08 Ақпан, 2017

Жамбыл ата жайлы бір үзік сыр

465 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Ата-анасы ерте өліп, жасөспірім шағында жетім қалған анам нағашы жұртының қолында өсіпті. Артынан іздер бауырлары да жоқ. Содан да ол туған ауылынан мүлдем қол үзіп қалған көрінеді. Бекер обалы не керек, нағашысы Арынбай жалғыз әкпемнен қалған көз деп оны қанаттыға қақтырмай, аялап өсіреді. Бойжеткен қыз күндердің күнінде менің әкем Қуанышбекпен танысып, оған тұрмысқа шығады. Әкемнің ол кезде «халық жауы» деген жаламен қашып, қырғыз арасында жүрген кезі екен. Бас қосқан соң екеуі қол ұстасып, қырғыз арасына кетеді. Ең қиыны, әкемнің артында қоңырауы болған соң еш жерге тұрақтай алмайды. Бүгін мұнда, ертең анда. Сонда да анам мойымайды. Ол әкемнің бар жазығы – атақты Солты болыстың баласы, әрі көп оқып, көп тоқыған, көзі ашық адам болғаны ғана екенін жүрегімен түйсінеді. Сондай көшіп-қонып жүрген кезде біреуден Жамбыл деген жыраудың осы ауылда қонақтап жатқанын естиді. Өлең-жырға әуес жас келіншек шыдай алмай, жұртпен бірге оны көруге барады. – Жырау отырған үйде ине шаншар бос орын жоқ екен. Босағаны аттаған бойда төрде отырған қария көзіме оттай басылды. Әкемнің жалғыз перзенті болған соң ба, ол мені қайда барса да ертіп жүретін еді. Сондай кездерде осы қария мені тізесіне отырғызып, маңдайымнан иіскейтін. Талай рет қолынан құлақ жегенім да бар. Санамдағы сол сурет жарқ етіп көз алдыма келді. Жүрегім дүрсілдеп, көзіме жас үйірілді. Апырау, мына Жамбыл жырау сол кісі ғой. Жұрттың қолқалауымен домбырасын қолына алып, жыр төккен Жамбыл ақсақалды тыңдай тұрып, мен қалайда сол кісімен жолығуды ойладым. Арада біраз уақыт өткен соң үй иесі «Қадірлі қонақ жолдан шаршап келді. Біраз дем алсын», деген соң жұрт та амалсыздан тарай бастады. Ел аяғы саябырсыған тұста мен үйге қайта кіріп: «Тәте, амансыз ба?» деп әлгі қарияға сәлем беріп едім, ол кісі жүзіме қадала қарап тұрды да «Сен қай баласың? Түріңді шырамытып тұрмын. Бірақ, қайдан көргенімді... Апырай, есіме ешнәрсе түсер емес. Кел, келші, жақынырақ кел», – деді. Мен жыраудың жанына таянып, тізе бүктім. Бір кезде: «Әй, балам, сен осы Ақып емессің бе? – деді. – Иә, ата. – О, айналайын, көктен іздегенің жерден табылды деген осы. Сен Тілекемнің жалғыз көзісің ғой. Бәсе, жүзіңе қарап, бұл баланы қайдан көрдім деп дал болып отырсам, сен әкең Тілеужаннан айнымайды екенсің. Келші, қарағым – деп Жамбыл тәтем мені құшағына алып, едәуір отырып қалды да, әлден уақыттан кейін – Қарағым, әкең қайтыс болған соң сені нағашы жұртың алып кеткенін анда-мұнда жүріп, тым кеш естідім. Сол кезде Тілекемнің қарғадай қызын қалай жіберіп қойдық? Өз бауырыма неге баспадым деп өкініп-ақ қалған едім. Одан бері де бастан не өтпей жатыр. Енді міне, Алланың құдіретін қарашы, өзіңді ойламаған жерден жолықтырып, қуанып-ақ қалдым – деді Жамбыл тәтем мені жанына жайғастырып жатып. Хал-жағдай сұрасқаннан кейін өзінің ұлы Тезекбаймен бірге тұратынын айтты. Келіні де бар екен. Аты Күлән көрінеді. Оның атын естігенде мен елең ете қалдым. Жамбыл тәтем оны да байқап қалды. – Иә, Күлән... Ботақараның қызы. Бала кезімізде Күлән екеуміз ылғи бір-бірімізді іздеп тұратын едік. Үйіміз де қатар болатын. Ол таң атысымен, оразасын ашпастан жүгіріп, біздің үйге келетін. Шіркін,  бір көрсе ғой, Күлән қандай болып есейді екен? Бір сәт осы ойға бөгіп кетіппін, Жамбыл тәтем бәрін айтпай-ақ ұғатын кісі екен. – Тезекбайды да, Күләнді де көресің әлі. Енді өзің жайлы айтшы. Басың бос па, әлде тұрмыс құрдың ба? – деді. Мен өз жайымды баяндап бердім. – Е, күйеуің Қастектегі Солты болыстың баласы де. Өзі біраз жерді шарлап, оқу оқыпты деп те естігенмін. Оған да мына аумалы-төкпелі заман оңай тимегенінен де хабарым бар. Жә, бұл қиындық та өтер. Жақсы адамның басына іс түскенде жанына жалау бола біл, балам. – Тәтем бір сәт үнсіз қалды. Әкемнің көзін көрген әрі сыйлас, сырлас досы болған Жамбыл тәтемнің мүсіркей айтқан сөзі менің де жетім көңілімді жібітті білем, көзіме жас толды. – Жә, жасыма. Әкең Тілеужан ер көңілді, қиындыққа мойымайтын, қайсар азамат болатын. Боркеміктенбей, бойыңды жиып ұста. Қиындық бүгінде кімнің басында жоқ. Туһ дегенде түкірігі жерге түспейтін небір есіл ерлер бүгінде қайда? Оның қасында не тәйірі, бастарың аман екен. Жә, қызым, орайын тауып, күйеу баланы ертіп, одан да үйге кел. Сол кезде кең отырып, бір әңгімелесерміз, – деген қария одан әрі мекен-жайын айтты. Қоштасып, есіктен шыға бергенімде мені тағы бір ширатып алғысы келді білем, ол: «Ақып, жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деген сөз бар. Жүнжімей, еңсеңді тік ұста» – деді тағы да дауыстап. Жамбыл тәтемнің әлгі лебізінен кейін кәдімгідей, сергіп сала бердім. Қуанышы қойнына сыймаған анам үйге келген соң Жамбыл тәтесімен кездесуін әкеме айтады. – Қой, сені көптен көрмеген соң айтқаны ғой. Осы күні екі көзіңнің бірі жау... Әлдекім бізді танып қалса... Қарияға бір зиянымыз тиіп кетіп жүрер – деп тартқыншақтағанымен, анамның қиыла айтқан тілегін де жерге тастай алмаса керек. Сөйтіп, бір күні екеуі Жамбыл тәтесінің үйіне барады. – Біз барғанда үйде тәтем мен Тезекбай екеуі ғана бар екен. Тезекбай мосыға шәугіммен шай қайнатпақ болып әуре. Үйде жантайып жатқан тәтем бізді көрген соң басын көтеріп, еңсесін тіктеді. – Кел, батырым, жоғары шық – деді ол Қуанышбекке сырғып жанынан орын беріп жатып. Жайғасып отырғанымызбен байқаймын, екі жақ та жазыла алмады. Дұрысы, Қуанышбек әңгімеге кіріге алмай отыр. Осы ыңғайсыздықты байқап мен «Тәте, Күлән көрінбейді ғой», деп едім. Ол кісі де  бөгелмеді. – Е, ол жағын сұрама. Ана итке ренжіп қалды-ау деймін. Таң атқалы екі еркек бір шай қойып іше алмай отырмыз. Әй, Тезекбай, қайдасың. Шайың әлі қайнаған жоқ па? Қаталап қалдық қой – деп есік жаққа қарап дауыстап еді, Тезекбай көріне қоймады. – Апыр-ай, тым болмаса шай қайнату қолынан келмесе, бұл жазған қатынына кіжіңдеп несі бар?! Ақып, қарағым, ол үңкигір қай бір жетістіреді дейсің. Енді шайды өзің қамдамасаң болмас, – деді. Лып етіп орнымнан тұрған мен қара мосыға асылған шәугімді қайнатуға кірістім. Әйелдің қолына тиген шай қайнамай қойсын ба, көп ұзамай дайын  болып та қалды. Ара-тұра даладан үйге кіргенімде бір байқағаным, тәтем мен Қуанышбек әлгіндегідей емес, алаңсыз әңгімеге кіріскен сыңайлы. – Бәрекелді, батырым, өзіңді бұрын-соңды көрмесем де, атыңа сырттай қанықпын. Сенің де сөз саптауыңнан-ақ өзіңнің көшелі жігіт екеніңді байқап отырмын. Кел, шай ішелік. Барымен базар деген. Тәтем оны дастарқанға шақырды. Өзіміз сияқты, ол кісінің де күйі жүдеу көрінді. Дастарқанға шашылған қуырған бидайдың арасында аздаған құрт ағараңдайды. Кеседе бидайдың талқаны бар екен, оны тәтемнің алдына таяп қойып едім, ол оны қонағының алдына қарай ысырды. Тәтем расында да қаталап қалыпты. Аузына ешнәрсе салмастан, сүтсіз қара шайдың екі-үш кесесін сүйсіне ішті де, маған қарап қулана бір жымиып алды. – Ақып, қарағым, сен туғанда әкең ұлан-асыр той жасап, қатты қуанған еді. Сен майтабан болып, соңыңнан Нұрмұхамет деген інің ергенде де өзіңді бөлекше көрді. Құдайдың уақыты ғой, Нұрмұхамет шетінеп кеткенде де бар жұбанышты өзіңнен тапты. Сенің қыз бала боп туғаныңа бүгін алғаш рет қуанып отырмын. Шөліркеп, тілім таңдайыма жабысып отыр еді, міне, өзің бүгін мейірімді бір қандырдың, – деп менің де жүрегіме өз жылуын таратып алды да, Қуанышбекке бұрылды. – Ал енді, дүниенің төрт бұрышын аралағанда не көрдің? Төрткүл дүниеде қазаққа ұқсайтын халық бар ма екен? Шайырларын тыңдай алдың ба? Соны айта отыр – деп оны алаңсыз тыңдайтын қалып танытты. – Көрдім, Жәке. Қаның да, жаның да қазақ болған соң олардан бір ұқсастық іздегенім де рас. Бізден тілі, тіршілігі басқа болғанымен, олардың әрқайсысының өз мұңы, өз қасиеті бар. Маған бәрінен де шайырларын зор құрмет тұтатыны, олардың жырларын мақтан етуі ұнады. Сол қасиеті қазаққа ұқсайтын сияқты – деп бір тоқтаған Қуанышбекке тәтем тағы да бір қолқа салды. – Ал, онда тыңдалық. Қуанышбек не айтарын білмей бір сәт абдырап қалғандай. – Жәке, менің өзім оқыған ақындардың жырларының қазақша  мән-мағынасын білгеніммен, оларды сізге жатық аударып беруім қиын тиіп отыр. Ақын емеспін ғой – деп қысыла жауап қатып еді, тәтем оны сабырға шақырды. – Ау, маған сол өз тіліндегісі қызық боп отыр. Өлең шіркін қай тілде болса да, адам оны жүрекпен түйсінеді ғой. Қане, қысылма. Қуанышбекке шегінер жер қалмағандай. Сәл ойланып алды да, тамағын кенеп, бізге түсініксіз тілде әлдеқандай бір жырды бастап кетті. – Өте бір әуезді тіл екен – деді тәтем жыр аяқталған кезде. – Өзі бір өмір жайлы толғаныс сияқты ғой. – Дәл таптыңыз, Жәке. Бұл Сағди деген ғаламат ақынның жыры. Ол шығыс халқының маңдайына біткен жарық жұлдыздың бірі. – Е, бұл сөзің құлағыма жағып барады. Өзің әңгімені де дәмді етіп айта біледі екенсің. – Қуанышбекті бір көтермелеп алып, тәтем тағы да тыңдауға құлық танытты. Қуанышбек те тыңдаушысын тапқан соң ба, бауырын жазған тұлпардай көмілді. Сағдидан басталған әңгіме одан әрі Фердауси, Омар Хаям, Хафиз ақындардың жыр төгу мәнеріне ойысты. Тәтем сынды құймақұлақ тыңдаушысы табылған соң ба, Қуанышбек аянып қалмады. Ол ақындардың да өлеңдерін оқып, оның мән-мазмұнын соңынан өзінің таным-түсінігіне сай айтып та берді. Осының бәрін қыбыр етпей тыңдап отырған тәтем бір сәт ауыр ойға шомып кеткендей еді. – Апырай, еш тозбайтын, ешкім тартып ала алмайтын қазына білім екенін біздің қазақ қашан ұғар екен? – деп бас шайқаған ол бірер сәттен кейін Қуанышбекке бұрылды. Ал сен батырым, жарадың, кеудеңе мол байлық жинапсың. Сыртың жүдеу болғанымен, ішің толған жауһар болып шықты. Осы кезде үйге сырттан Тезекбай кірді. Тосырқай амандасқан ол мені танымады. Қайдан, бала кезімізде көрсек те, одан бері арада қанша уақыт өтті ғой. Мен шыдай алмай, ту сыртынан келіп құшақтап едім, ол да ізет білдіріп, мені иығымнан қақты. Соны Жәкем де байқапты. – Әй, Тезекбай, бұл Ақып қой. Тілеужан ағаңның қызы. Ұмытып қалғансың ба? Тезекбай оның сөзінен кейін серпіліп, менің жүзіме зерделей бір қарап алды да, мені қайтадан құшақтай алды. – Ту, үлкен қыз болыпсың ғой. Әлгінде танымай қалдым. Ауыл  арасындағы біреу ме десем... Аз-кем шүйіркелескен соң тәтем оны асықтыра бастады. – Енді сен текке тұрмай, Күләнді ертіп кел. Өкпесі тарқамаса, атаңның алыстағы қызы төркіндеп келіп отыр де. Оған дейін мына Ақыптың өзі қазанын жайғастыра берер. – Тәте, кеш таяп қалды. Біз қайтайық – дедім мен. – Ау, ол не дегенің. Бүгін сендерді ешқайда да жібермеймін. Осында, менің қасымда боласыңдар. Жамбыл тәтем сөзін кесіп айтқан соң, біз одан аса алмадық. Ол бір ұмытылмас кеш болды. Алайда, бұл күні тәтемді қанша қолқаласақ та «Мен қайда қашамын. Бүгін сендерді армансыз бір тыңдағым келіп отыр. Қане, күйеу бала, сенің әңгімең жаныма жағып барады» – деп Қуанышбекті тыңдай беруге ыңғай танытты. Қарт жыраудың тілегін жерге тастай алмаған Қуанышбек өзі оқу іздеп шарлаған елдерден көрген-білгенін тілге тиек ете келіп, бір кезде діни әңгімелерге ойысты. Ғибраты мол бұл әңгімелер де тәтемізге қатты ұнады. – Әке, шаршап қаласың ғой. Жатып демалсаңшы – деген Тезекбай мен Күләнді де тыңдамады. – Мұндай той күнде бола бере ме? Ұйқыдан бір нәрсе шықса, мына сен баяғыда аспанға ұшып кетер едің, – деп баласына зекіп те тастады. Таң да атты. Ертеңгі шайды ішкен соң біз қайтуға жинала бастадық. – Әй, балалар, сендердің сөздеріңе қарасам, ол жерде тұрып жатқандарыңа көп болмапты. Байқаймын, жұмыс та таппаған көрінесіңдер. Олай болса, қимайтын онда не бар. Тілімді алып, екеуің осында келіңдер. Бәріміз бір тірлігімізді бірге көрерміз – деді. – Жәке, ниетіңізге рахмет. Біздің ұшарымызды жел, қонарымызды сай білетін кезең ғой. Бір зиянымыз тиіп кетсе... Қуанышбектің бұл сөзі де тәтеме тосқауыл бола қоймады. – Сөзді қой, Құдай өзі берген жанын өзі алады... Онсыз да мына қызым жырақта, әкенің алақанын сезіне алмай өсті. Енді мұның әкесі мен. Қасымда болса, Тілекемнің әруағының алдында менің де жүзім жарқын болмай ма - деп бір тоқтады да - осы ауылға келсеңдер, бір көңіл жетер адам бар, екі қолға бір күрек деген, сол кісі меселімді қайтармай, саған бір тірлік тауып беретін шығар... – деп тәтем сөзді келтесінен қайырды. Екі-үш күннен кейін біз төсек-орнымызды арқалап, тәтемнің жанына келдік. Ол кісі де қарап жатпапты. Әлгі танысына айтып, Қуанышбекке көп ұзатпай, бір жұмыс тауып бергізді. Мен де үйде қарап отырмадым, сол маңайда әскери құрылым бар екен, соның асханасына ыдыс жуушы боп кірдім. Рас, мұнда да тақұл-тұқыл тірлік. Біраз уақыт бәріміз бірге тұрған соң Қуанышбек ыңғайсыздана бастады. – Келімді-кетімді кісі мол үй ғой. Біз де масыл болмайық. Бөлек шығайық – деп қоймады. Тәтем қанша қарсы болса да, сол маңайдағы бір үйдің жаппасына барып кірдік. Бөлек тұрдық дегенмен, тәтем біздің оқшаулануымызға мүлдем жол бермеді. Қазаны оттан түссе, дереу бізді шақыртып алады. Күлән бала күнгі құрбым ғой, ол да қабақ шытпайды. Сөйтіп, барға қанағат, жоққа салауат айтып жүріп жаттық. Бұрындары өзімнің тұл жетім екенімді жиі есіме алып, мұңайып қалатын едім. Жамбыл тәтем сол мұңды сейілткендей болды. Әлдеқайда бара қалса, қалтасынан шығарып, екі-үш түйір қантты алдымен маған ұсынатын. Осылайша, құдды жас баладай еркелетуі маған да ұнайды. Кәдімгідей көңілім өсіп қалады. Тәтемнің қамқорлығы көңілімдегі мұңды серпіп тастағаны сонша, бір мезгіл жарқылдап сөйлеу де әдетіме айнала бастады. Оның үстіне кешке қарай өз қызығымыз өзімізде. Хикаялар айтылып, жыр-дастандар әуелеген кезде ғажайып әлемге тап болғандай, басындағы қайғы-мұңды ұмытып, өзіңді бейне бір ертегіге кіріп кеткендей күй кешесің. – Ал енді дем алыңдар. Таң қылаң беріп қалды деген тәтемнің сөзінен кейін де ұйықтай алмай, сол бір сәт неге бітіп қалды дегендей өкінетінім де есімде. Әсіресе, тәтемнің әлгінде мені қолпаштап қоюды ұмытпағаны қайта-қайта санамда жаңғырып жатады. – Ал күйеу бала, екейде елу ақын, сексен бақсы деген сөзді естіген боларсың. Бұл жайдан-жай айтыла салған сөз емес. Шындығы сол, екейде әу демейтін адам аз. Мына Ақыптың әкесі де өнерден қаражаяу емес еді. Әп-әдемі қоңыр дауысы бар ол ән салып, домбыра да тартатын. Сол әкесіне тартса, мына біздің Ақыпқа да ән салатын өнер қонған болар. Қане, қызым, сенің де дауысыңды естілік – деген еді ол. Онысы рас, мен де әнді бір адамдай салатын едім. Тіпті, ертеректе жиын-тойда айтысқа шығып, елдің қошеметіне бөленген сәттерім де бар. Алайда, оның бәрі ұмыт болғалы не заман. – Тәте, мен... ән салмағалы қашан. Оның үстіне «Дарияның қасынан құдық қазба» деген. Онан да тыңдаушы болайын, – деп қашқақтағаныма тәтем қаратпады. Содан, амал жоқ, қысыла-қысыла қырғыздың бір әнін орындап бердім. Балдыр болып түбіңде Өскім келеді Ыстықкөл Балық болып суыңда Жүзгім келеді Ыстықкөл – О, бәрекелді, қара қызым. Әннің ғажап бір қасиеті – іштегі мұңыңды алып кетеді. Жүрекке байлай бермей, ара-тұра ән айтып, көкірекке қатқан шерді сыртқа шығарып тұр, – деген тәтемнің сөзін Қуанышбек жалғап әкетті. – Жәке, Ақыш сізден ұялып отыр. Әйтпесе, өзіңізден біраз қиссаларды үйреніп те алды – деді ол. – Е, бәсе, менің қызым солай болса