20 Қыркүйек, 2011

Астана мен Париж арасы жақындай түседі

636 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев жұмыс бабындағы сапармен Франция астанасы Парижге келді. Мұнда Мемлекет басшысы осы елдің Президенті Н.Саркозимен жүздесіп,  «Альстом», «Обер э Дюваль», «Эр Ликид» сияқты ірі де іргелі компаниялар басшыларымен екі жақты кездесулер өткізді.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ – Парижден.

Осыдан дәл 35 жыл бұрын, 1976 жылғы күзде жас журналист кезімізде Ленинградқа алғаш рет жол түсіп, Эрмитажды қатарынан үш күн бойы аралағанымыз бар еді.  Ғажайып полотнолар, тамаша мүсіндер алдында ұзақ аял­даған сәттерде сол сұлулықтың бәрі дерлік еуропалықтардың қо­лынан шық­қаны жайында ойға ба­та­тын­быз. Ұлы суретшілер өмір кешкен сол елдерді барып көрсе ғой деп те қиялдайтынбыз. Өзімізге өзіміз темір шымылдық орнатып алғанның салдарынан ол кезде біздің ел көр­сек, жер көр­сек деген мақсат­та­ры­мыз жүзеге асқан жоқ. Жылдар бойы Еуропа бізге ерекше елдердің елесі күйінде келді. Еуропаға есікті бізге Тәуелсіздік ашып берді. Айналасы жиырма жылға да жетпейтін кезеңде біз баяғыда бір көр­сек дейтін сол кәрі құр­лықтың есігінен кіріп, ішіне ор­ны­ғып  қана қоймай, төріне шы­ғып та үлгердік. Еуропадағы қауіп­сіздік және ынты­мақтастық ұйымы сынды аса беделді ұйымға табысты төрағалық жасап қана қоймай, ол ұйымның 11 жылдан бері шақырылмай келе жатқан Саммитін өткізіп те бердік. Еуропа Одағының ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастықтың ең белді мүшелерінің бірі де, бірегейі де – Франция. Оның неге олай болатынын көзі қарақты оқыр­ман­ға айтып жатудың өзі артық. Францияның аты – Франция. Па­риждің аты – Париж. Француз Рес­публикасының әлем істерінде қандайлық орасан орны бар екенін ел астанасы Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы, Батысеуропалық одақ ассам­блея­сы, Халықаралық энергетикалық агенттік, Страсбургте Еуропа Ке­ңесі мен Еуропа Парламенті, Лионда Қылмыстық полиция халық­аралық ұйымының Бас хатшы­лығы (Интерпол) орналас­қаны­ның өзі-ақ аңғарта алады. Он тоғызыншы ғасырдағы бір француз саяхатшысы қазақтарды «Азияның француздары» деп атаған екен. Содан шығарып Ас­қар Сүлейменовтің француздар­ды «Еуропаның қазақтары» дегенін өзіміз естігенбіз. Расында да, біздің менталитетімізде Еуро­па­ның қақ төріндегі осы халықпен ұқсастық баршылық сияқты. Елбасымыздың тәуелсіздік жыл­да­рында Франция лидерлерімен тығыз қарым-қатынасы тез орнай қалғанын осындай ортақтықпен де түсіндіруге болатындай. Нұрсұлтан Назарбаевпен адам­дық тұрғыдан жақын араласқан көрнекті саясаткерлердің бірі – Франсуа Миттеран. Өткен ға­сыр­дың тоқсаныншы жылдарында Еу­ропаның ірі елін басқарған оны біздің Президент бөлекше ықыласпен атайды. «Франсуа Миттеран – нағыз фран­цуз. Қашан көрсең де сы­пайы, көңілді, әзілге жүйрік қал­пы. Сөйтіп жүріп, ауыр сырқат шекті. Саяси тағдыры да шыр­ға­лаңдарға толы болды. Меніңше, бұл – француз саясатшыларының ерекше бір қасиеті. Бір жерде оқығаным бар: біреулер де Голльге оның бәсекелесі Франсуа Мит­те­ранның беделін төгуге дай­ын­далып жүргенін баяндапты. Сонда генерал: – Бір кезде республика президенті болуы мүмкін адам­ның намысына тиюге бол­май­ды, – депті» – Нұрсұлтан На­зар­баевтың «Ғасырлар тоғы­сын­да» кітабында осылай жазылған. Франция – әбден саясиланған мемлекет. Солай екендігі Президент Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жыл­дың қыркүйегінде Фран­ция­ға жасаған алғашқы сапарының алғаш­қы күнінде-ақ көрінген. Сол кездегі газеттерде барған беттегі баспасөз мәслихатында Елба­сы­мыздың егемен Қазақ­стан­­ның сыртқы саясатының басым ба­ғыт­тары туралы қойылған сұрақ­тарға қалай жауап бергені жа­зылды. Президент онда Қазақ­стан өзінің геосаяси жағдайына қарай Еуропа мен Азияны жал­ғастырып жатқан байла­ныс­ты­рушы буын санайтынын айтқан. «Әрине, қазақтар – мұсылмандар, олардың қазір осы мәдениетке бейімделіп тұрғаны табиғи нәрсе. Бірақ бұдан біз ислам жаққа қарай «қисая» кетуге дайынбыз деген әңгіме шықпауға тиіс. Біз барлық елдермен – Азия елдерімен де, Еуропа елдерімен де өркениетті саясат жүргізіп, екі жаққа тиімді саяси және эконо­микалық қатынастар орнататын боламыз. Біз үшін басты ба­сым­дық – адамның мүддесі, ұлттың мүддесі де осыдан басталады», деген. Нұрсұлтан Назарбаевты «ТМД-дағы ең қабілетті де беделді көшбасшы» деп атаған президент Ф.Миттеран Ресей, Қытай мен мұсылман әлемінің тоғысқан тұсында орналасқан Қазақстан Фран­ция үшін маңызды әріптес болып табылады деп атап көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың ел­дің келесі президенті болған азаматпен – ол кезде Париж мэрі Жак Ширакпен таныстығы да сол сапар кезінде басталған еді. Бұл таныстық та кейіннен адамдық достыққа ұласты. 2005 жылғы наурызда біздің Елбасымызға жол­даған хатында Жак Ширак: «Мен өзіңізбен кездесулерімді әрдайым үлкен ілтипатпен еске аламын. Мен 1991 жылы Қазақ­станда болған өзгерістерді Фран­цияның маңызды әрі шешуші өзгерістер ретінде бағалайтынын айтқым келер еді. Алмағайып әрі аса күрделі жағдайда Сіздің елі­ңіз өзінің ұлттық құндылықтары мен ұзақ тарихына адалдығын сақ­тай отырып, сонымен қатар демократияның адамзат баласына ортақ қағидаттары мен құқықтық мемлекетке бейімдігін паш ететін мемлекет орнатудың айнымас жолына түсті. 15 жылдың ішінде Қазақстан тұрақты институттары мен серпінді экономикасы бар елге айналды. Ол сондай-ақ әлем­дік қоғамдастықтың өңірлік және халықаралық деңгейдегі жауапкершілікті терең пайымдайтын мүшесі болды, мұны Сіздің көптеген бастамашылықтарыңыз, соның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жө­ніндегі кеңесті шақыру және діндер мен мәдениеттер арасындағы үндесуді дамыту жөніндегі баста­маларыңыз айғақтайды, бұларға қатысты Франция өздеріңізбен әрдайым ынтымақтас екенін білдіреді. Қазақстан шынайы мақтан ете алатын үлкен жолдан өтті. Мұны небәрі бір кезең ғана деуі­ңіз арқылы да Сіз кемеңгерлік көрсетіп отырсыз. Еліңізді за­мана­ға лайық деңгейде орнық­ты­рып, оның халықаралық аренада­ғы асқақ мұраттарын қамтамасыз ету үшін қажет санап, рефор­ма­ларды жалғастыра беруге Сіздің бекем бел байлап отырға­ныңызға мен қуаныштымын», деп ақта­рыла жазған. Жак Ширак демекші, біз ал­дыңғы күні үлкен олжаға кенелдік. Осында ресми түрде Бранли жағалауындағы музей деп ата­ла­тын, сол кездегі ел президентінің идеясымен, қолдауымен тұрғы­зыл­ғандықтан (2006 жылы) Жак Ширак музейі аталып кеткен   «при­митивті өнер» музейінде Пре­зидент телерадиокешенінің бас директоры Ерлан Бекхожин, «Хабар» агенттігінің журналистері Нұрлан Оқаұлы, Берік Исенов, мен төртеуіміз жексенбі күні әлем мәдениетіндегі ерен оқи­ға­лардың біріне куә болдық. Осын­да  21 маусымнан бері «Майяның інжу-маржаны. Гватемаланың ұлт­тық мұрасы» деген көрме өтіп жатыр екен, 2 қазанға дейін со­зылады екен. Бұл тақырыпқа ар­налған мұндайлық  толық көрме (360 экспонат қойылған) Еуропада тұңғыш  рет ұйымдастырылып отыр. Үш айдан бері таусылып бітпеген келушілер кезегіне таң-тамаша қалдық. Әлде адамның көптігі біз барған күн жексенбі болғандықтан ба? Қалайда алған әсер бөлекше.  