21 Қыркүйек, 2011

Төмен көмірсутекті экономика: болашақ әлем экономикасының жаңа өсу нүктесі

505 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жаһандық жылыну талас­сыз ақиқатқа айналып отыр. Әсіресе,  ол Қазақстан айма­ғын­да жедел қарқын ала тү­су­де. Бұл су тасқыны, сел жүру белсенділігінің күшеюі, жер­дің жедел қарқынмен тозуы мен қуаң топырақты аймақ­тар­дың солтүстікке қарай ығы­суы, мұздықтардың едәуір қыс­қаруы деген сөз. Климат өзге­руі­нің қазіргі беталысын өз­герт­пеу еліміздегі дәнді да­қыл­дар шығымдылығының қыс­қаруына, жұқпалы ауруларға шал­дығу қаупі бар аймақ­тар­дың кеңеюіне әкеліп соқтырады. Қазақстандағы парниктік газдар шығарындыларының не­гізгі үлесі 80%-дан артық. Олар жылу мен электр энер­гия­сы үшін қазба отынын қыз­ды­рудан атмосфераға өтеді. Қа­зақстан, жан басына шақ­қан­дағы пайда деңгейі орташа болуымен қатар, әлемнің аса жоғары көміртекті эконо­ми­касы бар мемлекеттер қатары­на жатады. 2005 жылы әлемнің 186 елі ішінен Қазақстанның ІЖӨ-нің жан басына шақ­қан­дағы көлемі жағынан 71-ші, жан басына шаққандағы ПГ шығарындылары көлемі жа­ғы­нан 14-ші, ІЖӨ-нің жоғары көміртектілігі жағынан 24-ші орынға ие болған. Қазақстан парниктік газдар шығарындыларының көлемін қысқарту жөніндегі әлемдік қоз­ғалыстың белсенді қаты­су­шы­сы. Климаттың өзгеруі жө­нін­дегі БҰҰ-ның Негізгі кон­вен­циясы мен Конвенцияға Кио­то хаттамасын бекітіп, парниктік газдар көлемін 2020 жылға қарай 15%-ға, ал 2050 жылға қарай 1992 жылғы дең­гейге қарағанда 25%-ға қыс­қарту жөніндегі ерікті міндеттемелерін қабылдайтыны тура­лы жариялады. Осы орайда айта кететін нәрсе, парниктік газдар шыға­рын­дылары көлемінің қыс­қа­руы­­на төмен көміртекті эконо­миканы дамыту арқылы қол жеткізуге болады. Бұл – «қоңыр» эконо­ми­кадан «жасыл» экономикаға кө­шуді, таза су, күн, жел энер­гиясын өндіруді, энергия тиімділігі стандарттарын арт­ты­ру­ды көздейтін жаңа даму пара­дигмасы. Көптеген дамыған мемлекеттер төмен көміртекті дамуға көшудің ұлттық бағ­дар­ламасын әзірлеп те үлгерді. Жасыл ғаламшардың эколо­гия­лық лимиттері шегінде бар­шаның тұрмыс-салтын жақ­сар­татын әділ және сенімді эко­но­микаға көшу әлемдік қоғам­дас­тықты дамытудың басым бағыты болып табылады. Экономиканың төмен кө­мір­текті дамуы қоршаған ортаға те­ріс әсерлерді қысқартып қана қоймай, энергиямен жабдық­тау сенімділігін арттырады, ре­сурстар қайтарымы, табыс­ты­лық деңгейін, өндірістік энер­гия тиімділігін арттырады. Қосымша құны жоғары қал­пы­на келтірілетін энергияның, алдыңғы қатарлы технология­лар­дың, экономика секторы­ның дамуы қуатты ынта­лан­ды­руға ие болмақ, жаңа «жасыл» жұмыс орындары құрылмақ. Төмен көміртекті дамудың тағы бір пайдасы – энергия тиімділігін арттыру, төмен кө­мір­текті технологияларды әзірлеу және ендіру. Мұнда қа­зақ­стандық бизнес үшін де орасан әлеует бар, себебі Қазақ­стан­дағы энергия тиімділігінің тех­но­логиясы дами қоймаған, ал өнеркәсіп пен тұрмыстағы әлеу­еттің маңызы зор. Оған қоса, бұл мемлекетке инвестиция тартудың тікелей жолы. Бұған қосымша, БСҰ-да парниктік газдар шығарындылары көлемін қысқартуға күш-жігер жұмсамай жатқан мемлекет­тер­дің экспортталатын энер­ге­ти­калық ресурстарын баж тарифтерін енгізу қарас­ты­ры­лу­да. Егер Қазақстан төмен кө­мір­текті дамуға көшпейтін бол­са, барлық экспортқа шыға­рылатын шикізатқа қосымша баж салығы салынатын болады да, бұл тауарымыздың халық­ара­лық рынокта бәсекеге қа­бі­летсіз болуына әкеледі. Осы­лайша, парниктік газдар шы­ға­рындыларының көлемін қыс­қар­туға жұмсалған күш-жігер энергия тиімділігі, жаңғыр­тыл­малы энергетиканы дамы­ту­мен байланысты жобаларға ілеспе салымдар салуға әке­ле­ді. Қазақстандағы, оның ішінде қызмет көрсету (аудит, консалтинг, сақтандыру, банктік кредиттеу) саласындағы көміртегі рыногының  инфрақұрылымы белсенді түрде дамып оты­ра­тынына күмән жоқ. Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің Министрлер конфе­рен­ция­сының және Экология­лық саясат жөніндегі БҰҰ ко­митетінің шешімдерімен ма­құл­данған, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасымен Астанада өтетін 7-ші «Еуропа үшін қоршаған орта» Жалпыеуропалық  министрлер конференциясында 95 елді, ғаламшар халқы­ның 2/3 бөлігін және парниктік газдар шығарынды­лары­ның 90%-ын қамтитын Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдеріне ар­налған «Жасыл көпір» іс-қи­мыл бағдарламасы ұсынылады. Еліміз «жасыл» экономика үшін жаңа негіздерді құрудың өңіраралық бағдарлама баста­машысы ретінде нақты міндеттемелер қабылдады. Бағдар­ламаның арқасында Қазақстан Республикасы ұлттық эконо­ми­каның негізгі секторларын жаң­ғырту және олардың бәсе­кеге қабілеттілігін анағұрлым арттыру  үшін, сонымен бірге Арал, Балқаш, Каспий мәсе­лелерін, сондай-ақ топырақ­тың тозуына ұшырауы және т.б. мәселелерді іс жүзінде шешу үшін жасыл инвес­тиция­ларды және технологияларды тарту мүмкіндігіне ие болады. Мәжит ТҰРМАҒАМБЕТОВ, Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі.