08 Ақпан, 2017

Алаш аралы деп неге атамасқа?

220 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақ сахарасында осыдан тура жүз жылдай уақыт бұрын Алаш қозғалысы басталған болатын. Нақ­тылап айтқанда, 1917 жыл­дың ақпан айында Ресей империясының ша­ңырағы шайқалып ортасына түссе, арада екі ай өтпей жатып Семейдегі бұрынғы губернатор үйінде Қазақ автономиясын құру мәселесі талқыланған еді. Ал Алаш қозғалысының бастауында ел қор­ға­ны бола білген Әлихан­ Бөкейханның тұр­ғанын бәріміз білсек керек. Енді мына бір қызықты дерекке көңіл аударайық. Бұған дейін Заречная Слободка деп аталып келген Семей қаласының сол жағалауының атауы Алаш деп өзгертіледі. Және сол атау кезінде аз-кемі жоқ он жылға дейін сақталған. Бұдан кейінгі жер­де қаланың сол жағалау жағы бейнебір ешқашан ескер­мейтіндей Жаңасемей деп өзгер­тілген. Ел тәуелсіздігіне қол жет­кі­­зіл­ген шақ­та жергілікті зиялы қауым тарапынан оны қайтадан Алаш деп атау туралы ұсыныс қайта-қайта айтыл­ғанымен, оңды ұсыныс орындалмай аяқсыз қалған. Ал осындайда ештен кеш жақсы десек, несі айып?! Мұны бір деңіз. Тәуелсіздікке қол жеткіз­ген­­н­ен бергі жерде Семейде Әли­хан Бөкейханның атына көше бе­ріліп, ескерткіші ашылған, «Алаш-Семей» ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы құрылған. Екіншіден деп айт­­сақ, Семейде қазанының емес, қазағының қамын жеген Алаш қайраткерлеріне ортақ ескерткіш ансамблін орнату мәселесі де осы кезде көтерілген болатын. Сол тұста Семейге ат басын тіре­ген шет­елден келген қан­да­­сымыз, алаш­шыл азамат Хасен Оралтай осы хабарды естіп ерекше қуанған еді. Қолға алынған сол игі шаруа неліктен аяқсыз қалғаны белгісіз. Енді, міне Семей жа­ғынан тағы бір жақсы хабарды естіп отырмыз. Яғни, қарапайым бір тракторшы азамат Әлихан ескерткішін тұрғызу жөнінде бастама көтеріп отырған көрінеді. Бірақ қаражат тапшылығынан сол игі бастамасы тоқтаңқырап тұрған секілді. Соған көп болып көмектессек қайтеді?! Ал біз болсақ, өз тарапымыздан ел басылымы «Егеменде» Семейдегі ерке Ертіс айрығындағы аралды бұдан былайғы жерде Алаш аралы деп атау жөнінде бас­тама көтергенбіз. Арғы тарихқа үңілсек, бұл арал Абай заманында Түйемойнақ деп аталған. Ертеде түйенің мойын терісінен жасап, алтын, күмісті салып сақтайтын алып әмиянды түйемойнақ деген көрінеді. Сол қасиетті атауыңыз патша заманынында Пол­ковник аралы атанып шыға келген. Тегі мұн­да пат­­шаның бір оқа жа­ғал­ы жоғары шенді шенеунігі демалса керек. Сол шақта намысқа басып, өзіміз ширек ғасыр өңір тілшісі болып қызмет еткен «Егеменде» «Бұл қай полковник?» деп сын мақала да жазғанбыз. Кеңес заманында бұл жер ұзақ жылдар бойы Сталиннің сенімді серік­те­рінің бірі Кировтың есімін иеленген. Қаланы бір белсенді басқарып тұрғанда бұл арал атауы қайтадан «Полковник» атын жамылған. Кейде бармақ тістеп, идеологияға мән бермей жатамыз дейміз. Ал осыдан артық қандай идеология керек? Арғы заманда Абай мен Шәкәрімнің, одан бергіде алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхтардың ізі, әнші Әміре мен ақын Исаның, қымызшы Майраның үні қалған, Қа­жы­мұқан­ның күшіне ел та­ңырқаған арал емес пе ол?! Яғни Алаш аралы мен Полковник аралында жүріп-тұру екеуі екі басқа мәселе ғой. «Ұранымыз – Алаш, керегеміз ағаш» дейтініміз де сондықтан. Сонсоң еліміздің рухани ор­та­­лығы атанған қарт Семейде Алаш қозғалысы мен оның қай­рат­кер­ле­ріне қатысты тарихи орындар көп­теп саналады. Өкін­ішке қарай, соны көнекөз қарттар болмаса, кейінгі жас толқын біле бермейді. Ендеше, биылғы мерекелі жылы сол тарихи орындарға да неге белгі орнатпасқа. Ертең кеш болмасына кім кепіл? Ал басқаша шешіліп жатса, иә, Алашты жақ­тағанымыз елдігімізді сақтағанымыз болып шықпай ма. Тек сондай жарқын істер Семейде ғана емес, бүкіл ел көлемінде жалғасса, қанеки?! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі АЛМАТЫ