16 Қыркүйек, 2011

Тас та біліктілікпен өңделеді

511 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елбасының Жолдауында белгіленген үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес Жетісу өңірінде бір­қатар өрелі істердің жүзеге асырылғанын атап өткен орынды. Осы орайда Жамбыл ауда­нында биыл 2 жоба іске асырылмақшы. Атап айтқанда, «Күрті» және «Жеңіс-2006» серіктестіктері мақсатты жұмыстарға ерекше ден қойған. Теміржол селолық округіндегі «Күр­ті» серіктестігі гранит өңдеу цехының жаңа жобасын енгізді. Ұжым ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне жоба құрылысын аяқ­тау­ды жоспарлаған. Оның қуаттылығы жы­лына 480 млн.теңгені құрап, 10 мың шаршы метр гранит өнімдерін өндіретін болады. Сонымен қатар «Күрті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігінде гранит өндіретін арнайы карьер бар. Қазіргі уақытта жоба басшылары «Биз­нестің жол картасы- 2020» бағдарламасының жаңа бастамаларын қолдау аясында жалпы сомасы 300 млн.теңгені құрайтын несие алу үшін құжаттарын «Халық банкі» акционерлік қоғамының қарауын ұсы­нып, мәселенің түйінін шешуге ұмтылған. Ауданда сонымен қатар «Жеңіс-2006» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің балық өңдеу зауытын облыстық ин­дус­трияландыру картасына енгізу жұмыстары да қатар жүргізілуде. Аудан экономикасы жыл санап даму үстінде. Негізгі капи­талға тартылған инвестиция осы жылдың өткен мерзімінде 8 млрд. 160 млн. 201 мың тең­гені құрапты. Ал жеке қаржы­лар есебінен тартылған инвестиция 900 млн. 634 мың теңге, шетел инвесторлары қар­жы­сы 5 млрд. 585 млн. 603 мың теңге болған. Негізгі капиталға тартылған инвести­цияның 68 пайызын шетел инвесторлары мен Қытай газ құбырына тартылған инвестиция құраған. Қазіргі таңда ауданға инвестиция тарту жұмыстары қызу жалғасып отыр. Индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ла­масына сәйкес, өткен жылы Самсы селолық округіне қарасты Қопа бекетіне ор­наласқан «Taskom-KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің табиғи тастарды өңдеу зауыты іске қосылып, бұл жобаның жалпы құны 1 млрд. 927 млн. 900 мың теңге болды. Қуаттылығы бойынша мұнда жылына 130 мың шаршы метр гранит, 180 мың шаршы метр мәрмәр өнімдері өңделеді. Жоба об­лыстағы өңірлік индустрияландыру карта­сына енгізілгендіктен, тұрақты бақылауға алынған. Қазір ауданда жүргізілетін құрылыс жұмыстарына зауыттың дайын өнімдерін пайдалану мәселесі қарастырылуда. Осы жұмыстардың барысымен жете та­нысуды көздеп, аудан экономикасының бір қозғаушы күші саналатын Қопадағы зауытқа арнайы бұрылғанбыз. Сапар сәтінде түй­ге­німіз, Жамбыл облысындағы Қияқты, Желтау, Жалғыз, Алматы облысы, Жамбыл ауда­нындағы Күрті кен орындарынан алынатын травертин, гранит тастар темір жолмен де, автомашинамен де осы зауытқа үздіксіз келіп жатады екен. «Қазгранит» корпорациясының ұйымдастыруымен 2007 жылы салына бас­таған «Tascom-KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осыдан екі жыл бұрын өзінің алғашқы өнімдерін тұтынушыға ұсынса, содан бері граниттің 4 түрінен оннан астам декоративті дайын өнім әзірленеді. Олар негізінен құрылыс нысандарын әр­леуге, қапсыр­малауға пайдаланылып отыр. Мәселен, ұзындығы – 60, ені – 30, қалыңдығы  2 сантиметрлік тақта граниттің бір бумасында 28,8 шаршы метр дайын өнім шығарылады. Буманың салмағы – 1,555 