеміз, деді.
ТМД-ның 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырған бұл саммит осы ұйым тарихын еске салып өтуді қажет етеді. КСРО атты алып империя бір күнде жалп еткенімен, орнында қалған ТМД оп-оңай құрыла салған жоқ. Ол – осы тарихи кезеңді өткеру маңдайына бұйырған қайраткерлердің саяси ерік-жігері, байсалдылығы мен көрегендігінің арқасында ғана бейбіт жолмен дамып, империяның ошағында қалған қоламтаның отқа айналуына орын берген жоқ. Сол қайраткерлердің ішінде, әсіресе, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған рөлі ерекше екенін иісі ТМД жұртшылығы жақсы біледі. Ол өзінің әріптестерін өтпелі кезеңнің өміршең талаптарын мойындауға және оны мүлтіксіз орындауға үнемі шақырып, әрі жұмылдырып отырды. 1991 жылдың 8 желтоқсанында КСРО-ға енетін үш славян республикаларының басшылары Беловеж орманында басқа ешкімге айтпай «халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде КСРО өзінің қызметін тоқтататыны» және үш республика Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құратыны туралы құжатқа қол қойғаны жария етілгенде бүкіл әлем аңтарылып қалған еді. Қанды империяның тарағаны қанша қуанышты хабар болса да әрі қарай не болатыны жұрттың бәрінің жүректерінде белгісіздік сезімін тудырды. Журналистер жанталасып белгілі адамдардың пікірлерін беріп жатты. Нұрсұлтан Назарбаев сол кездің өзінде-ақ КСРО қол астындағы барынша танымал, ықпалды, ұсыныс-пікірлері өтімді, сонымен бірге, байсалды саясаткер болатын. Енді не болады деген барша журналистердің сұрақтарына ол бұл ұйымда Горбачевке орын болмайды деген сөзімен КСРО-ның келмеске кеткенін паш етті. Дүдәмал болып жүрген көпшілік Н.Назарбаевтың дуалы аузынан шыққан сөзден кейін КСРО-ның шынымен құлағанына көздері жетті.
Ал 13 желтоқсанда Орталық Азия республикаларының басшылары Ашғабадқа жиналып, өздерінің әрі қарай қандай әрекеттер жасайтындығы туралы пікір алмасты. Бұл кездесуді алып-жұлып, мұсылман республикалары да өз одағын құрғалы жатыр деп жалаулатушылар көп болды. Бірақ кездесу қорытындысында қабылданған құжат тең құқықтық негізде ТМД қатарына енуді көздеген еді. Осы кездесуден кейін Н.Назарбаев КСРО-дан тараған барлық республикалар басшыларын 21 желтоқсанға Алматыға шақырып, онда ТМД-ны елдің барлық аумағына тарату туралы келісімге қол қоюға шақырды. Сөйтіп, КСРО іс жүзінде Н.Назарбаевтың бастамасымен жиналған республикалар басшыларының «Алматы декларациясына» қол қоюымен ыдыраған еді. Бұл құжатқа қол қоюға тек Балтық бойының елдері ғана келген жоқ. Олар КСРО-ға байланысты дүниелермен шу дегеннен-ақ ат құйрығын шорт кесіскен-тін.
Міне, сол оқиғаға да биыл 20 жыл толғалы отыр. ТМД өз дамуы мен қалыптасуы жолында Н.Назарбаевтай көреген қайраткерлердің айтқанымен ғана жүрсе, біздің елдеріміздің арасында берік экономикалық интеграция орнап, халықтарымыздың қазіргі тұрмыстық әл-қуаты әлдеқайда жақсы болатын еді. Бірақ толып жатқан мүдделер қайшылығы және оны шешу үшін компромистік қадам жасауға қайраткерлердің саяси ерік-жігерінің жетіспеушілігі басқа елдер қолын жеткізе алмай жүрген интеграциялық құрылымның еркін дамуын тежей берді. Соның ішінде ТМД аумағындағы Әзербайжан мен Армения, Ресей мен Молдова, Украина, артынан Ресей мен Грузия арасында тұтанған кикілжіңдер Достастық ішіндегі интеграциялық үдерістердің тереңдей түсуіне кедергі келтірді. ТМД-дағы барлық қуаты жағынан жетекші ел болып саналатын Ресей Федерациясы көршілеріне өз мүддесін мойындату үшін экономикалық қысымдықтар жасап отырғаны да ұйым ішіндегі өзара байланыстардың тығыздығына салқынын тигізуде. Мәселен, Ресейдің «Газпром» компаниясы газдың бір текше метрін Грузияға 2006 жылға дейін 110 доллардан сатып келсе, 2007 жылдан – 235, Арменияға 54 доллардан сатып келсе, 2007 жылдан – 110, Молдоваға 80 доллардан сатып келсе, 2007 жылдан – 170, Әзербайжанға 110 долларға сатып келсе, кейін 235 долларға дейін көтеріп жіберді. Мұндай бағаға газ сатып алуға құдіреті жетпегендерге жылжымайтын мүліктердің акциясын беруді талап етуде. Ал Украинамен арадағы газға байланысты кикілжіңдер бүгінгі күні жаңа айналымға шығып, артының қандай шешім табары белгісіз болып отыр.
ТМД-ның өзге салалардағы да өзара байланыстары мен ынтымақтастықтары өрістей қоймайтынын көрген Қазақстан Президенті 2006 жылы оны көші-қон саясаты, көлік-коммуникация саласын дамыту, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастық және трансшекаралық қылмыспен күресу салаларындағы ынтымақтастық жасау ұйымына айналдырып, реформалау қажеттігін ұсынған болатын. Қазір сол ұсыныс біртіндеп жүзеге асып келеді. Сонымен бірге, ТМД шеңберінде пайда болған ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және т.б. аймақтық ұйымдар өзінің өміршеңдігін көрсетіп, өзара тиімді жолмен дамып келе жатыр.
ТМД мүшелігіне өткісі келген елдер де жоқ емес. Соның ішінде Моңғолия мен Ауғанстан ТМД-ның кейбір құрылымдарының байқаушылары болып табылады. Сондай-ақ Грузия, Әзербайжан, Молдова, Ресей және Хорватия аумағындағы халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде танылмаған кейбір республикалар да ТМД қатарына енгісі келетіндіктері туралы өтініш білдірген. Бірақ олар сепаратистік күштерге құрық беруі ықтималдығынан, қабылданған жоқ.
Қысқаша айтқанда, осындай ахуалдарды бастан кешіп келе жатқан Достастықтың құрылғанына енді 20 жыл толып отыр. Душанбедегі отырыстың күн тәртібі бойынша мүше мемлекеттердің лидерлері алдымен шағын құрамдағы кездесу өткізді. Онда күн тәртібі бекітілді. Одан әрі отырыс кеңейтілген құрамда, бекітілген күн тәртібіне сәйкес жалғасты. Онда әрбір елдің мемлекет басшылары шағын мәлімдеме жасады. Кезек өзіне келгенде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың ТМД үшін айрықша екенін атап көрсетті. Өйткені, біздің елдеріміз өз тәуелсіздіктерінің және 1991 жылы қабылданған Алматы Декларациясының 20 жылдығын атап өтіп отыр. Осы декларация біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында Достастығымызды дамытуға мүмкіндік берді, деді Қазақстан басшысы. Достастықтың маңызы туралы айтқанда: «Ол – біздің елдеріміздің арасында халықаралық құқық пен егеменді теңдік қатынасына негізделген жаңа қарым-қатынас орнату жөніндегі аса маңызды міндетті атқарып келеді. Сонымен бірге, біз Достастық шеңберінде баяғыдан қалыптасқан достығымызды бекіте түстік», дей келіп, ұйымның өз жолындағы көрген қиындықтарына ойысты. Бір уақыттарда біздің Достастығымызды сынамаған адам қалмап еді. ТМД өзін толығымен атқарып болды, енді оны тарату керек деген пікірлер де айтылды. Бірақ біз осыдан бес жыл бұрын оны реформалауды, атқарушы органдарын жетілдіруді қолға алдық. Соның арқасында ТМД-ны одан әрі дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Қазір 2020 жылғы дейінгі аралықта экономикалық даму стратегиясының орындалуы қамтамасыз етіліп жатыр. Соның арқасында және дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде біздің елдеріміздің шеңберінде әлемдік экономикалық дағдарыстың ауыр салдары жеңілдетіліп, ұлттық экономикаларымыз тұрақтылыққа қол жеткізді. Қазір еркін сауда аймағы туралы келісім-шарттың жобасын әзірлеу аяқталып келеді, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
ТМД-ны одан әрі дамытудың жолдары қатарында Қазақстан Президенті өзара пікір алысудың жиілігі және өзекті мәселелерді үнемі бірлесе шешудің маңызы зор екенін, тек осылар ғана біздің мақсаттарымызға қол жеткізетін тиімді және баламасыз жолдар болып табылатынын атады. Қазіргі замандағы тұрақтылықты нығайтып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында біздің елдеріміздің өзара бірлескен іс-қимылдарының маңызы зор. Осылар арқылы ғана біз заманауи қатерлерге қарсы тұра аламыз, деді. Сөзінің соңында Н.Назарбаев ТМД-ның мерекелік саммиті үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Мәскеудегі бейресми кездесуде болатынын жеткізді. Мен сол кездесуде ТМД-ның жасаған істерінің қорытындылары шығарылып, оның тарихи маңызын анықтайтын шығармыз деген үміттемін, дей келіп, ұйым Мемлекет басшылары кеңесінің 2012 жылға сайланған төрағасы Түркіменстан Президенті Г.Бердымұхамедовке жаңа істе табыс тіледі.
ТМД мемлекет басшыларының 20 жылдық қарсаңындағы мәлімдемелері қысқа айтылса да мазмұнды болды. Олар ұйымның жетістіктерімен қатар, кемшіліктерін де шолып өтті. Әзербайжан, Армения, Молдова басшылары ұйым аумағындағы созылмалы сырқаттардың емі әлі күнге табылмай келе жатқанына өкініш білдірді. Соның ішінде Армения Президенті С.Саргсян талай тұлғалардың бұл істі еңсеруге белсене араласқан еңбектерін атай келіп, солардың қатарында болған Нұрсұлтан Назарбаевқа да ризашылығын білдіріп өтті. Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведев өзінің сөзінде ТМД-ға байланысты Н.Назарбаевтың берген бағасы өте орынды екенін атап көрсетті.
Мәлімдемелер жасалып болған соң, мемлекет басшылары қаралған құжаттарға қол қойды. Соның ішінде Мемлекет басшыларының мәлімдемелері мен ТМД-ның 20 жылдық іс-әрекеттерінің қорытындылары және алдағы перспективалары туралы сараптамалық баяндама жөніндегі шешімге, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ерлерін ұлықтау туралы келісімге, 2012-2014 жылдардағы заңсыз миграцияға қарсы тұру бағдарламасына, әуе кемелерінің басып алынғаны туралы ақпарат түскенде ТМД әуе қорғанысының іс-әрекетін ұйымдастыру туралы шартқа және т.б. қол қойылды.
Қол қойылып болған соң журналистерге арналған шағын баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Оны ашқан Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон отырыста атқарылған жұмыстарға тоқталды. Біз барлық тараптардың мүдделері мен тілектерін ескере отырып, ұйымның одан әрі барлық сала бойынша, соның ішінде, әсіресе, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша оның жолдарын қарастырдық. Біз ұйымның құқықтық мәртебесін жетілдіру, қабылданған міндеттемелерді орындау жауапкершілігі мен оның орындалуына мониторинг жасау қажеттілігін атап өттік. Бүгінгі күні еркін сауда аймағы жөніндегі келісім-шарттың жобасын әзірлеу жұмысы аяқталып келеді. ТМД бойынша соңғы уақыттарда қабылданған құжаттарда ұлттық экономиканы жаңғырту мәселесі үнемі қамтылып келе жатқанын біз ризашылықпен атап өттік, деді ол өзінің сөзінде.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Душанбеге келген бетінде, ТМД Мемлекет басшыларының отырысы басталмас бұрын, Молдова Президентінің міндетін атқарушы Мариан Лупумен кездесіп, екіжақты келіссөз жүргізді. Онда біздің елдеріміздің сауда-экономикалық, гуманитарлық байланыстарын жандандырудың кейбір мәселелері талқыланды.
Жақсыбай САМРАТ.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.