
Бұзаудың аузын жапқан центнер
Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданындағы «Мамай» деген кеңшарға Қабдолла Биттіғұлов деген азамат директор болып, оның тұралап қалған шаруашылығын көтеруге көп еңбек сіңірді. Сол кеңшарды басқарудың алғашқы жылында облыстағы жиналыста «Мамай» кеңшарын 100 сиырдан 35-ақ бұзау алды деп қатты сынапты. Келесі жылы алқалы жиында президиумда отырған Қабдолланы көрген бір әріптесі: – Былтыр 35 қана бұзау алдың деп сені қатты сөгіп еді, биыл қалай төрге оздың? – депті әзілдеп. Оған Қабекең саспастан: – Гектарына 25 центнер 35 бұзаудың аузын жапты ғой, – деп жауап қайтарыпты.Мамай тізеңнен келмей тұр ма?
«Мамай» кеңшарында бір азаматтың әйелі адуынды, ұрысқақ болса керек. Сол бірде: – Саған ерегіскенде Итемгенге барып суға кетіп өлемін, – деп күйеуін бопсалап қорқытыпты. Соны көріп тұрған Қабекең: – Осы жерден 15-18 шақырым Итемгенге жеткенше әбден діңкелеп шаршайсың. Мына тұрған Мамай не, тізеңнен келмей тұр ма? – депті ауылдың іргесінде жайнап жатқан айдын көлді нұсқап.Бұйырған дәм-тұз деген...
Ауданда мекеме басшысы болған Сәкен деген ағамыз шалғайдағы бір кеңшарға барып жиналысқа қатысып, сөз сөйлеп, одан кейін жасалған дастарқанда мәре-сәре болып біршама отырып, қона қалыңдар дегенге қарамастан жолға шыққан ғой. Қазан айының аяғы болса керек, біраздан кейін қарсы беттен жапалақтап қалың қар жауып, жолды мүлде көрсетпей қойыпты. Жүргізушісі: – Аға, бұдан әрі жүргізе алмаймын, – деген соң Сәкең: – Қон дегенде қонбадық, енді қайтып баруымыздың жөні болмас, машинаны ықтасындатып кері бұрып қой, таң атуға да жақын қалды ғой, бір азырақ көз шырымын алайық, – деп ұйқыға кірісіп, таң сіберлеп атып келе жатқанда көлікке от алдырып жүріп кетіпті. Біраз жүргеннен кейін елді мекеннің қарасы көрінгенге анықтап қараса, сол өздері шығып кеткен кеңшарға қайтадан келіп тұр екен. Алдында машинаны кері бұрып қойғаны естерінен шығып кеткенін екеуі сонда ғана түсініпті. Сол жерде Сәкен ағамыз: – Кешегі үйдің дәм-тұзы бізді жібермей тұр екен, енді аттың басын сонда бұр, – деген екен саспастан. Орынбай ШӘЙКЕНОВ баспасөз ардагері АСТАНА