тонна. Травертин бұдан жеңілдеу. Әрине, тақ­талардың мөлшері тапсырыс берушінің қа­лауына қарай әртүрлі пішінде дайындалады. Индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасына енген кәсіпорын жылына 130 мың шаршы метр гранит, тура осынша тавертин өнімдерін өңдеп, айнадай жалтырата тегістеп Қарағанды, Тараз, Талдықорған, Ал­маты қалаларына жөнелтеді. Сонымен бірге, корпорацияның Қияқтыдағы «Аль-Басар» өндірісі жол жиегін көмкеретін тастар мен еденге, алаңға төселетін кеспе тастарды шығарумен айналысады. Қазір Қопадағы зауытта бір ауысымда 3 оператор, барлығы ондаған адам жұмыс істейді. Тәулігіне үш ауысымда толассыз өнім шығаратын кәсіпорын жұмысшыларының 70 пайызға жуығы Қопа бекетінің тұрғындары. Қалғаны Ұзынағаштан, Ақтерек пен Беріктастан, тіпті сонау Меркеден келетін, осы салаға бар ықыласымен ден қойған мамандар. Миллиондаған еуроға сатып алынған тас өңдей­тін «PEDRINI» атты қон­дырғы Италиянікі, бағдар­ламасы компьютерлендірілген, тұла бойы тұтастай электроника арқылы жұ­мыс істейді. Ал, қайта өң­деу әрекеттерін атқаратын ескірген қондырғылар ішінара Қы­тайдан әкелінеді. Жұмыс барысында тұ­рақ­­ты пайдаланатын суды тұщылау қондыр­ғысы Кореядан жеткізілген. Күніне 400 текше метр тұщы суды резервте ұстау керек. Өйтпесе болмайды. Техникадан экскаватор, автокарь, жүк тиегіш, су таситын автомашина, «МТЗ-80» тракторлары уа­қытпен санаспай еңбекке жұмылдырылған. Дайын өнімдер «Қастек сервис» мекемесі арқылы тасымалданып, тұтынушы қолына өтеді. Кәсіпорын есебінен жұмысшылар мен мамандарға күніне үш мезгіл тегін тамақ беріледі, 140 орындық жатақханасы және бар. Бұл 15 күн бойы ауыспалы әдіспен жұмыс істейтін ұжым мүшелеріне қажетті жағдай жасалғанының көрінісі. Моншасы, саунасы, бассейні және арнайы кір жуатын орны түгел қарастырылған кешен салынып бітуге шақ тұр. Сұрыптау, бумалау жұмыстарымен айна­лысатын еңбеккерлер мен мамандар үшін оның игілігін көретін күн де алыс емес. Осы жұмыстардың бәрін жүйелестіріп, еңбек ұжымын табыстан табысқа жетелеп жүрген білікті мамандар қатарында серіктес­тіктің бас инженері Хамид Ысқақовтың қызметін бөліп атаған дұрыс. Ол Шымкентте химия-технология институтын бітірген соң, инженер-механик мамандығы бойынша 1976 жылдан бері қызмет істеп келеді. Хамидке бұл сала да жат емес, әбден төселген. Тас өңдеу ісімен 1997 жылдан бері айналысатын гранит және мәрмәр цехтарының бастығы Еркін Намазбаевтың еңбегі де атап айтуға тұрарлықтай. Маманның аты маман – Еркін де өзі ден қойған жұмыстың ұңғыл-шұңғылын жетік меңгерген. Мамандар реті келсе бір тілегін тиісті басшылардың қаперіне сала кетуімізді өтінді. Бұл салаға электрониканың тілін таба алатын арнайы мамандар қажет екен. Сол ескерілсе, мына алып техниканың тетігін білетін жастар Алматыда ма, Астанада ма, тіпті шетелдерде ме, арнайы курстардан өтіп, осы болашағы зор салаға тартылса құба-құп болар еді деді. Әрине, зауыт қара жұмысшыға зәру емес, оған күні ертең шетелдік техни­каны жетік меңгерген білікті маман қажет. Сондықтан болашақты әріден ойластырған жөн болар еді. Иә, тас өнімі төзімділігімен, әрлі де әдемілігімен құрылыстың сәніне айналғалы көп бола қоймаса да, оған деген сұраныс келешекте арта түсетіні көрініп-ақ тұр. Ендеше, «Тастан сарай тұрғызатын» өнерлілердің өрісі кеңейе берсе, қане. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.