Жақаев – 120
Ол феодализмде туып, социализмде салтанат құрып, капитализмге бет бұрған қоғамда аңызға айналды. ХІХ ғасырдың соңғы онжылдығында Сыр топырағының дария бойын жайлаған Қарғалы деген жеріне кіндік қаны тамып, жігіт шағында кедейлер құрған артельге мүше боп кірді. Қазір бір кездегі «Қызылту» колхозы өз атында. Ауылдағы мешіт те «Ыбырай мешіті» деп аталады. Ол – бұрынғыларға белгілі, ал қазіргілерге елес секілді еренғайып бейне. Ыбырай шын мәнінде кім еді? 1891 жылы феодализмнің кең жайлауында шыр етіп дүние есігін ашқан ол кетпен ұстаймын деп ойлаған жоқ. Қылшылдаған жиырма алты жасқа дейін мал бақты, мақта екті, ата-бабасының шыққан жері Сарыарқаға әлденеше рет кіре тартып барып, астық әкеліп, жұрт қара бидайға тісін тигізді. Бала күндерінде немере інісі Боқайдың Сыздығы екеуін әкелері төте оқуға берген-ді, бірақ молданың көк шыбығы мен сабақтан соң талғажу қылар ащы аталаның дәміне шыдай алмай көнтерлі бала бір күнде қашып кетті. Сөйтіп, көрші оңтүстік жақтан көргенін істеп мақта екті, бірақ көлкіген Сыр суын егіске шығара алмады. Осылай әр істің басын бір шалып жүргенде заман өзгерді, бай-манаптардың жүні жығылып, көшеге қызыл ту ілінді. Бұл – феодализмнің қол бұлғап кетіп, социалистік дәуірдің келуі еді. Ыбырай өзі туған он тоғызыншы ғасырмен қоштасып, жиырмасыншы ғасырдың жаңа тіршілігінде көп нәрсеге тосырқай қараса да тосын істерге бет бұра бастады. Артельге мүше болды, көршісі Сейтімхан ұста жасап берген қайың сапты кетпенді қара тірліктен аяған жоқ, артель басшысы қайда жұмсаса сонда барды. Аталаны ащысынбай, көк шыбықты ауырсынбай қалып қойған інісі Сыздық төте оқуды тәмамдап, сауатын ашып кеп, артельді басқарды. Сөйтіп жүргенде колхоз құрылып, Мәскеуде алты ай оқып, білімін толықтырып келген Сыздық жиналыста сол колхоздың атын қойды. «Еңбекке шықсақ Қызыл ту ұстап шығамыз, соғысқа шықсақ Қызыл ту ұстап шығамыз, колхоздың аты «Қызылту» болсын» деді алқалы жиында көкшіл көзі күлімдеп тұрып. Бұл қостап, інісінің арқасынан қақты. Ыбырайдың жалпақ жауырыны сол жолы жиналысқа қатысқандарды жалт қаратып еді. Ол бозбала шақ – жастық дәуренінде өз ортасына аса бір сіңімді болмады. Қызойнақта да, ақсүйекте де қара күшімен көзге түсіп, ауыр қимыл-қозғалысымен ортада оғаш көрініп қала берді. Таудай боп дүңкиген бозбала қызойнақтың көркі болмағанымен, белдесуде бәрін жығып, еркектер ернін тістеп жүреді екен. Ыбырай жар сүю мен перзент сүюде де малшынып ләззатқа бөленген жан емес. Оның ауыр мінез-құлқына сай өмірі де өзіне сондай ауырлықты сыйлағандай. Алғашқы жары Балқия ерте бақилық боп, артында жалғыз ұлы Ақылбек қалды. Ол 1942 жылы Отан үшін оққа ұшты. Кейінгі жары Бибажардан дүние есігін ашқан жалғыз перзент Сейітбек – артында қалған тұяқ. Ол да агроном, жер жанын аялаған диқан. Өмірдегі жалғыз перзентінен кейінгі қимасы – қара кетпені еді, ол да мұражайда тұр. Ыбырайдың бағын жандырған социалистік қоғам. «Қызылту» колхоз боп құрылған 1929 жылдан бастап қара жұмысқа араласты. Тағы да мақта екті, бірақ ыстық жердің өскіні Сыр топырағын өгейси берді, қаупая боп қурап қалды. Алып Сырдарияның суын өмірге пайдалану түбірлі мақсат болды. Өйткені, «сулы жер – нулы жер», бар суды үлкен егіске неге пайдаланбасқа? «Қызылтудың» Қаратау беткейін алып, Сәкеннің «Бандыны қуған Хамитындағы» Кудря бауының бойын жағалатып, облыс аумағындағы алып құрылыс – ұзындығы 105 шақырымға созылған – Шиелі каналын қазу басталды. Осы еңбек майданы оның кетпенші атын шығарды. Топырақты зембілге салмай бірден жағаға атты, жұрт сияқты демалуды білмеді. Сөйтіп, он күн сайын берілетін сыйақы – он метр шыт матаның көбін өзі алды. Қызыл тілге тұсау бар ма? Колхоз бастығы Сыздық Боқаев сыйақының көбін ағайынына беріп жатыр деген сыпсың сөз шықты. Омбының ауыл шаруашылығы академиясын бітіріп келген аудандық жер бөлімінің бас агрономы әрі уәкіл Әнес Алтынбеков жарма жағалап жүріп Ыбырайды сырттай бақылады. Сөзге сараң, іске жомарт адамды көрді. Кетпеншінің жалпақ жауырыны мен батпандай білегіне, құмбыл қимылына қайран қалды. Болашақта егілетін күріш танаптарын күтіп-баптау үшін осы бір сөзге сараң, іске жомарт адамды іштей қалады. Солай болды да. Әнес Ыбырайдың бақыты боп жолықты. Әнес диқанды, диқан дән мен жер сарапшысын түсініп, бір-біріне бас иді. Әнес Ыбырайдың еңбегін бағалап, атын әйгіледі, «Ыбырай Жақаевтың күріш өсіру тәжірибесі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, Сыр күрішін өмірден өткенше мәпелеп өтті. Әнес Алтынбековтің артында қалған күнделігінде сыр ғып жазған сөздері мынадай: «Ыбекеңнің еңбеккерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ыбекең рекордтық өнім алған жерін тоғай томарынан кетпенмен арылтты. Сонда бір күндері 16 нормаға дейін орындайды. Өзі сушы, өзі себуші, өзі соқашы, өзі отақшы, өзі тегістеуші, өзі тұқымды сұрыптаушы және өзі бағалаушы. Ыбекең: «Айтып берген нұсқаудан орындап көрсеткен нұсқау мың есе құнды», дейді. Жер айдау сапасы туралы сұраған шәкіртіне ол соқаға өзі отырып терең-саязын, тағы басқа сапасын нақты орындап көрсеткеніне сан рет куә болғанбыз. Ол «өз қолыңнан келмесе қалай үйретесің» дегенді басты бағыт етіп ұстайды». Сонда диқан күріш егудің әліппесін үйретіп, атыз деген тарам-тарам тармақтарды ең әуелі топыраққа сызып көрсеткен Қиыр Шығыстан ауып келген корей шалы Ким-Ман-Самның әруағы алдында бас имеді дейсіз бе? Ғалым одан әрі диқан бойынан көрген ғибратты былайша жеткізеді. «Ыбекеңнің байыптау сезімі зор. Ол кейбір зерттеу тілейтін құбылысты өз байыбымен дәл табады. Мысалы, ол агрономдық ережеде 130 кілә тұқым себу керек деген норманы екі есеге дейін көбейтіп қолданды. Рекорд жасаған жылы азот тыңайтқышын 5 центнер беру керектігіне қарамастан, оны 9 центнерден берді. Өсімдікпен тіл табысқандай үш рет бөліп берді. Бір жерге жоспарланған 12 центнер азоттың 25 пайызы артық деді. Топырақты лабораториядан өткізгенде оның жорамалы дұрыс болып шықты. Тыңайтқышты 12 центнер берген жер қаупая болып кетті. Ал 25 пайыз кемітіп берген жер одан анағұрлым артық өнім берді. 4 қазан, 1971 ж.». Ыбырай тағдыры – дәуірмен тамырлас. Ол өмірде шамшырақ болам деп ештеңеге бойұсынбаған, жалған сөйлеу – ол үшін күнә. 1941 жылы ел басына күн туғанда соғысқа шақырту келіп аудандық әскери комиссариатқа барады. «Елу бірдемін деп айт», деп колхоз бастығы Сыздық құлағына құйып жібереді. Түс ауа келіп: «Елу бірдемін деп айта алмадым, кететін болдым», деп жиналып жатқанда, Сыздық атына міне шауып, аупарткомның бірінші хатшысы Қаракөзовке келіп, ер-азамат аздығын, күріш егетін адам жоқтығын айтып, бір жасты жаба тоқып алып қалады. Ол соғыста да бұғып қалар жанаяр болмас еді, бірақ қара кетпенді қолға алып, қазақы салы егіп, күріштің атын әлемге паш ете алар ма еді, кім білсін дейміз де, қаһарлы 41-жылы жарты ғасыр жасаған адамның иманды келбетін көз алдымызға әкелеміз. Қанды қырғын жылдары Ыбырайдың да, «Қызылтудың» да аты шықты. Үй орнындай дәу томарды қос өгізбен сүйреп, себілген дәнді сумен араластырып, «Ылай омаш» жасап келе жатқанда өгіздің біреуі зорығып омақаса құлайды. Ол төрт аяқты жануарды сирағынан сүйреп жағаға шығарып тастап, орнына өзі жегіледі. Атыз жағалап жүрген аупарткомның бірінші хатшысы Қаракөзов қатар жегілген адам мен өгізді көріп, зәресі ұшып тұра қашыпты. Аупарткомға келіп, көргенін айтқанда ол уақыт пен еңбектің алдында құл боп жүрген баяғы соғыстан алып қалған жігіт боп шықты. Осыдан бастап Ыбекеңнің есімі жиналыстарда атала бастайды, соғыстағы ерлермен салыстырып, еңбек майданының ері ретінде көрнекі сөзге қуат болады. Ыбырай күріштің бабын тауып, баладай мәпелей білді. 1944 жылы 12 гектар егістің әр гектарынан 148 центнерден өнім жинады. Майданға аттанған жалғыз ұл Ақылбектен қалған танаптың әр гектарынан 172 центнерден өнім алды. Бәрінің дөңгелек есебі – 1824 центнер. Бұны дән сырын зерттеген қасқа маңдайлар әлемдік рекорд деп бағалады. Осыдан алынған 172 мың сом қаржы түгел Қорғаныс қорына аударылды. Қанды қырғын күндерінде Жоғары Бас қолбасшы Сталиннен Ы.Жақаевтың атына арнайы жеделхат келді. Онда: «Сізге Қызыл Армия атынан алғыс айтамын», делінген. «Правда», «Известия», «Красная звезда» секілді одақтық басылымдар қара қазақтың жанқиярлық еңбегі жайлы толғана жазып, оның мол өнім алу сырын талдап-тәптіштеп, жұрттың көзін бұрын болмаған бір кереметке жеткізді. 1946 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріліп, 1949 жылы алғашқы Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызын тақты. Осының бәрі де оның болмысына әсер етпеді. Ол кеудесін керіп жүргенді қаламайтын жан еді. Оның бұл кірпияз болмысына ел басшысы Дінмұхамед Қонаевтың көзі жетіп, қайран қалды, диқанның турашылдығына тәнті болды. Ыбырай Жақаевтың еңбек жолы ел ағасы Д.Қонаевпен тығыз байланысты. 1947 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқа мүшесі ретінде төрге қолтықтап шығарған Жұмабай Шаяхметовтен кейін диқанды біртуар еңбек адамы деп біліп, әкесіндей құрметтеген Дінмұхамед Қонаев еді. Қонаевпен кездескен тұста Ыбырай туралы сұрағаным бар. «Мен Ыбекеңді жетпісінде екінші Алтын Жұлдызға ұсынып едім, күңкіл көп болды, – деп қысқа қайырды Димекең. – Сексен жылдығында ұсынғанда Саяси Бюрода: «Егер Қазақстан Украина секілді күріштен мол өнім алсын десеңіздер, Ыбырай Жақаевқа екінші Алтын Жұлдыз беріп, күрішшілер қозғалысын өрістету керек», деп мәселе қойдым. Бас хатшы Брежнев Ыбекеңді Қазақстанда жүрген кезінен білетінін айтты, ондай адамдар сирек деп баға берді, ол қолдаған соң басқалар да қол көтерді». Сонда 1971 жылы екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алуына байланысты колхоз клубында өткен салтанатта, өзіне сөз бергенде: «Бір рет бердіңдер ғой, екінші рет не керегі бар еді, онан да мына отырған кетпенші қыз-келіншектерге бермедіңдер ме?» деп ол залды нұсқаған көрінеді. Ол қол шошайтқан қатарда отырған Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, жас механизатор Жадыра Таспамбетова кейін Еңбек Ері атанды. Бұл да ұмытылмас сәт, әліге дейін айтылып жүрген ауыздағы сөз болып қалды. Тіршілікте Ыбекең мен Димекеңнің арасы ажыраған жоқ. Меңліахмет ақсақал дүниеден қайтқанда қара шаңырағына келіп көңіл айтты. Сонда Димекең әкесінің көзіндей көретін Құранды құрметпен сыйлады. Димекең зейнетке шыққан соң «Қонаев және Жақаев» деп тақырып қойған қолжазбамды көрсетіп алайын деп ол кісінің үйіне келдім. Мен оқыдым, ол кісі тыңдап, қосарын қосып отырды. Зердесі қандай терең, сексеннен асса да өмірдің ұңғыл-шұңғылын ұмытпапты. Қызылордадан КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат боп сайланған тұсқа келгенде: «Ол кезде менің қасымда автотранспорт министрі Гончаров болған. Қызылорда – Жезқазған тас жолын салуға аманат алдым және орындадым», дегендей толықтырулар көп-ақ болды. Бір күн оқып, екінші күні соңғы нұсқасын көрсеткенімде: «Енді добро дейік. Бірақ, тақырыбын «Жақаев және Қонаев» деп Ыбекеңді алға шығар. Ол кісі менің әкеммен қатар ғой», деп соңғы өзгертуін жасады. Есіктен таң қалып шықтым. Екі болмыстың бір-біріне ұқсастығына таң қалдым. Ыбырай сөзге сараң еді, бірақ айтса кесіп айтатын. Айтқан сөзі іске асып, ел жадында қалатын. 1970 жылы Алматы облысының Балқаш ауданы күріш егіп, Ақдала алқабын игеруді бастады. Орталық комитеттің бірінші хатшысы Д.Қонаев: «Жақаевты шақырып, топырағын көрсетіңіздер», деп алдын-ала нұсқау берді. Диқанның мың шақырым жерден ат арытып келгенде топырақ уыстап тұрып айтқаны «Суы мөлдір екен», деген жалғыз ауыз сөз болды. Мұны естіген Қонаев күріш мамандарын шақырып: «Суы мөлдір болса не болады?» дегенде: «Күріштің арқасында күрмек су ішеді», деген мәтел тікелей суға байланысты айтылған, – депті бір академик. – Лай су күріштің құлағына кіріп кетіп саңырау боп қалады да, күрмек қаптап кетеді. Таза су күрмекке жол бермейді». «Онда істі бастаңдар» депті елағасы. Ақдала алқабы осылайша игеріліп, Жетісу жұрты күріш дақылымен осылай бетпе-бет жүздесті. Ол бей-берекет басқосуларға баруға құлықсыз болатын. 1973 жылы Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжановтың тікелей қолдауымен «Әдебиеттегі еңбек адамының бейнесі» деген тақырыпта пленум өткен. Сонда екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаев арнайы шақырылып, төрде қатар отырды. Әуелі Ыбырайға сөз берілді. «Диқанға кетпен керек, жазушыға қалам керек. Осы екеуіне абай болайық», деп мінбеден түсіп кетті. Осы сөзді жазушылар көпке дейін айтып жүрді. Олар өзара басқосқанда: «Өзіңе не керек екенін білесің бе?» деп әзіл-шыны аралас бір-бірінің бетіне қарайтын. Сол жолы Әнуар Әлімжановтың Ыбырайды алғаш көруі екен. Кейіпкерін пойызға қолтықтап шығарып салды. «Диқан туралы хикая» деп аталған шығармасындағы өзі көрмей сомдаған кейіпкеріне кеткенше таңғала қарады. Ыбырай әзілге жоқ адам еді. Оның бір айтары бар, қара сөздің қадірін түсірмейтін, бірақ тіл жалдап біреуді алдай алмайтын. Тоқсанға толарда қосағынан айырылып, Жамбылдағы інісі Жазылбек Қуанышбаев көңіл айтып келіп, қайтарында сөзінің соңын әзілге шаптырып, тетелес ағасын жұбатыпты. «Ыбеке, қамықпаңыз, әлі-ақ аяқтандырамыз», деп қолын иығына салса, кірпігін жиі-жиі қаққан ол: «Жаның ашыса, екі қатыныңның біреуін бермейсің бе?!» дегенде, інісі жымыңдап күле беріпті, дейді. Ол сөз майын тамызған әңгімешіл емес, бірақ ұрымтал тұста тап басып, қалт жібермейтін. Бір ауыз сөзбен тосылдырып қойған кездерін әркім әр жерде айтып отырады. КОКП ХХІІІ съезіне делегат болып қатысып, Кремльдің кең сарайында күнұзақ тік шаншылып отырып шаршаған диқан алыстағы ауылын, ұстаусыз қалған қара кетпенін ойлап, қонақүйге құр сүлдері келген бетте қасындағы Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке: «Шәй қой», дейді екен. Өзағаңның мінезі тік әрі күйеулігі бар, бір күні: «Неге шәй іше бересің?» десем: «Мәскеудің суын аяп отырсың ба?!» дегенде, сасып қалдым» деп жымиғаны бар. Ол – диқан ретінде күріш пен күрмектің айырмасына қатты мән берген жан. Делидегі күріш тұқымын сұрыптау орталығында осы бір бағалы дақылдың жер бетіндегі он екі мыңнан аса сорты сақталған. Олардың арасында алпыс күнде және алты айда пісетін сорттар бар. Соның ішінде өнімділігімен әлемдік рекордтық сорт деп ерекше танылған «қазақы салының» орны биік тұғырда. Бұл – Ыбырай өсірген күріш, төл тәжірибесімен өмірге келген өскін. Сыр топырағынан жаралған күміс дән күріш атасы – Делидің төрінде мәңгі сақталады. Күріш барда Ыбырай аты өшпейді. Өйткені, ол өзіне ұстаз тұтқан ұлты корей Ким-Ман-Самнан кейін күріштің атын шығарып, алақанымен аялап, балаша мәпелеген адам. Өмірдің де күріші мен күрмегіне іштен тынып қарап, адамдардың іс-әрекетіне айырма жасап отыратын абыз еді. Қазақ тілінің тәуелсіздік алғаннан кейін шыққан ең жаңа түсіндірме сөздігінде күріш пен күрмек сөзі қатар тұр. Күріш суда өсетін дақыл болса, күрмекті күріш арасында өсетін арамшөп және соның дәні деген анықтама беріліпті. «Күріштің арқасында күрмек су ішеді», деген атам қазақтың мәтелі әркімнің жүрек қоржынында, ол – өмірдің бейнесі. Ыбырай болса күріш пен күрмекті таразы басына тең салып, сарабдал салиқамен салмағын саралаған зерде иесі еді. Мініс атының мойнына күрішке обал болады деп, күрмек толы дорба ілетін. Бұл – еңкейіп, еңбекпен өсірген перзентіндей ақ күрішке деген құрмет. Ол өмірде ерінбеген адамдарды ардақтап өтті, адамды алалауды білмеді, еңбек еткеннің еңсесі биік деп білді. Келіп-кетіп тұратын ақын інісі Әбділда Тәжібаевты шын жақсы көрді, екеуінің нағашылы-жиен боп сөздері жарасты. Ақын сексенінде «Ағатай!» деп жыр арнады. Ағатай! Не деген мұнша төзімді ең, Көрмедік бірде көлеңке, қайғы көзіңнен. Ортайған Сырдың ағынын кейде жетектеп Шықтың-ау алып шөлдеген жерге өзіңмен... – деп, екінші Алтын Жұлдызды таққан салтанатта өлең оқып, басын иді. Ыбырай ауылына келген вьетнамдықтар рекорд жасаған жердің топырағын қалтаға сап еліне алып қайтыпты. Бұған сол кездегі колхоз төрағасы Мұхит Смайылов куә. Олар киелі топырақты өз мұражайларына қоймақшы. Топыраққа тағзым деген осы. Вьетнам, Үнді елдері қара шалдың басқан топырағын қадір тұтса, қайран елі – қалың қазағына оның жанкешті төзімі өмір сабағындай тағылым. Ыбырайды барлық азапты шақтардан алып шыққан – төзімі. Оның қайыстай қатты төзіміне қара кетпені серік болды. Қашан болмасын кісі таңғаларлық төзімі мен қайың сапты кетпені қабат айтылады. Ол туралы аз жазылған жоқ. Адам төзімі туралы ақиқаттан туған аңыздың да кейінгілерге ғибраты болар. Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы. Алматы.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше