Кеше Астанада ТҮРКСОЙ-ға қатысушы мемлекеттердің Мәдениет министрлері Тұрақты кеңесінің ХХІХ отырысы өз жұмысын бастады
Ерте ғасырларда Еуразия кеңістігін жайлап, ежелгі дүние өркениетінің қанат жаюына өлшеусіз үлес қосқан сақтар мен ғұндардың, түркілердің ұрпақтары осы күні жер шарының едәуір бөлігін қамтитын аумақта қырыққа жуық ұлыс пен ұлт атымен даңқы өрлеуде. Бір өкініштісі, осынау байырғы жұрттың арасында тілі мен дінінен, ділі мен дәстүрінен ажырап, жер бетінен жойыла жаздап тұрған халықтар да аз емес. Кеңестік кезең келместің кемесіне мінген соң, өз Тәуелсіздігіне қолы жеткен түркі тілдес мемлекеттер – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан Түркиямен бірігіп, түркітілдес халықтардың тартылған рухани тамырына қан жүгірту мақсатында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымын құрған болса, бұл Хаттамаға 1993 жылы Алматыда қол қойылып, Қазақ елінің тәуелсіздік рухын биіктеткен тағы бір құнды құжат дүниеге келген еді. Оған алғаш Әзербайжанның бұлбұл әуезді әншісі Полат Бюл-Бюлоғлы сияқты белгілі адамның басшылық етуі көптеген игілікті істердің жүзеге асуына септігін тигізгені рас. Ол ұйымды 15 жыл басқарса, 2008 жылдың 27 мамырынан бастап ТҮРКСОЙ-дың бас директорлығына Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері Дүйсен Қасейінов сайланды. ТҮРКСОЙ аясы жылдан жылға кеңейіп, бүгінде мүшелері арта түскен. Олардың ішінде, мысалы, бір ғана Ресейдің өзінен Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Тыва, Хакасия, Якутия сияқты бірнеше аймақтың түгел енуі көп жәйтті аңғартары сөзсіз.
Тұрақты кеңестің кезекті отырысында аталмыш ұйымның жылдық жарнасын ұлғайту мәселесі қозғалды. Халықаралық ұйымның бүгінге дейін ұйымдастырған мәдени шаралары жайында айтылды. Солардың бірі ретінде Ыстамбұлда өткен халықаралық аудармашылар симпозиумын атап кеткен орынды. Оған ТҮРКСОЙ ұйымына мүше түркі тілдес елдерден белгілі ғалымдар, аудармашылар, баспагерлер қатысып, болашақта ақын-жазушылардың тұщымды туындыларымен сусындап отыруды әңгімеге арқау еткен.
Көптеген концерттер мен кездесулер, бейнелеу және қолданбалы өнер көрмелері, симпозиумдар, музыка және театр фестивальдері, белгілі бір адамға арналған мерейтойлық кештер, кітаптар мен күнтізбелер тұсаукесерлері сияқты қызықты шараларды тізе берсеңіз, олардың саны өте көп. Наурыз мейрамының Францияда ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілгені істің жүйелі жүргізілуінің нақты жемісі деп санауға болады. Жиында У.Гаджибековтің «Кероглы» операсына тоқталмаған жан некен-саяқ. Оған алты түркітілдес елден 250 негізгі орындаушының қатысуы түбінен түңілуді емес, түгенделуді іздеген жұрттың баға жетпес жобасын жоғары бағалатады.
Әр мемлекеттің өз рухани құндылығына құрметпен қарау дағдысы қалыптасып жатқан уақытта ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының күллі түркітілдес елдерге өнеге болып, тіпті өркениетті жұртпыз деп отырған дамыған кейбір елдердің өзі үлгі тұтқаны белгілі. Бүгінде ұйымның мақсаты мен ұлттық мәдени жобаның бір арнаға түйісу себебі, ата-бабаларымыз көз қарашығындай сақтап келген байырғы байлыққа деген сүйіспеншіліктің қайта түлеуінде екені тағы шындық. Қазақ ауыз әдебиетінің үздік үлгісі «Қыз Жібек» эпосының түрленіп, түгел елге тарауына да түрткі болып отырған осы ұйым екенін жұрт жадынан шығармасына сенеміз. Мұндай шаралардың әсіресе, туған жерін аңсаған алыстағы ағайынның сағынышын басуға септігі мол десек, сол туынды түрлі жанрда түрленіп, жалпы түбі түркінің мүддесін біріктіруде.
Қазақстан Мәдениет министрлігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, ТҮРКСОЙ мәдениет министрлерінің кездесуі аясында түркітілдес елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты мұнан әрі нығайтудың жолдары қарастырылып, сонымен бірге 2011-2014 жылдар аралығына ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы мен ұйымның уақытша үйлестірушісі сайланды. Сондай-ақ, кездесуде «Астана 2012 – түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасының іс-шараларына дайындық жұмыстары жөнінде ақпарат тыңдалып, алдағы жылы 150 жылдығы тойланатын хакастың түрколог-ғалымы Николай Қатановтың құрметіне 2012 жылды Қатанов жылы деп жариялау туралы ұсыныс қаралды. Түркітілдес елдер әдебиеті мен мәдениетіне, тілі мен өнеріне бүкіл саналы ғұмырын арнаған белгілі тұлғаларды дәріптеп, әлем өркениетін ортақ игілікке жұмылдыруда ұйымның ұшан-теңіз атқарған жұмыстары арасынан қазақтың Абай, Мұхтар Әуезов, Мұстафа Шоқай сынды алып бәйтеректеріне жасалған елдік құрмет пен ілтипаттың жөні бөлек. Отырысты сөз сөйлеп ашқан Қазақстан Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің түбі бір түркі әдебиетімен егіз есімдерге айрықша тоқталып өтуі бекер емес. ТҮРКСОЙ-дың алдында тұрған міндеттердің бір парасы ел мен елдің, халық пен халықтың арасындағы алтын көпірге айналған тұлғалар бейнесін санада жаңғырту десек, сол арқылы өзара достық пен ынтымақтастықтың ізгі дәстүрлері қалыптаспақ. Мәселен, кездесу барысында бейнелеу өнері шеберлерінің 14-ші және фотосуретшілердің 8-ші кездесу-көрмелерін өткізудегі мақсаттан алдағы істердің айшықты тынысы аңғарылып, түбі бір түркі жұртшылығының тарихи сабақтастығы тағы бір белеске көтерілгеніне куә боласыз. Соңғы уақытта бірталай шет елдерде халқымыздың ардақты азаматтарына арнап көшелер берілсе, кейбірінде еңселі ескерткіштердің орнатылуы Қазақ елін өзге өркениеттің тануы, құрмет пен ізеттің белгісі ретінде бағалануда. Сол секілді басқа да құндылықты құрметтеуден Қазақстанның кенде қалып қойған жері жоқ. Мұның растығына Астанада Мақтымқұлы, Манас, Гейдар Әлиев, Әбубәкір Диваев, Ұмай ана, Күлтегін сияқты жалпы түбі түркі тұлғаларға берілген көше аттарынан көзіңіз айқын жете түседі. Қасиетті қазақ даласынан, оғыздардың қара шаңырағынан бөлініп, сонау Х-ХІ ғасырларда Кіші Азияға, бүгінгі Анадолы топырағына қоныс аударған түрік бауырларға ел Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындауы тұрғысынан ғана емес, тілдік, елдік мәселелердің қай-қайсысында да өзінің достық, туыстық пейілімен дара тұратын жұртқа Қазақ елінің де көрсетер ілтипаты ерекше. Елордада Мұстафа Кемал Ататүрікке (2009 жылы) көтерілген еңселі ескерткіштің айбыны бауырмалдық қарым-қатынастың бастауындай түйіледі. Мұндай қос тараптар қоштаған жобалардан сандап мысал келтіре аламыз. Ендеше, бұл сан тармақта, руханияттың алуан саласы бойынша алда да жалғасын таба беретін дәстүрлі өрнектер болмақ. ТҮРКСОЙ бағындырар тағы қандай шыңдар тұр деген мәселеде өзара ойласып алатын тақырыптар екшелді. Түркі мәдениетінің жарығын өзінің түбіне ғана түсіріп қоймай, келешекте керегесін кеңейтуді ойластырған жобалар ұйымның халықаралық ұйымдар арасындағы абырой-беделін асқақтатпаса, аласартпасы анық. Мұндай маңызды жұмыстар Еуропа елдерімен мәдени байланыстар барысында ойдағыдай басталып та кетті. Ресейде Алашорда мен Тұрар Рысқұловтың құрметіне мемориалды тақта қойылып, күй атасы Құрманғазыға, Парижде алаштың ардақтысы Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылуы арқылы көбіне мәдениет күндері, фестиваль, байқау, көрмелер аясымен шектелер өзара қарым-қатынастар бертін келе халықтар бірлігін нығайтатын нақты шаралармен биіктеді. Анкарада Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаев ескерткіштері бой көтерді. ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов отырыста сөйлеген сөзінде ұйым ұйытқы болған көптеген осындай шараларды алға тартты. Тек Қазақстан жетістіктері ғана емес, түркі әлемінің әйгілі ойшылдары мен қайраткер тұлғаларына құрметті жарасымды жалғастырудың басқа да бағыт-бағдарлары байыпталды. Түркияның Мәдениет және туризм министрі Эртугрул Гюнал, Түркіменстанның Мәдниет және телерадио хабарларын тарату министрі Гүлмырат Мырадов, Әзербайжанның Мәдениет және туризм министрі Вагиф Алиев, Қырғызстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің статс-хатшысы Мукталы Бектенәлиев, Башқұртстан Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Кәмила Дәулетова, Кипрдің Туризм, қоршаған ортаны қорғау және мәдениет министрі Уналь Устель, Татарстан Мәдениет министрінің орынбасары Гюзель Нигматуллина, Молдова республикасы Гагаузия мәдениет бас басқармасының бастығы Евгения Люленова ТҮРКСОЙ-дың соңғы жылдарғы атқарған жұмыстарына баға бере келіп, түркі әдебиеті мен мәдениетіне ортақ есімдерді мәңгі есте қалдыру мақсатында көптеген жұмыстардың жүзеге асып жатқанын айтты.
Кеңес отырысын жүргізе отырып Қазақстан Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед биыл Қазақстан өзінің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтіп жатқанын айта келіп, ШЫҰ-ға мүше елдердің мерекелік саммиті, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы, ШЫҰ-ға мүше елдердің мәдениет министрлері, Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы сияқты айтулы оқиғалардың ойдағыдай өткенін мәлімдеді. Ұйымның бүгінгі ортада алатын орны туралы әңгімелеп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ТҮРКСОЙ-ды түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналдыру идеясынан елордада Түрк академиясы ашылғанын айтты. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, т.с.с. бірталай аймақтардан қазақтың тарихы мен мәдениетіне, этнографиясы мен өнеріне қатысты өте бағалы қолжазбалар мен баспа өнімдері табылғаны, шет елдердегі қазақтардың тарихы кешенді зерттеліп жатқаны, «Ұлы дала сазы», «Опералия», скрипкашылардың, пианистердің халықаралық байқаулары, «Еуразия» кинофестивалі сынды түбі түркі құлағын түретін дүниелер жемісін бере бастағаны жайында сөз болды. Биыл Астанада Анкараның мәдениет күндері шуағымен көңіл көншітсе, күзде қырғыз киносының күндері өтпек. Мұндай мәдени жобалар артпаса, алдағы уақытта кемімейді деп күтілуде. Кеңесте жұрттың тағы бір көңілін аударған нәрсе, белгілі татар ақыны Ғабдулла Тоқай жылына орай өткен, сондай-ақ түркітілдес мемлекеттердің 20 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар сараланды. 2013 жылы Түркияның Ескишеһир қаласын түркі әлемінің астанасы деп жариялауға байланысты ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ өз ойын ортаға салды. Ұйымның алдағы жылғы бағдарламасы байыптала келіп, мәдениет пен өнер саласындағы байланыстар мұнан әрі де ұлттық жобаларды ұлықтау ұлағатымен ұштала түсетініне сендірді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.