керек. Онда тыңдайық. Шегінетін жер жоқ. Мен қобалжи тұрып, тәтемнің аузынан естіген «Манас» жырын бастап кеттім. «Күндерден күн өтіпті, Күн мезгілі жетіпті» – дей келіп, Айчөрек сұлудың түс көретін сәтіне жетіп, бір-ақ тоқтадым. Байқаймын, тәтем жырды байсалды қалыпта, үнсіз отырып тыңдады. Ұнамай қалған шығар деп өзіне жаутаңдай қарап қалсам керек, бері кел дегендей қолын сермелеп, мені қасына шақырып алды да, маңдайымнан өбіп, арқамнан қақты. – Әй, арман-ай, сен ұл боп туғаныңда ғой. Тілекемнің атын шығарар нағыз азамат өзің болар едің. Бұдан кейін «Көроғлы», «Зылиха-Жүсіп», «Манас» сияқты өзінен үйренген дастандарды менің аузымнан тыңдау тәтемнің әдетіне айналған. Еш жерінен жаңылмай айтатыныма да дән риза. Алайда, кей кезде «маған көзсіз еліктеме, өз мақамыңды табуға тырыс, – дей келе – сенің жадағай айтып шықпай, жырды әсірелей жеткізуге тырысатының көңіліме қонады. Дегенмен, әр сөзіңнің астарына әлі де үңілгенің жөн» деп ара-тұра меселімді қайырмай, жол көрсетіп те отырды. Осылайша, сүреңсіз өмірге әр берген сәттер да бастан өте шықты. Бір күні ерім үйге абыржыңқырап оралды. – Ақыш, әлгінде маған Құлмат жездем келіп кетті. Ол кісі сені біреулер жұрттан сұрастырып жүр екен. Тап үстіңнен түспей тұрғанда, бой жасырғаның дұрыс болар деді. Құлмат дегені ашаршылықта ағайындары амалсыз бір табақ бидайға айырбастап жіберген әпкесінің қырғыз күйеуі. Сол кісі жанашырлық жасап, енді қайда бармақпын деп дағдарған Қуанышбекке жолды да өзі көрсетіпті. – Сен мына Ақтұз шахтасына кет. Сол жерде істейтін танысым бар. Ол сенің жұмысқа орналасуыңа да көмектеседі. Өзің білесің, Ақтұз шахтасында орыстар көп. Олар сенің кім екеніңді қайдан білсін, – деп ақылын да айтыпты. Сол күні екеуміз қас қарая бастаған шақта тәтемнің үйіне келдік. Ол кісі жұмысбасты болып жүрген Қуанышбекті көріп қуанып-ақ қалды. Әйтсе де бәрін айтпай ұғатын адам ғой. Сыр білдірмегенімізбен, жай жүрмегенімізді бірден ұқты. – Әй, сендерде бір қобалжу бар ғой – деді ол дегбірсіздене. Қуанышбек үндемеді, сөзді мен бастадым. – Тәте, біз Ақтұз шахтасына көшсек деп едік. Онда жұрттың жағдайы біршама тәуір екен. – деп едім, Жамбыл тәтем: – Әй, қызталақтар-ай, тіміскілеп, мұнда да жеткен екен ғой. Апырай, мына заман не боп барады?! – деп алақанын жайып, сауға сұрағандай аспанға қарады. – Апырай, торғайға пана болған бұта құрлы бола алмадым-ау. Бір жапырақ қызымды бауырыма бассам деп едім, оны да көп көрдің бе – деп өз-өзінен күңіреніп кетті. – Жәке, олай демеңіз, пана болмақ түгілі, сіздің жаныңызға келгелі еңсе тіктеп, құсадан ажырадық. Мұның өзі үлкен көмек болды бізге. Сол үшін де сізге зор рахмет. Өзіңіз айтқандай, мына қара түнек те серпіліп, жарқырап жаз да келер. Сол күндерде аман-есен қауышуға жазсын, – деп Қуанышбек Жамбыл қарттың бауырына барып кірді. Тәтем оны салалы саусақтарымен арқасынан қағып «Ал, батырым, жортқанда жолың болсын, жолдасың қызыр болсын» деп батасын берді де, маған қарады. – Қарағым, Ақып, қайда жүрсең де аман бол. Айттым ғой, сен енді менің қызымсың деп. Сондықтан да кәрі әкеңді ұмытпа. Зарықтырмай, келіп тұр. Қыз төркініне келгенде оны қазақ бос қайтармай, қалағанын береді. Менің де көңілім сені артынтып-тартынтып аттандырсам дейді. Иә, мал берсем де, дүние-мүлік берсем де жарасар еді. Бірақ, сол құрғырлар менде жоқ. Тіпті, бар болғанда да мал шіркін өліп қалады, ал дүние тозып бітеді. Сондықтан да мен саған күтіп ұстасаң тозбайтын, көзімдей көріп жүретін бір аяулымды берсем деймін – деп ол төрде сүйеулі тұрған домбырасына қолын созды. Тәтемнің жан жомарттығы мені қатты толқытса керек, жылап жібердім. – Жә, балам. Әкеңнің бір естелігі болсын. Мұны көзімдей көріп ұста. Тым болмаса балаларыңның бас жағына жастарсың. Одан жаман болмас – деп қоярда қоймай, қолыма ұстатты. Тәтеме берген сөзімде тұрып, мен одан қол үзбеуге тырыстым. Ақтұз шахтасында жұмысшылардың жағдайы шын мәнінде ауылдағы жұрттан көш ілгері екен. Біз де уақыт өте ес жидық. Сол кезде қант-шайымды, жейделік ақ матамды алып, тәтеме барып, біраз күн қасында болып та қайттым. Бірақ, тірлік шіркін, мойын бұрғыза ма, балалы болған соң қайта жүздесудің еш сәті түспеді... – деп анам мұңайып отырып қалатын. Алайда, көзден кеткенімен, Жамбыл тәтесі оның көңілінен еш кеткен емес. Нендей әңгіме айтса да, Жамбыл тәтесінің ғибратты ойларын ылғи алға тартып отыру оның айнымас әдеті еді. Тәтемнің өзінен үйренгенмін деп ара-тұра қисса-дастандарды жырлап, көңілін де бір демдеп алатын. Сол кезде оның тумаса да туғандай болған әкесіне деген балалық сезімінің өшпегеніне біз қайран қалатын едік. Оның әкесіне деген сол өлшеусіз сезімі менің де жадымда мәңгілікке қалып қойды. Содан да анамды қуантқым келсе, Жамбыл ата жайлы мақалаларды оқып беретін едім. Кейіннен Алматыға келіп оқуға түстік. Сол кезде академик Зейнолла Қабдолов ағамыз бізге лекция оқыған. Ол кісінің бірде студенттермен сырласып отырып, Жамбыл жайлы аса бір нәрлі әңгіме айтқаны бар еді. – Жамбылды біз әлі түгел танып білгеніміз жоқ. Ол кісі бейнебір мұзтау сияқты. Ал мұзтаудың су бетіндегі көрінісі – Жамбыл жайлы біздің білетініміз болса, су астындағы жүздеген шақырымдарға созылып жататын бөлігі – жыраудың біз әлі танып білмеген қырлары. Тағы бір айтарым, Жамбылды ғайбаттап, аруағын қорлағысы келгендерді де көзіміз көрді. Бәлкім, мұндай жетесіздер алдағы кезде де болатын шығар. Алайда, солардың артының бірде-бірінің оңғанын көрмедім... – деген. Үйге келгенде, академиктің осы сөзін анама айтқан едім, сол кезде оның жүзі шырайланып сала берді. – Ұстазың не деген дана адам. Апырай, қалай тауып айтқан, – деп аузынан тастамай көпке дейін айтып жүрді. Менің Жамбыл тәтесін ерекше жақсы көретін анам да бұл дүниеден өтті. Ол өмірінің соңына қарай «Жамбыл тәтем түсіме еніп жүр. Келсеңші деп шақырып жүр» деген сөзді де жиі айтатын еді. Кім біледі, бәлкім, солай да шығар... Ал білетінім, апам бізге адамды сүюді, оның қадыр-қасиетін өз мәнінде бағалауды үйреткені. Жұмагүл СОЛТЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері