21 Қыркүйек, 2011

Адамға керегі алдымен жылы сөз

797 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Қай қоғамның, қай елдің болса да бас­ты бай­лығы алдымен – адам. Адам ка­питалы. Сол адамның дені сау, жанарында мұң, кө­ңілінде кір болмаса, ұрпағының ажа­ры ашық жүрсе, жады­рап күлсе елдің де, ел аза­маттарының да жүзі жарық. Бұл тұр­ғыдан келгенде, ел болып ес жи­ғалы, аяқтан тік тұрғалы қыруар шаруа ат­қа­рылды. Анау жылдардағы қиын кезең бірте-бірте артта қалып, күдікті үміт же­ңіп, ар­қа ба­­сы­мыз кеңейді. Елбасының тікелей қам­қор­лы­ғы­мен денсаулық сақтау сала­сы­на мил­ли­ардта­ған қаржы бөлініп, кеше қа­ла мен далада орны ойсырап қалған мекемелер қалпына келіп, тың­­нан тіккен отаудай жаңа орталықтар бой көтерді. Бір кездері ауыр күндер бастан кетпестей, жақсылыққа жетпестей көр­сек енді озық техника мен технология елдігіміздің арқасында емха­на­ларымызға келе бастады. Оның құлағында ойнайтын білікті мамандар да іс тетігіне табан тіреп, орнығу үстінде. Ос­ындай өркен жаюдың бір дәйегі Астанада кереге керіп, шаңырақ көтеріп, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп жатқан Ұлттық медициналық холдинг дер едік. Біз осы холдингтің басқарма төрағасы Елжан БІРТА­НОВ­ТЫ әңгі­меге тартқан едік. – Елжан Амантайұлы, қазіргі ме­­ди­цинаға баяғы тәсілмен, бұрынғы жол-жобамен жүру жараспайтынын уақыт көрсетіп отыр. Ұлттық меди­­циналық холдинг құрылып, жұртқа қызмет етіп жатқаны өзімізге белгілі десек, азамат­тардың аузынан Ден­сау­лық сақтау министрлігі мен хол­­дингтің ара-қаты­на­сы қандай екен? Бірінің жұмысын екін­шісі қайта­ла­май ма деген пікірлерді естіп қала­мыз. Сіз бұған нендей уәж айтасыз? – Сұраққа жауап берер алдында мына бір байламдарымды айта кетсем деймін. Бұрын біздің еліміздегі ден­саулық сақтау жүйесі өзгенің жетегінде жүрді. Бір ор­та­лықтан басқарылды. Айт­са көндік, айдаса жүрдік дегендей. Ендігі жерде, Тәу­ел­сіздіктің арқасында Елбасымыз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде Қа­зақ елінің денсаулық сақ­тау жүйесі құрылды. Сырқаттарға септігін тигізетін, медицинаға қажет техника мен технология келіп жатыр. Әрине, әлем­дік стандартқа сай қызмет көрсету жүйесін орнықтырдық деу әлі ерте. Әйтсе де ілгері жылжу ірі істерге иек артып отырмыз. Төрт құбыласы сай делінетін ғимараттар салу, оған қажет инвестиция тарту жұмысы күн санап жанданып келеді. Тиісті мекемелердің қолдауы­мен бұл қадам да оң шешімін табуда. Медици­налық кластер қалыптастыру жұмысы қолға алынып, ол да өз нә­ти­жесін көрсете бастады. Бұл істе бола­шақтың қаласы саналатын, өзгелерге үлгі көрсететін Астанадағы медицин­а­лық кластердің жөні бөлек деп ой­лаймын. Қазір осы жұмысты тиянақ­ты­лықпен қолға алудамыз. Енді сұрағыңызға берер жауабым төмендегідей. Біріншіден, министрлік мемлекеттік орган. Елдің бүкіл ден­саулық саласының дамуын жоспарлап, іске асырады және бағдарлайды, бақы­лайды. Ал холдинг – емдеу ісімен тікелей айналысатын, жоғары деңгейдегі мекеменің бірі деуге болады. Заң бой­ынша денсаулық сақтау жүйесінің үш деңгейі бар. Оның біріншісі, алғашқы медициналық көмек жүйесі, яғни ха­лық­пен тікелей жұмыс істейтін ұйым­дар. Екіншісі, облыстық, аудандық ауруханалар. Бұл жедел жәрдем көр­се­туге негізделген. Үшіншісі, жоғары дәрежеде мамандандырылған арнаулы мекемелер. Бұған ғылыми-зерттеу орта­лықтары, та­ғы басқалар жатады. Мұн­дай мекемелер саны бізде жиырма. Со­ның ішіндегі ең үлкені біздің холдинг десек асырып айтқандық емес. Хол­динг­тің құрамына алты мекеме кіреді. Стратегиялық жос­па­рымызды тиянақ­тадық. – Сол мекемелерді атай кетсеңіз? – Айтайын, олар: Ұлттық ана мен бала, кардиохириргиялық, Республи­ка­лық диагностикалық, нейрохирургия­лық, жедел медициналық көмек көр­се­ту, балаларды оңалту орталықтары. Бұл орталықтардың әрқайсысының атқа­ратын жұмысы өзінше ауқымды. Оқырмандардың назарына сала кететін тағы бір жай, біздің холдинг өт­кен жылдан бері жұмыс істеп келе жат­қан, болашақта білім мен ғылымның қара шаңырағы саналатын «Назарбаев университетінің» бір бөлігі болып са­на­лады. Онда медициналық мектеп, медициналық институт ірге бекітеді. Ғылыми-зерттеулер орталығы қалыпта­сады. Ол өңірлерді зерттейтін орталық­тарға айналады. Ең бастысы, біздің бұл ұмтылысымызбен елімізде бұрын бол­маған академиялық жүйе құрылады. Оның негізгі бағыты: келешекте дә­рігерлер сонда білім алады, білім ала жүріп ауруларды емдейді, сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Оқытуды тәжірибемен ұш­тастырады. Жинақталған білім мен білікті алдыңғы толқын кейінгі жастар мен бөлісіп, жұмыс істейтін болады. – Дамыған елдерде университеттік клиникалар бар емес пе? – Білім мен ғылымды қатар алып жүретін ондай клиникалар бізде де бар. Бірақ оны дәуір талабына, халықтың сұ­ранысына сай етіп, халықаралық стан­дартқа негіздеп ұйымдастыру қа­жеттігі туындап отыр. «Назарбаев университеті» біздің холдингпен бірлесе жұмыс жасау барысында аталған жұ­мыс­ты атқарып шығуға бел байлап отыр. – Жоғары сапалы медициналық құрал-жабдықтар, білікті мамандар жеткілікті деп айта аласыз ба? – Елдік іс тек біз ғана емес, барлық сала, ол экономика болсын, білім беру, ғылыми-зерттеу, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, экологияны оңалту – бәрі де адамдық капиталды жақсартуға жұмылдырылып отыр. Ой еңбегінің, ақыл-парасаттың нәтижесінде әлемдік дамудың қарқыны ерен, көз ілестірмейді десек те болады. Қазір шығып жат­қан техника мен технология да көп, бірінен бірі асып түседі. Бәсеке бәс тіктіреді. Осы үрдістен қалмау үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаев біздің сала­ға ерекше мән беруде. Соңғы жылдары бөлінген қаржы үш-төрт есеге артты. 20 жылда 400-ден аса мекеме бой кө­тер­ді. Оның бәрі ескі жобамен емес, өр­кениет үрдісіне негізделген. Адам ден­саулығынан аяйтын не бар, қымбат болса да мемлекет бөлген қыруар қар­жыға сырқат жандардың, жанына шипа болатын, тиімді жолмен емдейтін, заманауи құрал-жабдықтар алынып жа­тыр. Оның ұзын саны 50-ден асады. Соның нәтижесінде күрделі операциялар жасалып, адам ағзалары алмас­ты­ры­ла бастады. Ал медициналық холдинг жыл сайын дәрігерлердің біліктілігін арттыруға 180-200 миллионға дейін қаржы бөліп, Германия, Израиль, т.б. елдерде олардың білім білігін көте­руде. Шетелдердің озық клиникала­рын­да білім жетілдіріп, тәжірибе алмасып қайту үшін 100 дәрігерді өзге елдерге жібердік. Медициналық холдингте 30 мыңға таяу адам диагностикалық-амбу­латориялық тексерулерден өтіп, емделді. Олардың 90 пайызына тегін қызмет көрсетілді. Бір миллионнан астам тілек білдірушілерге ақыл-кеңес берілді. – Санитарлық авиация қазір қай­та жаңғырып, бүкіл өңірлер бойын­ша қызмет көрсете бастады. Бұл да ел медицинасының ілгері басқа­ны­ның бір дәлелі-ау. – Әрине, санитарлық авиацияны да­мыту республикалық та, облыстық та, тіпті аудандық та маңызы зор іс. Бұл жұмыс Отанымыздың денсаулық сақ­тау саласын дамытудың 2011-2015 жыл­дарға арналған «Саламатты Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасында Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сырмасымен көрініс тапқан еді. Мұның көлік авиациясын дамыту есебінен еліміздің алыс және баруға қи­ындық тудыратын аудандарында тұра­тын халыққа көрсетілетін медицина­лық көмекті жоғары сапалық деңгейге көтеру ісінде алатын орны ерекше деп білеміз. Осы мақсатқа ел бюджетінен бөлінген қаржыға 50 жылжымалы кешен, 16 тікұшақ сатып алу, 3 пойыз ем­хананы іске қосу жөнінде шешім қа­былданғаны белгілі. Қазір «Жәрдем» және «Денсаулық» пойыздары еліміз­дің өңірлерінде жұмыс істеуде. Маусым айында холдинг базасында республикалық санитарлық авиацияны үйлестіру орталығының таныстыры­лы­мы өтті. Бұл шараға Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты. Санитарлық авиацияны үйлестіру орталығының негізгі міндеті, әуе санитарлық көлігін пай­далана отырып тұрғындарға жедел ме­дициналық және консультативтік кө­мек көрсетуді ұйымдастыру. Соны­мен қатар, бұл жұмысты жүйелі үйлестіру және жетілдіріп отыру. Орталық өз қызметін Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Көлік және коммуникация министрліктерімен өзара байланыста әрекет ету арқылы Отанымыздың бүкіл аума­ғында жүзеге асырады. Осы тұсаукесер шарасында Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова, Ішкі істер министрі Қ.Қа­сымов, Төтенше жағдай министрі В.Божко, Көлік және коммуникация ми­­­нистрі Б.Камалиев «Трассалық ме­ди­циналық-құтқару бекеттерінің жауапкершілігі аумағындағы жол-көлік апаттары кезінде өзара іс-әрекеттер ету тәртібі туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойды. Бұл жиі орын алып отырған жол-көлік апаттары кезінде зардап шек­­кендерге шұғыл медициналық кө­мекті дер кезінде көрсетуге және жол қозғалысы қауіпсіздігінің проблема­ла­рын шешуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, ауыр науқастарды тиісті дәрігер­лік мекемелерге, тіпті біздің холдингтің орталықтарына жеткізуге болады. – Медицина саласындағы осын­дай оң өзгерістер шетелге барып емделушілер санын азайтты ма? – Бұл сұраққа дәл мынандай деп жауап беру қиын шығар. Дегенмен, өз елімізде көптеген ауруларға ем жасауға мүмкіндік туды. Өзге мемлекеттерге барып емделу дүниежүзінде бар тәсіл. Мысалы, АҚШ-тың кейбір азаматтары Тайланд, Сингапурға барып ем қабыл­дайды. Себебі, онда баға арзан, сапасы жоғары. Мұндайды кейде медициналық туризм десе де болады. Демалып жүріп тексерілесің, емделесің. Болашақта біз­дің ата-жұртымызға келгендер байтақ даламызбен, ұлттық өркениетімізбен та­нысып қана қоймай ем алып, дем­алып жатса деген бір әдемі үміт бар. Қазіргі даму қарқынымыз сол күнге жеткізетініне сендіреді. Айтулы меди­циналық мекемелер жыл санап көбейіп келеді. Елбасы таяуда кардиохирургия орталығын ашуға келгенде, бұл Орта­лық Азиядағы үлкен медициналық мекеме деген еді. Шындығында солай. Бо­ла­шақ­та өз отандастарымызбен қа­тар, өз­гелерге де қызмет көрсетіп, ме­ди­ци­на­­лық туризмді өрістетсек, абы­ро­йы­мыз бүгінгіден де биіктей түсері сөзсіз. – Холдинг келген сырқаттарға кө­мек көрсетумен қатар, отандық дә­рігерлердің тәжірибе алмасу орта­лығына да айнала бастағанына куә болдық. Сіздің бұл туралы байлам-пайымыңыз қандай? – Шынында, білікті мамандар топ­тас­қан заманауи құрал-жабдықтар ал­ын­ған орталықтарда білім жетілдіру, өңір дәрігерлерімен тығыз қатынаста болу, ғалымдармен кеңесіп отыру ісі біздің басты назарымызда. 2,5 мың әріптес­те­ріміз келіп, білім жетілдіріп қайтты. Жал­пы, қызмет көрсету сапа­сын артты­ру басшының да, қосшының да, дә­рі­гердің де, медбикенің де бұл­жымас па­рызы деп ойлаймын. Біздің дәрігерлерге деген жұрттың сенімі өте жоғары деп айта алмасақ керек. Кейде мынандай да жағдайларға куә боласың. Ем, не кеңес алуға барған азаматтар­дың көзі мен сөзіне қараудың орнына кей дәрігерлер басын төмен салып жазу жазудан қолы босамайды. Адамға керегі алдымен жы­лы сөз, жылы қабақ қой. Бұл болмаған жерде сенім де жоға­ла­ды. Жоғалған сенімді қалайда қалпына келтіруіміз керек. Біз осы мәселенің дұрыс шешілуін қарастырып жатыр­мыз. Ем жасардың алдында алдыңдағы азаматтың тыны­сын ашатын, жабыр­қа­ған жанына дем беретін бірауыз жылы сөздің өзі олар үшін дәрі-дәрмектен жүз есе артық. Қанша атақ лауазымың асып тұрса да, операция жасаған адам­ның жағдайын анда-санда біліп тұр­масаң, ол өзін-өзі тастап жіберуі мүм­кін. Әрине, бұған қарап дәрігерлерді «жүндей беру» керек деген ойдан ау­лақпыз. Олардың да жағ­дайын түсінуі­міз қажет. Ең бас­тысы, дәрігерге келген азамат адамдық қа­си­ет­­ті биік ұстаса, дәрігер медициналық этиканы сақтап, жұмған жұдырықтай бірлікте болса, екі жағының да жаны жадырап, көңілі кө­теріліп жүрері хақ. Бір сөзбен айтқан­да, халықтың сенімін орнықтыруға күш салсақ екен. Осы арада мынандай бір оқиғаны айта кетсем деймін. Бір азамат баласының аяғы сы­нып, гипс салдыр­ғанын, оған сені­мінің болмай тұрғанын айтып, қайта тексеруді өтінді. Өтініш орындалды, бәрі жақсы екен. Біз оған енді қалай дегенімізде: «Осындай сенімсіздіктен құ­тылсақ, кү­мән мен күдіктен арылсақ екен» деді. Біздің де айтпағымыз осы еді. – Елжан Амантайұлы, бүкіл ме­ди­циналық терминдер бір қалыпқа түспеген, әртүрлі аудармалар үлгісі қолданылып жүргеннің өзінде қазақ тілінде таза сөйлеуге ерекше көңіл аударып, біраз замандастарыңыздың алдында келе жатқаныңызды аң­ғарт­тыңыз. Бұл өз талабыңыздан ба, әлде отбасының үлгісінен ба? – Екеуі де бар десем болар. Өз ті­ліңді білу үлкен абырой. Білмеу өкініш. Мен шет мемлекеттерге шыққанда, өз тілінде сөйлейтін сол елдің азамат­та­рына қатты қызығып қараймын. Әсі­ресе, тү­рік бауырлардың өз тіліне деген ілти­па­ты бөлек. Ұлттық рухы көш жерден кө­рі­ніп тұрады. Еуропаға барсаң да еуро­па­лықтар өз тілінде сөйлейді. 2001 жы­лы­ Италияда болдым. «Сіз Қазақ­стан­нан келдіңіз бе?» дейді, «Иә, оны қайдан білдіңіз?» деп қайыра сұрасам, «Бұрын орыс тілінде сөйлейтін ұзын бойлы жапондықтар келетін біздің елге, енді қазақ тілінде сөйлейтін нағыз қазақтар келеді» деп жылы жымиғаны бар. Міне, өзге жұрт біздің елдігімізді мойындап, тіліміз туралы осылай деп жатқанда бойымызға ананың ақ сү­тімен даритын ана тілімізді білмеу күнә секілді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.