Ауылға қайтқан соң  біраз уақыттан кейін «Әлем­ге әйгілі» айдарының аясында  осы музей жайында, жалпы майя мәдениеті туралы кеңінен әңгі­мелеп те қалармыз деп ойлаймыз. Франция – Қазақстан алыс шетелдер арасынан Достық, өзара түсіністік және ынтымақ­тас­тық туралы шартқа қол қойыс­қан алғашқы ел. Сол сапардан кейін бір жыл өткенде, 1993 жылы Франция Қазақстанға көмек ретінде 300 миллион франк көле­мін­де үкіметтік несие ашты. Қа­зақстан мен Франция прези­дент­терінің мұнан кейінгі келіс­сөз­дерінің нәтижесінде экономи­ка­лық өзара іс-қимылдың нақты мін­деттері алға қойылып, ынты­мақтастықтың басым бағыттары келісілді, атап айтқанда, отын-энергетикалық кешенде, құры­лыс­та, көлікте, геофизикада, аг­ро­өнеркәсіптік секторда, телекоммуникация саласында, әуе қоз­ғалысын басқаруда, ақпарат­тан­дыруда, қымбат бағалы және сирек кездесетін металдарды өн­діру мен өңдеуде алынатын межелер белгіленді. Қазақстанмен ынтымақ­тас­тықтың Франсуа Миттеран бас­таған, Жак Ширак қостаған  жо­лын біраз жылдан бері бүгінде әлемдік саясатта көрнекті орын алатын тұлғаға айналған Николя Саркози жақсы жалғастырып жатыр.  Франция Қазақстанмен Стра­тегиялық әріптестік шарты­на қол қойған Еуропадағы бірінші ел болғанын айтсақ та, Франция Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығын да, Астана Саммитінің идеясын да жақтағанын айтсақ та Астана мен Париждің арасы бұ­рынғы қай кездегіден де жақын­дай түскенін көре аламыз. Жа­қын­дай түскені емей немене, егер екі ел басшылары соңғы үш жыл­дың ішінде осымен үшінші рет ресми жолығып отырса. Саркози Астанаға 2009 жылдың қаза­нын­да барған, Назарбаев Парижге 2010 жылдың қазанында келген, енді міне, араға тұтас жыл түсір­мей тағы келіп отыр (біз бұл жол­дарды Парижде отырып жазған­дық­тан Саркозиді «барған», На­зар­баевты «келген» деп жатыр­мыз, ал сіз керісінше оқысаңыз да болады). Екі ел үкіметтерінің басшылары – К.Мәсімов пен Ф.Фийон да барыс-келісін әбден жолға қойып алды. Жақындай түскені емей немене, егер өткен жылдың қорытындысы бойынша Франция Қазақстанның әлемдегі сауда әріптестерінің  арасында төртінші орынға шығып, екі ел­дің арасындағы сауда айналымы 4,9 миллиард долларға жетсе. Жа­қындай түскені емей немене, егер француздардың еліміз эко­но­микасына құйған инвес­ти­ция­сы 5,5 миллиард долларды құ­ра­са, бізде француз капиталының қатысуымен тіркелген компания­лардың саны жүзден асып кетсе. Сауда айналымында Қазақстан­нан көбіне мұнай, металл, химия, ауыл шаруашылығы өнімдері жө­нелтіліп, Франциядан бізге элек­тр, механика жабдықтары, дәрі-дәрмек, косметика, автомобильдер, құрылыс материалдары жеткізіледі, бір жағынан солай бо­луы заңды да. Әр елдің өз ерекшелігі, өз артықшылығы бар.  Па­рижге парфюм апармайсың ғой енді. Кейінгі кезде қолға алын­ған ірі жобалардың арасы­нан «Тоталь» мұнай компа­ния­сының Солтүстік Каспий жо­ба­сына қатысуын, француз инвес­торларының Қашаған мұнайын Еуропа базарына тасымалдау үшін «Ескене-Құрық» мұнай құ­бырын тартуға қаржы құйғалы отырғанын алдымен айтуға болады. 2010 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Францияның «Caisse des Depots et Consignations» мемлекеттік даму банкінің арасында меморандумға қол қойылғалы бері қаржы саласында жаңа перспективалар ашылып жатыр. Франция мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықтың әде­мі көріністерін кез келген саладан айта беруге болады. «Егемен Қазақстан» Мұстафа Шо­қай­дың бюсті Ножан-Сюр-Марн қа­ласы­на қойылғанын бұрын қуана хабарлаған. Бізді Орли әуежайы­нан күтіп алған елшілік кеңес­шісі Мырза-Нәби Тұяқбаев  қо­нақ­үйге жеткенше біраз ақпарат­қа қанықтырып үлгерді. Сондағы айтқандарының арасынан бір ғана жайға назар аударта тұрмақ­шымыз. Осындағы белгілі биолог, режиссер Катерин Пэкс «Алма» деген халықаралық қауым­дастық құрып, атақты Ал­ма­ты апортын қалпына келтіруге әр­екеттеніп жатыр екен. Бәре­кел­ді, іске сәт дедік. Айтқандай, жа­қында Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріп бір жолығып қалғанда осы «алма» сөзіне байланысты қы­зық­ты ойын  ортаға салғаны бар. Әлем тілдерінің ішінде «алма» атауы­ның әу бастағы, түпкі мағынасын тек түркі тілдері ғана сақтап қал­ған дейді ол. Жаратқан Иеміз Адам Ата мен Хауа Ананы жұ­мақтан не үшін қуған еді? Дұрыс айтасыз, тыйым салынған жемісті жегені үшін. Сол жеміс алма болатын. Алманы жеуге тый­ым сал­ғанда оны бұтақтан «алма» деген... Кім білсін. Ха­лық­тық эти­мология сияқты да көрінеді. Қайт­кенде де назар аударарлық ой. Қазақстан Президентінің Фран­­цияға бұл сапары бір күн­дік, жұ­мыс бабындағы сапар болды. Кеше түстен кейін сапар аясында Президент Нұрсұлтан На­зарбаев­тың екіжақты кездесулері өтті. «Альстом» компания­сы­ның президенті Патрик Кронмен, «Обер э Дюваль» компания­сы­ның президенті Жорж Дювальмен, «Эр Ликид» компаниясының аға вице-президенті Пьер Дюфурмен кездесулер кезінде эконо­микалық байланыстардың ма­ңыз­ды мәсе­лелері талқыланды. Елбасының француз ком­па­ния­ларының басшыларымен кездесу кезінде еліміздің индус­трия­лық-инновациялық дамуында Фран­цияның озық тәжірибесі мен технологиясын қолданудың мәсе­лелері жан-жақты қозғалды. Бү­гінде француз әріптестермен бірлесіп, Қазақстанда радиоэлек­тро­ника құрастыру, титан құй­ма­ларын, жоғары сапалы цемент, азық-түлік өнімдерін шығару жол­ға қойылуда. Таяу уақыттың өзінде жер серіктерін, тікұшақ­тар, электровоздар, атом реак­тор­лары үшін отын өнімін өндіру жолға қойылмақшы. Қазіргі таң­да француз компанияларымен бір­­лесе отырып, 22 инвести­ция­лық жоба жүзеге асырылуда. Олар­дың арасынан жалпы құны 440 миллион долларлық алты жоба жүзеге асты. Өскеменде француз аэро­бустарына жабдықтар шығару, Жамбыл облысында цемент зауы­тының құрылысы сияқ­ты жобалар бар. Алдағы кезде қолға алы­натын жобалардың ара­сынан Ас­тананың жаңа көлік жүйе­сін жа­сауға француздардың араласа­тын­дығын айтуға болады. Сапардың басты іс-шарасы – Қазақстан Республикасының Пре­­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев пен Француз Республикасының Президенті Николя Саркозидің келіс­сөзі Елисей сарайында өтті. Жылы шырайлы келіссөз бары­сында Н.Саркози Елбасымызды Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтап, осы ке­зең ішінде еліміздің елеулі сы­нақтарды еңсергенін, үздіксіз да­мудың, сан түрлі этностық және діни қоғамдастықтардың жара­сым­ды өмір сүруінің негізін қа­лағанын айтты. Осыдан жиырма жыл бұрын Семей ядролық поли­гонының жабылуы бейбітшілікті сақтауға жәрдемдесу, халық­ара­лық тұрақтылық, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау үшін аса маңызды  әрекет бол­ғаны арнайы атап көрсетілді. Келіссөз қорытындысы бой­ын­ша қабылданған Бірлескен дек­ларацияда мемлекеттер басшы­ла­ры екі елді біріктіретін стра­те­гиялық әріптестік шеңберіндегі қатынастардың қарқынды даму­ын қуаттады. Қазақстан-француз Президенттік комиссиясының және оның құрылымдық құрау­шы­лары – Экономикалық ынты­мақ­тастық жөніндегі мемлекет­ара­лық комиссия және Іскерлік  кеңес осы қатынастарды өріс­те­туге мүмкіндік туғызатынын ай­тып өтті. Мемлекеттер басшы­лары Астана Саммитінің сәтті өтуінің маңызын атап көрсетті. Н.Назарбаев та, Н.Саркози де Біріккен Ұлттар Ұйымын, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесін ре­фор­малауды жалғастыруды жақ­тайтындарын білдірді. Президент Н.Назарбаев Францияның Үлкен жиырмалыққа төрағалығындағы бастамаларына қолдау көрсетті, Президент Н.Саркози Қазақстан­ның қуатты экономикалық да­муы­мен құттықтап, елде жүр­гі­зіліп жатқан әртараптандыру мен инновация саясатына үлкен та­быс тіледі, бұл іске француз кә­сіпорындары толыққанды қаты­са­тынын айтты. Президенттер Ли­вияға байланысты қайта қал­пына келтіру және таяуда бас­тал­ған саяси өтпелі кезеңде ливия халқын қолдау үшін кең көлем­дегі халықаралық жұмылдыруды сақтау қажеттігін қадап көрсетті. Осы тұрғыда Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымының Ливия дос­тары тобының жұмысына қаты­суының маңыздылығын баса айт­қан Франция Президенті Қазақ­станды ИЫҰ-дағы  төрағалығы­мен құттықтады. Мемлекет бас­шылары өзара мүдделілік білдірілетін салалардағы ИЫҰ, Еуро­одақ және ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты дамытудың ма­ңыздылығын атап өтті. Париж уақытымен кешкі ал­ты­дан өте, Астана уақытымен түн­гі оннан өте біткен келіс­сөз­дегі қол жеткен уағдалас­тық­тардың бәрін көзінен тізіп, ежіктеп айтып, езіліп отыра беретін жағдай жоқ. Сондықтан, біздің тарапымыздан «Самұрық-Қа­зы­на», «Қазатомпром», «Қазақстан Инжиниринг», «Қазақстан Ға­рыш Сапары», «Қазақстан темір жолы» қатысатын көптеген ірі жобалар ойластырылып жат­қа­нын айтумен шектелейік. «Олар жүзеге асқанша қашан, олардан мына мен нақты қандай пайда көремін», дей қалсаңыз, екі елдің президенттері Астана мен Па­риж­дің арасында тіке қаты­най­тын әуе қатынасының ашылға­нын қалап отырғанын қосып айтайық. Президенттер қаласа ол ойдың орындалатынына сенеміз. Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Америкаға ұшады. Елбасымыз онда қазір өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассам­блея­сының 66-шы сессиясына қаты­сып, сөз сөйлейді. Президент ұшағы сейсенбіде Нью-Йорктегі Дж.Ф.Кеннеди әуежайына қонған кездің өзінде Астанада түнгі сағат 12 болғалы тұр. Сондықтан  Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгін кешке өтетін кездесулерін Елба­сы­мыздың БҰҰ мінберінен сәр­сен­бінің сәтіндегі сөзімен қоса әңгімелейтін шығармыз. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.