21 Қыркүйек, 2011

Қос бірдей шара өтті

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жуырда Ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы­на орай Астанадағы ежелгі білім орда­сы­ның бірі саналатын Қазтұтынуодағының Сауда-экономикалық колледжінде қос бірдей игі шараның тұсауы кесілді. Оның бірі «Қазағымның әні – қазынам» атты әдеби-сазды кеш, екіншісі Қазақстан халқы тіл­дерінің ХІІІ қалалық фестивалі аясында өткізген «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» атты Тіл апталығы. Жиынды колледж директоры Мырзабек Төре­бекұлы салтанатты түрде ашып, кеш қонақтары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жа­зушы Дүкенбай Досжан, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы сондай-ақ, сонау Ұлыбританиядан тәжірибе алма­суға келген 8 колледж басшыларымен таныс­ты­рып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл кеште көмейіне бұлбұл ұялаған халық­аралық және республикалық байқаулардың лау­реат­тары, халық әндерін орындаушы шеберлер К.Түлембаева, Г.Сарина, Д.Мұқан секілді күміс кө­мей, жезтаңдай әншілер тыңдарман қауымның делебесін қоздырып, бір қанаттандырып тастады. Ыстық ықылас-ынтасын ду қол шапалағы арқылы білдірген әрбір жанның көңілдерінен осылайша күй төгіліп сала берді. Бейнебір тылсым құді­рет­тің құшағына ұйып отырғандай. Әншейінде күбір-шуға ұласатын зал ішінде сілтідей тыныштық ор­наған. Студент жастардың әрбірінің жүрегі «Әнді сүйсең, менше сүй», деп отырғандай сезіледі. Бұл әрине, қазақ өнеріне, халық әніне деген үлкен құрмет! Ұлтымыздың ұлы тұлғалары Абай, Естай, Балуан Шолақ, Мұхит, Біржан сал, Нартай секілді ақын-жы­рау­ларымыздың әндерін шырқап қана қоймай, өлең­нің шығу тарихына егжей-тегжей тоқталып өту де ұмыт қалмады. Бұл жөнінде ақын Несіпбек ағамыз­дың: «Көбінесе радиода орындаушының атын айта­ды да, әнді шығарған адам ұмыт қалып жатады», – деген сөзі бұл жолы ескерусіз қалмаған сияқты. Әннің, кештің әсері бойға – қуат, сезімге шуақ төкті. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,  журналист.